Конституциялық реформа: түзетулер Ата заң мәтінінің 84%-ын қамтиды

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.

Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленді.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді.

Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.

«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі.

Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды.

Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.

«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді», – деп мәлімдеді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол негізгі өзгерістерді де атап өтті: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.

Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.

«Бұл Конституция мазмұнының жаңаруы мен түбегейлі өзгеруі туралы айтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Қазақстан Конституциясының преамбуласының редакциясы толықтай жаңартылады

Конституцияның Преамбуласын толық жаңартып, мемлекет пен діннің өзара ықпалдастығы нормаларын жетілдіру ұсынылады. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияға түзетулердың жиынтық жобасын таныстырған кезде мәлімдеді.

Оның айтуынша, Конституцияның Преамбуласын жаңа редакцияда толық өзгерту ұсынылып отыр, ол жаңа ұлттық құндылықтарды және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып дайындалған.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Преамбулада Конституцияны қабылдаудың негізгі мақсаттары, қағидаттары, құндылықтары және себептері бекітілген. Сондай-ақ, қоғамдық бағдарды анықтайтын мемлекеттің миссиясы, тарихи контекст пен мәдени ерекшеліктер көрініс табады. Жалпы алғанда, Преамбула қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайды.

«Жобада мемлекеттің мәртебесі анықталған – Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ретінде танылған», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов
Жалпы, ол «Конституциялық құрылым негіздері» бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын, Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын және басқа да маңызды қағидаттарды бекітетін негізгі ережелер көрсетілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, билікті бөлу қағидаты туралы норма жаңаша тұжырымдалды және елдің қолданыстағы құқығы мәселелеріне арналған конституциялық ережелер нақтыланды.

Бақыт Нұрмұханов қазіргі замандағы мәселелерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық ережелердің де нақтыланғанын атап өтті.

«Мемлекет пен діннің, мемлекеттік рәміздердің және басқалардың өзара іс-қимылын реттейтін ережелер жетілдіріліп жатыр», – деп атап өтті ол.

Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі. Бұл мәселелер Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қаралған Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасынан көрініс тапты.

Жоба таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитын атап өтті.

Бұл ретте ұсынылған новеллалар адамның ең жоғары құндылық екені туралы қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейтеді және толықтырады.

«Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз», — деді Бақыт Нұрмұханов.

Ол қазіргі уақытта Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшіріліп, жеке бапқа біріктірілетінін айтты.

«Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық және құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түрлері белгіленді»,
– деп атап өтті Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтіледі.

«Аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды түзетулер кіреді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Сондай-ақ, ол Конституциялық комиссия мүшелерінің назарын адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке баптың қарастырылғанына аударды.

Сонымен қатар, Конституциялық комиссияның мүшесі Құрылтайдың құрылуына байланысты «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөліміне нақты түзетулер енгізу қажет болғанына да тоқталды.

Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Халық Кеңесі барлық азаматтардың мүддесін білдіреді – Бақыт Нұрмұханов

Конституциялық комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Ата Заңының негізгі бөлімдеріне түзетулерді дайындау бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Атап айтқанда, ел Парламентінің өкілеттіктері мен рәсімдеріне айтарлықтай ревизия жүргізілді. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Комиссияның төртінші отырысында мәлімдеді.

«Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды: президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары.

«Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілді», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалды. Атап айтқанда, екі палаталы Парламент және оның осындай жүйедегі қызметі туралы ережелер алынып тасталды.

«Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық баптар жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдерін реттейтін ережелер қайта қаралды», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, республика азаматтары арасынан құрылған Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырланған. Сондай-ақ, жаңа жоғары кеңес органы Қазақстан халқының мүдделерін білдіру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатыны бекітіледі.

Сонымен қатар, салалық конституциялық заңда көрсетілген Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі туралы ережелер де Конституция жобасына енгізілді.

«Конституциялық қадағалауды жүзеге асыратын және бүкіл ел бойынша Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін бекітеді», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.

Сөз соңында ол Конституциялық Сот шешімдерінің құқықтық салдары да нақты айқындалатынын да айтты.

Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады – Конституциялық комиссия

Қазақстан Республикасының Конституциясына белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылуда. Бұл туралы Конституциялық комиссияның төртінші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Аталған шаралар республиканың тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл ретте, Бақыт Нұрмұханов ұсынылып отырған норманы Конституцияның негізгі ережелерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті. Аталған ережелерге сәйкес елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек қана конституциялық заңмен анықталады.

«Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады», — деп атап өтті Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.

Добавить комментарий