Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының өкілі, тарихшы-ғалым Виталий Александрович Серик «Ертіс медиа» холдингіне арнайы келді.


Алматы қаласында шоғырланған ғылыми орданың өкілі институт басшылығының сәлемін жеткізіп, құнды мұраны табыс етуге келген екен.
Көпшілікке мәлім, елімізде бірнеше жыл бойы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия маңызды жұмыстар жүргізген болатын. Осы комиссиямен қарастырылған мұрағаттық құжаттар жан-жақты екшеліп, зерттеліп-зерделенді. Нәтижесінде мұрағат деректері кезең-кезеңімен топтастырылып, олардың барлығы баспа арқылы жинақтар болып шықты.
Комиссия материалдарының бір шоғыры ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы тарихи оқиғаларға арналған. Оның өзі 11 том болып, жарыққа шығып отыр. Міне, осы құнды деректер топтастырылған 11 томдықты Алматыдағы Шоқан Уәлиханов институтының басшылығы «Ертіс медиа» құрылымына табыс етті.
Нақтырақ айтсақ, институт өкілі Виталий Серик еліміздің тарихында ерекше орын алатын Алаш қозғалысы кезеңдері қамтылған 11 томдықты «Aiqara.kz» ақпараттық порталының редакциясының пайдаланына берді.
Алматыдан жеткен құнды мұраны ақпараттық порталдың бас редакторы Асыл Әбішев қабыл алып, ғылыми институт басшылығына және оның өкілі, тарихшы В.Серик мырзаға облыс жұртшылығы мен қаламгерлер атынан алғыс білдірді.
Алдағы уақытта «Aiqara.kz» ақпараттық порталының редакциясы 11 томдыққа топтастырылған тарихи материалдарды өз оқырмандарымен бөлісуді көздеп отыр.

Добавить комментарий