Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Бүгін байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
– Мүшәйра Қазақстан Республикасы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өтті. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды табу және қолдау. Байқауға Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Май аудандарынан 16-25 жас аралығындағы 13 ақын қатысты. Үміткерлер өз өлеңдерінде мемлекеттік тілдің қадірін арттырып, қасиетін жырлады. Оның бай екенін, терең екенін және қуатты да шұрайлы екенін жырлады, – деді басқарма басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.
Жыр додасының қорытындысы бойынша, 1-орынды М.Қанапиянов атындағы жоғарғы колледждің студенті Бақдәулет Төлеухан, 2-орынды Ю.Гагарин атындағы мектептің оқушысы Еркебұлан Тіленіш, 3-орынды Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Абзал Рымбек иеленді.
Оқырман назарына жүлдегер жырларды ұсынамыз.
Мен
Баға жетпес қазақтың бағына орай,
Әлмисақта төгіпті Тәңір арай.
Қанша жазып тілімнің сөздік қорын,
Әуезов Мұхтар, тіпті алып Абай,
Тауыса алмай кетіпті бәрі қалай.
Мен (тіл)
Мен –
Бұғауда жатқан тілдің қабірімін,
Сондықтан шыға алмайды-ау сағым үнім.
Мен – кешегі қазақ деген алты алаштың,
Көзінің нұры едім, жарығымын .
Мен…
Ашылмай жатқан тілдің мазарымын,
Тепкіден тепкі көрген ғазал күнім.
Шәмшінің салып кеткен ызыңымын,
Мұқаңның мәңгі бақи жазарымын.
Мен…
Барымта болған жердің мұңдасымын,
Шарықтап өз елімде тұрмас үнім.
Кешегі жер жаралған сәттен бері
Қазақтың қазыналы сырласымын.
Мен…
Қыранның шарлай ұшқан қанатымын,
Өткізген қан жылаумен дара түнін
Мен – межелі уақында тоқтап қалар
Ажалдың адаспайтын сағатымын.
Бақдәулет ТӨЛЕУХАН.
Қасиет тұнған тұмардай!
Әлди үн, бесік жырында,
үлпілдегіндей үкінің.
Туған тіл – ескі сырында
қашалған тасқа,
Түркінің.
Тарихы тарам тілімнің,
жамылған ғасыр беттерін.
Туған тіл – асау жырымның,
баба үнін сыйлар от демі!
Халқымның жақұт жыр-әні,
кісінеп қанда тектілік.
Баба ғұрпымның сырлары,
ана тілімде жетті ұлық!
Қылындай қобыз ділімнің,
Ғұндардың сарқыт салтынан.
Үнінен Ана тілімнің –
анамның иісі аңқыған!
Тілімнің сұлу ажары,
Қазтуған,
Мағжан,
Ілияс…
Мөлт еткен таңның ғазалы,
мәңгүрт жандарға бұйырмас.
Тылсымы түнді тербейтін,
Жұмекен,
Қадыр,
Тұманбай.
Ана тіл – жебеп-желейтін.
қасиет тұнған тұмардай!
Балғын демісің көктемнің,
әжімі терең – даламның.
Тарихындасың өткеннің,
сырларындасың ғаламның.
Тарқатып әнмен шерменді,
шабытты мендік шайқаған.
Қазақтығыма дем бердің,
бақыттымын деп айта алам.
Мен қайтіп мәңгі қалмақпын,
боданы болып басқаның.
Ана тіл – асқақ ардақтым,
арыма сіңген асқар үн!
Халықтың алтын діңгегі,
бәйтерек болып жайқалған.
Бабамнан қалған – ана тіл,
Рухыма түскен ай таңбам!
Еркебұлан ТІЛЕНІШ.
Күрмеулі тіл
Үнсіз едік,
күнсіз едік – шідерлі,
Аз-ақ едік,
азат болдық, бүгінде.
Дінсіз едік,
тілсіз едік – күрмеулі,
Қас-сақ едік,
қазақ болдық түбінде.
Түркі-тұрпат,
төре-басшы ел едік,
Ата заңым –
атам заман куәсі.
Түркілердің
түбі шыққан төр едік,
Атам-күмән,
атаныпты шүбәсі.
Шексіз жатқан,
байтақ арқа жотасы,
Шекпендіге
арқа жайлы тел болдық.
Шетте қалып,
алты Алаш Ордасы
Шекарамыз шегенделіп, ел болдық.
Айтсаң-дағы,
Айпасаң да тіл-жағым,
Сау басыма, сақинасын тілемес.
Тайсаң-дағы,
Таймасаң да, жыр-бағым,
Бақшасында,
Бақпасаң да түлемес.
Өлең-қуат,
Өрең биік қашан да,
Өкінгенге өксік болмас, құрбаның.
Құр бос сөзбен,
Құр айқайға бассаң да,
Байқамайсың,
Бір сатыда тұрғанын.
Қанша ғасыр,
қанша асыл есіл ер,
Қазақ тілі –
құлаш жайып керілсе.
Бек қуаныш,
Күрмеуінен шешілер,
Мемлекеттік мәртебесі берілсе…
Абзал РЫМБЕК.