(әзіл әңгіме)

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын, былтырғы жаңа жылдағы оқиға еріксіз есіме түсіп, биыл мені Мықтыгүл (біздің үйдегі) корпоративке жіберер ме екен деп қоям ішімнен.

Иә, былтырғы жаңа жылда кәллектип боп корпоративке барып едік-ау. Бұрын бұндайды кім көрген, керемет екен. Қызметтес қыз-келiншектер қосақтарын ертпей, өздерi ғана келiптi. Тәртiп солай көрiнедi. Мен де «бойдақ» болып барғам. Сонымен не керек, жаңа жылды, қазақша айтқанда, әкесiне танытып тұрып тойладық қой. Бәрiнен қызығы, мен – қасқыр, директордың хатшысы сылаңдаған Сұлубике қоян болып киiнiп, екеумiз қуысып ойнап жүрiп, қалың жұрттан бөлiнiп кетiппiз… Артынан бiрақ бұл қылығым үшiн бастығымыз маған қатаң сөгiс жариялады…

Жарайды, оның бәрi өз алдына. Думанды кештен соң тарамақшы болып далаға шығып, жайшылықта бастары бiр қазанға сыймайтын бiздiң ұжым ендi қайтып көрiспестей бiр-бiрiмен қайта-қайта сүйiсiп, әрең деп қоштасқаны есiмде.

…Қазiргiдей көз алдымда, жапалақтап қалың қар жауып тұрды. Аяқ астынан әртістігім ұстап кеткен мен баспалдақтың үстiне шығып алып, «жапалақтап ақша қар жауады тынбастан…» деп, шатып-бұтып өлең оқыдым ғой деймiн. Содан кейiн әндетiп үйге қарай кетiп бара жатқанымды бiлем. Бiрақ Құдай атып, орталықтағы саябақтың тұсынан өте бергенде, үйілген аққаланың бiр шетiне отыра қалып, азырақ қалғып кетiппiн. Әрi-берiден соң үстi-басын аппақ қар басқан менi көше тазалағыш машина қармен бiрге жүк көлiгiне артып жiберсе керек. Әйтеуiр, шопыр жiгiт бiр Құдайға қараған адам екен, қаланың сыртына шығып қарды төккенде, серейіп жатқан менi көрiп, өлген адам екен деп, мәйiтханаға әкелiп тапсырып кетiптi. Жаңа жылды қарсы аламыз деп дүбiрлесiп жүрген мәйiтханадағылар менiң өлi-тiрi екеніме қарамастан, бiр бұрышқа тастай салғанға ұқсайды.

…Уақыттың қай мезгiл екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, суықтан қалшылдап ояндым. Айнала тастай қараңғы. Анау тұстағы бiр есiктiң саңылауынан жарық бiлiнедi. Солай қарай тәлтiректеп жетiп, ақырындап ашып едiм, ар жағында ақ халатты екi ер адам мен бiр әйел дастарқан басында гуiлдесiп отыр екен. Тiптi жандарына келiп, сүмiрейiп тұрған менi байқар емес. Бұлай тұра берсем, олардың таң атқанша байқамасын сезген соң, өзiмше: «Кеш жарық!» – деп дыбыс бердiм. Бергенiм бар болсын, жаңа жылға тiлек айтып тұрған келiншек сол орнында ес-түссiз құлап түсті. Ақ халатты еркектiң бiрi терезенi бұзып шығып, далаға қашты. Үстел басында қалған тағы бiрiнiң қашуға шамасы келмедi бiлем, тек қорқыныштан иегi дiрiлдеп, қолындағы рөмкесiн маған ұсына бергенi есiмде. Ана жақтан дiрiл қағып тоңып шыққан маған да керегi сол едi, алдым да тартып жiбердiм. Менiң арақ iшетiн «аруақ» екенiмдi бiлген дәрiгер жiгiт тiптi қуанып кеттi бiлем, тағы да құйып бердi. Сөйтіп, екi-үш рөмкенi қызыл өңештен әрі асырған соң, әлi де қорқыныштан есiн жия алмай тұрған дәрiгерге ешқандай аруақ емес, өздерiндей тiрi адам екенiмдi жеткiздiм.

Осы кезде есiме Мықтыгүл түсiп, амандығымды білдіріп сөйлесе қояйын деп дәрігердің телефонын сұрап едiм, әжептәуiр қызыңқырап алған ол:

– Үйдің телефон нөмiрiн айтыңызшы, жеңгейден сүйiншiнi өзiм сұраймын, – деп өзеуредi.

Содан бiздiң үйдiң телефонын терiп, «мәйiтханадан звондап тұрмын» деуi мұң екен, ана жақтан бiрдеңе дүрс етiп құлағандай болды.

Дереу такси шақырып, бәріміз апыл-ғұпыл бiздiң үйге тарттық. Келсек, шынында да Мықтыгүл байғұс телефонның жанында серейіп талып жатыр екен.

Оқиға былай болыпты. Мен кешiккен соң ашуға мiнген бәйбiшем қаладағы емхана мен полиция бөлiмшелерiнiң бәрiмен хабарласып шығады ғой. Ешбiр жерде жоқпын. Ендi не iстеймiн деп есi кетiп отырғанда телефон шырылдап, аржағындағы адам «мәйiтханадан сөйлесiп тұрмын» дегенде, Мықтыгүл қанша мықты болса да, есiнен танып кеткен екен…

Сөйтiп, сол түнi бәрiмiз менiң «о дүниеден» аман-сау қайтып келгенiмдi таң атқанша «жуып» едік.

Биыл да, міне, жаңа жыл жақындап қалды. Кеңседегілер корпоратив жасаймыз деп ала-шапқын боп жүр. Әй, бірақ Мықтыгүл мені енді өлсе де жібере қоймас корпоративке…

 

Сайлау БАЙБОСЫН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий