15 наурызда Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында қоғамдық көлік қатынауы тегін болады.

 – Өңірдің үш негізгі шаһарында жексенбі күні жолаушылар тасымалы үшін ақы алынбайды, – деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Референдум күні Павлодар облысында жол жүру тегінКонстантин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 15 наурыз күні облыс орталығындағы қоғамдық көліктер барлық санаттағы жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді.

– Аталған күні павлодарлықтар мен қала қонақтары автобус және трамвай бағыттарының 20-дан астам түрін тегін пайдалана алады. Қоғамдық көліктер бекітілген қозғалыс кестесіне сәйкес, штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Ал басқа күндері жол жүру ақысы әдеттегі тариф бойынша қабылданады, – делінген ресми хабарламада.

Айта кетерлігі, бұл жеңілдік тек облыс орталығымен шектелмейді. Дәл осы күні Екібастұз бен Ақсу қалаларының тұрғындары да қалаішілік қатынас үшін жолақысын төлеуден босатылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, өңірдегі сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық көліктегі тегін жол жүру бастамасы тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз барып, өз таңдауын жасауына қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр.

Аяужан ЖЕТЕС

Добавить комментарий