Торайғыров университетінде «XXV Сәтбаев оқулары» атты жыл сайынғы халықаралық ғылыми конференция өтті. Бұл іс-шара көрнекті қазақ ғалымы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналды.
Конференция барысында академик Қаныш Сәтбаевтың қазақ, араб, ағылшын, француз, испан, қытай және орыс тілдерінде жарық көрген 10 томдық ғылыми еңбектері мен «Қысқаша биографиялық очеркі» таныстырылды.
Университет ректоры Нұрлан Медетов өз сөзінде конференцияның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін Қаныш Сәтбаевтың мұрасы туралы айтқанда біз ұлы ғалымды еске алумен ғана шектелмейміз. Біз оның ісін жалғастырып, Қазақстандағы ғылымның дамуына үлес қосып, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін және болашақ ұрпақ үшін маңызды бағдар болуын қамтамасыз ететін жұмыс атқарып жатырмыз. Торайғыров университеті ғылым, инновация және білім беруді дамыту бағытын тұрақты түрде ұстанады. Біз дәл осы ғылыми орта қоғамды жақсы жаққа өзгертетін идеяларды қалыптастыратынына сенімдіміз. Жыл сайынғы конференция дәл осы мақсатта ұйымдастырылады – ғалымдар, жас зерттеушілер мен студенттер бірлесіп, өз жетістіктерімен бөліседі. Ғылымның жаңа көкжиектерімен шабыттанады, – деп атап өтті Нұрлан Медетов.
10 томдық ғылыми еңбектің салтанатты таныстыру рәсіміне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әмренов қатысты.
Сәтбаев оқулары Қазақстан ғылымының өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды. Секциялық отырыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, ғылыми мақалалары жыл сайынғы жинаққа енгізіледі. Конкурсқа шамамен 1500 ғылыми мақала ұсынылып, жалпы 36 секциялық отырыс өтті.