Жазушы – ең алдымен халықтың мұңын мұңдап, жоғын іздейтін жоқшысы. Жоқшы деп атап отырғанымның себебі: адам баласының «сұмдық айнығыш» тіршілік иесі екендігін ескерсек, оның заманның ағымында, уақыттың қалтарысында қалып, ұмытылып кететін көп қасиеттері болатынын ойша сараласақ, сол есіркеуге тұратын «ескісін» есіне салып, жадын жаңғыртып, қайта тауып беретін қаламгер жазғанды «жоқшы» демегенде кім дерсің.
Төлен Әдікұлының «Оң қол» әңгімесінің тақырып аясы кең. Ойланған адамға шығарма желісінен сан түрлі пайым өрбітуіне болады.
«Оң қол». Қызық аксиома.
Әдетте «оң» сөзі қазақтың ұғымында игі, жақсы істердің атауын береді. Мысалы: «ісі оңға басты», «босағаны оң аяғымен аттады», «оңды нәтиже», «айы оңынан туды» т.б. Адам баласы дене мүшелерінің оң сыңарын ерекше бағалайды. Осыған орай адамның оң қолының мәртебесі анағұрлым жоғары екендігі өздігінен аян. Оң қол – сол қолға қарағанда әрбір іске икемдірек, әрі мықты, әрі даусыз доминант. Ал әңгімедегі «он екіде бір гүлі ашылмаған» он жеті жасар қызды қасақана өлтірмекші болатын өзінің оң қолы болуы осы қағидаға қарама-қайшы шығады. Қайшылық туындаса, демек, Адам – Қоғам – Тіршілік механизмінің бір жерінде қателік жіберілді деген сөз.
Есте жоқ ескі заманнан бері жалғасып келе жатқан Жан мен Сананың арасындағы текетірес (жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, арлылық пен аярлық), заман озып, қоғам азған сайын шиеленісе түскендігі айқын. Жазушының бұл шығармасы осы тақырыпқа арналған.
Пайымдауымыздың арнасын кеңейте түсу үшін дәрігердің ішкі тебіренісіне жүгінелік. «…Біз тәні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екендігімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз – ақыл-естен айрылғандарды аяңыз…» – дейді ол. Кейіпкердің ойына осыны салып беріп отырған қаламгер санамызға «Ей, адамзат, нанатехнологиялар заманының төлі, қарапайым аяушылық сезіміңнен айырылып қалма!» дегенді сынық сәуле арқылы сыналап жеткізгендей. Қазіргі уақытта пенде баласының қатыбастанып кеткендігі сонша, бойындағы игі қасиеттері «қаскөй қуаныштың» құрбаны болып қала беретіндігін Т. Әбдікұлы алғашқы жолдардан-ақ аңғартады. Қарапайым дәрігердің образы арқылы бүгінгі өмір кейіпкерінен адамдықтың, адам бойындағы аяушылықтың, ардың жұрнағын іздейді. Ал оның кейіпкері қоғамнан оқшауланған «басқаша ойлайтын» жандардың өзінен жақындық тауып отырады. «Мен тіпті бақылау палатасыдағы ең қауіпті аурулармен бірге ұйықтауға әзірмін. Қорқынышты дейсіз бе? Қорқынышты деген не тәйірі. Жақсы көру жетіспейді. Жақсы көру арқылы бәрін де жеңуге болады…»
Ендеше әңгіменің мазмұнына тоқтала отырып, пайымымызды сабақтасақ.
Шығарманың кіріспесінде дәрігер жігіттің қандай жан екендігі бір қырынан танылса, әңгіменің негізгі арқауы – Алма қыздың ауруханаға жатқызылған тұсынан бастап оның образы барынша ашыла түседі.
Психиатриялық ауруханаға түскен Алма қыздың дерті ерекше болып шығады. «Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін-өзі бірнеше рет қылғындырып өлтірмекші болғанын айтты. Маңындағылардың араласуымен аман қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол: «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр», – деп өзінің қолын көрсетеді…». Міне осы жерде жас дәрігердің маман ретінде білігі, адам ретінде құлығы сарапқа салынады. Қыздың кеселін «ішкі тұлғаның екіге жарылуы, яғни бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп, не қатар өмір сүруі» деп табады. Алманы жеке бақылауына алған дәрігер оның «оң қолының шынында да өз бетінше ақылға сыймайтын әрекеттер» жасайтынына куә болады. «Сағат түнгі үш шамасында ашық тұрған Алманың палатасынан шыңғырған дыбыс шықты. Мен платаға кіргенде Алма кереуетте жатыр. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болады. Сестра екеуіміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып, кереуетің астына апарғанда түрі көкпеңбек болған Алма көзін ашты…»
Сонда бұ қалай? Шын мәнінде адамның өз қолы өзін қылғындыруға не себепті құлықты болды екен? Автор Алманың аузына «…бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр» деген сөзді бекерден бекер салмаса керек. Оның сырын біз дәрігердің бақылау барысы суреттелген детальдар арқылы саралай аламыз.
Ең әуелі әңгімедегі бас кейіпкер кім? Алма ма? Дәрігер ме? Осындай ой бас көтереді. Әрине, объективті тұрғыдан қарағанда Алма екені даусыз. Алайда суреткер шебер сомдаған қыз образы, Алма ғана емес, қиыннан қиыстырған символикалық идея жиынтығы. Сайып келгенде Алманың образындағы астарлы идея адам болмысының ажырамас бөлшегі болып табылады.
Алманың араша сұраған аянышты хәлі, ажалмен арпалысы дәрігер-Адамның өз ішінде жүріп жатқан әділдік пен зұлымдық текетіресінің көрінісі іспетті. Бір сөзбен айтқанда, Алма көркем бейнесінің астарында – ар, адалдық, пәктік жатыр. Ал оң қолы – пендеге тән аярлық, зұлымдық, жамандықтың белгісі. Бұлар мәңгі бітіспес жаулар екені белгілі. Рухани жарлы болып, арлы болуды ұмытқан сайын «…олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Сананың иесі – қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді…». Дәрігер болса – осы күнгі заманда өз бойынан жақсы қасиеттерді жойдасыз жоғалтып жатқан, болмаса айрылып қалып қайта таба алмай жүрген заманауи Адамның бейнесін береді.
Алма – Арды қазір адам баласы бойынан талақ етіп, сананың қапасына лақтырып тастаған соң, ол «…жер бетінде бүкіл тіршілік атаулы жойылып, әлемде жалғыз қалғандай» күн кешуде. Әрине, адамның бойынан адамдық, адалдығы жойылса, «мұндайда өлім қорқынышты емес, керісінше, тірлігің қорқынышты болмақ. Алма бойындағы рухани жалғыздық та осыған ұқсас бірдеңе еді».
Алма – Ар. Дәрігер-Адамнан көмек сұрайды. «Көмектесіңізші, сыртқа шығып, көшемен жүргім келеді. Қыдырғым келеді..» – дейді. Дәрігер-Адам жанын салып, барынша қол ұшын беруге тырысады. Ендігәрі оны аялап, аймалап ұстағысы келеді. «Мен Алманың талдырмаш денесін құшақтап, бауырыма бастым. Содан кейін сәбиді иіскегендей, жұп-жұмсақ бет-аузына бетімді үйкеп, демін жұттым. Әлдебір жан қиюға болғандай рухани тазалықты сезетін секілдімін. Бірақ ол Алманың бойынан тапқан тазалығым ба, өз бойымның тазаруын сезгенім бе – ол арасын толық айырмадым…»
Адам осы жерде неден адасып қалғанын сезеді, нені жоғалтатынын сезеді. Қыздың бойындағы кеселден құтылудың жалғыз-ақ жолы барын ұғынған жігіт тәуекелге бел байлайды. «Қызды қатерлі приступтан құтқару үшін, оң қолдың саусақтарын, болмаса, тіпті тұтас өзін оперциямен алып тастау қажет… Басқа ешқандай амал жоқ… Егер олай жасамасақ, осы екі-үш күннің ішінде ол өзін-өзі өлітіріп тынатынына кепіл боламын… »
«Рас, дүниенің бәрі адамның қолымен жасалады… Бірақ зұлымдық та адамның қолымен жасалмай ма?.. Зұлымдық жасайтын қолды тез кесіп тастамаса, болмайды… тез… кесіп тастау керек…»
Алайда Адам кеш қалды.
(Мен екем ғой өлтірген… Мен ғой….)
Айбек ОРАЛХАН.
(Коллаж «egemen.kz» сайтынан алынды)