Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Мұсылман жұртшылығының асыға күтетін, айлардың ішіндегі сұлтаны қасиетті Рамазан айының кіруіне де санаулы күндер қалды. Рамазан айының келуі – әр мұсылман үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Себебі, бұл қасиетті ай – ізгіліктің, кешірімнің, рухани тәрбиенің, мейірімнің айы. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деп айтқан.

Қасиетті Құранның Лаухул махфуздан дүние аспанына түсуі де Рамазан айында болатын. Ол турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Қасиетті Құран Лаухул махфуздан Рамазан айының қадір түнінде дүние аспанына түсірілген, кейін түрлі оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауат мен сәлемі болсын) бөлек-бөлек түсіріліп отырған», – деген.

Ғалымдарымыз қасиетті Құранның түсірілуі Алла Тағаланың пенделеріне танытқан ерекше мейірімі екендігін айтқан. Ал қасиетті Құран алғаш Рамазан айында түсірілгендіктен, Рамазан айы да – мейірім айы саналады. Пенденің бұл айда жасайтын әрбір ізгі амалы Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне бөленуімізге себепші болады.

Ораза ұстаушы таң атқаннан кеш батқанға дейін жеп-ішуден тыйылу арқылы аш, мұқтаж адамдардың жай-күйін бүкіл болмысымен сезініп, жүрегінде оларға деген мейірім пайда болады. Жүрегінде мейірімі бар адам өзге жандарға мейірімін төгу арқылы өзі де Жаратушының мейіріміне бөленеді. Негізі адамдар бір-біріне әркез мейірімді, жанашыр болулары қажет. Әсіресе Алла Тағаланың мейірімі төгілетін қасиетті айда барынша өзгелерге мейірімді, жанашыр болған дұрыс. 

Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз – қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе, оған: «Мен оразамын» десін»,деп өсиет ету арқылы біздерге өзгелермен мейірімділік аясында қарым-қатынаста болуға шақырған.

Мұғаз ибн Жәбал (Алла оған разы болсын) атты сахабаға бір кісі келіп: «Маған насихат айтшы», – деген екен. Сонда Мұғаз: «Мейірімді бол! Пейішке кіруіңе мен кепіл болайын», – деп жауап беріпті.

Жүсіп Баласұғыни бабамыздың:

Не дер екен мейірімі мол кісі:

Мейірбандық – кісіліктің үлгісі.

Есіңе ұстап мейірбанның нақылын –

Дәулет болар алсаң соның ақылын.

Мейірімнен шынайы леп еседі,

Соны бақсаң – дәреже, бақ өседі, – деп айтқан сөздерінде үлкен мағына бар.

Қасиетті Рамазан айы – мейірімділік іс жасап, ізгі амалдар атқарып, Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себепші болатын үлкен мүмкіндік. Бұл айда жүрегімізде мейірімділік пайда болып, жанымыз толық рухани ләззатқа кенелуіміз үшін, мынадай ізгі амалдарды атқаруға мән бергеніміз дұрыс:

Бірінші: Мұқтаждарға жәрдемдесу

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаумен қатар мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, жомарттық таныту – Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себеп болатын басты амалдардан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда мұқтаж жандарға көбірек садақа беруге тырысып, өзгелерге де осыны өсиет ететін. Хадис шәріпте:  «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі ең жомарты болатын. Әсіресе, ол Жәбірейіл періштемен Рамазан айында кездескенде ерекше жомарттық танытатын», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).

Алла жолында мал сарп етіп, өзгелерге жәрдемдескен жомарт адамның мал-дүниесі кемімейді. Керісінше, оған береке кіріп, молая түседі. Бұл орайда өзгеге жәрдемдесуші адамның мал-дүниесін құдықтың суымен салыстыруымызға болады. Құдықтың бетіндегі суды қанша алсақ та, астынан тағы да шығып, толып отыратындығы сияқты, мал-дүниесін Алла жолында жұмсап, мұқтажға көмек қолын созған адамның дүниесіне де осылайша береке кірмек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:  «Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).

Жәрдемге мұқтаж адамды көргенде жүрегі елжіреп, бірден қолынан келгенше жәрдемдесіп, көмек қолын созу – Алла Тағаланың мейіріміне бөленетін адамның сипаттарынан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге Алла Тағала да мейірімділік танытпайды», – деген (имам Бұхари).

Жалпы өзгелерге қамқор болу, жанашырлық таныту, мұқтаждарға жәрдемдесу, жетімдерге қарайласу сияқты ізгі істердің барлығының негізі осы мейірімділіктен бастау алады. Әлемдерге мейірім ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген сахабалар да өте мейірімді еді. Олар айналасындағы мұсылмандарды айтпағанда, жауларының өзіне мейірімділіктің керемет үлгісін көрсете білді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Жер жүзіндегілерге рақымдылық танытсаңдар, көк жүзіндегілер де сендерге рақымдылық танытады», – деген.

Екінші:  Туыстық қатынасты жақсарту

Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Нахыл» сүресінің 90-аятында: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан тыяды», – деп айтқан.

Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екіталай. Сондықтан да қасиетті Рамазан айы – ренжіскен жақын адамдар өзара кешірім сұрап, татуласып, бір-бірін ауызашарға шақырып, туыстық қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік.

  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса,  онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим). Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қатынасты сақтауды Алла Тағала әрі  Қиямет күніне иман етумен байланыстыруы бұл амалдың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп тұр.      

Адамның өзімен сыйластық қатынас ұстанған туыстарымен сыйласуы әркімге оңай. Алайда, асыл дініміз бізбен қатынасты үзіп қойған туыстарымызбен байланысты нығайтуға бұйырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам, (ол – оған қандай қарым-қатынас жасаса) сонымен ғана жауап беретін адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!» – деген (Имам Бұхари).

Ендеше, қасиетті Рамазан айында Алла Тағаланың кешірімі мен мейірімін үміт ете отырып, туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана емес, сонымен қатар туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасымызды жақсартуға тырысайық.

Үшінші: Жақсы сөз сөйлеу

Алла Тағаланың мейіріміне бөленуді қалаған адам қасиетті Рамазан айында тек тамақтанудан ғана емес, бүкіл күнәлі істерден, қолымен және тілімен өзгеге зиян тигізуден тыйылып, өзін жақсы сөз сөйлеуге тәрбиелеуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде ­­кім ораза болып жаман сөзден және оған амал етуден тыйылмаса, Алла оның тамақтан және судан тыйылғанын қажет етпейді», ­– деген (имам Бұхари).

Алла Ешісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен қарым-қатынаста өте жұмсақ, әр сөзі мейірімділікке толы болатын. Алла Тағала қасиетті «Тәубе» сүресінің 128-аятында: «Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мүминдерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деп айтқан.

Тіпті дін жауларының өзіне Хақ пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еш уақытта қатты сөз айтпайтын. Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағаладан мүшіріктерге лағынет тілеңізші», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, мен лағынеттеу үшін емес, мейірімділік ету үшін жіберілдім» – деген еді (имам Муслим).

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша жаратылысқа, иман келтіргендерге де, иман келтірмегендерге де мейірім ретінде жіберілді», – дейді.  Имам Табари (Алла оған разы болсын) Ибн Аббастың бұл сөздерін былай деп түсіндерген: «Алла Елшісінің иман келтіргендерге мейірім болып жіберілуі – ол арқылы Алла Тағала оларға тура жолды көрсетті, ол алып келген шариғатқа амал ету арқылы олар жәннат иелерінен болады. Ал иман келтірмегендер үшін мейірім болуы – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуі арқылы өздеріне жіберілген пайғамбарларды өтірікке шығарған  бұрынғы үмметтерге келгендей азаптарға душар болудан Алла Тағала оларды сақтады».

Ендеше, қасиетті Рамазан айында Алла Елшісін үлгі тұтып, өзімізді жақсы сөз сөйлеуге тәрбиелейік. Бізге қатты сөз айтқан адамның өзіне жұмсақтықпен жауап беруге тырысайық. Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір ғайри дін иесі келіп: «Әс-самун ғалайкум» (сендерге өлім болсын) деп айтады. Осы кезде Айша анамыз (шыдай алмай): «Сендерге де Алланың лағынеті, ашуы болсын», – деген сөздерді айтып жібереді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша, асығыстық жасама. Жұмсақ бол, дөрекілік пен арсыздықтан аулақ бол», – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).

Төртінші: Дұға жасап, жақсы тілектер тілеу

Қасиетті Рамазан айы дұға мен тілектердің қабыл болатын айы. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Әрине, сақтанарсыңдар», – деп айтқан. Осыдан кейінгі екі аятта сырқат не сапарда болған адамның оразасы, Рамазан айында қасиетті Құран түсірілгені жайында айтылып келіп, 186-аятында: «Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді», – деп айтқан.

Бұдан ұғатынымыз ораза ұстаушы бұл айда өзі, жақындары әрі өзінің туып-өскен отаны үшін Алла Тағаладан мейірім мен жақсылық тілеп, көп дұға етуі тиіс. Өйткені Рамазан – дұға тілектің қабыл болатын айы.

Дұға етудің өзі үлкен құлшылық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Дұға ету, ол – ғибадат», – деген.

Негізінде Алла Тағала кез келген уақытта жалбарынып дұға етушінің дұғасын қабыл етеді. Алайда, дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары болатын белгілі бір уақыттар мен кезеңдер болады. Сол уақыттардың бірі – ауызашар уақыты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үшеудің дұғасы кері қайтарылмайды. Ол: ораза ұстаушының ауызашар алдындағы дұғасы, әділ басшының дұғасы және зұлымдық көрушінің дұғасы», ­деген. Тағы бір хадис шәріпте: «Расында ораза ұстаушының ауызашар уақытындағы дұғасы қайтарылмайды», ­­– деген.

Қасиетті Рамазан айы бізді көркем мінезге, тақуалыққа, кешірімділікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айының алғашқы бөлігі – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу»,­ – деген хадисінің бір мағынасы да осыда жатыр. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол «шын адам» болады», – деген.

Ол үшін мұсылманның оразасы тек ашығумен ғана шектелмей, игі амалдарды атқарумен толығуы қажет.

Алла Тағала келе жатқан қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстайтын ораза, тілейтін дұғаларымызды қабыл еткей!

Жолдас қажы БЕРДІМҰРАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы.

Добавить комментарий