Әмірхан аға!
Бір кездескенімізде: «Жастарды білімсіз деп ойлаушы едім, олай емес екен. Сендермен әңгімелесіп отырып көзім соған жетті. Сендер жазыңдар!», – деп едіңіз. Иә, аға, біз жазамыз, өмір сүру үшін жазамыз.
Біздің қуанышымызға ортақтасып, шаттығымызды бөлісіп қасымызда жүретінсіз. Әдебиет, тарих, өнер, өмір жайлы тереңнен толғап бізге беймәлім һәм қызықты әңгімелерді айтатынсыз. Біздің алдымызда «тірі энциклопедия» отырғандай болатын… Сол күндерді сағындым, аға!
«Біз ертең кім туралы естелік айтамыз? Әрине, сіз жайлы айтамыз», – деуші едік. Бірақ осылай тез арада айтамыз деп ойлаппыз ба?
Біз әрдайым сіздің бағаңыздан үмітті едік. Біздің атымызды ауызыңызға алсаңыз қуанатынбыз. Мен болсам, болашақта менің шығармашылығым жайлы пікір білдірсеңіз екен деп армандайтынмын. Кештерде, отырыстарда бізге дем беріп, жақсы сөздеріңізді де аямаушы едіңіз.
«Ақын деген төбелесе білуі керек», – дейтінсіз сосын. Біз төбелескіміз келетін. Өзіңіз де тағдырмен төбелесіп кеттіңіз ғой.
Университет қабырғасында жүргенде Алматы қаласы жас ақындарының ең бірінші «Поэтикалық дуэлін» ұйымдастырып едік (2014 жылдың, ақпаны). Сол кешке де шақырылған қонақтардың ішінде ең бірінші болып келгенсіз. Біз болсақ, сізді ортамызға алып, ауызыңыздан шыққан әрбір сөзіңізді қағып алуға даяр тұр едік. «Дуэль» соңынан сөз алып әрқайсымызға тоқталып едіңіз. «Бекзат – білімді, көп оқиды. Нұртас – өте шапшаң, тез ойланады. Әдебиетте «Қадырдың айтқыштығы» деген ұғым бар, сол сияқты болашақта «Нұртастың айтқыштығы» дегенді біз айтып жүрейік. Шерхан – ұрып-қашып, алыстан шабуылдайтын боксшы сияқты. Ерзат – кең тынысты, ұзаққа шабады», – деген едіңіз. Шын көңілмен айтқансыз. Және «Қайсардың қағанатының» бірден-бір тілекшісі өзіңіз едіңіз.
Ол бір керемет кеш болып еді. Сол «Дуэль» көпшілігіміздің сізбен ең соңғы жүздесуіміз екен ғой, аға.
«Дуэльден» кейін Досхан екеуімізді шаңырағыңызға ертіп апарып, қонақ қылғансыз. Сол барғанымызда аяулы жеңгемізді көріп «ғашық» болып едім. Шын айтамын, аға, ғашық болдым. «Шіркін, менің де әйелім Марха жеңгемдей болса екен!» дедім. Тәңірім осы кісіге ғұмыр берсін! Қасиетіңізге ғұмыр берсін!
Сол күні үйіңізде қолсағатым қалып еді. Ертеңінде таңертең өзіңіз хабарластыңыз. «Кейін аламын ғой», – дей салдым. Одан кейін де бірнеше рет телефон соғып: «Сағатың үйде тұр», – дедіңіз… Сол қолсағатты қайтаруға неге асықтыңыз екен? Енді кездеспейтінімізді білдіңіз бе? Енді, міне, мен отырмын, қолсағатқа өшігіп. «Ешқашан қолыма сағат тақпаймын!», – деп. Тықылы мазамды алады ғой, аға. Сізді есіме салады ғой, аға.
Өлең оқысақ та, әңгіме айтсақ та, өз ойымызды білдірсек те сіздің риза болғаныңызды көру мәртебе еді біз үшін. Мен болсам, тіпті, телефонның арғы жағынан танып жатсаңыз қуанатын едім.
Төлеген Айбергеновке арнаған бір-ақ шумақ өлеңіңіз бар еді ғой, аға. «Осы өлең керемет өлең», – дегенімде, «Есенғали көкемнен кейін сен мақтап тұрсың», – дегеніңіз де есте. Шын қуанып айтқансыз. Бірақ ондайды білдіре бермейтінсіз. Осы бір шумақ өлеңді енді өзіңізге арнасақ та болар. Қаншама рет сізге арнап өлең жазғым келсе де, жазылмай қойды, құрғырың. Сөйтсем, өзіңізге арналған өлеңді өзіңіз жазып қойыпсыз:
«Ұласар мәңгі сарынға,
Аспани сезім, тұма ой –
Табиғи сендік дарынға,
Таңданбай қалу күнә ғой!»…
Өткенде газет-журнал ақтарып отырып отырып, «Жұрағат» дейтін журналдың 2009 жылғы қараша айындағы санын тауып алдым. Сіздің 40 жасқа толғанда Шардарада өткізген кешіңіз жайлы жазылыпты… Биыл да туған күніңізді дүркіретер едік қой. Газат-журналдар жарыса жазар еді. Мен болсам, қолыма ұялы телефонымды алып, өзіме ыстық нөмірді теріп, құттықтар едім. Айтпақшы, сіздің нөміріңіз, әлі де сақтаулы тұр ұялымда. Қалай өшіремін, аға?!
Өткенде сізбен алғаш кездесіп танысқан, Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы баспасына барып келдім. Қаңырап бос тұр… Аулалардың бірінде отырып әңгімелесіп едік. Өзіңіздің әскерде болған кезіңіз жайлы көп әңгіме айтып едіңіз. Мен болсам, әскерге барғым келіп тұрды сол сәтте. Ештеңеге де бергісіз отырыс еді. Сол кезде «Қасқыр құдай болған кезді» қолтаңбаңызбен ұстатып едіңіз. 2013 жылдың 8-мамыры. Е-е-е, сол күннен бері де тура бір жыл өтіпті ғой, аға…
Мені сізбен таныстырған Көктем еді. Ең алғаш сіздің атыңызды да Көктемде естігенмін. Ол кезде Қарағандыда оқитынмын, Алматыға ауысайын деп жүрген кезім. Дулат (Аманжол) деген ініңіз: «Алматыға барған соң Әмірхан Балқыбек деген ағаңмен таныс, өзіңіз айтпақшы, ол «Ұлы қазақ», – деді. Мен есіміңізді ұмытып қалмайын деп, «заметкіге» жазып қойған едім.
Ал, қазір Қарағандыға бара қалсам болды, жастардың барлығы сіз туралы сұрайды. Ақпанда барып келгенімде, сіз жайлы таңға дейін әңгіме айтып едік. Мен болсам, өзгелерден еңсем биік отырдым. Сіздің баға жетпес лекцияларыңызды тыңдаған мен ғана болғандықтан, бәрі де мені тыңдады. Өзімше «көзкөргенмін» ғой. Ол жақта да сізді жақсы көреді, аға…
«… – Аға, Әділет (Әміреев) деген досыма кітабыңызды жазып бересіз бе? Сұрап еді.
– Мен оны танимын ба?
– Жоқ, аға. Қарағандыда оқиды. Тараздың жігіті. Сізбен кездескісі келіп жүр. Міндетті түрде таныстырамын ғой.
– О-о-о, Тараздыкі болса, Маралтайды емес, мені іздесе, жақсы ғой…»
Кітабыңызды бердім аға. Қуанып қалды. Сол «оңбаған» ғой маған сіздің қазаңызды естірткен… Әйтпесе, жақсы жігіт.
Маралтай демекші, Маралтай ағамен бір әңгімеңізді айтып едіңіз: «Маралтайға: «Мен домбырада ойнай алмаймын, ал сен ойнай аласың», – дегем. Ол болса, «Құдай саған бәрін бірдей бере беруі керек пе еді?», – дейді».
Осыны айтып риясыз күлгеніңіз де есімде. Иә, аға, Тәңірім сізге барлығын берді. Мәңгі ғұмыр берді. Қазақтың қара өлеңі барда, сіз мәңгі тірісіз.
Өткенде Астанадан Ерлан аға мен Ақберен аға келіп кетті. Сонда Ақберен аға: «Әмірхан ағаларыңа неге қарап жүрмедіңдер…», – деген еді. Кешір, аға, қарайлап жүре алмасақ, жалғызсыратып алсақ… Кешкісін екеуі біздің жігіттерге сіз жайлы естеліктер айтыпты, ұзақ айтыпты. Мен болмай қалдым. Айбол айтты.
Енді, міне, бір-бірімізге сізбен болған әр кездесуімізді аңыз ғып айтып жүрміз. Айта да береміз. Болашақта өзімнен кейінгі жастарға сіз жайлы әңгіме айтар болсам, міндетті түрде, «Ол кезде көктем еді» деп бастаймын. Мені сізбен таныстырған көктем ғой себебі.
***
2014 жылы 19-мамырда осылайша сырласыппын аға рухымен. Қалай жазғаным, компьютердің әр пернесін қалай басқаным, қандай сезім кешкенім, бәрі-бірі күні кешегідей жадымда. Одан бері де бес жыл өте шығыпты. Біз университетті тәмәмдап, өмір ағысымен әр тарапқа кетіппіз. Мәди – Қызылордаға, Айбол – Оралға, Шерхан мен Абылай – Астанаға, мен – Баянауылға. Қалған жігіттер – Алматыда. Әрқайсымыздың аға жайлы айтар естелігіміз бар. Шағын болса да…
Қалай-қашан «танысқанымды» жаздым жоғарыда. Ал, ең алғаш қашан, қалай кездесіп едім? Әлі есімде…
Алматыға барған алғашқы жылы (2012 жылы) Маралтай ағаға амандасып шығайын, «Кентаврға» қолтаңба алайын деген оймен Жазушылар одағына бардым. Ағаның кабинетін тауып алдым. Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыздарға амандасып, кіруге рұқсат сұрадым. Сол сәтте қыздарға қарап отырған бейтаныс кісі маған бұрылып:
– Менен неге рұқсат сұрамайсың! Ағаңа кіру үшін әуелі менен өтуің керек. «Бірдеңең» бар ма?, – деді.
Жүзі қатулы, үні өктем шықты. Бірақ, бұрын көрген кісім секілді. Не деп жауап берерімді білмей, абдырап қалдым. Бұл күйден мені: «Аға, бұл студент бала ғой. Онда «бірдеңе» қайдан болсын!», – деген хатшы қыз құтқарды. Еркімді билеген бейтаныс билеушімнің: «Жақсы, кіре бер!», – деген рұқсатын алғаннан кейін ішке ендім. Маралтай ағаның: «Еламан, айналайын, кітап ұрлауды доғарып, банк тонауды қолға ал!» дейтіні осы кез.
Қоштасып сыртқа шықсам, бағанағы бейтаныс ағам жоқ. Кетіп қалыпты. Кабинеттен шығып кеткенімен, көңілімнен шықпай қалып қойды сол бейне. Бала күнімнен қалыптасқан әдет бойынша, жүзі таныс әлгі бейтаныс кім болды екен деген ой миымның қатпарларын ақтарыстырып жатыр. Ақыры, табылды-ау. Бұл қатулы қабақты Қарағандыда Ерболат Қуатбек досымның үйінен көрген екем ғой. Нақтырақ айтсам, сөреде тұрған қалың қара кітаптың ішінен. «Бұл кісі Әмірхан Балқыбек деген ақын. Өзі аудармашы, сыншы. Ұзақ жыл кітабы шықпаған екен. Содан ол кісі сенсация жасап, баспаға бірден сегіз кітап апарыпты. Ақыры, баспадағылар үш кітапқа қысқартып, осы кітапты басып шығарыпты», – деді. Аға жайлы алғаш естігенім де осындай сұрапыл әңгіме. Сегіз кітап дегеніңіз… «Қасқыр Құдай болған кезді», Әмірхан ағаны алғаш осылай көргем. Кейін жоғарыда айтқанымдай Дулаттан естідім. Енді, міне, жүзбе-жүз кездесіп тұрмыз…
…Бұдан кейін ағаны «Қазақ энциклопедиясы» баспасына іздеп бардым. Қасымда Алматыдағы әскери инженерлік институтта оқитын досым бар. Ол әскери киіммен жүрген еді. Аға досыма бірден көңіл аударды. Жанына жақын тұтты, білем. 1987-1989 жылдары аралығында әскери қызметте мажар жерінде болғанын, ол жақта өткен екі жылда мажар тілін меңгергенін, әскери қызықтарын баян етті. Досым Әмірхан ағаға әкесінің де сол жылдары, Венгрияда «солдатта» болғанын айтты. Біз екі «полчанды» телефон арқылы сөйлестірдік. Өкінішке орай, екеуі бір-бірін танымады. Телефонмен тілдестірудегі негізгі ой – қос сарбазды қауыштыру еді. Ол ойымның орындалмағанына кәдімгідей құлазып қалдым. Бұнымды аңғарған болуы керек, аға әскердегі қызықтарын одан әрі айта түсті.
«Бірде әскери бөлімнің асханасына барып отырдық. Қарсы үстелден төрт-бес жігіт тұрып жатты. Тамақ ішкен ыдыс-аяқтарын жинамай, былыққан күйі қалдырып барады екен. Соны көрдім де, «Үстелдеріңді жинап кетіңдер!», – деп дауыс көтердім. Сөйтсем, олар әне-міне елдеріне қайтпақ болып жүрген «дембельдер» екен, қарсылық танытты. Араларындағы бір-екеуін бұрын көріп жүретінмін. Каракэмен айналысатын жігіттер еді. Жаттығуларында екі қолын жоғары-төмен ербеңдетіп соққы жасап, аяқтарын созғылағаннан басқа еш қимыл жасамайды екен. Мен бірден боксшылығыма сеніп сол жерде жекпе-жекке шақырдым. Әлгі қыр көрсеткен қарсыласым бірден келісе кетті. Екеуіміз де жұдырық түйдік. Өзіме оңтайлы әдіспен соққы жасауға ыңғайлана беріп едім, тура маңдайыма тиген тоқпақтан есеңгіреп қалдым. Есімді біраз уақыттан кейін бір-ақ жидым. Содан кейін каратэшілердің жылдамдығын мойындайтын болдым», – деді аға жүзін ерекше көңілді күлкімен көмкеріп.
Менің көңіліме қарап айтқан осынау әңгімеден аңарғаным – ағаның не нәрсені болсын тура қабылдап, мойындай алатыны. Әйтпесе, бала кезден естіп жүрген әскери әңгімелерде, әңгіме айтушы «геройды» мүлдем жеңілмейтін «Рэмбо» дерсіз! Қандай әңгіме айтса да, қырып-жойып жібереді. «Өңшең, тек ұратындар болса, әскерде кім таяқ жейді екен?», – деп ойлаушы едім. Әмірхан аға өзінің «таяқ жегенін» айтқан бірінші адам болды мен үшін.
Жоғарыда айтқанымдай ағаның әскер жайлы әр әңгімесі әскери өмірге деген қызығушылығымды артыра түсті. Оның үстіне бала күнімнен естіп өскен әкемнің «Әскерге бармаған еркек, еркек емес» деген сөзі санамда сақталып қалған. Содан Табылдының «Солдат сағынышы» деген әнін естіп, әскерге бірақ тарттым. Жаман болған жоқпын. Мен де қазір әскердегі әңгімелерімді Әмірхан аға секілді айтатын болдым.
Әскерде жүргенде ұстаған қойын дәптерімде Әмірхан ағаның:
«…Қай кезде де қасиетті саналған,
Қатардағы жауынгері ем өлеңнің.
Мәңгі өмірді тартып алып ажалдан,
Өлсем де мен, алғы шепте өлермін…», – деген өлеңі жазылып тұратын. Бұл жолдар бір жыл бойы Еламан-сарбаздың жан серігі болды. Ал, шын мәнінде осы жолдарды – Поэзия дейтін үлкен әскердің әр сарбазының мойнында бойтұмар ретінде, жадында жыртұмар ретінде сақталуға тиісті жолдар деп ойлаймын.
Бұдан кейін ағамен бірнеше-рет кездестік. ҚазҰУ-да өтетін әдеби шараларда, қалалық студент жастардың мүшәйраларында ұшырасып жүрдік. Мен ағаны бірінші көргенде танымай қалғаныма өз-өзімнен іштей ұялып жүруші едім. Сонымды жеңгім келетіндей әр кездескен сайын ағаға ерекше ықыласпен қол созатынмын. Ол болса, сәлемімді алғанымен танымай қала беретін. Бірнеше рет солай болды. «Өткенде «Военный» досыммен бірге барып едім ғой сізге», – дейтінмін ондайда.
Тағы бір кездескенімізде, Әмірхан аға тағы танымай қалды. Бұл жолы мен де реніш білдірдім: «Аға, танымай қала беретініңіз не? Осымен үшінші рет», – дедім. Менің бұнымды күтпеген болуы керек, ағам кәдімгідей ақталып әлек. Балаша аңқылдақ мінезімен кешірім сұрады. «Кәне нөміріңді берші, сақтап қояйын. Хабарласып тұрайық», – деді сосын. «Аға, сіз айтыңыз нөміріңізді. Мен жазып алайын», – деп ұялы телефонымды қолыма алдым. Ағаның өткір жанары менің ұялымның бетінде тұрған Есениннің суретіне түсті. «Есенинді жақсы көретінің байқалып тұр», – деп, өзінің де телефонын көрсетті. Ағада да ерініне темекі түтікшесін қыстырған қалпақты Сереганың суреті тұр екен. «Екеумізде де Есенин екен. Көрдің бе?! Енді сені ешқашан ұмытпаймын!», – деді аға…
…Ағаның дана ойлы болғанымен, бала көңілді екеніне талай куә болғам. Соның бірін айтайын. Жоғарыда айтқан «Поэтикалық дуэль» кешінде сөйлеген сәті бейнеленген жазбаны ағаның өзіне көрсеткенім есімде. Жазбада ақын «Балбал қала қонағы» және «Баба-ырым» өлеңдерін оқиды. Аға жаңағы жазбаны көруден бас тартты. «Өзімнің сөйлегенім, өз дауысым мүлдем ұнамайды. Тілімдегі кемістік қатты білініп тұрады», – деді қапаланғанын білдіріп. Өзімнің ойсыз әрекет жасап қойғаныма, ағаны ыңғайсыз жағдайға қалдырғаныма қысылып қалдым. Бірақ, ағаның табиғи балаң болмысынан еш ажырамағанын байқадым. Сөйлегенде тілінде кемістік болса болған шығар. Бірақ, жазуында кемшілік болмады.
Айтпақшы бағанағы сегіз кітап дегенге оралайын. Ағаның өзінен «Мен Қарағандыда жүргенімде осындай әңгіме естідім. Сол рас па?»,- деп сұрадым. Аға олай емесін, ондай болмағанын айтты. Анығын бір Алла ғана білер. Және жақын араласқан қаламдас достары білер. Бірақ, телегей теңіз білімнің иесі шын мәнінде соншама мол қазына «қопаруға» қауқарлы еді. Оған ағаның білімі де, қуаты да, ішкі потенциалы да жететін еді.
Ақындарды көпшілігі қызқұмар деп ойлайды. Бұл – шындық. Біз «Олай емес!» деп ақтала да алмаймыз. Жұрт көрген соң айтады. Көрген соң. Ал, мен Әмірхан ағаның ондай қылығын байқамаппын. Інілерінің ортасында отырғанда даяшы қыздарға көз сүзгенін көрмеппін. Кездесулерде де «Ағалап» келген ақын қыздарға тек жанашыр көзбен қарайтын. Бірде, бір ақын қыз жайлы сұрадық ағадан. Серілікке салып сөз қыла ма деп ем, қысқа ғана «Мықты қатын болады!» деді. Бітті. Бар айтқаны – осы. Ағаның тағы бір мінезі осындай жан тазалығы еді.
Әмірхан ағадан кім туралы, қашан сұрасаң да кісі танитын қалыпта жауап беретін. Бірде білдей бір факультет деканының білімсіздігін байқап, сол үшін қатты күйініп отырғанын да көргенмін.
Баяғы бәрін білгіміз келетін балаң көңілмен өзіміз ынтық болып, көзін көрмесек те сөзін, сазын үлгі етіп жүрген Табылды аға жайлы сұрағанбыз. Сол кезде де аға әр адамның кісілік келбетіне үңілуге тырысатынын ағартып еді. Әмірхан ағаның: «Бірде Жазушылар одағындағы бір әдеби кеште Табылдымен ұшырасып қалдық. Барлығымыз сахнаға шығуға кезек күтіп, «за кулисой» тұрмыз. Гитарасын бауырына қысқан Табылды: «Сендер кімсіңдер?», – деп сұрады. «Ақынбыз», – дедік жамырасып. «Ақын болсаңдар түсіңдер сахнадан, барыңдар залға. Ақын деген халықтың арасында болуы керек. Ал біз әншіміз, сондықтан сахнадан шығамыз», – деді. Барлығымыз залға түсіп кеттік»,- дегені есімде қалыпты.
Әмірхан аға жастарға не айту керектігін білетін. Біздің санамыздың былғанбауын тілейтін. Осы әңгімені айтқанда да, «Сұрады екен, жауап беріп құтылайын!» деген жоқ. Табылды сөзін үлгі етті бізге. Содан бері осы естелікті әр әдеби жиында айтып жүруді әдетке айналдырдым. Ағадан естіген бұл әңгімем, қандай шара болсын, шырайландырып жібереді.
Әмірхан ағасыз өткен екінші жылдың көктемінде Бағдат Мүбәрактың кешіне Балқаш қаласына бардым. Сол кеште Серік Сағынтай да болды. Әмірхан аға сан рет сәлем айтқанымен жүзбе-жүз жеткізудің сәті түспеген еді. Кештен кейінгі дастархан басында Серік ағаны құшақтап тұрып, Әмірхан ағаның сәлемін жеткіздім. Ол кісі жылап жіберді. Балаша жылады. Құшағында тұрған менің мойныма қимастықтың тамшылары, сағыныштың моншақтары тамып жатты. Құшағынан босатпастан: «Мен Әмірханды «Қасымға» шақырдым. Келемін-келмеймін деп ойланып жүргенде дүниеден өтіп кетті. Мен «Қасымға» Таласбекті де шақырдым. Одан да айрылып қалдық», – деп тағы егілді.
Әмірхан ағаны бәрі де жақсы көретін. Әлі де жақсы көреді. Жақсы көре береді.
Қазір ойлап қарасам, біз Әмірхан ағаның қасында екі жылдай ғана жүріппіз, он шақты рет қана жүздесіп, әңгімесін тыңдаппыз. Бірақ, осы уақыт ішінде ағаға бауыр басып қалыппыз. Аз ғана уақыт ішінде ол біздің ғұмырлық өнегемізге айналып үлгеріпті.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.