Шаһидолла хазірет қажылыққа барып келгеннен соң, ел оны «Қажы ата» деп атады. Оның халық арасындағы беделі өте жоғары еді.
Жас аралықтары үлкен болса да, өзінің аға, әрі дос ретінде жақын болған адамдардың бірі Мұхамеджан Айғазыұлы. Мұхамеджан ауыл молдасынан алғаш білім алып, ғалым, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан тәлім-тәрбие алған. Болашақты болжаған әулиені ел «Зор молда» деп атаған. Бойында дерті бар адамдарды тек дұғамен емдеді. Ол өз ауылының төңірегінде ғана емес, Ертіс өзенінің арғы жағына да есімі аян болды. Ол әрі жұлдызшы-жорамалшы болатын. Көбіне, «Күнә болады» деп болашаққа бал ашпайтын болған.
Алдындағы Құранды ашып қойып, адамның тағдыры мен дертін болжағанда, дәл айтқан. Дұға оқығанда қара суды теріс ағызатын зор молда болды. Жаз айларында құрғақшылық кезінде жылқының тезегіне дұғамен дем
салып, оң қолымен үгіп отырып, суға шашқанда аяқ асты жауын басталады екен. Дұғамен жалындап келе жатқан алапат отты, жүріп келе жаткан көлікті тоқтатқан.
Бір кешкі отырыста ауылдастары: «Сіздің киеңіз кім?», – деп сұрағанда, зор молда: «Аспанға қараңыздар», – депті. Жұрт жамырай қараса, аспанда самсап тұрған жұлдыздар. Бір мезетте әлгі жұлдыздар қозғалысқа түсіп, қас қағым уақыттың арасында арқардың басы көрініп, көзден ғайып болған. Ол арқар зор молданың киесі еді.
Қажы ата мен зор молда жиі кездесіп, дін мәселесі, халықтың тұрмыс-тіршілігі жайында ой толғап, ұзақ әңгіме құрады екен.
– Аға, ел арасында қаңқу сөз көбейіп кетті. Сіз қолыңызбен аспандағы жұлдыздарды сапырады екенсіз, – деп мырс-мырс күлді бірде кажы ата.
– Қарғам, күлетін жағдай емес, ел болмаған соң болған жағдай еді, бірак қолымды аспанға қайтіп жеткіземін. Бәрі бір Алланың қолында, – деді зор молда.
– Білемін, білемін, аға! Сондайлардан абай болсаңыз. Халық түймедейді түйедей етіп айтады ғой. Кесірі өзіңізге тие ме деп қорқамын.
– Иә, дұрыс айтасың. Кейде қызды-қыздымен сондайға барып қалатыным бар, – деп езу тартты. – Жақында Ертіс бойын аралап кайттым, Халықтың тұрмысы төмен, ауруға шалдыққан жандар көп. Қолымнан келгенше дерттеріне дауа табуға тырысып-ақ жүрмін.
– Зорлық-зомбылық, ауру, өлім, қаніпезерлік жайлаған уақытта, ақырзаман жақын деуші еді аталарымыз. Бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бір сұмдықтың болары һақ, осыны білемін, – деді. Екеуі де сезіп-біліп отыр. Бәрі
түсінікті. Бауырының айтқанына артық сөз жоқ екенін зор молда да біледі. Ауыр күрсінді.
Мұхамеджан молда тіл катты:
– Адам баласында Алла Тағала пешенесіне жазған бұл жалғандағы атқаратын істері мен міндеттері бар. Бір ауызбен айтканда тағдыр дейміз. Менің лахулмағбуз кітабыма талай нәрсе жазылған екен. Көрем, көнем, көтерем. Бәрі де Алланың әмірімен. Сіз, бауырым, үлкен іс тындырдыңыз. Мешіт салып, қанша балаға тәлім-тәрбие беріп жатсыз.
– Иә, аға! Берілген аз ғұмырымдағы атқарғаным. Сезем, білем. Өмірімнің көбі бітіп, азы қалды. Раббымның құзырымен жақында алдына баратыным аян.
Нені меңзеп отырғанын Мұхамеджан молда бірден сезді. Ақшам уақыты. Екеуі үйден шығып, мешітке қарай беттеді.
Хазірет осы әңгімеден соң арада екі жыл өткенде, яғни елу бірге қараған жасында дүние салды. Арулап оң жаққа салғандардың бірі өзінің ағасы, әрі досы Мұхамеджан молда еді.
Ал Мұхамеджан молда 92 жасында дүниеден өтті.
Ол жөнінде көптеп жазуға болады. Бір-екі оқиғасын баяндай кетейін.
Сонау 30-шы жылдардың аяғында көпшілік алдында шариғат айтып отырған Мұхамеджан молдаға аштық пен қызыл қырғыннан ес жия алмай, әбден қалжыраған жұрт жан-жақтан қаумалап болашақты болжап беруін өтінді.
Зор молда көп ойланып отырып, алдында тұрған құранға оң қолын қойып, көзін тарс жұмып: «Көздеріңізді жұмыңыздар. Мен қазір құран оқимын, алай-дүлей дауыл болады, мына жердің астан-кестеңі шығады, көздеріңді ашушы болмаңдар, сәл уақыттан кейін бәрің де ұйқыға кетесіңдер, түс көресіңдер, сол түс, сол оқиға ертеңгі болашақтарың», – дейді.
Молданың айтқаны дәл келді, дауыл көтеріліп, соны құйынға, одан бұршақ аралас жаңбыр жауды, сәл уақыттан кейін көптеген аңдардың, ит-құстардың дауысы шықты. Елдің зәре-құты қашты. Дегенмен де зор молдаға сенді.
Барлығы бір сәтте оянды, көздерін ашса Мұхамеджан молда жоқ. Ауыл адамдары сәл абдырап калды. Біраз үнсіздіктен кейін, бір-біріне түстерін айта бастады, бәрінің көргені бір түс, бір оқиға.
Олардың көргендері, ауылда жүрген мылтық асынған әскери киімді адамдар, қаралы отбасы, көрісу, жоқтау айтқан әйелдер, атылған зеңбірек, жарылған бомбалар, ең соңында ауылдың үстін айнала қанатымен бүркеп келе жаткан сұсты қара құс. Бұл 1939 жыл болатын. Яғни, зор молданың болжағаны 1941 жылғы соғыс еді.
Зор молданың өз кіндігінен тараған он баланың барлығы шетінеп, жалғыз қызы Сәтжанды Құсеттің баласы Құсайынға ұзатады. Қанша уақыт өтсе де олар бір перзентке зар болып, қызы әкесінің көмектесуін сұрайды. Сонда зор молда: «Бәрі де Алланың қолында, Аллаға сыйынып, жарым-жан болса да перзент бер деп тілеңдер. Сол баладан өсіп-өніп өркендейді ұрпақтарың. Мен де дұға қылайын», – дейді. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде Сәтжан дүниеге бір қолы кем жарымжан бала әкеледі. Есімін Аманжол деп кояды, бүгіндері ол кісіден тараған ұрпақтары Павлодар облысы аумағында тұрады.
Ербол ҚАЙЫРОВ,
өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.