Қарттар мен мүгедектерге арналған орталықта тағылымды әрі мазмұнды кездесу өтті. Кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гульмира Мусинова қатысып, жиналған ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталармен жаңа Конституция жобасы туралы әңгімелесті.

Залда адам көп болды, қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістерді үлкен қызығушылықпен әрі мұқият тыңдады. Кездесу барысында жаңа Конституцияның қоғам өміріне қандай өзгерістер әкелетіні, қандай маңызды жаңалықтар енгізілгені туралы кеңінен айтылды. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің күшейтілуі, адамның қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше тоқталдық.

Сонымен қатар Конституцияда көрсетілген маңызды қағидалардың бірі – кәмелетке толған балалардың қартайған ата-анасына қамқорлық жасау міндеті екені айтылды. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды, үлкенге құрмет пен отбасылық жауапкершілікті нығайтатын маңызды норма.

Кездесу барысында ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар өз пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті. Осындай мазмұнды жүздесулер қоғамдағы бірлікті нығайтып, ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті арттыра түсетіні анық.

Добавить комментарий