14-16 тамыз арылығында Баянауылдың ауданы мен Павлодар қаласында қазақтың рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан төрт алып тұлғаның – Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығы, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, Қалмұқан Исабай мен Қуат Әбусейітовтің 100 жылдық мерейтойларына арналған ауқымды мәдени іс-шаралар легі өтеді. Облысымыз тағы да тарихи тағылым мен мәдени өрлеудің ордасына айналып, ел мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті  тұлғаларын ұлықтап, өскелең ұрпаққа өнеге етпек.

Мерейтойлар легі 14 тамыз күні (10.00-11.00) Павлодар қаласында  Қуат Әбусейітовтың 100 жылдығына арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталады. Саналы ғұмырын педагогика мен ел руханиятына арнаған тұлғаның құрметіне ескерткіш тақта Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның қабырғасынан орын алады (Толстой көшесі, 95).

15 тамыз күні (10.00-17.00) Павлодар қаласы, «Шаңырақ» облыстық орталығының концерт залында Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» дәстүрлі әншілер байқауының салтанатты ашылуы және 1-кезеңі өтеді.

Ұлылардың ұлағатын насихаттайтын шаралар 15 тамызда Баянауыл төрінде де жалғасады.
Таңғы сағат 09.00-де С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет орталығында мерейтой иелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда белгілі ғалым, Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаевтың “Ақ сиса” атты жаңа кітабының таныстырылымы болады.

Ашық аспан астында ұлттың рухын көтеретін жарыс та назардан тыс қалмақ емес. Мойылды шатқалындағы этноауылда күн бойы көкпар ұйымдастырылып, ұлттық спорттың көркін қыздырмақ. Ал түстен кейін сол мәдениет орталығында майдангер жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толуына орай Баянауыл ауданы әкімдігі және «Ертіс медиа» ЖШС-ның «Aiqara.kz» әдеби порталы ұйымдастырған облыстық прозалық шығармалар байқауы мен Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай өткізілген сатиралық әңгімелер байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Биылғы мәдени маусымның шоқтығы биік оқиғасы – Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар 16 тамыз күні Мойылды шатқалындағы этноауылда өтпек. Бұл — тек мерейтой емес, бұл — халық жадындағы ұлы есімді қайта тірілтіп, қазақтың ұлттық рухын, өнерін, салт-дәстүрін жаңғыртуға бағытталған шынайы мәдени серпіліс болмақ.

Баянауылдың баурайындағы Мойылды шатқалында орналасқан этноауыл нағыз халықтық мерекенің орталығына айналады. Бұл — мәдениет пен спорт, өнер мен ұлттық мұраның тұтас тоғысқан күні. Таң сыз беріп атқаннан бастап кеш батқанға дейін көкпар, қазақ күресі, бәйге сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтіп, делебені қоздыратын думан орнайды.

Сонымен қатар, бұл күн — қолөнер шеберлерінің де мерейі үстем болмақ. Этноауыл алаңында қолөнершілер мен павлодарлық суретшілердің көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар қазақтың оюлы кестесі мен зергерлік өнерін, ағаш пен темірді сөйлеткен шеберлердің туындыларын тамашалай алады. Балалар үшін арнайы ашылған «Балалар әлемі» алаңы кішкентай көрермендерге шаттық сыйлайды.

10:30-да басталатын мерекенің салтанатты ашылу рәсімі – бір күндік мерекенің емес, тұтас ұлттық рухтың жаңғыру сәті. Одан соң, «Қазақ айтысының үш дәуірі» атты жыр бәйгесі сахнаны думанға бөлеп, үш буын айтыскерлерінің суырыпсалма өнері жұртты тәнті етпек.

Көпшіліктің асыға күтетін сәті — «МузАрт» тобының концерті де осы сахна төрінде өтеді. Ел жүрегінен ерекше орын алған топтың өнері жанды тербейтін саз, жүрекке жетер әуенге бай.

Жаяу Мұсаның 190 жылдығына орайластырылған “Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса” атты дәстүрлі әншілер байқауының финалы — ән өнерінің шын шеберлерін анықтайтын маңызды дода. Қазақ халқының әншілік мектебінің үзілмеген алтын арқауын жалғайтын бұл сайыс — таланттың төрге озар сәт.

Кеш бойы өңірдің үздік өнерпаздары халық назарына концерттік бағдарлама ұсынса, күннің қорытындысында ұлттық спорт жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Бұл — жеңімпаздардың мерейі ғана емес, ұлттық мұраның мерейі.

Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған бұл мәдени-көпшілік шара — қазақтың рухани айнасына айналған тұлғалардың тағылымын ұлықтау ғана емес, елдің бірлігін, өнер мен салт-дәстүрге деген құрметін білдіретін көркем көрінісі.

Добавить комментарий