(шалқыма)
Қыз күнделігі:
Білем сенің сезімің тұнық-тұнық,
Жанарыңмен қоясың сыр ұқтырып.
Білем, кеше алдында тереземнің
Кеткеніңді түнімен тұрып-тұрып.
Маған мүлде бағынбай тәкаппарлық,
Салды сені шығарып, күліп тұрып…
Сенің терекке сүйеніп, ойланып тұрғаныңа тамашалап қарадым да отырдым. Және өзімнің сүйікті бола алғаныма қуандым… Бірақ сен мені көре алмадың. Менің бөлмемнің шамы сөнулі-тұғын.
Жігіт күнделігі:
Неліктен шамың жанбады?
Жүректе қалды-ау күй түрлі.
Мен тұрмын, асыл арманым,
Күзетіп сенің ұйқыңды.
Аңсадым, Жаным, аңсадым,
Сыңғыр даусыңды сиқырлы
Сұлу күлкіңді сүйкімді…
Мүмкін, сен мені түсіңде көріп жатқан боларсың… Екеуміз тауда, әлде өзен жағасында қол ұстасып, қыдырып жүрген шығармыз. Ұйықта, Жаным! Осы түн ғана менің ішкі азабыма куә болсын…
Қыз күнделігі:
Сен маған гүл ұсындың,
Гүлмен бірге ғажайып күн ұсындың.
Сен менің барым, бағым,
Мен сенің тынысыңмын.
Деміңмен өртеп, сен мені сүймек болдың. Мен бұрылып кеттім. Неге? Өзімді өзім түсінбеймін. Бөлмеге кіргесін қауызына шық тұнған гүлді қайта-қайта сүйе бердім…
Жігіт күнделігі:
Мен сен деп қарсы аламын жаңа күнді,
Сен менің желбіреттің жалауымды.
Сен күлсең, мынау әлем күліп тұрар,
Түнерер түйе қалсаң қабағыңды.
Неге? Жанарыңа байланамын да қаламын. Анау көк аспан, тасыған өзен, ақша бұлттар, асқар тау – бәрі-бәрі біздің махаббат әлеміміз ғой. Солай емес пе?!
Қыз күнделігі:
Сен десем, жаным – жасын, от жүрегім,
Бақыттан бағым жайнап кетті менің.
Екеуміз қол ұстасып жүрген түні
Таң мүлде атпаса екен деп тіледім.
Жан-тәніммен сүйе тұрып, көргенше асығып тұрып, кездескенде суық тарта қалатыным нем екен. О, зұлым тәкаппарлық, қажетсіз жерде килікпесең етті. Саған айтпағанмен, мен ішімнен мың рет қайталап тұрмын ғой…
Жігіт күнделігі:
О, менің Көгім, Айым-Күнім,
Сенімен жайнап, гүл атам.
Өзіңе бағынбайтұғын
Қаталдығыңды ұнатам.
Менің сонша сағынып, сонша аңсап келгенімді біле тұра, тәкаппарситының қалай, Жаным-ау! Бұл да маған тәтті елес. Сен сүйе тұрсаң да сездіргің келмейді. Білесің бе, мен үшін екеуміздің үнсіз ғана бір-бірімізге қарап отыратынымыздан артық бақыт жоқ.
Қыз күнделігі:
Жүрегіңді жаулады бәлкім, күдік,
Ту сыртыңмен қалдың сен салқын тұрып.
Мен бәрібір сенен көз айырмадым,
Құшағыңда өзгенің қалқып жүріп.
Қызғанатыныңның өзі қандай сүйкімді, Жаным! Теріс қарап тұрғаныңмен, бәрін сезіндім. Бокалдағы сусынды қайта-қайта іше бердің. Тіпті, сусын бітіп қалса да…
Жігіт күнделігі:
Тоқтамас уақыт, өтер күн,
Сезімнің жүгін көтердім.
Басқамен билеп жүрсің Сен,
Қарай алмайды екенмін.
Неге екенін білмеймін, сені ренжіткім келді. Қызғаныш шығар мүмкін. Кәнілі адамдай қайта-қайта маған жәутеңдеп қарағаның-ақ ішімдегі түйінді жазып жібергендей…
Қыз күнделігі:
Кеткеніңді мен білмеппін
Бір адам болып өзіммен.
Күн сайын тұрдым гүлдеп мың,
Басым айналып Сезімнен.
Ыстығы қалсын ернімнің
Сүйейін сені көзіңнен…
Сен менен алыстап барасың… Мәңгі емес, қайта қауышып, кездесетінімізге сенім артқым келеді. Менің де ұямды тастап ұшып шығатын күнім алда сияқты. Менің ернімнің табы екеуміз табысқанға дейін сені өртеп жүрсе екен… Ұмытпашы мені, дегім келеді де тұрады… Бірақ айта алар емеспін. Неге?
Жігіт күнделігі:
Уақыт жұмсап мен енді басқа шаруаға,
Үмітті сапар бастасам жаңа.
Қиылып қарашы сен, Жаным,
Сүйкімді болып қоштасарда да!
Қаладан арманға мініп кетіп барамын. Менің ақ Сезіміме абай болшы, қолыңнан түсірмеші, Жаным… Болашақ шақырады. Мен сен жаққа елегізіп, сағынып жүретін боламын. Ұмытпаймын, ұмытқым келмейді Сені… Саған деген алаулы жырым қашан өмірім үзілгенде тоқтайды. Сезімім де осы күйде боларына сенгейсің.
Әзірше, Айға қарап елесіңді ермек еткен жанмын, Жаным!..
Жаңбырлы күнді сағындым,
Қалатын өмір тынығып.
Мен сені аңсап, сабылдым,
Сағыныш дертін шын ұғып…
Ғашықтардың күнделігін рұқсатсыз оқыған – Асыл Әбішев.