Pavlodar, KZ
Ясно

Екібастұз қаласының Орталық қалалық кітапханасы және Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп музейінде ғұлама ғалымның «Рисала-йи жанайиз (Жаназа кітабы)» шығармасының таныстырылымы өтті.

Екібастұз қаласындағы кітапханада өткен таныстырылымда Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Болатбай Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфиддин Сүтжанов (Павлодар), Екібастұз қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының президенті, атаның шөбересі Абай Шарапиев және «Алтын парақ» баспасының директоры, арабтанушы Ғабдул-Ғани Ысқақовтар (Алматы) кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке көл-көсір тілегін жеткізді.

Таныстырылым барысында шығарманың қолжазбасын аударған арабтанушы маман Хасан Назиров кітаптың мазмұны мен Мәшһүр Жүсіптің оқыған мектептері, тәлім алған ұстаздары, білім алған оқулықтар мен кітаптары, діни-сопылық жолы және т.б. бұрын белгісіз болып келген деректер жөнінде баяндама жасады. Таныстырылым рәсімін аталған кітаптың үйлестіруші әрі ғылыми кеңесшісі Бағдат Дүйсенов жүргізді. Тұсаукесерге қаланың қадірлі қариялары мен кітапқұмар зиялы қауым, Мәшһүр Жүсіп шығармашылығына қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысты.

Кітаптың академиялық үлгіде шығуына басшылық еткен жауапты редакторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA, Стамбул) бас директорының кеңесшісі, әйгілі шығыстанушы ғалым Әшірбек Құрбанұлы Муминовке және кітап шығарушыларға Екібастұз қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының президенті, атаның шөбересі Абай Шарапиев және ұрпақтары ризалығын білдіріп, «Алғыс хат» марапаттарын тапсырды.

Екібастұз қаласында өткен тұсаукесерден кейінгі таныстырылым Мәшһүр Жүсіптің мәңгілік тыныс тапқан мекені Баянауыл ауданы Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музейінде жалғасын тапты. Алматыдан келген кітап шығарушы мамандар Бағдат Дүйсенов, Хасан Назиров, Ғабдул-Ғани Ысқақовтарды Мәшһүр Жүсіп атаның ұрпақтары және Баянаула елінің ақсақалдары мен ауыл тұрғындары ризалықпен қарсы алды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі, музейі және келушілерге арналған екі қонақ үй, ас дайындау орындары және т.б. жағдайлар жасалған үлкен кешеннің жұмысын жүргізіп, иелік етіп отырған Қажымұқан Пазылов, Абай Шарапиев, Жастілек Көпеев, Арғын Пазылов, Ақжол Көпеев, Әсет Пазылов және т.б. атаның ұрпақтарының еңбектері өлшеусіз.

«Рисала-йи жанайиз» шығармасының түпнұсқа қолжазбасының бір нұсқасын таныстырып көрсеткен де осы музейдің қызметкері Әсет Пазылов болатын. Қолжазба кейіннен Астанадағы М.Ж.Көпейұлы атындағы мектептің музейіне қойылып, кітап дайындаушылар Динара Пазыловадан алды. Кітаптың шығуына қаржылай көмек көрсетуге Ескелдідегі «Мәшһүр Жүсіп кесенесі» қорының комиссия алқасының төрағасы Ақжол Жассүйіндікұлы бастама көтеріп, жоғарыда аталған атаның ұрпақтарынан құралған комиссия алқа мүшелері қолдау білдіріп, қаржылай көмек көрсетті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының музейінде ел ағасы, көп жылдар бойы музейді басқарған, атаның немересі Қажымұқан Пазылов келушілерге ыстық ықылас білдіріп, тұсаукесерді ашып берді. Бұдан кейін сөз алған Хасан Назиров, Бағдат Дүйсенов, Ғабдул-Ғани Ысқақовтар кітаптың мазмұны мен шығару жолы жайында халыққа мағлұмат беріп, ой бөлісті. Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универсиетінің профессорлары Әділбек Әміренов, Сейфиддин Сүтжанов, Баянауыл ауданы Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян Қожин, Мәшһүр Жүсіп ауылынан Жамбай Ағыбаев ақсақалдар және т.б. ауыл ағалары ақ батасын беріп, кітап шығарушыларға ризалығы мен ақ адал алғыстарын айтты.

Осы кітаптың ғылыми академиялық талаптарға толыққанды сай болып шығуына жауапты болып, ауыр жүкті арқалап, шығарманың маңызы мен мазмұнын арттырып, барлығына жетекшілік еткен – белгілі ғалым, әлемге танымал шығыстанушы Әшірбек Құрбанұлы Муминов.

Сауапты істің алғысына бөленген Алматыдан арнайы келген шығыстанушы, арабтанушы мамандар халықтың батасына бөленіп, киелі топыраққа келген қадамдарын құтқа балап, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың әлі де көпшілікке беймәлім әдеби, ғылыми мұраларын ел игілігіне жарату үшін тоқтамай еңбек ететіндіктерін атап өтті. Алла қаласа, Мәшһүр Жүсіптің әрбір шығармасының қолжазбасын академиялық талаптарға сай жеке кітап етіп шығарып, дүниежүзілік ғылыми айналымға енгізіп, өзектілігін арттыру көзделіп отыр.

Музейде өткен шарадан кейін Мәшһүр Жүсіп кешеніндегі қонақ үйде алыс-жақыннан келген қонақтарға арнайы дайындалған ақ дастархан жайылды. Музейдегі жиында сөз ала алмаған ел ағалары өз тілек-ниеттерін білдіріп, батасын берді.

Добавить комментарий