Қазақ тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан асты. Қилы тағдырлы алаштың тарихы қайта таразыланып, кеңес дәуірінде тыйым салынған парақтары жария етіліп жатыр. Ақтара білген адамға жасырылған көмбе көп. Тек кілтін табу қиын, сұрқия заман куәгерлері көз жұмған, ел ішінде ауыздан ауызға тараған әңгіме үзік-жұлық, сұйылған, дерек тапшы. Әйтсе де…
Сыршыл Мағжан ақын:
«Ерлерді ұмытса де ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
…Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас» – деп жырлағанын қаперге алайықшы. Ел үшін туған ерлерге қоныс болған киелі мекеннің топырағын басып, жұпар ауасын жұтып, кеудеңді керіп, төңірекке қиялмен көз жіберіп, құлақ түріп, ойға шома қалсаң, жел тербеп сыбдырлаған қурайы мен діріл қағып көл бетінде ойнаған майда толқынына да тіл бітіп, сыбырлай сыр шерте жөнеледі…
…Осыдан он бір жыл бұрын құс атуға бекінген аңшы жігіттер кешқұрым Ақкөл-Жайылманың тоғыз көлін бетке ұстап жолға шықты да, соларға ілестім. Мылтық асынған аңшылар қамыс ішіне еніп, көл жағалап кеткенде, мен иен, елсіз далада елеусіз жатқан Тоққұлы мен Көктөбе ауылдарының ескі жұртын жаяулап кездім. Сондағы көрініс, тылсым дүние таңғажайып күйге бөлеп, санама өлең болып құйылды.
Үгілген қышы, су мүжіп, үңгіп, жел тиген,
Ымыртта үйлер, кемпірдей белі бүкшиген.
Шанышқан, әне, төбеде жалғыз сырық тұр,
Қарауыл қарап, төңіректі шолып, селтиген.
Үрейің ұшып, дегбірің қашып, абынба,
Тізеңді бүгіп, жолаушы, бір сәт дамылда.
Базары тарқап, иесіз қалған жұрт деме,
Өлгендер жатыр, ес болып сонау қорымда…
Ұясына қонуға еңкейген күннің қызыл жалқын бояуынан ескі зираттардың қалқиған құлақтары зорая көрінген шақта мен, әрине, үстін дала шөбі басқан қабірлердің бірінде Көктөбенің көкжалы – Хамза мергеннің мәңгілік дамылдап жатқанын білген емеспін. Алайда құйтақандай жүрек сол сәт шымырлап, ескі жұрт пен ескі қорымда ел-жұрт тегіс біле бермейтін сыр мен құпия көп екенін сездірген-ді.
…Хамза мерген есімін алғаш рет, арада бірер жыл өткен соң, Ақкөлде ұста болған Сағымбай қарт Жұмаділдаұлының аузынан Екібастұз қаласындағы үйінде қонақ болғанымда естідім. Көп ішінен дараланбай, қой аузынан шөп алмай, момақан қалыпта өмір сүрген қарияның кеудесі толы қазына екенін білмеппін.
…Қызыл өкімет күшіне мініп, қазақ байларының мал-мүлкіне кәмпескелеу жүргізіліп, шолақ белсенділер құтырған 1929, бәлкім 1930 жылдың жазы екен. Жеті атасынан дәулеті үзілмеген, Ақкөл-Жайылма елі қысқа сақал Сәдуақас деп атап кеткен Бұланбайдың Сәдуақасы інілерімен қоса атақонысы Қибайдан сүргін көріп, Басқамыс пен Қарақоға арасындағы ну қамыс-қопа ішінде бой жасырып жүргенінде, бір белсендінің көрсетуімен НКВД тұзағына түседі. Салт аттылы милиционерлер бай-мырзаларды матап, арбаға отырғызып, жолға шығады. Митың жүрістен жол өнсін бе, ымырт үйіріле тоғыз көлдің бірі – Әулиекөл жағасында еру жасайды. Күн батып, айнала тастай қараңғылық құшағына енген түн ішінде Хамза мерген бастаған бес-алты қарулы жігіт қалғып-шұлғыған қызыл жағалыларға тап беріп, ың-шыңсыз қарусыздандырады. Сәдуақас пен інілерінің қол-аяғын байлаған қыл арқанды шешіп, бір-бір атқа отырғызып, із жасырады.
– Хамза ер жігіт еді. Ондай адамның тағдыр-талайы қиын, бағы кем, соры қалың болады, қарағым, – деп еді сол жолы Сағымбай қарт.
Баяндалып отырған әңгімеден соң қызығушылығым оянып, Хамза мерген жайлы дерек жинауға кірістім. «Қан – су емес» дейтін қазақтың санасына туыс үшін жан пида қағидасы бала жасынан сіңген. Қанжығалы шежіресін парақтап шыққан Ибәділдаұлы Кенже ағаның айтуынша, Қорлыбайға жататын Хамза мерген Сәдуақас байға туыс болып келеді екен, екеуінің арғы аталары – Үмбетей балалары Саба мен Бөрібай.
Мыңғырған мал айдаған дәулетті қазақтардың тұқымын тұздай құртқан кеңес өкіметі енді ақсирақ аштықтан титықтаған жұрты үшін күйініп, бәлшебектерге даланың бөрісіндей тісін ақситып, наразылық білдіре бастаған елдің бас көтерер азаматтарына ауыз салады. Соларға қырғидай тиіп, нақақтан түрмеге тығып, әйтпесе атақонысынан бездіреді. Көктөбе көлі етегіндегі қоянның жотасындай ғана кішкентай ауылдың екі көкжал жігіті Қайырбек пен Хамза да шырғалаң кешеді. Мына бір ескі әңгімені ақкөлдік Құдайберген аға Мусиннен естіген едім. Сүйегі – Қорлыбай, Ахметтің Қайырбегі дүмді әулеттен екен. Әулеттің жиған-тергенін қызыл өкімет сыпырып алып, аш-жалаңаш қалдырады. Ер мінезді, илігуді қорлық көрген қайратты жас жігіт мұндай қысастыққа көнсін бе, түн ішінде жортып барып, колхоз меншігіне берілген жылқыдан екі-үш қылқұйрықтыны айдап кетеді. Ұрлық емес, алғаны – өзінің адал малы. Алайда бәлшебектер түсінігінде бұл – өкіметке қарсы шығу. Ал қарсы шыққанға қызыл өкімет аяусыз. Қайырбектің соңына шам алып түскен соң, тоғыз көлдің арасындағы ұсақ аралдардың біріне жасырынады. Құс атып, балық аулап, өзіне қорек табады. Ара-арасында түн жамылып, баспалап ауылға барып-қайтып жүреді. Бір жолы ауылдан қасына жетім бала ілеседі. Күндердің күнінде сол баланы ауылға тұз бен сіріңке алып келуге жұмсайды. «Банды» атанған Қайыргелдіні қолға түсіре алмай әбден зығырданы қайнаған қызыл жағалылар торуыл құрған екен. Әлгі баланы ұстап алып, жанын қинап, шынын айтқызады. Содан соң жолбасшы етіп, көл ішіндегі аралға жетіп, күркені жан-жақтан қаумалап қоршайды. Осылайша, Қайыргелдіні ұстап, сот үкім кесіп, Сібірге айдайды. Он жыл лагерьде болып, елге қайтқанында өзі де өкіметтен құқай көрген Хамза мерген бауырындай қарсы алып, қамқор болады.
Ақкөл-Жайылманың білекті де жүректі қос жігіті нәубетті жылдар ішінде ерлікке пара-пар іс-қимылды тізе қоса сан мәрте жасап, белсенділерге бықпырттай тиіп, дақпырты алысқа жайылғаны кәміл. Әттең, оны баяндап берер кәрі құлақ қазір жоқ.
Кеңес өкіметінің ырқына көнбей, тәртібіне мойынсұнбаған Хамза мерген бас болып, Қорлыбайдың біраз жігіті қатын-баласын алып, елден кетуге бел буады. Ішінде Махат баласы Ибаділда бар, бәрі Көктөбеден жылыстағанда, қырағы белсенділер соңынан қуа шығады. Қуғыншылардан жайдан-жай құтыла алмайтынын ұққан Хамза мерген қолына бесатарын алып, шүріппені басып-басып қалғанда, далақтап шауып келе жатқан қуғыншылардың бірінің бөркі шұрқ тесіледі. «Енді қайтпасаңдар, өздерің жазым боласыңдар!» – деп ақырады Хамза мерген ат тұяғы дүбірінен асыра айқайлап. Аналар төбеден сойылмен ұрғандай кілт тоқтап, ошарыла қалады. Хамза мергенге ілескен жігіттер ақшам қараңғылығына сіңіп, сол кеткеннен жансауғалаған көп қазаққа пана болған Сепкрайға жетеді.
Ал мұндағы ел ішінде «Хамзаның бесатары» деген әңгіме гу-гу тарайды. Айтпақшы, сол бесатар Көктөбе көлінің жарына шаншыла өскен шоқ талдың түбінде әлі күнге шейін көмулі жатуы бек мүмкін.
Жалпы, Хамза жайлы ақиқаты мен аңызы астасып кеткен әңгіме көп. Былтыр күзде редакцияға мергеннің қызы Нәсира әже келді. Жасы сексенге таяған әжеміз есінде еміс-еміс қалған біраз жайттарды баяндап берді.
Хамза Хасенұлы 1951 жылы өзінің кіндік қаны тамған Көктөбеде 59 жасында қайтыс болған екен. Осы деректі негізге алып есептесек, мерген 1892 жылы дүниеге келген тәрізді. Артында 4 қыз, 2 ұл қалыпты.
Қызының айтуынша, әкесі Омбы жақтан Көктөбеге 1943 жылы оралған көрінеді.
– Сол жолы бесатарын шоқ талдың түбіне көміп тастапты, – деді Нәсира әже әңгіме үстінде.
Мергеннің туған ауылына қайтуының себебі мынада ма деп топшыладық. Неміс басқыншыларымен сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. Ауылдағы қолына қару алуға жарайтын еркек кіндікті майданға аттанып, тұрмыс ауыртпалығы қатын-қалаш, бала-шағаның иығына түскен. Киер киім, ішер асқа жарымай, хал мүшкілге айналған. Шетте жүріп атақонысын әбден сағынған мерген кеңес өкіметін іштей жақтырмаса да, сырттай жуасыған кейіп танытып, ауылындағы жұртқа бас-көз болу үшін Көктөбеге қайтады. Бұл жорамалды мергеннің кейінгі іс-әрекеті толық растайды. Ол бала күннен қанық балықшылық пен аңшылықты кәсіп етіп, аулаған балығы мен атқан үйрек-қазын ауылдағы үй-үйге таратып беріп жүреді. Хамза мергеннің бұл жақсылығын жұрт ұмытқан емес, әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Ақкөл-Жайылманың тоғыз көлін емін-еркін жайлаған Қаражар, Көктөбе мен Тоққұлының жігіттері шетінен аңшы, балықшы екені белгілі. Сонымен қатар, ұста мен балташы, зергер мен тігінші де өз араларынан шыққан. Бұған ертедегі қазақ тұрмысы ықпал еткен ғой. Хамза мерген де тері илеп, етік тігіп, ат әбзелдерін өзі жасай білген. Екібастұз өңіріне танымал ісмер Қымбат апа Сартымбекова мергеннің өнерін бала күні көзімен көріпті. Қуғын-сүргінді басынан кешіргенде Хамза мерген көл ішіндегі Аққу арал, Қасқыр аралды паналап, жападан жалғыз тіршілік еткен. Сол уақытта пайдаланған диірмені Өлеңті орта мектебінің өлкетану музейіне өткізілген екен, бәлкім әлі сақтаулы тұрған болар.
Биыл күз Қаражар ауылына арнайы барып, сол жердің тумасы Кәкен қарияның баласы Әбжанды жолбасшы етіп, Көктөбе ауылының ескі жұртын көріп қайтпақшы болдық. Өмірзақ көлі мен Көктөбе көлінің қылта тұсы Айдардан тізеден асқан суды етікпен кешіп өткенімізбен, ары қарай жүре алмадық. Сол сапарымызда Әбжан:
– Хамза мергенді әкем Кәкен бала күнінде көріпті. Қылдыкөлдегі Қасқыр аралында бой тасалап жүрген кезі екен. Менің әкем өз әкесі Тәшімге еріп сол жаққа балық аулай барыпты. Ақшам жамыраған шақта көл шетінде балық сорпасын ішіп отырғанда, Хамза мерген қамыс арасынан шыға келіпті. Қабағы қатулы, сұсты көрініпті. Тәшім мен Хамза түні бойы от басында заманның ау-жайын сөз етіпті де, таң қылаң бергенде мерген жымын білдірмейтін жолбарыстай басып кетіп қалыпты, – деп, әңгіме тиегін ағытты.
Мұнартып бұлдыраған Көктөбені бұл жолы көрудің сәті түспесе де, Әбжанның әңгімесі көңілді марқайтып, көз алдыма жігіттің төресі – Хамза мергеннің сұлбасы, ертедегі қазақ ауылының сән-салтанаты келді.
Болыпты дейді
Жігіті атан жілікті,
Көкпарға түсіп,
Шүйіліп теңге іліпті.
Құралай көзді,
Қырмызы, сұлу мүсінді,
Құшағы оттай,
Қыздары болған қылықты.
Қазақтың рухы сынбаған, намысы семсердің жүзіндей қайралған, бауыр үшін жан қиюға әзір, «атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген мұратқа берік шағы. 1916 жылы орыстың ақ патшасы бодан жұрты қазақтың 19-41 жас аралығындағы еркектерін майдандағы тыл жұмыстарына алу жөнінде жарлық жасады. Мұның өзі жер-суынан айрылып ашынған алаштың ашу-ызасын туғызып, Торғай бойында Амангелді Иманов бастаған көтеріліс бұрқ етті. Көтерілісшілерді ас-су, киім-кешек, жорық атымен қамтамасыз ету үшін хандық басқару жүйесі енгізіліп, қыпшақтың ханы болып Әбдіғапар Жанбосынұлы, арғынның ханы болып Оспан Шолақұлы сайланды. Хан жарлығы екі етілмейді, қазақ даласының түкпір-түкпірінен көтерілісшілерді қолдаушылар, көмек берушілер табылды. Бұлай деуімізге мына бір дерек те негіз болып тұр. Жүз жасап өмірден өткен шежіреші Жылқыбай палуанның баласы Жарылғап аға: «Амангелді батыр көтерілісіне Биеке бай Торғайға 100 жылқы айдатыпты. Жол ұзақ әрі қауіп-қатерсіз емес. Алыс сапарға он шақты қарулы жігітті іріктеп, бас жылқышысы Мұзафарды басшы еткен. Солардың арасында Хамза мерген де болған», – деген дерек айтты.
Биеке – Қанжығалының қарасы, Баянауылдан. Жаз жайлауы Екібастұз өңіріндегі Кіші Айдарбек деп аталатын жер. Зираты күні бүгінге дейін сонда тұр.
Десек те әуелгі әңгіме арнасына түсейік. Біздің жақтан жылқы айдап барған жігіттер көтеріліске қатысты ма, қатыспады ма, ол жағы беймәлім, алайда сөз болып отырған сапар кеудесінде оты бар Хамзаны тіптен қайрап, алда күтіп тұрған айқастарға шыңдағаны анық. Арада он-он бес жыл өткен соң, қызыл өкімет қазақты ноқталап, тырп еткізбеуге кіріскенде, еркін өмірді сүйген ер жігіт алысып-жұлысып өлуге бел буған. Қиянатшыл билікке бағынбай, қайрат қылған, сол үшін зобалаң кешкен.
Зобалаң демекші, кеңес өкіметінің бай-мырзаны ғана емес, қожа-моллаларды, діндарларды да қудалағаны мәлім. Хамза мергеннің Молдахмет деген ағасы қажы екен. Шолақ белсенділер үй-үйді тінтіп, діни кітаптарды тартып алып, отқа жаққан тұста, Молдахмет қажының Мекке-Мединадан ала келген Құран кітаптарын ағайындары сандыққа салып, Көктөбедегі ата зират ішіне көміпті-мыс. Бұл сөзді Нәсира әжеден естігелі бері «Шіріп кетпесе, әлі жатыр-ау шіркін, жәдігер дүние» деген ой мазалап жүр.
«Жақсының аты өшпейді» деген дана халқымыз. Ақкөл-Жайылма өңірінде есімдері ел есінде сақталған арыс азаматтар көп. Ғұмырының басым бөлігі аумалы-төкпелі заманға дөп келіп, ел-жұртпен бірге талай нәубетті көріп, қиямет-қайым күндерде де адамдық арына дақ түсірмей, еңсесін тік ұстап, иілмей өткен ер жігіт – Хамза мергеннің өмірі түгілі, өлімі де жұмбақ.
Күз. Құс қайтқан мезгіл. Зеңгір аспанда ноқат болып көрінген топ құсты нұсқап, ауылдас жігіт: «Біреуін атып түсірші» депті-мыс ерігіп. Хамза мерген атып жібергенінде, оқ тиіп құлаған құс қаз емес, аққу болып шығады. Содан көп ұзамай аңшы оқыстан ауырып көз жұмады да, «Аңдаусызда атып алған киелі құстың киесі ұрды» деген сөз тарайды. Ескі әңгімені көп білетін Заңның Серігі де осылай дейді, сол өңірдің тумасы Қайролла Дүйсенбаев бір әңгімесіне осы оқиғаны арқау еткен. Шындығы қайсысы, қоспасы қайсысы – оны айырып алу енді қиын, бәлкім қажеті де шамалы, ең бастысы, аңыз-әпсаналарды халықтың Хамза мергенге деген сүйіспеншілігі туғызып отыр. Бұл да бір бақыт! Ақкөл-Жайылманың көкжал перзентіне көзі тірісінде бұйырмай, көзі жұмылған соң бұйырған бақыт! Ал біз алдағы жазда тағы да Көктөбенің ескі жұртын, Хамза мергеннің қабірін іздеп барамыз. Ол жерде:
Тас ошақ жатыр, оты жоқ жанып маздаған,
Қасапқа түскен, түйесі соңғы боздаған.
Монтиып жатыр, төбешік болып ескі жұрт,
Мұңайып бірге, боз селеу басқан боз далам!
Ерлерін жоқтап боздаған дала мұңын естіп қайту сол даланың болашағын ойлау үшін қажет деп білгендіктен, бару керек, көру керек, айту керек.
Жассерік СӘДУАҚАС,
ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.