«Айқаптан» – «Aiqara-ға»

Былтырғы жылы Жетісу елінің атақты байларынан Есенқұл Маманов (суретте) жақсы роман жазған адамға екі жүз сом ақша бәйге беремін деп «Қазақ» газетіне ашық хат жазғандығы оқушылардың жадына болса керек. Сол кісі «Қазақ» газетінің 117-нөмірінде азаматтарға ашық хат жазып былайша деп отыр:

«Былтырғы роман жарысының мезгілі жақындады. Бірінші бәйгеге қосыламыз деген талапкерлер «Қазақ» басқармасына білдіріп тұрса керек. Енді солардың жазғандарын қарау жұмысы сыншы азаматтардың мойнында. Сыншылар бір жерге жиылып кеңеспей болмас. Жиылуға Семей шаһарын ыңғайлы көрдім. Өйткені сыншылыққа шақырып отырған мырзаларымыздың бірсыпырасы сонда көрінеді. Сыншылыққа мына мырзаларды лайықтаймын: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов (екеуінің бірі), Мұхамеджан Сералин, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Жақып Ақбаев, Нарманбет Орманбетов һәм Нұрғали Құлжанов!

Ардақты азаматтар! Жаңа бас көтеріп келе жатқан әдебиетімізге бір қызмет бола ма деп бастаған ниет еді. Бұған әрқайсысымыз ілтифат етіп, ұлт әдебиеті құрметіне сыншылықты қабыл стулеріңізді өтінемін».

Есенқұл Маманов.

Бұл ашық хатты басқан соң, «Қазақ» басқармасы Ахмет, Міржақыптың қайсысы болса да Семейге бара алмайды депті. Біздің басқарушымыз Мұхамеджан Сералин туралы айтатынымыз да сол жауап.

Біз Мамановтың бұл ашық хатына басқарушыларымыздың бара алмайтындығын айтып қалуды ғана лайық көрмей, ұлтшыл байларымыздан қадірлі Есенқұл Мамановтың роман жарысы үшін бәйге тіккендігі туралы бір-екі сөз айтып кетуді тиіс көрдік.

Жақсы һәм көпке пайдалы қылып жазылған кітаптарға бәйге тігу, ақша беру әдеті Еуропа жұрттарының шығарған бір түзу жолы. Бұл жолды бастап шығарып, көп ақша жұмсаған адам Швед затынан Альфред Нобель деген адам деп айтсақ онша адаса қояр ма екенбіз?! Бұл адам швед мемлекетінің астанасы болған Стокгольм шаһарында 1833 жылы 21 қазан күні дүниеге келген. Ресей мемлекетінде соғыс кемелерін істеп атақ шығарған И. Нобель деген кісінің баласы еді. Альфред Нобель көп еңбек машақат сіңіріп, тауды тасты бұзатын мылтық дәрісінен неше рет күшті динамит деген бір зат істеп шығарып, 1867 жылы дүниеге жария қылған?! Сол ойлап шығарған динамит затты сатып, көп ақша жинап, зор бай болған. Динамиттан соң түтінсіз дәрі істеп шығару жолын да тапқан. Баку шаһарында тұрған кезінде нефтіден керосин тазартып шығару туралы да көп еңбек сіңіріп, бұл мақсатына да жеткен. Бір заманда Альфред Нобельдің заводында істеген жұмыскерлері 12 000 адамға жетіпті. Бұл адам 1896 жылы желтоқсан айының аяғында дүниеден қайтты. Артында қалған малының аз ғана бір бөлігін асабаларына қалдырып, қалған екі миллион алтынын бүкіл адамзаттың пайдасына жұмсау үшін қалдырды.

Ол уафықтың тәртібі бойынша болады: Нобель өсиет айтып қалдырған ақшасынан жыл сайын өнген саф пайда беске бөлініп, бес түрлі пән жолында жазылған кітаптардың авторларына бәйге беріледі. Бес түрлі пән жолы мыналар болады: Бірінші, табиғат (естествоведение), екінші, химия – бұл екі бәйгені сыншылық етіп беруші швед мемлекетінің академиясына тапсырылған. Үшінші, тап физиология (медицина) – бұл бәйгені сыншылық етіп беру Стокгольм шаһарындағы клиникаға тапсырылған. Төртінші, әдеби һәм философия кітап жазғандар үшін (по литературе и философии) – бұл бәйгені сыншылық етіп беру міндеті Стокгольм шаһарындағы академияға тапсырылған. Бесінші, адам балаларының араларындағы соғыстарды бітіру, татулық орналастыру туралы. Бұл бәйгені сыншылық етіп беру міндеті парламенттің сайлап шығарған бес адамынан құралған комиссиясына тапсырылған. Бұл бәйгелер жоғарыда міндеттеп тапсырған сыншы орындардың лайықты көрілген адамына, оның үрім-бұтағына беріледі. 1913 жылғы төртінші бөлімге деп шығарылған 38 мың теңге бәйге Үндістан шайыры Р. Тагор деген кісіге берілді.

Осылайша етіп бар дәулетінен жақындарына шамалы ғана сыбаға қалдырып, өзгесін бүкіл дүние жүзіндегі адам баласына пайда келтіру үшін өсиет қалдырған Альфред Нобель айтады екен: «Мирасқа қалған малдың игілік көруіне себепші болмай, бәлки ақылдарын, таза жүректерін тіпті адамшылықтарын өлтіруге себеп болғандығын бек көп тәжірибемнен білдім. Қанша ма жақын болса да балаларға мал қалдыру турасында байларға мәслихат бермеймін. Аштан өлместей ғана мал қалдыруда залал жоқ. Бірақ, көп болса олардың әрекетке ұшырауына, адамшылықтан шығуына себеп болады. Оның орнына балаларға ғылым һәм өнер үйрет деп ақыл айтамын. Ғылым мен өнер болса, балалар аштан өлмес. Соның үшін жалқау болуларынан һәм бұзылып адамшылықтан махрум қалуларына себепші болар деп қорыққанынан өзім дені сау, ақылы дұрыс жақындарыма мирас қалдырмаймын. Оның орнына менің байлығым адамдардың жоғарылауына, игілігіне себеп болардай жолдар даярлаймын».

Пайдалы кітап жазушыларға бәйге тігу турасында айтқан сөзі: «Мен өзім өмірімде сынаған тәжірибеме қарай дүниенің ғалымдары, тапқырлары, ақылшылары өз жұмыстарына барлығын, өмірлерін, байлықтарын жұмсағандықтан кедей болады. Байлары да ақырында кедейлікке айналады. Оларға жәрдем етуші болмайды. Соның үшін менің… олардың жәрдеміне жетсін», – деп.

Бұл кісі өз өмірінде некелеп жамағат алмаған һәм жай қалыпта да әйелдерменен араласқаны білінбей кеткен. «Қатындарға қазықталу, бала-шаға асырау жігерді сөндіреді. Пайдалы істер істеуге көлденеңнен түседі», – дейді екен.

Мінеки, қадірменді оқушылар! Еуропа жұртында ғылымның, кітаптың, жақсы кітап жазушының қадірінің қандай екендігі һәм мал табуды, тапқан малды жұмсай білуді Еуропа жұртындағы даналардың қалай ұғатындығы осы Альфред Нобельдің істеген ісінен азырақ байқасақ керек.

Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолыменен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр, роман жазған адамға ақшалата бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ. Оның салған жолыменен жүрмек қазақтың басқа байларының міндеті. «Тоқсан тоғызды берген құдай жүзіншіні де бермей ме?» – деп Қожа Насыр айтқандай, Есенқұл байды берген Құдай онан гөрі де үміті күштірек байларды берер деп көңілдің жұбанғысы келеді. Ондай ерлердің шығар шықпасын, келер заман көрсетер! Әзірге қазақ байлары сайлау таласына барлық дәулетін жұмсап, шеке қызбайға кіріп, ит пен құсқа жем болып жатқан бір заманда Есенқұл байдың өзінің қатарынан асып, үлгілі жұрттарға лайық іс істеп жатқандығы оның қараңғы түннің ішінде қалың жұлдыз арасында жарқыраған жарық айға ұқсап тұрғандығын көрсетеді.

Есенқұл байдың сайлаған сыншыларының бәрі болмаса да бір сыпырасы басын қосып, жарысқа түскен кітаптарды сынға салар. Араларынан мынау тәуір дегеніне таңдап бәйге берер. Бәйгені алған жазушы сол бәйгенің арқасында әрі бір қатар ауқат қылып қалар, әрі көңілі өсіп бұрынғысынан да гөрі ілгері баспаққа ұмтылар деп ойлаймыз. Бәйге ала алмай қалғандары да көңілдері қайтпас, жігері сөнбес, қайта жаңадан талаптанып, бұрынғы ағат кеткенін түзетіп, ілгері басуға талпынар деп үміт етеміз.

Есенқұл Мамановтың бұл бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен салыстыруға келмейтін дәрежеде болмаса да, «құдығына қарай қауғасы» деп жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобельдің жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді. Құдай Тағала әрқашанда Есенқұл секілді ер көңілді байлардан қазақ жұртын кенде қылмасын деп тілейміз.

МЫС

«Айқап» журналы 1915 жыл.  

Дереккөзі: «Айқап» энциклопедиясы /1995 жыл, құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов

Добавить комментарий