ТМД Парламентаралық Ассамблеясы халықаралық бақылаушылары Қазақстандағы республикалық референдумның өту барысын бақылауды жалғастыруда. Миссия өкілдері бірнеше учаскеге барып, дауыс беру процесінің ашылу рәсімімен танысты.

Бұл туралы Әзербайжан Республикасының Милли Меджлис төрағасының орынбасары, ТМД ПАА халықаралық бақылаушылар тобының үйлестірушісі Зияфет Аскеров мәлімдеді.

«Бүгін таңертең бақылау жұмысымызды бастап, бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Алғаш барғанымыз — №128 учаске. Біз онда сайлау жәшіктерін ашу рәсіміне қатыстық. Барлығы ашық, әділ және ҚР заңдары мен Конституциясына сәйкес ұйымдастырылған. Жалпы әсеріміз өте жақсы, деңгейі жоғары», – деп атап өтті Зияфат Аскеров.

ТМД ПАА миссиясы Қазақстандағы референдумды ұйымдастыруға қатысты ешқандай ескерту тіркеген жоқ.

Бұл туралы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі хатшылығының басшысы және бас хатшысы Дмитрий Кобицкий мәлімдеді.«Референдум жөніндегі Орталық комиссия учаскелік сайлау комиссияларының қызметкерлерін дайындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қызметкерлер заңнаманы жақсы біледі және учаскелерде түрлі жағдайлар орын алғанда қалай әрекет ету керек екенін түсінеді. Әзірге ұлттық бақылаушылардан да, Парламентаралық Ассамблея бақылаушыларынан да ешқандай ескерту тіркелген жоқ», – деді Дмитрий Кобицкий.

Оның айтуынша, ТМД ПАА бақылаушылар миссиясы жұмысының қорытындысы бақылау нәтижелері шығарылғаннан кейін өтетін баспасөз конференциясында жарияланады.

ШЫҰ миссиясы Қазақстандағы референдумның техникалық дайындығын бағалады

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы республикалық референдумды бақылауды бастады. 

Ұйым өкілдері Астанада және Ақмола облысында орналасқан бірқатар учаскеге барып үлгерді.

Бұл туралы ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов хабарлады.«Бұл – Қазақстандағы ШЫҰ миссиясының 16-шы бақылауы. Біз жұмысты кеше бастадық: Астанада және Ақмола облысында бірнеше сайлау учаскесіне бардық. Техникалық дайындықты жоғары деңгейде деп бағалап отырмыз. Бүгін жұмысымызды таңғы сағат 7-ден бірнеше учаскенің ашылуымен бастадық. Жалпы алғанда, ұйымдастыру және техникалық дайындық жоғары деңгейде деп айта аламын», – деді Олег Копылов.

Добавить комментарий