«Ertis» мультимедиялық музейінде Павлодар облысында өтіп жатқан Ресей Федерациясы Новосібір облысының Мәдениет күндері аясында Новосібір мемлекеттік өлкетану музейінің қорынан ұйымдастырылған «Сибирь здесь» көрмесі ашылды.
Көрменің ашылуында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бсқармасының басшысы Медет Тауасқан мен Новосібір мемлекеттік өлкетану музейінің директоры Антон Рубшев сөз сөйледі.
– Көрме – Сібір өңірінің ерекше келбетін жан-жақты таныстыратын мәдени алаң. Көрме экспозициясы арқылы көрермен Сібір табиғатының сұлулығын, ежелгі кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі тарихи жолын, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерін, сондай-ақ рухани өмірдің түрлі қырларын тереңірек танып біле алады. Бұл жоба – Сібірдің бірегей мәдениеті мен Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи байланыстарды паш ететін маңызды диалог алаңы, – деді Антон мырза.
Медет Алпысбайұлы Антон Витальевичке Алыс хат табыстады.
Сонымен бірге, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышев, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің археолониялық ғылыми-зерттеу бірлестігінің диекторы Виктор Мерц көрменің маңыздылығына тоқталды.
Ашылу салтанатынан кейін Новосібір мемлекеттік өлкетану музейінің музей жобалары бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Софья Пучкова экскурсия жасады.
Аталмыш көрмеге жалпы 400-ден аса жәдігер қойылды. Экспозиция үш бөлікке бөлінген. Олардың әрқайсысы аймақтың дамуын, мәдениетін және осы жерлерді мекендеген адамдар туралы баяндайды. Бірінші экспозиция палеонтологияға арналған. Ондағы экспонаттар арасында атақты палеонтологиялық олжалардың көшірмелері бар.
Ал «Аспан балалары» жобасында біздің заманымыздың VI-VIII ғасырларындағы Батыс Сібір тұрғындарының дүниетанымы мен наным-сенімдері қозғалады. Мұнда 2017-2020 жылдары Сузунск ауданындағы Новосібір мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы тапқан қола антропоморфтық және зооморфтық бейнелердің көшірмелері ұсынылған. Темір дәуірінің киелі орнынан табылған бұл олжалар біздің дәуіріміздің І мыңжылдықтың екінші жартысындағы аймақтағы культтік құймалардың үлкен жинағын құрайды.
Қорытынды бөлімде суретші Борис Смирновтың ХХ ғасырдың басында Сібірді аралау кезінде қағаз бетіне түсірген эскиздері ұсынылған. Суретшінің суреттері сол кездегі көптеген кейіпкерді өмірге әкеледі. Олардың қатарында мұғалімдер, шенеуніктер, шаруалар және дінге сенушілер бар.