Картада геосаяси, демографиялық, дипломатиялық, құқықтық және идеологиялық ақпарат қамтылған.

IX–XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің және түркі елдерінің көне картографиясын зерттеумен айналысып жүрген профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров өз еңбектерінде көне картографтардың әрбір жергілікті аймақтың географиялық-климаттық, ландшафтық және минералдық-ресурстық ерекшеліктеріне аса мұқият қарағанын атап өтеді. Зерттеуші бір ғана  Жайық (Орал) пен Жем (Ембі) өзендерінің арасындағы өңірде бұған дейін тарихи, мәдени немесе басқа зерттеулерде аталмаған оннан астам қала орнын анықтаған.

IX–XIII және XIV–XIX ғасырларға тиесілі бес мыңнан астам көне Қазақ мемлекетінің карталарын ғылыми және мәдени айналымға енгізген ғалымның еңбектері бүгінгі күнде көптеген өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ол бұл карталарды интерпретациялап, жүйелеп, реконструкция жасап, ежелгі қалаларды локализациялап, Қазақ мемлекетінің геосаяси субъектілігін дәлелдеп берді.

Профессордың аса маңызды жаңалықтарының бірі – қазақ мемлекеттілігінің үздіксіздігін ғылыми түрде дәлелдеуі. Ол XVI ғасырдан бастап ондаған еуропалық және америкалық карталарда Қазақ мемлекеті жеке саяси субъект ретінде белгіленгенін айғақтады. Бұл отаршылдық кезеңде қалыптасқан «көшпенді аморфтық» туралы жалған мифтерді теріске шығарады.

Ғалым корольдік, әскери, сауда және дипломатиялық карталарда кездесетін Қазақ мемлекетінің политонимдерін анықтап, жүйеледі. Ерекше мәнге ие жаңалық – бұған дейін белгісіз болып келген Қазақ мемлекетінің «Жете» атты саяси атауының («Жете мемлекеті», «Жете корольдігі», «Жете елі») еуропалық және америкалық карталардан табылуы. Сонымен қатар, профессор Сыдықназаров Қазақ мемлекетінің бұрын беймәлім болған 20-дан астам қаласын анықтап, олардың нақты орналасқан жерін локализациялаған. 1457 жылғы дүниежүзілік Генуялық картадан Жәнібек ханның бейнесінің табылуы, Қазақ мемлекетінің әскери және дипломатиялық картографиясының зерттелуі, көне карталардың цифрлық реконструкциясы, қазақ халқының көші-қоны, қоныстануы мен ру-тайпалық құрылымы туралы деректер – мұның барлығы қазақ қоғамы туралы этнографиялық, мәдени-антропологиялық және тарихи білімдердің тереңдігін көрсетеді.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров бұрын беймәлім болған 350-ден астам карталардағы топонимдер мен политонимдерді жүйелеп, латын, француз, итальян, испан, ағылшын, голланд, неміс, швед, поляк, грек және басқа да тілдердегі деректерді каталогтаудан өткізді.

Ғалым тек бұрын зерттелмеген дереккөздерді жүйелеп қана қойған жоқ – ол тарихи география, саяси тарих, деректану, дипломатиялық тарих, этнология, мәдени антропология, лингвистика мен құқықтану сияқты бірнеше ғылым салаларын біріктіретін әдістемелік платформаны қалыптастырды. Оның еңбектері қазіргі таңда Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымын әзірлеу барысында негізгі дереккөз ретінде пайдаланылуда.

Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров қазақ және шетелдік зерттеушілерге бұрын беймәлім болып келген әзербайжан, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, түрікмен, түрік, өзбек және өзге түркі халықтарының да жүздеген көне картографиялық дереккөздерін ғылыми айналымға енгізді. Бұл Орталық Азия мен Еуразияның саяси тарихына тың серпін беріп, тарихи бейнесін айтарлықтай кеңейтеді.

Ғалым-автордың баяндамалары Француз ғылым академиясының (Париж, 2023), Польшаның ғылым академиясының (Варшава, 2024) ғылыми кеңестерінде, Түркі әлемі географтарының конгресінде (Түркістан, 2024) көпшілікке ұсынылып, Алтын медальмен марапатталды.

– Ғылым әлемінде ұлттық академиялар алдында баяндама жасау – жоғары ғылыми мойындаудың белгісі. Әсіресе, әлемдегі ең көне Француз ғылым академиясының алдында сөйлеу – ерекше мәртебе. Осы арқылы Қазақстанға «географиялық шеткері өңір» ретінде емес, ежелгі тәуелсіздік дәстүрі бар тарихи орнықты мемлекет ретінде қарау басталды, – дейді ғалымның өзі.

Ғалым зерттеулерінің маңызды практикалық нәтижесі ретінде Қазақстанда және шетелде тұрақты картографиялық галереялардың ашылуын атауға болады. Олар Париж, Лондон, Брюссель, Мәскеу, Чикаго, Сан-Франциско, Варшава, Ташкент қалаларында ашылған. Сондай-ақ бұл материалдар жоғары оқу орындары мен мектептердің оқу бағдарламаларына енгізілуде. Мысалы, «Бином» және «Квантум» мектептерінің барлығында «IX–XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің көне карталар галереялары» ашылды. Бұл тек Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігін көзбен көрудің дәлелі емес, сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдер үшін тарихты, географияны, этнологияны және мәдениетті терең зерттеуге арналған қуатты визуалды-аналитикалық құрал. Профессордың жаңалықтарының арқасында оқушылар ел тарихын абстракция түрінде емес, әлемдік деңгейдегі дереккөздерден көріп, тарихи ойлау қабілеті, ұлттық бірегейлік пен отаншылдық рухын қалыптастырады.

Сондай-ақ, локализацияланған тарихи нысандар негізінде тарихи-мәдени маршруттар мен туристік жобалар құрылып, Қазақстанның халықаралық мәдени дипломатиядағы «жұмсақ күш» құралдарының бірі ретінде сыртқы саяси беделін нығайтуға бағытталған.

Торайғыров университетінің профессоры Арман Акишевтің айтуынша, ғалым-картографтың еңбегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық.

– Бұл Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың көп жылдық ізденістерінің, қол жеткізген нәтижелерінің маңыздылығын лайықты мойындау болар еді, – дейді Арман Акишев. – Өйткені автордың жұмысы –  жергілікті ауқымдағы зерттеу емес, бүкіл қазақстандық ғылым үшін трансформациялық күшке ие еңбек.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Шайбаншық пен Жетеден бастап Астана мен Брюссельге дейін «картографиялық көпір» салды. Бұл – оқулықтарға, музей залдарына енген мұра. Ертең ол Қазақстанның геосаяси өзін-өзі тануының зияткерлік тірегіне айналады.

 

«Айқара-ақпарат»

Добавить комментарий