…Тамыздың ортасына таман қалаға оралған мені баспана мәселесі күтіп тұрған еді. Шығасыға иесі басшы ғой. Жалғанды жалпағынан басып жайланып қалған жатақханамыздан бір сәтте-ақ қуылып, 1-ші курстың соңғы айларында сеңделістің күйін кешкенімізге өзіміз кінәліміз, әрине.

Торайғыров 56-дағы қызыққа толы құжырамыз – студенттер үйінің есігі дәл қазір мен үшін қайта ашылмасын да жақсы білемін. Өйткені деканаттағы дөкейлердің дүние төңкерілгендей дүрмек-дүмпуі, біздей «күйдіргілердің кесірінен» көтеріліп кеткен «қызуы» басыла қоймаған. Оның үстіне кафедра мен деканат жаққа ақпарды айқайлата жеткізіп, дүйім жұртты дүрліктіріп, бізді «нағыздың өзі» етіп көрсетіп, бүйідей бүлдіргілер ретінде бейнелеп берген жатақхана өкілдерінің де өшпенділігі әлі өшкен жоқ.

Әйтеуір оқудан шығып қалмағанымызға шүкіршілік айтып, бұйырғаны болар деген үмітке иек арттық.

Қыркүйек басталғанша тұрақты бұрыш іздеп табу мәселесіне бас қатырып, соның түйінін тарқату қамымен жүріп жаттым.

Қайбір күні Қарағандыдан Керекуге келген сыныптас-досым, спортшы Бауыржан бастаған сайыпқырандармен Ертіс жағасындағы «Ауыл» кафесінде жүздестік. Ол жылдары облыс орталығында аты мен заты қазақы дейтін дәмхана жоқтың қасы. «Ауылдағы» киіз үйде қонақтарға ұлттық тағам тартылып, қымыз ұсынылатын-ды…

Дәмхананың Ертіске жақындау алаңына алшаң басып жеткен біздер әдеттегідей айдарымыздан жел естіре жұлқынып, бірімізге біріміз сөз берместен өрекпіп-ұмтылып, әуелете ән шырқап, өрнектеп өлең оқып, ауыздықпен алыса, жер тарпыған тұлпардай тыпыршып-ақ тұрған едік. Дәл сол сәтте дуылдаған тобымызға бейтаныс жігіт ағасының келіп қосылғанын аңғармай да қалыппын. Ортаға екілене екпіндеп шығып, қолды олай-бұлай сермей, сұқ саусақты төбе жаққа шошайта:

Дей алмаймын өнерде бос қамалам,

Бос қамалсам жанымды жасқа малам.

Абай ақын бір басқа,

Мұхтар басқа,

Мен де, досым, ендеше басқа болам.

Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған.

Өзіме шақ көгілдір аспан алам.

Сұлулыққа сұқтану қайыңға тән,

Қастарыма күшімді пайымдатам.

Өзім қанша мықтыны мойындадым,

Енді өзімді өзгеге мойындатам, – деп, Мұхтар ақынның шумақтарын көзді жұмып жіберіп, құдды данышпандай кейіпке ене төгілтіп, күшейіп тұрғанда төңірегімізге келіп-кетіп жатқандарды қайтіп аңғарарсың?!

«Орта толсын»-ды айтып, қатарымызға қосылған жігіт ағасын Бауыржан досым:

– Бұл – Мүсілім Мұсағитов ағамыз. Ұстаз, ақын. Алтынсарин атындағы мектеп-интернатының мұғалімі, – деп таныстырды. Ағамыз «Ауыл» кафесіне жапсарлас үйде қожайынмен қонсылас бөлме жалдап тұрады екен.

… Бәріміз киіз үйге оздық. Дастарқанға дәм келгенше тек отырмай, қонақ ағаға өзімізді таныстырып, қайда оқитынымызды айттық. Таныстықтан соң түрлі тақырыпта әңгіме өрбіткендей болдық. Ол тірлігіміз оңша өне қоймады. Шыны сол, Мүсілім аға келгенге дейінгі желіккен жастық желпінісіміз су сепкендей басылып-ақ қалды. Өйткені біздің ұсақ-түйек әңгіме-әлеулайымызды оның өзіндік мысы кәдімгідей жаншып кеткенін сездім мен. Қылтың-сылтыңымыз дәл қазір орынсыз болатынын бірден ұқтық. Ептеген болсын есімізді орнына келтіріп, ендігі жерде етек-жеңімізді жинап ұстайық, әдеп сақтап, тыныш отырайық деп түйдік.

Қымызға деген әдеттегідей қызығушылық та жоғалып кеткендей. Ара-тұра кесені ықылассыз қолға ұстап, сусыннан бір жұтып қоямыз. Бар назарымыз – ағамызда. Осы адам не әңгіме айтар екен дегендей, ентелесе төніп алғанбыз. Ағамыздың болмысы оның зиялы екенін бірден аңғартып тұрғандай. Әр сөзін дәмдеп, тілге тиек қылар ойын таразылап барып, талғап сөйлейтіні, өзін ерекше сабырлы қалыпта ұстайтыны көрініп-ақ тұр. Жылы жүзіне әйдік жымиысы қосылғанда айналасына мейірімін төгіп, шуағын шашқан күндей болып, былайғы жанды баурап, өзіне тартып тұрады екен…

Киіз үйден сыртқа шықтық.

– Өнерлі екенсіңдер, жігіттер, дұрыс. Қазақ жастарының жан-жақты, өжет те батыл болғаны жөн. Тәуелсіздік деген аса қастерлі игілікке қол жеткізіп жатқанда өздеріңдей өрендерге артылар жауапкершілік жүгі де ауыр екенін ұмытпассыңдар, – деді ағамыз.

Бұл кезде жігіттердің алды өз жайларына қарай бет алысып, қош айтысып, тарқасып жатты. Біз – Мүсілім аға, Бауыржан және мен дәмханадан 200 метрдей жердегі жер үйге қарай аяңдадық. Ниетіміз – ағамызды есігінің алдына дейін шығарып салу.

– Асыл бауырым, белсенділігіңе тәнті болдым. Өлең оқуың да тәуір-ақ. Ақындық талпынысың да бар-ау осы, – деді ағамыз.

– Жоқ, аға. Менікі ақындық емес, әншейін еріккен һәм желіккен тірлік қой. Тек жата жастана, сүйсініп оқып, көңілге жаққанын жаттап жеткізген болмаса…

– Сол әншейін тірлікпен шығармашылық жолын бастап, кейін поэзия көгіне жұлдыз боп жарқырап шыққан мықтылар көп қой өмірде. Талант пен талпыныстың сәл ғана ұшқыны табылып жатса, шығармашылық дегенге жүрдім-бардым қарамай, еріккен-желіккеннің ермегіндей көрмей, керісінше, шынайылықпен назар аударып, сеніммен ден қою керек, – деді.

Мен үнсізбін. Тек «иә, солай» дегендей басымды изедім…

… Сөйтіп мен Бауыржан досымның ықпал етуімен Мүсілім аға Мұсағитов тұрып жатқан үйге келіп қоныстандым. Мекеніміз – Карл Маркс көшесі, 129-ыншы үй. Бүгінде бұл көше Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов есімін иеленген.

Жер үйдің қожайыны – жасы сексенге келген Ольга Тимофеевна есімді украин әжей. Жалғыз тұрады екен. Бірі дәрігер, бірі құрылысшы, енді бірі заңгер болып еңбек ететін ұл-қыздары қаланың әр түкпірінде, өз шаңырақтарында түтін түтетіп отырғанын естідім. Шешесінің амандығын білмекке қайбір күні кезекті рет бас сұққан үлкен ұлы Колямен сөйлескенім бар. Оның айтуынша, анасы Ольга Тимофеевна «осы шаңырақтан ешқайда да кетпеймін, ешбіріңнің үйіңе бармаймын, к черту» деп табандап отырып алса керек. Мұның жөн-жосығы мен шын-өтірігі әуелі Жаратушыға, сосын балаларының өздеріне ғана аян ғой. Жалпы, Ольга әжей жөнінде, осы әулеттегі отбасылық қарым-қатынас құндылықтарының сипаты туралы Мүсілім ағамыз жеткізген, сосын өзім көрген, өзім естіген әңгімелерді портреттер топтатасының басқа жазбасында да тереңірек сөз етемін.

… Ольга әжей тілі келмегендіктен әрі ұмытып қаламын деген желеумен, Мүсілім сөзін айта алмай, ағаны «Миша» деп, өзіне ыңғайлап атайды екен. Ал мен «Алеша» болып шыға келдім. Есімімді қайталатып айтқызып көріп едім, әжеміз «басын жарып, көзін шығарғандай» етті. Төрінен көрі жақын тұрған қарияның мұнысына қарсы не дейсің?!

Мен институтта оқудамын. Мүсілім Айтқазыұлы күні бойы жұмысында болып, көп ретте үйге тым кештеу оралатын. Түскі асқа кейде ғана келетін-ді. Ертерек келген күндері Ертіс жағасына серуен-сейілге шығамыз. Үй мен Ертіс өзенінің арасы 300 метрдің ар жақ-бер жағы ғана…

… Аспирантура мәселесімен Алматыға сапарға шығып келді. Қол сөмкесі де, жол сөмкесі де бума-бума қағаз-кітапқа толы. Бұл Сұлтанмахмұт ақынның және аспирантуралық ғылыми тақырыбы Мағжан ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп-зерделеп, талдап-тиянақтап жүрген кезі еді. Осы бағыттағы тындырымды жұмысына көңілі толғанда, аса бір ырза кейіппен маған ақтарыла әңгіме айтып, алға қойған көл-көсір жоспарымен бөліседі-ай.

– Аға, біздің институтқа жұмысқа кіріп, оқытушы болып неге дәріс бермейсіз? – деймін мен.

– Ғылыми тұрғыда зерттеп жазатын дүнием көп. Аспирантура деген үлкен әлем тұр. Ауқымды жұмыстар жүргізуім керек. Ал институт маған қолбайлау болады. Сондықтан оқытушылықтың реті дәл қазір келе қоймасы анық. Кейін оның да жолына түсерміз. Ізденіс пен зерттеу жұмыстарының өзіндік машақаты қаншалықты екенін кейін өзің де бет бұрсаң тереңнен ұғынатын боласың әлі, – дейді Мүсілім аға.

… Бірде әдебиет курсы бойынша бізге түрлі тапсырмалар беріліп, маған С.Торайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесін драмалық қалыпқа түсіру «міндеті бұйырды». «Бопты. Жасап әкелемін» дедім сенімді түрде. Торайғыров тану бағытындағы білгірлердің бірінің қасында күнде жүрсем, сенімді болмағанда ше?! Кешкісін үйге келген соң, Мүсілім ағама көмек күткен келбетпен «осындай тапсырма берілді» деп едім:

– Ал, қане, көрсет, әңгімені драмалық қалыпқа айналдыру бойынша қандай жоспар құрып отырсың? – деп өзіме тесіле қарайды. Мен иығымды қиқаң еткізіп:

– Еш жоспарым жоқ, аға. Сіз реттеп бере ме деген сенімім ғана бар. Сұлтанмахмұт тақырыбын зерттеп, жазып жүрген соң бұл тапсырма сіз үшін түк емес қой, – деп күмілжідім.

– Менің реттеп бере салуым, әрине, сенің түсінік деңгейіңде түк емес. Бірақ мұндай жолмен жақсы деген баға, бір реттік жақсы атақ алудан басқа еш пайда көрмей, өзіңнің болашағыңа, біздердің үмітімізге балта шабатыныңды ескердің бе? Жоқ, сен оны ескермей отырсың. Бұл тірлігің жарамайды. Ертең осындай жеңіл жолға дағдыланып кетесің ғой. Ал ол өзің үшін өте зиянды екенін кеш ұғынуың әбден мүмкін. Мен қалай реттеуге болатынын көрсетейін шамалап. Сосын сол қалыпта жасап шық. Өзің де қаражаяу емессің ғой, қолыңнан келетініне сенімді болғаның жен, – деді…

…. Бөлмедегі үлкен үстел үстінде қалам мен қағаздан басқа магнитофон да орын тепкен. 3 кассета болды. Кешкілік үйге келгенінде Мүсілім аға магнитофон тетігін қосып, кассетаны орнықтырып, қазақша әндерді ойнататын. Әсіресе, «Қимаймын сені…» деп басталатын туындыны қайта-қайта айналдырып, бірнеше мәрте тыңдайды. Қыз баланың аса нәзік дауыста орындауындағы әлгі ән маған да айрықша ұнап, артынан қосыла кетуді әдетке айналдырдым. Бұл 1992 жыл болатын. Қазіргі тілмен айтқанда осы туынды сол тұстың хиты-тұғын. Кәсіби әншілігім болмаса да, содан бері осы туындыны өз репертуарымнан тастаған емеспін.

Жалпы, «Қимаймын сені…» әнінің тарихы терең екеніне ол тұста аса маңыз бере қоймағанмын. Тек бертін келе танып-түсіндік қой. Қазақтың аяулы ақыны, Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институтында оқып жүріп, Елена есімді тувалық әйдік қызға ғашық болған, төртінші курста елге сапарлап келіп, жол-көлік апатына ұрынып, өмір бойы арбасыз жүре алмайтын халге душар болған, Ленасымен арадағы махаббаты фильмнің сценарийіне бергісіз өрбіген Нұртас Исабаев өзінің қиын тағдырының тұрпатын, өмірге деген құлшынысын, сүйспеншілік пен сыйластыққа деген ұмтылысын, қуаныш пен мұңды, сағыныш пен шарасыздықты, үміт пен үрейді осы бір өлеңге сыйдырып жібергендей. Ал өлеңге сазгер Амангелді Сәндібаев ғажап ән жазып, махаббаттың құдіретті күш екенін тағы бір мәрте ұғындырғандай ескерткіш тұрғыза білді.

Туындыны ең алғаш орындап, орталық телеарнаға, кейін радиоэфирлерге алып шыққан «Жібек жолы» ансамблінің әншісі Мереке ханым еді. Біз осы Мерекенің орындауында тыңдап, тұшындық…

… Сенбі күні кешкілік ағам үйге қызу күйде оралды. Көңіл күйі болмай тұрғанын бірден байқадым. Бұрын мұндайын көрмеген мен аң-таңмын. Шәйді тәрелкеге құйып алып, рақаттана сораптап отырған Ольга Тимофеевна әжеймен ұзақ жасаудың пәлсапасы туралы әңгіме өрбітті…

– …Асыл, магнитофонды қосып, «Қимаймын сені» әнін қойшы, – деді Мүсілім аға. Мен дереу айтқанын орындадым. Мереке әншінің нәзік дауысы бөлмелерді шарлап кете берді.

Тілеймін сені, сұраймын сені тағдырдан,

Жан құрбым менің, жанымды оттай

жандырған.

Сезімім менің жаңарып, қайта

жаңғырған,

Жолыңда сенің, жолында сенің жан

құрбан.

Жанымда енді жүрмесең, жаным,

болмайды,

Өзіңсіз көңілім өмірге тасып

толмайды..

Айрылсам сенен болады өшпес сол

қайғы,

Тек сенің адал сезімің мені қолдайды…

Ән сөзінің алғашқы жолдарына қосылған Мүсілім аға сәлден соң үнсіз қалды. Қалың ойдың құрсауында екенін ұқтым. Аздап болсын көңілі жібіп қала ма екен деген оймен:

– Аға, ғашықтық дертіне шалдыққансыз-ау тегі, – дедім күліп.

Өңі өзгерген жоқ. Үнсіз. Қалың ойда. Біраз үзілістен соң:

– Иә, ғашық едім, рас. Бүгін ғашықтықтың бәрі бекер екенін білгендеймін. Бірақ бір жақты етер соңғы сөз айтылмай қалды, – деп бір тоқтап: – Жоқ, сол соңғы сөз айтылар, көп нүктенің орнына жалғыз нүктені қояр күн де бүгін болуы керек, – деп, орнынан оқыс тұрып, асығыс сыртқа беттеді…

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий