Алматының Қаскелеңінде Амангелді Омаров деген ақсақал тұрды. Негізі Арқаның қазағы, Көкшетау жағының қанжығалысы. Бірақ саналы ғұмыры Мұқағалидың ауылында, Қарасазда өткен. Амангелді ақсақал ағаш пен темірден түйін түйетін шебер, зергер еді. Және қазақтың ескі әдісімен тері илеу, одан түрлі бұйымдар жасау, қайыс өру, күміс еріту, жүзікке шыныдан көз салу секілді ұлттық өнерлерді қайтадан жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйретіп кеткен кісі.
Амангелді ағаның жұбайы Күләш тәтенің тегі Көкшетаудың қарауылы. Бірақ өзі «руым – албан» деп сөйлейтін. Себебі, Қарасазда, Мұқағалидың ауылында, нағашы әжесінің қолында, албан ішінде өскен. Оның мынадай бір қызық тарихы бар.
Күләш тәтеміздің шешесі Базархан деген кісі Мұқағали ақынмен замандас, Қарасаздың тумасы. Соғыс уақытында бойжетіп қалған қыз Базархан поштада жұмыс істеп жүріп, істі болады. «Бір құжат жоғалды» деген жаламен 8 жылға сотталып, Иркутскіге жер аудырылып кете барады. «Бұны жасап жүрген елдегі Көке деген адам» – дейді Күләш тәтеміз.
Соғыс уақытында ер-азамат майданға кетіп, ауылда қалған шал-шауқан, мертік-шортықтар қыз-келіншектерге небір қиянат жасағанын оқып, естіп жүреміз ғой. «Түн ішінде түндей қара шал қақты, кей жесірдің құлыптаулы есігін» – деп Жұмекен Нәжімеденов жазған жоқ па. Базархан апамыздың да тарихы дәл сондай. Жас қыз айтқаныма көне қоймады деп, жаңағы Көке сұм бір құжатын ұрлап алыпты. Сөйтіп, жазықсыз бойжеткен сотталып кете барады.
Бірақ Базархан апай сол жаққа барғасын, жоғарыға қайтадан арыз жазып, жеті айдан кейін толықтай ақталады. Ол кезде пойыз Иркутскіден бұл жаққа қарай жылына екі мәрте ғана қатынайды екен. Билет алу үшін жарты жыл бұрын кезекке тұруың керек. Базархан апай да билетке кезекке жазылып, сол жақта уақытша жұмысқа орналасып, жатақханада тұра береді.
Осы кезде Тоқсанбай Бексейітұлы деген Көкшедегі қарауыл елінің бір азаматы да тұтқындар лагерінде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан екен. Тоқсанбайдың қысқаша тарихын айтсақ, финн соғысында тұтқынға түсіп, одан шыққасын сотталған. Бұндай оқиғалар ол кезде көп болғанын білеміз (Тоқсанбай Бексейітұлы Қарауыл ішінде – Жақсылық, әз Бөгенбай деген атақты бір адамның ұрпағы көрінеді).
Сөйтіп, Тоқсанбай аман-есен бостандыққа шыққасын, билет алмаққа Иркутскінің вокзалына барғанда, кезекке жазылған адамдардың тізімінен Нысанбаева Базархан деген қазақ қызының аты-жөнін көреді. Апырмай, бұл жерде қазақтың қызы қайдан жүр деп, әркімдерден сұрап, іздестіре бастайды. Ақыры Базарханды жатақханадан тауып алады. Ұзын сөздің қысқасы, екеуі сол жақта танысып, ақыры ерлі-зайыпты болып қосылады. Сөйтіп, елге келгенде Базархан шешеміздің аяғы ауыр екен. Аз уақыттан соң, дүниеге осы әңгімені айтып отырған Күләш апамыз келеді.
Тоқсанбай сау-саламат елге оралғанымен, жергілікті жер оған сотталғансың деп түртпектеп, жұмыс бермейді. Ақыры екеуі қырқынан шықпаған сәбилерін құшақтап, Қарасаздағы Базарханның шешесі Батпа апаға барады. Біраз уақыт аунап-қунағасын Батпа шешей екі жасқа: «Баланы маған тастаңдар, бір балаға ие боларлық шамам бар, екеуің жұмыс іздеп, өлмейтін күндеріңді көріңдер» – деп кеңес береді. Сөйтіп кішкентай Күләш әжесінің қолында қалып, Тоқсанбай мен Базархан құжаттарын дұрыстап алып, қайтадан Ресейге, Амурдағы Комсомольск қаласына кетеді. Сол жақта бірнеше жыл жұмыс істеп, елге Сталин өлгесін бірақ оралған екен. Және ол жақтан екеуі ғана оралмай, тағы қос сәбиді жетектей келеді.
Сөйтіп уақыт өте, Нарынқолда оқып жүрген Күләш оқуын әрі жалғастыру үшін, Комсомольскіден келіп Көкшетау жағында тұрып жатқан әке-шешесіне жетіп, сол жақта он бір класты бітіреді. Көкшетауда дәм жазып Омаров Амангелді ағамызға жолығып, екеуі шаңырақ көтеріп, ел қатарлы тіршілік қылып жатады.
Сөйтіп жүргенде Қарасаздан «Батпа апаның баспана қылып отырған тоқал тамы құлап қалды» деген хабар келеді. Бұны естігесін, екі жас Амангелді мен Күләш Нарынқолға аттанады. Ойлары аз уақыт қарияның жанында болып, үйін жөндеп беріп, біраз көмектесіп, елге оралмақ. Бірақ тағдырдың жазуы солай шығар, Амангелді мен Күләш Қарасазда біржола қалып қояды. Сөйтіп, Амангелді ағаның бар саналы ғұмыры Жетісу жерінде, Нарынқолдың Қарасазында өткен екен. Қазір Күләш апа да, Амангелді ағамыз да өмірден өткен, соңында қалған үлкен әулеті – 18 немере, 2 шөбересі бар бар.
Амангелді ағаның үйіне бір барғанда, марқұм Күләш тәтеміз Қарасазда өткен балалық күндерін есіне алып, мына бір әңгімені айтып еді.
– Мен Мұқағалидың ауылы Қарсазда нағашы әжемнің қолында өстім. Осыдан шығар, туған шешемді – тәте, әжемді – мама дейтінмін. Әжем екеуміздің тұратын жалғыз бөлмелі шым үйіміз болатын. Бір күні сол құлап қалды. Осы кезде Арқа жақтан шешем мен әкем келіп жатқан. Әжем оларға әзірше бір тамыр орыстың үйінде тұра тұрыңдар, сосын үйімізді жөндеп бересіңдер деді. Менің шешем Базархан Мұқағалимен бір мектепте оқыған және жамағайындығы бар адамдар. Сөйтіп, шешем жаңағы орыстың үйіне кетіп бара жатқанда, алдынан Мұқағали ағамыз жолығып, көп жылдардан көріспеген екеуі жылап амандасады. «Қайда барасың?» – деп сұрайды шешемнен Мұқаң. «Орыстың үйіне тұруға барамын» дегенді естігесін, біз тұрғанда орысың не, біздің үйге барасыңдар, бірге тұрасыңдар деп, өзінің қоржын үйіне алып барып, бір бөлмесін босатып беріпті.
Ол кезде Мұқағалида 3 бала, біздің үйде 3 бала бармыз. Шіркін, қазақтың кеңдігі-ай дейсің қазір ойлап отырып, екі бөлмелі кішкентай ғана құжырада сөйтіп қаншама жан тұрып жаттық. Тұрмыстың қиындау кезі. Мұқаңның шешесі сауыншы, менің әжем маслопромда күзетші. Ана кісі бір тостаған сүт әкелсе, менің әжем кейде қол басындай май әкеледі кейде. Соны бөлісіп жейміз.
Біріде Мұқаң менің шешеме: «Әпке, қазаныңда қайната бер, мен аңға кеттім» – деді. Зайыбы Лашын апай оны мысқылдап: «Сен аң атып әкелсең, мен оның етін шикідей жер едім» – дегені әлі есімде.
Сөйтіп Мұқағали ағам мылтығын алып, тау жаққа кетті. Біз кілең 4-5 жасар ұсақ балалар, тоқал тамның төбесіне шығып алып, қарап отырмыз. Бір кезде мылтық гүрс ете қалды. «Әне, Мұқағали ағам атты!» – деп шуласып жатырмыз. Расында да бір кезде ол кісі көрінді. Бір елік атып алып, ішек-қарынын ақтарып алып тастап, өзін мойнына салып көтеріп алып келе жатыр екен. Топ бала шуласып алдынан шықтық. Менің әжем Лашын апайға: «Енді етті шикідей жейсің» – деп әзілдеп жатыр.
Қарасаздың мектебі ол кезде төрт-ақ кластық болды да, бесіншіні үш шақырым жердегі «Энгельс» колхозына барып оқып жүрдік. Класс жетекшіміз Мұқағали ағай. Ол кезде ит-құс көп. Мұқаң жалғыз-жарым жүрсек бізді қасқыр жеп қояр деп, жеті баланы таңертең өзі жинап алып шығады. Және жол бойы үнемі ойланып, жерге қарап келе жататын. Мен басқаларға қарағанда өткірлеу едім: «Ағай, неге жерден көз алмайсыз, не іздейсіз, бізді қасқыр жеп кетсе көрмей қаласыз ғой» – деймін. Сонда ол кісі: «Жерден өлең іздеймін, әне қараңдаршы, анау бозқараған, анау шөптің басы, анау өзен, бәрі өлең емес пе?!» – дейтін.
«Сосын үйге қайтар жолда Мұқағали ағаның өлеңдері қайда тұр екен деп, үнемі тал басына қараумен болушы едік», – деп еске алады Күләш тәте.
Мұқағали ақын жайлы әңгімеге Амангелді ағамыз араласып, ол кісі де біраз естеліктер айтып тастады.
– Біз сол келгеннен Қарсазда біржола қалып қойдық. Мен ауылда шопырмын. Мұқаңдар ол кезде Алматыға қоныс аударып кеткен. Әрине, бір-бірімізді жақсы танимыз. Менің атымды атамай, сол ауылға күйеу бала болғасын, үнемі «күйеу» дейтін.
Жасыратыны жоқ, қазір бәрі Мұқағалиды сырттай мадақтап, «сыйлас болып едік, құрметтеп едік» деп өтірік-шынды сықпыртып жазып жатады. Осыларды оқып отырып, еріксіз ызам келеді. Бір ғана әңгімені айтайын. Алпысыншы жылдардың іші болса керек. Мұқағалидың бір жақын ағасы қайтыс болып, колхоз бастығы мәйітті қорым басына апаруға көлік бермей қойып еді. Сонда мен «лесовоз» деген ағаш таситын үлкен машинада жүретінмін, қайтқан адамды соған салып алып барғанбыз. Міне, осындай оқиғалар да болған, қарағым. Мұқаң елдің барлығын өзіндей көретін, көңілінде кірі жоқ адам еді. Оны біреу түсінді, біреу түсінбеді. Енді мен Мұқағали ақынмен соңғы рет дәмдес болған мына бір оқиғаны айтып берейін, – деді Амангелді аға.
– Ол кезде егін орағы аяқталғасын, мүмкіншілігі барлар оншақты қап бидайын Алматының базарына апарып сатады. Бірде екі шопыр жігіт 7-8 қап бидайымызды Алматыға апарып сатып, күн кешкіріп қалғасын, қаладағы колхоздың «постоялый дворына» барып қонбақшы болдық. Ол кезде колхоз, совхоздар қалаға шаруамен барған жұмыскер, қызметкерлері түнейтін осындай үйлерді жалдап ұстайтын. Сөйтіп, машинамызды аулаға енгізіп жатқанда, Мұқағали ағамыз келе қалмасы бар ма. Сәлем беріп, қауқылдасып жатырмыз. Менің қасымдағы жігіт жай тұрмай:
– Мұқа, мына күйеу балаңыз бүгін байып тұр, базарға бидай әкеп сатты, – демесі бар ма.
Бұны естіген Мұқаң:
– Әй, күйеу, әйда кеттік, дәмханаға барамыз, – деді.
Мұқаңа қарсы келер шама жоқ, көлігімізді орналастырып, дәмхананы бетке алып тартып кеттік. Жолшыбай Мұқаңның танысы, бір аққұба, арықшалау жігіт кездесіп, оны да ертіп алдық. Сөйтсек ол Тұманбай ақын екен. Оның да жас уағы ғой. Сонымен не керек, дәмханада біраз дуылдасып отырдық. Сол замандарда бір ассорти деген тағам болатын, қойдың, сиырдың кейде жылқы мен доңыздың еті де жүреді. Алып жатырмыз, ішімдік те мол. Даяшыға тапсырысты беріп, арқа-жарқа боп отырмыз. Отырысты орталағанда Тұманбай болдым деп кетіп қалды. Сонымен қалтадағы бидай сатқан бар ақша бітіп, қасымдағы жігіттің де қалтасын қақтық. Енді «постоялға» өз аяғымызбен бара қоятын шама жоқ, бір көлік жалдайық дедік. Далаға шығып қарасақ, бір қазақтың жігіті тұр екен. Мұқаң әлгіге барып:
– Бауырым, бізді пәлендей жерге апарып тастасаң қайтеді? Мен Мұқағали деген ақын ағаң болам. Жолыңа төлейтін ақшамыз жоқ, бірақ апарып салғаның үшін саған мынаны сыйлаймын, – деп, төс қалтасынан бір қалыңдау дәптерді алып ұсынды. Сірә, өлеңдер болса керек.
Әлгі жігіт құдай оңдап, сөз түсінетін адам екен. Әлде Мұқаңды сырттай біле ме, дәптерді біраз қарап оқығасын, үн-түн жоқ көлігінен шықты да, дәмханаға кіріп кетіп, тағы да екі жартылық алып шықты. Сөйтіп Мұқаңа қарап:
– Аға, ақшаңызды қажеті жоқ, мына өлең дәптеріңізді де өзіңіз алыңыз, тегін апарып тастаймын, ал мынау шишалар менің сіздерге сыйлығым болсын, – деп, бізді баратын жерімізге жеткізіп тастап еді.
Сөйтіп отырысымызды «постоялға» барып жалғастырдық. Бұл менің Мұқағали ақынмен ең соңғы рет дәмдес болуым еді, – деп аяқтады әңгімесін Амангелді ағамыз.
Үйімнің төрінде Мұқағалидың сүгіреті ілулі тұр
(1988 жылы ауылда жүргенде жазылған өлең)
Жүретұғын жүрегінде мұң жылап,
Азап дейді, ақындықты, сірә, шын.
Көңілсіздеу кейіппенен тұнжырып,
Неге маған қарайсың да тұрасың?!
«Арман ба тек тамағыңды асырау?!»,
Деп айтқың кеп түнере ме түр өңің.
Әпенділеу тірлігіме осынау,
Көңіліңіз көншімей тұр, білемін…
Өмір сүру қиын екен мұратсыз,
Үйренгенбіз өп-өтірік күлуге.
«Жесір» жалған сенен қалған мұратсыз,
Есімді алған менің де, аға, бүгінде.
Таусылуға бірақ-тағы хақым жоқ,
Талайларды адастырған арман бұл.
Жүрміз, міне, өзімізше ақын боп,
Үзігіне үміттердің жалғап жыр.
Түбі күні қойылады бір нүкте,
Талай асу тұрғанменен алда сан.
Жеңілірек көрінеді тірлік те,
Өлең жазып өзіңді-өзің алдасаң.
Көккіректі тұрса да мұң тілімдеп,
Көлгір сөзбен көңілімізді байыттық.
Қызық-қызық әңгіме айтып дүрілдеп,
Қызып біз де отырамыз кәйіп қып.
Топыр болып ініңіздің тұрағы,
Талақ етіп тіршілікті ми қатқан.
Бізде да, аға, болып кейде тұрады,
«Сырдың суы келмейтін кез сирақтан».
Тәңір нұрын қашан бізге түсірмек,
Кетер ме екен көзімізден мұң анық?
…Келетұғын күңгүрт күндер үшін деп,
Кел, ағатай, қояйықшы бір алып!!!
Сайлау БАЙБОСЫН.