Еңбек ардагері, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мұхтар Әбеновтің «Майқайыңның Мұхтары» кітабы жарық көрді.

Ардақты ақсақалды «Майқайыңның Мұхтары» деп ел-жұрт ардақтайды. Себебі ол ес білгелі Майқайың кентінің өсуіне, өркендеуіне үлес қосып келеді. Иә, тоқсаннан асқан шағында, жас жігіттер көрсете алмас қайратты танытып, туған жері үшін әлі де еңбектеніп жүр. Ол «Майқайыңалтын» комбинатының  Тау-кен кенішінде 17 жыл жұмыс істеді, кен бұрғылау станогының машинисі, кен шебері болды, 23 жыл комбинат кәсіподағына төрағалық етті, 20 жылдан аса Майқайың кент ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бүгінде ол – Майқайың кенті Ардагерлер кеңесінің Құрметті төрағасы.

Ел-жұрт құрметтеген қадірлі қарияның кітабының тұсаукесері, өзінің жеке мұрағаты негізінде жасақталған және ашу ісінде маңдай тері сіңген, Майқайың Өлкетану музейінде өтті.

Кітаптың тұсауын Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев, кент мешітінің бас имамы Бодаубек қажы Солдат, академик Зайролла Дүйсенбеков, қоғам қайраткері Мұрат Рахметов және нағашысы Марат Қалышбеков, қарындасы Сағила Әбенова, інісі Болат қажы Жантілеуұлы кесті.

Автор алғашқы кітапты:

«…Көнеден қалған мұрадай,

Қалдырдым, ашып мұражай.

«Әумин!» деп көтерсең, білегіңді,

Берейін ақ бата тілегімді.

Ұрпаққа көненің сөзі құнды,

Қалдырдым хатқа тізіп ғұмырымды.

Менің туып-өскен өлкем, Майқайың,

Өзіңе көп көп алғыс айтамын.

Осылай бата менен тілегімді,

Қалдырдым кітап-ғұмыр жүрегімді!», – деп бата беріп, музей ұжымына табыстады.

Сонымен бірге, тұсаукесер рәсіміндегі ерекше сәт – ұрпақ сабақтастығы, ата буын мен шөбере буын арасындағы рухани байланыстың көрінісі болды. Мұхтар ата Майқайың қазақша күрес мектебінің белді өкілі, «Қазақстан барысы» турнирінің жүлдегері, «Баянауыл барысы» Мұхтар Дәлелханұлына бата беріп, шапан жапты. Жиналған қауым тебіреністі сәтке куә болып, бала Мұхтарға дана Мұхтардың жолын берсін деп тілек тілеп тұрды.

Қазыналы қарттың қажырлы да қызықты өмір жолы – бір дәуірдің тарихы. Ол саналы ғұмырында елге ақылшы, халыққа қамқор, жастарға өнегелі, адал адам ретінде жерлестерінің сүйіспеншілігіне бөленді. Көпшілік оқырман қауымға арналған кітап бес бөлімнен және «Фотошежіреден» тұрады.

«Балалықтан Даналыққа дейінгі дара жол» деп аталатын бірінші бөлімде Мұхтар Зәпішұлының ғұмырбаяны берілген. Екінші бөлім – «Екпінді еңбекпен, қажымас қайратпен бағындырылған биіктік…» деп аталады. Онда Майқайыңның Мұхтары жайлы әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар жинақталған. Ардагер кенші туралы әр жылдары белгілі журналистер Әділбек Жұмаділденов, Әбдеш Баймұрзин, Қажымұрат Смағұлов, Шакрат Шалбай, Бақыт Баймұратов, Бақытжан Масығапов, Өскенбай Тастемханов қалам тербеген.

Үшінші бөлім – «Майталмандық істің мәртебесі де ілкімді». Бұнда Мұхтар Әбеновтың облыс, аудан басшыларынан әр жылдары алған марапаттары мен құттықтаулары берілген. Ақсақал аймақ, аудан басшыларымен тығыз қарым-қатынаста болып, аудан, кент мәселелерін оң шешуге атсалысты. Мысалы, мектеп салу, балабақша салу, емханаға күрделі жөндеу жасау, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су құбырын жөндеу, мәдениет үйіне қолдау, қазақ мектебіне Мұхтар Әуезовтың атын беру секілді көптеген ауқымды істер жүзеге асырылды.

Ал, «Өр бейнесі өлең-жырға айналды…» бөлімінде Мұхтар Әбеновке арналған өлең-жырлар топтастырылған. Онда ардақты ақсақалдың өмірін, еңбегін арқау еткен мазмұнды жырлар көп. Басы – Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың Майқайың алтын кенінің озат шахтері Мұхтар Әбеновке арнаған «Алтын іздеушінің ақынға айтқаны» өлеңі. Өлең, әуелі, «Лениншіл жас» газетінің 1974 жылғы 27 сәуірдегі санында жарияланды, одан кейін 1983 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан таңдамалы екі томдыққа енді. Бұдан бөлек ақын Қамалиден Нығматовтың, Ішкі істер қызметінің ардагері Масғұт Нұрмағамбетовтың, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұрат Рахметовтың, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатайдың арнау жырлары елге ес болған ердің бейнесін айқындай түседі.

Сондай өлеңдердің бірі – ардагер ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Зекебай Солтанбайұлының:

«Арам іске баспадың, аршын алмай,

Тілге келсе сойып сап қан шығармай,

Құдай берген ғұмырда  сүрінбей өт,

Қайратты қарт қыран құс – қаршығадай», – деген және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Балтабай Сыздықовтың:

«Iсiн жалғап ұлылар мен дананың,

Басында болып, талай игі шараның.

Өз қадірін, сөз қадірін бiлетiн,

Абызысыз байтақ ұлы даланың», – деген жыры.

Кітаптың соңғы бөлімі «Көкіректі кеулей шыққан кемел сөз» деп аталады. Онда Мұхтар Әбеновтің ел-жер туралы, азаматтар жайлы мақалалары топтастырылған.

Оқырман «Фотошежіреден» Мұхтар Зәпішұлының өмірімен, еңбегімен және өңір тарихымен да танысады.

Кітаптағы мақалаларды теріп, ұшан-теңіз еңбек сіңірген – Майқайың өлкетану музейінің қызметкерлері – Арай Бейсембекова мен Күлмайда Мұқанова.

Халықтың ортасында болып, елмен бірге жасап келе жатқан ардақты ақсақалдың өмірінен сыр іздеген, ғұмырынан ғибрат тапқан, еңбегінен өнеге сіңірген әр азамат, Майқайыңның Мұхтарындай еңселі болары, өр болары, ер болары сөзсіз. Біз, тұсауксер рәсімінен арлы боламыз деп арқалынып, ер боламыз деп еңсе тіктеп қайттық.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий