Астана төрінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайы өтті. Бұл жиын – ана тіліміздің болашағы, оның қолданыс аясын кеңейту, ұлттық мәдениетіміз бен рухани мұрамызды сақтау жолындағы жұмыстарды жаңаша жүйелеген талқылау алаңы болды.  Құрылтайға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сонымен қатар көптеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікір алмасты.

Жиын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің кіріспе сөзімен басталды. Ол жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент қазақ тілінің ұлттық бірегейліктің басты нышаны екенін атап өтіп, оны білім мен ғылым, экономика мен мәдениет, цифрландыру мен технология салаларына терең ендірудің маңыздылығын айрықша атап, мемлекеттік тілді дамыту ісі тек биліктің ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті екенін еске салды.

Ерлан Қарин өз сөзінде тілдің заман талабына сай дамуы қажеттігін алға тартып, тілдік пессимизмге салынбау керектігін нықтап, нақты бастамалармен бөлісті. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі цифрлық контенттің көбеюі, білім беру жүйесіне жаңа әдістемелер енгізу, IT саласындағы жетістіктерді тиімді пайдалану – тіл саясатының маңызды бағыты.  Тілдің болашағы – цифрлық кеңістікте. Осы мақсатта «Академиялық мәтін жазу» кітабы жарық көрген. Ерлан Тынымбайұлы тіл тазалығы мәселесін де қозғап, бүгінде өзге тілдерден енген сөздерді орынсыз араластырып сөйлеу үрдісі белең алғанын, бұл құбылыстың ана тіліміздің табиғи болмысын бұзатынын айтты. Осыған байланысты, тіл мәдениетін сақтау мен дамытуда әр азаматтың жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынына назар аударды.

Құрылтай барысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы соңғы жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023-2024 жылдары қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асқан. «Қазақ тілі» қоғамы 30-дан астам аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар ұйымдастырды. Үш негізгі бағытта ауқымды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Бірінші бағыт – қазақ тіліндегі контентті көбейту. Алғаш рет Qazaq Oxford сөздігі жарық көріп, еліміздің барлық университеттері мен кітапханаларына тегін таратылды. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының академиялық жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып, біздің мәдениетіміз бен тілімізді дәріптейтін кітаптар аударылып, басылып шығарылды.

«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney, Pixar және Sony студиялары «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Веном: Соңғы би» секілді танымал мультфильмдерді алғаш рет қазақ тіліне аударды және оларды үлкен экранда көрсетіп, кеңінен насихаттады. Бұл фильмдердің қазақша нұсқалары кассалық табыс бойынша жаңа рекордтар орнатты.

Сондай-ақ, BI Group холдингімен бірлесіп, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн курстар кешені жасалды.

Екінші бағыт – білім беру саласына әдістемелік қолдау көрсету. Қазақстанның әр аймағында 5000-нан астам қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қатысуымен 10-нан аса аймақтық форум ұйымдастырылып, педагогтар қауымдастығы құрылды. Айта кету керек, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатындағы мұндай форум Асылбек Туғанбайдың бастамасымен Павлодар облысында да өткен болатын.

Үшінші бағыт – IT саласындағы жетістіктерді тілдің дамуына пайдалану. ҚР Цифрлы даму министрлігімен бірге қазақ тілді стартаптарға қолдау көрсететін гранттар тағайындау және тілдік модельдер арқылы жасанды зердені қазақша сөйлету жобаларын іске асыру жоспарланды. Бұдан бөлек, қазақ тілін үйренушілер үшін QazaqLingo мобильді қосымшасын әзірлеу жұмыстары басталды.

Тілді дамыту жұмыстарының қаржылық тұрақтылығы үшін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жанынан Qazaq Tili Endowment қоры құрылған. Бұл қорды мемлекет басшысы да, ірі кәсіпкерлер де қолдап, оның бастапқы капиталы 500 миллион теңгеге жеткен. Эндаумент қорындағы қор жұмсалмайды. Тек 2024 жылы қордың жылдық табысы 75 миллион теңгені құрап, осы үстеме табыс қазақ тілін өркендетуге бағытталған жобаларға жұмсалған.

Құрылтай барысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да маңызды пікір білдірді. Оның айтуынша, ХХ ғасырда әлемдегі 8 мың тілдің мыңнан астамы жойылып кеткен, ал XXI ғасырда тағы 2 мың тілдің жойылу қаупі бар. Бұл жаһанданудың әсері мен кейбір халықтардың мемлекеттілігінің жоқтығынан туындайтын мәселе. Алайда Қазақстанда тіл саясатына мемлекет пен қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі оң үрдіс қалыптастырып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қазақ тілінің болашағына деген сенімді нығайта түсті.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай ұлттық арнаның «Алтын қорындағы» дүниелер негізінде «Асыл мұра» атауымен аудиоальбом ретінде жарыққа шығатынын жеткізді. Жинаққа барлығы 1 500 күй, жыр-терме, халық және халық композиторларының әндері, ертегі, бесік жыры, ретро әндер кіргізілмек. Ең көнесі 1925 жылғы жазба. Оның басым бөлігі  – бұрын шыққан топтамаларға енбеген, тек қорда тұрған құнды дүниелер.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құрылтайда сөз алып, қазақ тілінде білім беретін мектептер санының жыл сайын артып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруге деген сұраныс жоғарылап, оқу бағдарламалары жетілдіріле түскен. Бүгінде ана тілінде білім беретін ұстаздар қауымына ерекше қолдау көрсетілуде. Мектеп оқушыларының тілдік дағдыларын дамыту мақсатында «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы өткізіліп, оның жеңімпаздарына еліміздің жетекші университеттерінің гранттары тапсырылған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақ тілінің болашағы цифрлық технологиялармен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол еліміздегі жасанды интеллектті дамытуға бағытталған I-Sana кешенді жобасын таныстырып, ұлттық тіл моделін жасау барысына тоқталып, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарып жатқан «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының үлесін атап өтті. «Qazaq Tili, QazaqLingo және т.б. платформалары арқылы ұлттық тіл моделі жасалып, қазақ тіліндегі цифрлық контенттің сапасын арттыру шаралары қолға алынуда», – деді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Құрылтай қорытындысында 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, қазақ тілін білім беру, IT, мәдениет және қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу бойынша нақты міндеттер айқындалды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылымдық жүйесі жаңартылып, басқару тетіктері оңтайландырылды.

Бұл құрылтай – қазақ тілінің болашағын айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі болды. Мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы арқылы қазақ тілі тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де лайықты орынға ие болатынына сенім мол. Ана тілімізді құрметтеу, дамыту және оны келер ұрпаққа таза қалпында жеткізу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.

Добавить комментарий