Оқырман назарына марқұм Сүлейман Баязитовтың «Мәшһүр Жүсіп жинаған сөз мәйегі» мақаласын ұсынамыз.

 

Мәшһүр Жүсіп жинаған сөз мәйегі

1

Ол тұста оңы-солын толық тани қоймаған бала едік. Әдебиет, оның ішінде қазақ ауыз әдебиеті дегенді ести қоймаған тұсымыз. Дегенмен мақал-мәтелді әке-шешеміздің, көрші-қолаң үлкендердің аузынан жиі еститінбіз. Бертін келе хат таныған тұста ғой, оның қазақ ауыз әдебиетінің бір парасы екенін оқып-білгеніміз. Тіпті ауыз әдебиеті үлгілерін алғаш жинаушылар В.В.Радлов, Ә.Диваев, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтердің аты-жөндерін кітаптарға басылған қысқа мәліметтерден оқып білген едік. Алайда олар жинаған мақал-мәтелдердің нұсқалары берілмейтін.

Жылдар өтіп жатты. Есесіне сол тұста кеңес үкіметі орнағанға дейін өмірге келіп, ес біліп, етек жапқан естияр адамдардың таусылып бітпеген кезі. Олардың алды жетпістен асып, арты алпыс-алпыс бесті төңіректеген. XIX ғасырдың соңғы он жылдығында өмірге келген жандар еді. Солардың көбі сөздеріне мақал-мәтелді араластырып, әрлеп сөйлер еді. Олардың сол әңгімелерін тыңдай бергің келетін. Сол кезде тоғыз-ондар шамасында менің есімде солардан естіген мына бір мақалдар жатталып қалыпты: «Тамақ  арыстанның аузында, түрікпеннің төрінде», «Шөп жесең  қақаласың,  ұрлық қылсаң өлесің», «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар», «Оқу инемен құдық  қазғандай». Бәлкім, олар басқа да мақал-мәтелдерді айтқан болар. Тек есімде қалмапты.

Ал жоғарыда келтірілген мақал-мәтелдердің есімде сақталуына арыстан сияқты қаһарлы аң патшасы, адуынды түрікпен, қақаласың, өлесің деген сынды жас баланың үрейін ұшырар сөздер себеп болды ма екен? Әлдеқалай шешем «осы бригадирі құрғыр» деп сөз бастай берсе, әкем «үй өзімдікі деме…» дей қалса, сөзін аяқтамастан қыста азынап соққан ақ боранға, жазда шүмектеп тұрған жаңбырға қарамай далаға ата шығып, үйді бір айналып келетіні, сондағы жүзіндегі үрей көз алдыма келеді. Жалғыз ол кісі емес. Бір үйді паналап отырған екі-үш көрші әйелдер де ауыздарынан абайсызда бригадирге, бастыққа қатысты артық сөз шығып кетсе, шоқ басқандай шошынып үйді айналып келетін.

Бірде жұрт сыртынан «батрак» деп  атайтын ағай әйнекті қамшының сабымен қағып: «Атам, шабам шығыңдар!» – деп ат ойнатып айғайлап тұрды. Үйдегілер бірін-бірі қаға-маға далаға ұмтылды. Оларға ілесе шыққан біздей балалар шешелеріміздің көйлегінің етегінің тасасынан сығалап тұрмыз. Ауыздығымен алысқан ат үстіндегі аға: «Елдің де, жердің де иесі келді! –деді екпіндеп. – Соны біліңдер. Ендігі жерге де, малға да, жанға да солар ие болады, аяқтарыңды аңдап басып, ауыздарыңа ие болыңдар!» – деп тарта жөнелді. Мен үшін әлі күнге тың және тыңайған жерді игеру «батрак» ағаның сол сөзінен басталғандай көрінеді. Тек тың игерушілер ағаның сенімін ақтай алмады. Оның есесіне ауыл көшесін кернеген боқтық, төбелес Шоман, Қойтас, Сарыөлең сынды  ауылдардан әрі асып, жапан даладағы жалғыз үйлі мал өсірушілердің босағасынан екпіндей аттады. Бұрын  әйелі мен көрші-көлемімен, жақын-жуығымен, басшы қосшылармен, тіпті бала-шағаларымен ренжісіп қалғанда,  «әке-бабадан жіберетін». Ауыл адамдары енді жақтары талғанша орысша боқтайтын болды. Біртіндеп құлақтары қалқайған бала-шағалары  ержетіп орысша боқтағанда, әке-шешелеріне есе жібермейтін халге жетті. Ал мұндай жағдайда мақал-мәтелдің өрісі қайдан кеңейсін, тарыла түсті. Оның үстіне көненің көзі қарияларда таусылып біткен еді.

Жоғарыда аты аталған ауыз әдебиетінің үлгісін жинаушылардың  игілікті ісін кеңес үкіметі кезінде жалғастырып, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаған ақын-жазушылар қуғын-сүргінге ұшыраған.  А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Х.Досмұхамбетұлы, С.Сейфуллин жалған жаланың құрбаны болған. Тек М.Әуезов пен С.Мұқанов зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру үстінде болатын.

1957 жылы көрнекті ақын Ө.Тұрымжановтың құрастыруымен «Қазақ мақал-мәтелдері», «Асыл сөздер» атты жинақтар жарық көрді. Аты аталған жинақтар бірнеше дүркін қайта басылды. Ө.Тұрымжанов өмірден озған тұста оның Қ.Ахметбекұлымен бірлесіп құрастырған кітабы 2014 жылы оқырмандар қолына тиді. Ө.Тұрманжанов қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастыруға елеулі үлес қосты.

Ал мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинап, өнімді де өнегелі іс атқарды. Мұнымен қатар 70 елдің мақал-мәтелдерін жинап аударып, туған еліне, өзін өмір бойы Мұзағалап өткен жұртына тарту етті. Сөйтіп, Мәшекеңнің із өкшесін ала шыққан лайықты ізбасары бола білді. 1960-1988 жылдар аралығында «666 мақал-мәтел», «Мақал-мәтел – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз», «Нақылдар» атты жинақтарды жариялатты.

2

2013 жылы Павлодар қаласында жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеев жинағының  5-томында қазақ фольклоры үлгілері басылған. Аталған кітапты араб жазуынан аударып, ғылыми түсініктер беріп, баспаға әзірлеген – профессор Нартай Қуандықұлы Жүсіпов. Осы еңбектің 8-бөлімінде қазақ мақал-мәтелдері орын алған. Мұнда Мәшекең жинаған 1152, сол сияқты 9,10- томдарында да бірталай мақал-мәтелдер қамтылған. Сонымен қатар Мәшекең ел аузынан мақал-мәтелдерді жүйелі жинап қана қоймай, Хакім Абай үлгісімен мәтін мәніне сыни көзбен қараған. Сол тұстағы парасатты пайымдаушы да  бола білген. Оған аталған томның 9- бөліміндегі:

1) «Шығыс шықпай кіріс кірмейді»;

2) «Сөз тапқанға қолқа жоқ» – деген сөздің басы қайдан шыққан?

3) Қазақ мақалдарына қатысты деректер атты (107-118 б.б) мақалалары дәлел. Біз енді шама-шарқымыз жеткенше ғалым жинап қалдырған мақал-мәтелдерді келтіре отырып сөз сабақтайық. Бір ескерте кететін жәйт, біз Мәшекеңнің ынтымақ, бірлік, адамгершілік, мырзалық, сараңдық, жақсылық, кесірлік туралы мақал-мәтелдерін оқи отырып сөз өрбітпекпіз.

Алды алдыңа би болсаң,

Алатауға сыймассың,

Бас басыңа би болсаң,

Балқан тауға сыймассың.

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Аңдысқан ауыл болмайды,

Есептескен дос болмайды.

Аяғы жаман төрді былғар,

Аузы жаман елді былғар.

Берген аста береке бар,

Бермеген аста біте бар.

Ит үреді, керуен көшеді.

Бірдің шарапаты мыңға тиеді,

Бірдің кесапаты мыңға тиеді.

Мыңнан жемей бай өледі,

Бірін жемей кедей өледі.

Осы келтірілген мақал-мәтелдердің қолданыста жүргеніне, бәлкім,

сандаған ғасырлар өткен болар.

Кезінде өмірлік бай тәжірибеден түйіндеп, көңіл көзі алдағаны көре білген беймәлім дананың аузынан шығып байтақ қазақ даласына тарап, атадан балаға мирас болған Мәшекең жинаған бұл мақал-мәтелдер еліміз тәуелсіздік алған тұста ел кәдесіне жарады десек, артық айтқандық болмас. Төңірегіміздегі күні кешегі одақтас республикаларда қантөгіс болып жатқанда, елімізді бірлік, ынтымақ әлдилеп тұрса, бас-басына би болуға ұмтылушылардың шамалы болуы, ауыздағыны кетірер алтаудан төбедегіні келтірер төртеудің басым болуының нәтижесі емес пе?! Іштегі сырттағы ел бұзарлардың әрекеті «Ит үреді, керуен көшедіге» сайып, еш нәтиже бермеуінің басты сыры осында жатқан жоқ па екен?

Мәшекең жинаған мақал-мәтелдердің бір парасы ұрпақ тәрбиесіне арналған. Балалы болу, өмірге ұрпақ әкелу қай кезде де адам атаулының басты арманы болған, болып та қала бермек. Оқып көрелік.

Ұл жеп жайына,

Қыз жеп байына кетті.

Ұл өзі туғандай,

Келін өзі келгендей.

Ұл он беске жеткенше,

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса, доңызың.

Қарғайын десем жалғызым,

Қарғамайын десең жалмауызым.

Бұл мақал-мәтелдер ұрпақ пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа негізделген. Ұл өсіріп, қыз тәрбилеген ата-ананың, өкінішке қарай, үнемі асығы алшысынан түсе қоймағанын аңғарар едік. Әйтпесе, соңғы мақал айтылмаса керек еді ғой. Бала тәрбиесіне көрші-көлемнің, ауыл- аймақтың, ортаның әсер ететінін ертеде өткен данышпандар қалай жақсы білген десеңізші. Сондықтан да болар: «Ұлың өссе, ұлы ұлықтымен,  қызың өссе, қызы қылықтымен ауылдас бол деген». Бұл байырғы қазақ заманында солай да болған шығар. Тың игеру жылдарында   әке-шешесімен стақан қағысып, шешелерінің шашын жұлып, әкелерін итше тепкілеген олардың замандастарын қалай  ұлықты ұл, қылықты қыз дерсің. Көргеннен көз ақы алдының кері келіп, келе-келе қазақ ата-аналарыңның да кейбірінің өмірлері өксікпен өткенін қалай жоққа шығарарсың. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, балаларын, немерелерін тезге салып, тәртіпке шақырар ата сақалы аузына біткен кейбір ақсақалдар мен ақжаулықты бәйбішелер: «Осы күнгі жастар сені тыңдай ма?» – деген уәжден ары аса алмады.

«Өзің білме, білгеннің тілін алма». Бұл мақал емес – қарғыс. Біреу болады – өзі білмейді. Өзінің білмегендігін мойнына алып, білгеннің тілін алып. Оның айтқанына көніп, айдауында жүре береді. Ол наданға саналмайды, білімділікке жатады. Өзі білмейді де және білмегендігін мойнына алмайды. Дүниенің бәрін өзім білемін деумен өмірі өтеді. Наданның наданы осы болады»,- деген екен Мәшекең. Ол кісі өмір сүрген кезде нашақорлар, СПИД аурына шалдығушылар  болмағаны хақ. Ал біздің заманымыздың «өзім білем» деушілері есірткіге қарсы мемлекет тарапынан кешенді күрес жұмыстары, жергілікті жерлерді алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп отырғанына қарамастан, еліміздегі нашақорлардың саны азаяр емес. Өкінішті…

Мәшекең жинаған сөз мәйегі туралы мақаламызды оның мына нақыл сөзінен алынған шумақпен түйіндейік:

Молданың несін мақтайын,

Өлі менен тірінің

Бәрін бірдей жалмаған.

Бұқараны сөгіп қайтейін:

Жаман-жақсы болса да,

Бір уақыт тағы Алладан.

Добавить комментарий