Ұлы Жеңіске – 80 жыл
Биыл – адамзат тарихындағы ең ауыр, ең қасіретті соғыстардың бірі аяқталғанына 80 жыл. Бұл – жай ғана тарихи дата емес, бұл – әр қазақтың, әр отбасының тағдырына әсер еткен, көз жасы мен қуанышы қатар өрілген жыл. Осы Ұлы Жеңіске жету үшін миллиондаған адам өмірін қиды, ал олардың ішінде біздің қазақтың да талай батыр ұл-қыздары болды.
Біз соғыс дегенді кітаптан, кинодан көреміз. Бірақ оны көзбен көрмей, жүрекпен сезіну қиын. Сол ауыр күндерді көрген, өз көзімен көріп, бастан кешірген жандардың бірі – Жұмаш Кенебаев. Бұл есімді мен алғаш мектепте естідім. Жай ғана аты айтып өтілгендей болған еді, бірақ кейін бұл кісі туралы нақты деректер іздеп, оқыған кезде менің оған деген құрметім арта түсті.
Жұмаш Кенебаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол майдан даласында жауға қарсы аянбай шайқасқан, өз өмірін елінің болашағы үшін қатерге тіккен азамат. Ол жаудың ұшағын атып түсіріп, өзінің взводын аман алып қалған. Мұндай оқиғалар қағазға қарап қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ оның артында адамның жан дүниесі, өмір мен өлім арпалысы жатыр. Әр секунд сайын ажалдың жанынан өтіп, өмір сүруге деген үмітпен шайқасу – бұл нағыз ерлік.
Мен бұл кісіні бір ғана оқиға арқылы емес, тұтас соғыс дәуіріндегі батырлықтың бір бейнесі ретінде көрем. Себебі ол жалғыз емес. Қазақ даласынан қаншама боздақ аттанды. Олардың арасында аты аталғаны да, аталмағаны да бар. Солардың бәрі – біз үшін батыр. Олардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов сынды ел есінде қалған тұлғалар бар. Бірақ олармен қатар қарапайым Жұмаш атадай жауынгерлер де болды. Олар туралы көп айтылмаса да, олардың үлесі ешкімнен кем емес.
Біз бүгін тыныш елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бізге күн сайын бомба түспейді, майданға барып оқ атпаймыз. Бірақ осының барлығы – сол кездегі Жұмаш Кенебаевтай азаматтардың арқасы. Олар соғыс даласында ерлікпен күресті, ал бізге қазір күресудің орнына – тек еңбек ету, елге пайда келтіру міндеті жүктеліп отыр. Бұл – қазіргі буынның майданы.
Сонымен қатар, соғыстан кейінгі кезең де оңай болмаған. Ардагерлер елге келіп, ауыр тұрмыста өмір сүрді. Бірі қираған ауылын қалпына келтірсе, бірі жарақатпен өмір сүрді. Бірақ ешқайсысы шағымданған жоқ. Олар үшін бастысы – тыныштық болды. Жұмаш Кенебаев сияқты қарапайым адамдар елге оралып, өз ісін жалғастырды. Олар үнсіз еңбек етті, бірақ олардың еңбегі – бүгінгі біздің бақытымыздың негізі болды.
Қазіргі кезде кейбір жастар тарихқа қызықпайды, соғысты тек мерекеге байланысты ғана еске алады. Бірақ меніңше, соғыс тек 9 мамырда емес, күн сайын еске алынуы тиіс. Әр адам өз елінің тарихын білуге міндетті. Бізде өз тарихын білмей, шетелдің мәдениетіне еліктейтін жастар көбейіп барады. Бұл – өте қауіпті. Себебі тарихты білмеген адам – тамырсыз ағаш сияқты. Біз тамырымыздан ажырамауымыз керек.
Міне, сондықтан да мен осындай адамдар жайлы жазуды жөн көрдім. Жұмаш Кенебаев – жай ғана жауынгер емес, ол – нағыз халықтың батыры. Мүмкін, ол туралы кітап жазылмаған шығар, бірақ оның ерлігі – бір кітапқа татиды. Оның артында ұрпағы, елі қалды. Олар сол ерлікті ұмытпаса, ол мәңгі өмір сүреді.
Тағы бір ой – бізге бейбіт өмірдің қадірін үйрету үшін соғысты көру міндет емес. Бірақ сол соғыстың куәгерлерін тыңдау, олардың әңгімесінен сабақ алу – әр азаматтың парызы. Меніңше, мектептерде соғыс ардагерлерін шақырып, кездесулер ұйымдастырылса, жастардың ойы өзгереді. Олар бір сәтке болса да, өмірге басқа көзбен қарайтын болады.
Соңғы жылдары елімізде «Мәңгілік ел», «Ұлы Дала елі» деген ұғымдар айтылып жүр. Меніңше, бұл тек ұран емес. Бұл – біздің мақсатымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз өткеннен сабақ алып, болашаққа дұрыс жол салуымыз керек. Ал ол жол – тыныштық, білім, еңбек жолы.
Жұмаш Кенебаев пен оның қарулас жолдастары бізге осы жолды ашып берді. Енді оны жауып алмау – біздің міндетіміз. Біз олардың арманына лайық болуымыз керек. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда. Біз бүгін жақсы оқып, ертең елге адал қызмет етсек – бұл сол батырларға деген ең үлкен алғыс.Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл мереке ғана емес, бұл еске алу күні, құрмет күні, ойлану күні. Осы мереке аясында әр адам бір сәтке тоқтап, шын жүрегімен алғыс айтса, бұл үлкен рухани жеңіс болар еді. Мен өз атам, ардагерлер және Жұмаш Кенебаев сынды азаматтардың алдында бас иемін. Олардың арқасында мен бүгін мектепке барып, дос-құрбыммен еркін сөйлесіп, болашақ туралы ойлай аламын. Бұл – баға жетпес бақыт.
Бүгінгі таңда бізде соғыстың зардабын ұмытып кетпеудің түрлі жолдары бар. Кино түсіріледі, деректі фильмдер жасалады, кітаптар басылады. Бірақ бұлардан да маңызды бір дүние бар – ол жүректен шыққан алғыс. Сол алғыс ата-әжелеріміздің алдында шынайы түрде айтылса ғана, соғыстың шындығы тірі болып қалады.Соғыс бізге сабырды, бірлікті, отанға деген сүйіспеншілікті үйретті. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ол миллиондаған адамның арманы, үміті, тері мен қаны арқылы келді. Бұл Жеңісті бағалау – әр қазақтың азаматтық борышы.Болашақта мен өз балаларыма осы соғыс туралы, ардагерлер туралы айтып беремін. Себебі мен олардың да бейбіт аспан астында өмір сүргенін қалаймын. Егер біз тарихты ұмытпасақ, ол қайталанбайды. Ал ұмытсақ – соғыс та, қасірет те қайталануы мүмкін. Сондықтан әр мереке, әр еске алу сәті бізге сабақ болуы керек.
Ұлы Жеңіс – бұл қазақ халқының да жеңісі. Біз тек Жұмаш Кенебаевты ғана емес, барлық ерлерімізді еске алып, оларға тағзым етуіміз керек. Бұл – біздің тарих алдындағы борышымыз.
Бүгін мен осы эссені жаза отырып, өз еліммен, өз халқыммен тағы бір мәрте мақтандым. Осындай елдің ұрпағы болу – үлкен мәртебе. Ендігі мақсат – сол мәртебеге лайық болу.
Жанасыл ЗАЙТИМХАН.