Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылдың басында «Turkistan» газетіне («Turkistan» газеті, 2026 жылғы 5 қаңтар, №1/1638) берген сұхбатында ел дамуының алдағы бағыттарына кеңінен тоқталып, өткен жылғы жұмыстарды қорытындылап, жаңа мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысының бұл сұхбаты – бүгінгі Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар құжат деуге толық негіз бар.

Сұхбат барысында Президент биылғы жылды Цифрландыру және Жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту жылы деп жариялағанын тағы бір мәрте нақтылап, бұл шешімнің ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Себебі бүгінгі таңда әлемдік даму үрдісінде жаңа технологиялар, цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект негізгі қозғаушы күшке айналып отыр. Қысқасы, дәл қазір жасанды интеллект – жаһандық бәсекенің басты құралы.

«Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін», – деді басылымға берген сұхбатында ҚР Президенті Қ-Ж.К.Тоқаев.

Айнала-төңіректі зерделей-сараптай қарасақ, қазіргі таңда АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Еуропа елдері жасанды интеллектіні экономиканың, қорғаныстың, медицинаның, білім мен өндірістің барлық саласына кеңінен енгізіп, технологиялық үстемдікке ұмтылуда. Бұл үрдістен Қазақстанның қалыс қалмауы – уақыт талабы.

Президент сұхбатында Қазақстанның да осы жаһандық бәсекеге лайықты жауап беруі тиіс екенін, ол үшін жүйелі әрі батыл қадамдар қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта елімізде бірқатар маңызды институционалдық шешімдер қабылданды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаев өз сөзінде: «Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды», – деп атап көрсетті.

Қазақстанның әлемдік көштен қалыс қалмауының қамымен жасалатын маңызды қадамдар қандай? Біріншіден, Мемлекет басшысының бастамасымен елорда – Астана қаласында Жасанды интеллект ұлттық орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл орталық ғылыми зерттеулерді, стартаптарды, отандық IT-өнімдерді дамытуға арналған негізгі алаңға айналмақ.

Сонымен қатар, жасанды интеллект саласын жүйелі дамыту үшін былтыр Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігі құрылды. Жаңа министрлік цифрлық трансформация, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, деректерді басқару, жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және киберқауіпсіздікті үйлестіру жұмыстарын бір орталыққа біріктіруге мүмкіндік беріп отыр.

Президент сұхбатында елімізде жасанды интеллектке маманданған университет құру мәселесі де көтерілді. Бұл оқу орны IT-мамандарды, деректер талдаушыларын, бағдарламашыларды, инженерлерді жаңа талаптарға сай даярлауға бағытталмақ.

«Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, бұл – аса өзекті қадам. Себебі технология дамыған сайын, білікті кадр тапшылығы да арта түсуде. Президенттің сөзін тарқата айтар болсам, жасанды интеллект мамандандырылған университеті тек білім беріп қана қоймай, ғылым мен өндірісті ұштастыратын, стартаптарды қолдайтын инновациялық орталыққа айналуы тиіс.

Ел дамуымының түрлі секторларында қазірдің өзінде жасанды интеллект арқылы табысты жұмыс жүргізіп, қызмет көрсетіп жатқан ұйымдар аз емес. Яғни, жасанды интеллект жұмысы Қазақстанда бірқатар салада өзінің нақты нәтижелерін бере бастады.

Бұл жөнінде Президент Қ.К.Тоқаев өзінің басылымға берген сұхбатында: «Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды», – деді.

Иә, жасанды интеллектінің мүмкіншіліктері осы күні еліміздің қаржы нарығы секторында кең тұрғыда қолданылуда. Қаржылық тәуекелдерді бағалау, онлайн банкинг секілді бағыттар толықтай ЖИ бойынша қызмет көрсетуге көшті. Сапалы, тиімді һәм қолайлы. Мұны тұтынушы жұртшылықтың кез келгені атап көрсетеді.

Сондай-ақ, қазір ЖИ медицинада – диагностика мен деректерді талдауда; білім саласында – цифрлық платформалар мен онлайн оқытуда; мемлекеттік қызметтерде – eGov пен автоматтандырылған жүйелерде қолданысқа енген.

Қазақстан өз алдына қойып отырған келесі мақсат – жасанды интеллектіні экономикалық өсудің нақты құралына айналдыру, өндіріс тиімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспортқа бағытталған IT-өнімдер шығару.

Еліміздің болашақтағы қадамдары мен мүмкіндіктері туралы тоқтала келе: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті Қ-Ж.К.Тоқаев.

Әлбетте, бұған дейінгі жазбаларымда да атап өткенімдей, жасанды интеллекттің артықшылықтарымен қатар, қауіп-қатерлері де ерекше назар аудартады. Деректердің қауіпсіздігі, жеке ақпараттың қорғалуы, кибершабуылдар – бүгінгі күннің өзекті мәселелері.

Осыған байланысты елімізде киберқауіпсіздікті үйлестіру, заңнаманы жетілдіру, отандық мамандарды даярлау жұмыстары да жан-жақты әрі уақыт құрғатпай  қолға алынуда. Өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы бұл бағытта немқұрайлылыққа жол беруге болмайтынын ашық айтқан еді.

 Әлемдік қауымдастық, соның ішінде біздің қоғам жасанды интеллектіні дамытусыз қарышты даму жолына түсе алмасы айқын әрі анық болып отыр. Жалпы, ЖИ тек техникалық сала мамандарына ғана қатысты емес. Қоғамды тұтастай жаңа технологияларға бейімдеу – басты міндеттердің бірі. Ал бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардың ауқымы күн санап арта түсуде. Қазіргі уақытта білім беру саласының мамандары – педагогтар үшін цифрлық сауаттылық курстары жүргізілуде, мектептер мен колледждерде IT-пәндердің үлесі артуда, университеттерде AI, Big Data, бағдарламалау бағыттарының ауқымы кеңейтілуде, қарапайым тұрғындарға арналған онлайн курстар мен платформалар іске қосылған.

Міне, осынау жұмыстардың барлығы біздің қоғамның жаңа технологияларды түсінуі мен дұрыс қолдануына жол ашады.

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси-стратегиялық ойлар жиынтығы. Ал цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Ең бастысы, бұл бастамалар технологияны мақсат емес, адам игілігіне қызмет ететін құрал ретінде қарастыратынын көрсетеді. Ал сол жолда мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет еткенде ғана Қазақстан жаңа даму кезеңіне сенімді қадам басады деп түйемін.

Асыл ӘБІШЕВ,

журналист-публицист.

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий