Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Адамзаттың барлық жетістігі — ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі» «Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл — еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы — ғылым, ал қазынасы — ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті — оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, „ғылым-білім бар жұрттар“ ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл — ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Хакім Абай айтып өткендей, „Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ“. Бұл — ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басатынымызды айтты.

— Қасиетті Отанымыз — Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз. Бұл — біздің ұлттық парызымыз. Осы тарихи жолда біз ғалымдардың орасан зор әлеуетіне сенім артамыз. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүмкіндіктерге жол ашылады. Ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мемлекет өздеріңізді әрдайым қолдайды, — деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Мемлекет басшысы.
