Астанада мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі қорытындыланды. Байқау үш бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтсақ, мемлекеттік музейлер, кітапханалар және мәдени-демалыс ұйымдары арасында өтті. Оған қатысу үшін 86 кітапхана, 50 мәдени-демалыс ұйымы және 32 мұражай өтінім тапсырған. Байқау материалдарын үш күн бойы білікті қазылар алқасы сараптады. Қорытынды отырыс нәтижесінде 19 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Бұл қатарда жерлестеріміздің де мерейі үстем болды.
«Үздік облыстық маңызы бар музей» номинациясы бойынша Павлодар облысының әкімдігі, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі» жеңімпаз атанды.
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі 1897 жылғы айшықты оюлармен көмкерілген көрікті ағаш үйде орналасқан. Музейдің негізі 1990 жылы 1-ші ақпанында қаланып, 1992 жылы 22-ші наурызда салтанатты түрде ашылып, Бұқар жырау Қалқаманұлының есімі берілді.
Бүгінде, музей қорында 58 мыңнан астам жәдігерлер сақтаулы. Бұл музей ұжымының өлке тарихы мен әдебиетін жинау, сақтау және насихаттау бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатқанын аңғартады.
Музей ұжымы атқарған ғылыми экспедициялық жұмыстардың нәтижесі – өңір мәдениеті үшін ғана емес еліміздің ортақ олжасына айналып келеді. «Алашордалықтар ізімен» атты ғылыми экспедициялық жұмыстар барысында Алаш ардақтыларына қатысты тың деректер, қолжазбалар, көне кітаптар табылды. Айтар болсақ, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» және «Қырық мысал» кітаптары, 1923-1925 жылдары шыққан «Жас қазақ» журналы, Нәзір Төреқұловтың бастамасымен Мәскеу қаласында шыққан «Темірқазық» журналы, Қошмұхамбет Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан» кітабы, Ғали Ормановтың 1936 жылғы «Өмір дастан» кітабы, 1905 жылы жарық көрген «Диуани Сайхали» кітабының түпнұсқалары және Иса Байзақовтың домбырасы. Бұл табылған жәдігерлердің барлығы 2024 жылы реставрациядан өткізілді. Сонымен қатар, «Сырлы сұхбат-сазды әуен», «Ертіс толқыны», «Музей және радио», «Бабалар үні», «Бір әннің тарихы», «Әжемнің әңгімесі» сынды көптеген жобалар жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, өңірлік ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлеріне арналған конференциялар, дөңгелек үстелдер, еске алу кештері мен байқаулар ұйымдастырылады. Бұған дейін, Садық Кәрімбаевтың 105 жылдығына орай «Ақтамақ» жас дәстүрлі әншілер байқауы өтсе, Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай «Бақытын бала тілінен тапқан» мәнерлеп оқу байқауы өтті. Ал, Наурыз мейрамы қарсаңында «Тақиялы қыз-трендте» және «Дарабоз» байқаулары ұйымдастырылды.
Осы мәдени іс-шаралармен қатар, музей Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Алаш аманаты» атты көрме ұйымдастырып, Республика күніне орай Мәскеуде де Алаш қайраткерлерінің жеке заттарын жұрт назарына ұсынды. Музей – кешегі мен бүгінгі рухани қазынаның алтын көпірі.
Келесі «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар музей» деп Павлодар облысы, «Ертіс» мультимедиялық музейі танылды.
Музей жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Заманауи технологиялардың және 3D принтердің болуының арқасында музей Павлодар облысының тарихымен байланысты бірқатар кәдесый бұйымдарын шығарады. Бұл қатарда Қимақ-қыпшақ кезеңінің тас мүсіндерін, орта ғасыр дәуіріндегі «Бокка» бас киімін, неоген кезеңіндегі қылыш тісті мысық-махайрод бейнесін атауға болады.
Сондай-ақ музей түрлі деңгейдегі іс-шараларды белсенді ұйымдастырады. «Ертіс өңірінің тарихи мұрасы: Қимақ қағанаты және Қазақ хандығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын және «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтаудағы музейлердің рөлі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Музей тұрақты негізде «Көшелер олардың есімдерімен аталған», «Игі істер марафоны», «Ғасырлар тереңінен» және «Уақыт машинасы» жобаларын жүзеге асыруда.
Ұжымның үлкен жетістігі – Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің палеонтологиялық коллекцияларының каталогын дайындап шығаруы. Ғылыми каталог палеонтолог мамандарға, өлкетанушыларға, тарих оқытушыларына, студенттерге және Павлодар Ертіс өңірінің тарихына қызығушылық танытқандардың барлығына арналған.
Ал, Павлодар облысы С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының жетекшісі Хонж Алпысбай Әбділұлы «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясын иеленді.
Алпысбай Әбділұлы балалар оқу орталығының жетекшісі ретінде бірнеше жобаға бастамашы болды. Мысалы, «Томағатартар» жобасы барысында республикалық, халықаралық деңгейде жетістіктерге жеткен жас дарынды оқушыларды көпшілікке таныстырды. Жас таланттар өзі қатарлы қарапайым оқушылармен жүздесіп, әңгімелесіп, өнер көрсетіп, оларға мотивация мен шабыт сыйлады.
Алпысбай Әбділұлы жетекшілік ететін тағы бір жоба – «Кітап және қаламгер» шығармашылық жобасы. Жоба аясында ол кітаптары жарыққа шыққан ақын-жазушылармен бірге аудан, қалаларды, тіпті шалғайда жатқан ауылдарды арнайы аралап, қаламгерлер мен олардың шығармаларын насихаттауға күш салуда.
Сонымен бірге, облыстық кітапханада «Аялы алақын», «Қызыл алма», «Әжемнің ертегісі» секілді балаларды қамқорлыққа баулитын жобалармен қатар, «Шебер қолдар» қолөнер үйірмесі, «Кел, қазақша үйренейік», «ІТ-бала» робототехника үйірмесі, тоғызқұмалақ, асық ойындары үйірмелері тегін жұмыс істеуде. Бөлімнің жұмысын жоспарлау, әрі оның сапалы жүзеге асуын қадағалауға Алпысбай Әбділұлы жауапты.
Алпысбайдың ең жақын досы – балалар. Жұмыстан қолы қалт ете қалса, жас достарына арнап өлеңдер, тақпақтар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар жазуды ұнатады. Балаларға арналған шығармалары республикалық «Балдырған» журналына жиі жарияланып тұрады. Алпысбай Әбділұлы бүгінде әдебиеттің сатира, балалар әдебиеті, проза, поэзия, детектив жанрына жиі қалам тербейді. Балаларға арналған шығармалары «Алтын қалам», «Жас қалам», «Ұлы дала» секілді республикалық балалар әдебиеті байқауларында топ жарды.