(Жолжазба)
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен, Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен Ұлт ұясына әдеби тур ұйымдастырылып, «Ұлы дала елінің рухани темірқазығы – Ұлытау» атты жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтетінін естігенде, әрі шақыру алғанда ынтық болып жүрген қасиетті өлкеге жол түсетінін ойлап, тағаттан айырылдым.
Межелі мезетті күтіп тыпыршып жүргенде «Қазақ халқының бесігі» атанған өңірге «Алқа» әдеби клубының мүшелері – Астанадан Есбол Нұрахмет мен Шерхан Талап, Алматыдан Қуаныш Жазай мен Роза Аспанқызы, Жезқазғаннан Жанат Әбдіғожин мен Абай Ораз, Қарағандыдан Сұлтан Дәулетхан мен Ерік Нарын, Қызылордадан Дәулет Жадырасын, Оралдан Меңдібек Лұқпан, Тараздан Нұрболат Жолдасбек келеді деген дүбір жетті құлаққа. Сол дүмпу жанымызды желпінтіп, жүрегімізді жігерлендірді. Кешегі өткен әдебиет алыптары – Мұхаметжан Қаратаев, Мұқан Иманжанов, Баубек Бұлқышев, Камал Смайыловтардың кіндік қаны тамған текті топыраққа, бүгінгі әдебиет өкілдері – замандастарымызбен-қаламдастарымызбен қатар аяқ басайық деп Ертіс-Баян өңірінен Жоламан Әйткен, Жантас Еркін және мен – үшеуіміз жолға шықтық.
Қолда қалдырмайтын жақсы достар бас құрады, енді жолда қалдырмайтын жақсы ат керек. Жоламан темір тұлпарын тізгіндеді. Баянауылдан Қарағандыға үшеуіміз бет түзедік. Жол бойы әдеби талқы ұйымдастырдық. Әңгімеміздің өзегі – жақында жарық көрген «Жақыныңды жоғалту» романы. Авторы – ортамызда. Жазушы романында Мажарстаннан келген қандас азаматтың өмірін, махаббат хикаясын жазу арқылы адамның ішкі әлеміне, сезім тербелістерін, ой толқыныстарын жазуға, жан қатпарларына үңілуге тырысқан. Осындай пікір білдіріп, қанаттас бауырымның шығармасынан алған әсеріммен бөлістім. Автор үшін шығармасының оқылғанынан артық қандай марапат болсын, Жантас кәдімгідей жігерленіп қалды. Әңгіме бұзау емізген жоқ, таяқ жегізген жоқ – жол қысқартты. Кеншілер қаласына тез жеттік.
Қарағандыдан қатарымызға Сұлтан Дәулетхан мен Ерік Нарын қосылды. Сұлтан ағамыздың қолында бір дорба кітап. Бізге тарту еткелі алып шыққан сыйлығы болар деп топшылап едім. Жезқазғандағы жұртшылыққа жеткізбек аманаты – ақын досы, марқұм Сәттібай Жүнісовтың «Пырақ» жинағын екен. Жезқазғанға жеткенше қыршын кеткен ақынның өлеңдерін оқып, жыр-термелерін тыңдап бардық.
Сәттібай ақынның атына студент кезімнен қанықпын. Қарағандыда өткен бір жылымда ағаны бір-екі рет қана көрдім әдеби басқосуда. Алғаш рет «Пырақ» өлеңін «Қасымнан – Ғасырға» аудиоантологиясынан естігем. Одан кейін де жырлары мен әндерін әлеуметтік желіден сан мәрте оқып-тыңдаған едім. Енді кітабын қолға алып, толғанып отырмын. Мен – оқушы, қалғаны – тыңдаушы. Сәттібай ақынның «Жаңаарқаның қымызы» деген өлеңін оқып, жырға бір тамсандық.
«…Жүректің үні естіліп дүрсілдеген,
Тамсанып, табысасың тылсымменен.
Ұлтыңның барлық игі қасиеті
Бойыңа сіңеді осы сусынменен…», – депті ақын. Өлең өн бойымызға өрнек салды. Осы өлеңді оқығанда Жаңарқаның Ақтүбек ауылының тұсынан өтіп бара жатыр едік. Ерік бәріміздің таңдайымыз дәм тілеп келе жатқанын ұғып, бір құты қымыз алдырды. Ақтың ақысын да ұмыт қалдырмады. Бесеуіміз жол бойында тұрып, бал қымыздан сіміріп-сіміріп шөл қандырдық. Шіркіннің дәмін-ай! Бұл сапар да, сапардан естелік те Жаңарқаның қымызындай әлі талай тамсандырарына сол сәтте-ақ көңіл сенген.
Жолда Ақселеу биігіне аялдадық. Көктегі күнге, жердегі еліне мейірі қанбай кеткен ардақты азамат Ақселеу Сейдімбектің рухына құран бағыштадық.
Ақселеу биігінен түсе бере сөремдегі ерекше ыстық кітаптардың бірі – «Аққызды» сағынышпен ой алдым. Жақсы көретін авторыңның, сүйікті шығармасын ойлаудың өзі жанға жылылық сыйлайды екен.
«Қазақ үні» газеті жариялаған Ақселеу күнделігінен үзінділерді оқығаным бар. «08.11.74 – Көшпелілер мәдениетінде сөз өнерінің мән-мағынасы айрықша. Сөз өнері өмір-тіршіліктің барлық саласын реттеуге араласып, халықтық сананы тұтастандыруға ең бір демократиялык болмысымен ықпал етеді. …көшпелілер фольклоры хан мен қараны бірдей қамтып, біртұтас, бірдеңгей рухани қалыпты сақтаудың тетігі болып отырған. «Ақсақ құлан» күйі төрдегі төре мен есіктегі малшыны бір түрдегі сезім-әсер бесігіне тербейді. Яғни, тарихи-эстетикалық әсер деңгейі бірдей. Осы мысалдардың астарында көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі, қоғамдық-әлеуметтік болмысы, моральдық-этикалық нормалары туралы терең зерттеуді қажет ететін проблемалар төбе көрсетеді», – депті Ақселеу. Сөз өнерін серік етуге бекінген бізге бұл ойды санамызға түйіп алу керек секілді…
Жоламанның көлігі ары қарай аяңдады. Жол бойы жолсерік – жырсерік болған ақын Сәттібай Жүнісов мәңгілік мекен тапқан Байдалы би ауылының іргесіндегі зиратқа соғып, ақынға дұға оқыдық. Ал, Жеңіс ауылының тұсынан өткенде Ғалым Жайлыбай ағаға хабарластық. Аға барша жасқа жалынды сәлем жолдап, сәт сапар тіледі. Ағаның өзі де Шираз сапарынан ормалып, тыным алып отырған сәті екен. «Ақын көп жүруі керек, ел-жер танып, танымы кеңейеді», – деді аға.
Көліктегі бесеуміз пікір алмасып, пікір таластырып жолды жеңілдеттік. Әдебиет, қоғам, адам туралы ойларымыз бірде тоғысып, бірде «соғысып», санамыз сілкініп, жүрегіміз бұлқынып Жезқазғанға да жеттік. Сұлтан ағамыз Сәттібайдың «Ұлытау» толғауын қосты:
«…Наркескен ұлттық рухымның
Қайрағы болған Ұлытау.
Еңіреген ерлердің
Байрағы болған Ұлытау.
Ынтымық, елдік, бірліктің,
Аймағы болған Ұлытау.
Ұлтқа ес, жатқа сес болған
Мен білсем, бұл тау Тірі тау», – деп қала қақпасынан өттік.
Жезқазғанға табанымыз тиді. «Кеңгір» қонақ үй – сауықтыру кешеніне орналастық. Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның табан ізі қалған, маңдай тері сіңген Ұлытау өңіріне қос тұлғаның кіндік қаны тамған өлкеден келгендіктен болар, бұл топырақтан ерекше жылылық, бауырмалдық сезіндім. Мен алғашқы түні-ақ ұйқы құшағына кеткенше қос заңғар тұлғаның Ұлытау жеріндегі ересен еңбегі туралы ойладым…
Қарсақбайға Қаныш Сәтбаев 1926 жылы келіпті. Оның алдына Жезқазған – Ұлытау ауданындағы кен байлықтарын іздеу мен геологиялық барлау жұмыстарын жаңа техникамен кеңінен жүргізу тәрізді аса маңызды міндет қойылыпты. Қаныш бұл жұмыстарды асқан іскерлікпен атқарып, Жезқазған кен орнында мыс қорының орасан мол екендігін анықтаған. Нәтижесінде барлау жұмыстарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туған. 1937 жылы мыс қорының жаңа есебі оның мөлшерін бұрынғыдан көбейте түскен. Қаныш 1940 жылы Жезқазған кен байлығын жүзеге асыру жолындағы еңбегі үшін сол кездегі ең жоғары марапат «Ленин» орденімен құрметтелген. Ал, 1942 жылы Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегі үшін «Геология-минералогия ғылымдарының докторы» атағына ие болған. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» ғылыми еңбегіне Мемлекеттік сыйлық берілген.
Қаныш Жезқазған – Ұлытау өңірінде жүргенде ауыз әдебиетін зерттеуді күрделі ғылыми жұмысқа айналдырған. Ол көптеген этнографиялық тарихи мұраларды ашқан. Ғалымның «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегі ғылыми қауымға жақсы таныс.
Ал Әлкей Марғұлан Ұлытау өңірін 1943-1970 жылдар аралығында үздіксіз зерттеген. Ғұлама ғалым Ұлытау аймағында, Кеңгір мен Сарысу жазығында қола дәуірі мен ертедегі темір өңдеу ғасырында өзіндік өркениет, отырықшылық және қала мәдениеті болғанын дәлелдеген. Әлкей Марғұлан бастаған экспедиция Ұлытаудағы қола дәуірінің ең ірі қоныстары – Кресто, Милықұдық, Айнакөл, Сорқұдық, Златоуст, Тасқұдық, Ақши, Құлман, Талдысай жерлерін, Жошы, Келінтам, Аяққамыр мазарларын, Ұлытау және Арғанаты таулары беткейлеріндегі көне обалар және тас мүсіндер, Едіге тауының беткейіндегі Айбас дарасы кешенінде қола заманының төрт қорғаны зерттеген.
Әдеби турдың бірінші таңын (15 мамыр) ұйқы қанық, көңіл сергек қалыпта қарсы алдық. Сапарластарымызбен таңғы ас дастарханында қауышып, қауқылдасып қалдық. Көңіл тоқ. Қарынды да тойдырдық. Қаланың қапасынан қалжырап келген бізді даланың ғажабымен қауыштырамын деп тыпыршып тұрған автобусқа жайғастық. Жолбасшымыз – Ұлытау облыстық мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Медет Мұқажанов. Ақпарат беруші – Ұлытау өңіріне танымал тарихшы Мұхтар Бақытұлы.
Қаладан шыққан бетте Абай Ораз сөз алып, жырмен қош көрістік! Көшпелі жыр кешін бастап кеттік. Дүбірге қосылған ақындар кезек-кезек дүркін-дүркін өлең оқып, құмарды қандырды. Жанымызды жыр шалқытып, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне жеттік. Кешеннің алдында «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйіне экспозиция және «Берел» қорымынан табылған күймелі аттардың экспозициясы орнатылған екен. Тарихи-мәдени кешен құрамына Жошы хан кесенесі, Жошы ордасы, Жошы хан ескерткіші, мұражай, шатырлы қалашық және қонақ үй кіреді. Кешен 2019 жылы «Ұлық Ұлыс» Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес салынған екен.
Алдымен мұражай жәдігерлерімен таныстық. Жошы хан кесенесінен Әлкей Марғұлан экспедициясының археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыштан жасалған шырағдан, Жошы хан кесенесінің ағаштан жасалған табалдырығының бір бөлшегі, кесене күмбезінің сырланған кірпішінің сынығы (ХІІІ ғасырға жатады) және мазар қабырғасының қыштан жасалған кірпіші (ХІІІ-ХIV ғасырларға жатады); «Болған ана» кесенесіндегі қазба жұмыстар кезінде табылған алтын кесе, алтын сырға, айна; сонымен бірге әр кезеңде қазба жұмыстарында табылған жауынгерлік қару-жарақтар мен тұрмыстық бұйымдардың бөлшектері қойылған.
Одан кейін ұлы қағанның еңселі ескерткішіне суретке түстік; кесенесінде құран бағыштадық. Жошы хан кесенесі туралы алғаш рет Бұхара ханы II Абдаллах ханның өмірі мен қызметіне арналған Хафиз-и Таныш ибн Мир Мұхаммед Бухаридің (XVI ғасыр) «Шах даңқы туралы кітап» еңбегінде айтылған екен.
Кесенеге ғылыми зерттеулер алғаш рет 1946 жылы Әлкей Марғұланның басшылығымен жүргізілген. Олардың барысында екі қабір табылған. Бірінші сағанада адам қаңқасының қалдықтары бар ағаш табыт болған. Табылған бас сүйектің жоғарғы бөлігі және бір қолдың сүйектері де болмаған. Сонымен қоса, жалау бөлшектері, темір шегелердің сынықтары және жерлеу киімдерінен тері бөліктері, жабайы жануарлардың сүйектері, түйенің бас сүйегі болған. Ғалымның пікірінше, бұл табылған заттардың барлығы «Ақсақ құлан» күйіне негіз болған Жошы ханның өлімі туралы аңызбен үйлеседі. Екінші қабір Жошы ханның әйелдерінің біріне тиесілі болса керек. Кесене кейіннен салынған көрінеді. Кесенеден шығып, автобусқа отырған сәтте Ақселеудің «…«Ақсақ құлан» күйі төрдегі төре мен есіктегі малшыны бір түрдегі сезім-әсер бесігіне тербейді. Яғни, тарихи-эстетикалық әсер деңгейі бірдей…» деген сөзін қайта еске түсірдім. Қаһарлы хан. Кетбұқа. Өлім. Аңыз… Қазір біз қалай әсерленеміз. Әсер мен түсінігіміздің деңгейі қандай? Өз өзімізге қояр сұрақ көп…
Келесі көргеніміз – Домбауыл қорымы. Домбауыл кесенесі – VIII-IX ғасырларда салынған Қазақстандағы ең ірі тас ғимараттардың бірі. Ескерткіштің түбі шаршы, пішіні конус тәрізді. Биіктігі алты метрлік ғимарат саз езіндісімен жасалған тас плиталардан тұрғызылған. Қабырғалардың қалыңдығы 2,5 метрге жетеді. Домбауыл қорымына алғашқы зерттеулер 1946-1947 жылдары Әлкей Марғұлан археологиялық экспедициясы арқылы жүргізілді. Кесене бірнеше рет қалпына келтіріліп, жөнделген екен.
Содан кейін Алаша хан кесенесін тамашаладық. Күмбезді мазар төрт бұрышты етіп қызыл кірпіштен қаланған екен. Сырт көрінісі кірпіштен әр түрлі-кескінді өрнекпен қаланған. Кіреберіс беті шығыс кілемнің суретімен безендірілген. Кесене – ХІ-ХІІ ғасырларға жататын сәулет өнерінің озық үлгісі.
Бұнда бізді ерекше таң қалдырғаны – кесененің ішкі және сыртқы қабырғаларының ортасымен өтетін туннель-баспалдақ. Баспалдақтың төрт бұрышында кесененің ішіне және сыртына қарап тұрған қарауыл терезелері бар екен. Біз кесене қабырғасын жағалай айналып өтіп төбесіне көтерілдік. Бұндай архитектуралық шешім еріксіз таңдай қақтырды.
Кесене жайлы алғашқы жазба деректер 1855 жылы Ш.Уәлихановтың «Қырғыз-қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы» атты мақаласында кездеседі. Ал, ең алғаш рет кесене жайлы жан-жақты ақпарат 1868 жылы подполковник Красовскийдің «Область сибирских киргизов» еңбегінде баяндалған. 1945-1946 жылдары М.Б. Левинсон бастаған экспедиция кезінде кесенеге ең алғаш рет фотофиксация, техникалық зерттеу, өлшеу жұмыстары өткізілді. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих, археология және этнография институтының жетекшілігімен ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстары басталды. 1982 жылы Алаша хан кесенесі Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізіміне еген. Содан бері мемлекет қорғауында.
Жол бойы көргенімізді көңілге тоқып, ойымызға бекемдеуге тырыстық. Бүгін алған әсерімізді кеше өткен күндердің сәулесімен көмкердік. Жол тербеп, Есенғали, Әмірхан ағаларды еске алдық. Әрқайсымыздың жүрегімізде оларға деген ерек сағыныш бар.
Сапарда жүріп, ақын Асылан Тілеген досымыздың әкесі мәңгілік сапарға аттанғанын естідік. Байланысқа шығып, қайғысына ортақтасып көңіл айттық. Алып-ұшқан көңіліміз бір тынып, мұңға ерік бердік. Өзіміз де әке болып, бала сүйсек те, біріміз марқұм болған, біріміз алыс ауылда тілекші болып отырған асқар тау әкемізді ойладық… «Қандай перзентпіз? Қандай әкеміз?»…
Бір шалқып, бір қалқып, Ұлытау ауылына жақындадық. Бізді Қазақстан халқы бірлігінің монументінің жанынан ақын Ахат Құрмансейіт, өнер зерттеушісі Серік Оспан ағалар бастаған ұлытаулық азаматтар қарсы алды. Монумент жаһанның төрт тарабын бейнелейді. Күн-шаңырақтың ұшар басында төрт арғымақ бейнесі бедерленген. Монумент орналасқан алаң тас балбал мүсіндермен қоршалған екен.
Қонақжай қауымның берекелі дастарханының басында кешкі асқа жайғастық. Елдің дәмі қандай нәрлі болса, Серік Оспан ағаның әңгімелері де сондай құнарлы екен. Сегіз серінің, Сәкен Сейфуллиннің ән мұрасы туралы әңгімелерге, ағаның орындауындағы әндерге құлақ түрдік. Әзіл-оспақтары да жүзімізді жадыратты.
Анау бір жылы Ұлытау ауылын екіге бөліп жатқан өзеннің көпірі бұзылып, арғы беттегі ауылмен қатынас қиындапты. Ауылдағы үлкен қабірстан да арғы бетте екен. Сондай бір қысылтаяң кезеңде, кезекті бір жиын өтіпті. Облыс әкімі «Қандай талаптарыңыз бар?» деп сұрапты халықтан. Ел ішінде озық ойлы, өткір тілді азаматтар көп кездеспей ме?! Арғы бетте тұратын сондай ақсақалдардың бірі: «Жаңа көпір керек», – депті. Облыс әкімі бекітілген стандарт бойынша тұрғындар саны 200 адам болуы керек екенін айтыпты да, «Қанша адам тұрасыздар?» деп сұрапты. Сөйтсе, әлгі ақсақал: «Айналайын, өліміз бар-тіріміз бар 200-дің үстінде адам тұрамыз» депті. Ақсақалдың бұл сөзіне разы болған аймақ басшысы, жаңа көпір салдырыпты. Ақсақалдың бұл сөзі ұлытаулықтардың санасына берік орнығып қалыпты. Әлі айтып, әлі күлісіп алады екен.
Мәнді де, мағыналы отырыстан кейін «Сапар орталығына» жайғасып, түнімен жыр оқып, сыр тарқатыстық.
***
Әдеби турдың екінші күнінде (16 мамыр) «Сапар орталығында» «Ұлы дала елінің рухани темірқазығы – Ұлытау» атты жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесіне қатыстық. Семинарды ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абай Ораз жүргізді.
«Алқа» әдеби клубының жетекшісі Шерхан Талап Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан үш жоба туралы кеңінен баяндады.
– «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жас авторларды ынталандыруға, жаңа шығармалардың жазылуына ықпал етті. Аталған жобаға қатысқан Есбол Нұрахмет, Қуаныш Жазай мен Жантас Еркін бүгін ортамызда отыр. Екінші жоба «Жазушылардың әдеби шеберлігі мектебі» деп аталады. Бұл жобаға бүгінгі семинар-кеңеске қатысушы Абай Ораз, Ерік Нарын, Меңдібек Лұқпан қатысты.
Үшінші жоба – «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары». Бұл жоба аясында арнайы кітап жазу үшін он алты жазушы, ғалым, зерттеуші жұмыс істеді. Нәтижесінде он алты зерттеу кітабы дүниеге келді, – деді Шерхан.
Бұдан бөлек «Алқа» әдеби клубының жұмысы, көшпелі отырыстар, өңірлерге жасалған әдеби турлар туралы айтылды. Сондай-ақ ол жас қаламгерлерді «Үздік 100 кітап» сауалнамасына белсенді қатысуға шақырды.
– Сауалнама eGov порталы арқылы жүргізіледі. Кез-келген азамат арнайы анкета дайындалған eGov Mobile қосымшасына тіркеліп, өзінің таңдаулы 10 кітабын ұсына алады. Қатысушы тарихи шығармаларды, балаларға арналған кітаптарды, көркем шығармаларды немесе фантастика, детектив ұсына алады. Кітаптардың жанрына шектеу жоқ, – деді ол. Жиынға қатысушы жастар, бұл бастаманы қолдап, сауалнамаға қатысатындарын жеткізді. Сауалнама 23-шілдеге дейін жалғасады. Нәтижесі 10 тамыз – Абай күнінде жарияланады.
Жиында қатысушылар әдебиет туралы ойларын ортаға салды. Есбол Нұрахмет көркем әдеби кітаптардың маңыздылығы туралы айтты. «Әдебиет оқыған бала толық, толымды ойлы, жан-жағын таныған адамға айналады. Кітап ойлау еркіндігін ұсынады», – деді. Роза Аспанқызы әлеуметтік желідегі әдебиет туралы ой қозғады. Меңдібек Лұқпан «Жазушылардың әдеби шеберлігі мектебі» туралы, марқұм Дулат Исабековтен және Бексұлтан Нұржеке, Иранбек Оразбаев, Жүсіпбек Қорғасбектен, сонымен бірге түркиялық жазушы, аудармашы Екрем Аян мен қырғызстандық профессор Абдылдажан Ақматалиевтен алған дәрістер жайлы айтты. «Он күндік сабақ біздің шеберлігімізді шыңдауға, білімімізді толықтыруға ерекше ықпал етті», – деді ол. Жантас Еркін халықаралық әдеби форум-фестивальдерге тұрақты қатысу шығармашылық иесі үшін аса маңызды екенін айтты. Жиында бұдан өзге де тақырыптарда баяндамалар жасалды.
Мен өңір-өңірлердегі әдеби бірлестіктердің жұмысы мен жас ақын-жазушылардың көшпелі жиындарының маңыздылығы туралы айттым.
Алматы мен Астанадан жырақтағы қаламгерлердің көпшілігі, бұл қатарға жастар да, аға буын өкілдері де кіреді, әдеби жаңалықтардан, жобалар мен байқаулардан, түрлі деңгейде қаламгерлерге жасалып жатқан игілікті істерден қалыс қалып жүретінін алға тартады. Әлеуметтік желіні қаншалықты қарыштап дамыды десек те, бұндай олқылыққа жиі жол беріледі. Сондықтан да Ұлытау облысында құрылып, жұмыс істеп келе жатқан «Ұлар» секілді әдеби бірлестіктердің жұмысы қарқынды әрі жедел жүргізілуі өте маңызды және қажет!
Әдеби бірлестік – жергілікті қаламгерлер мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағы, Астана-Алматыдағы қаламгерлер арасындағы дәнекер әрі көпір болуы керек. Ол үшін әдеби бірлестікке қолдау үзілмеуі тиіс. Рухани қолдау да, материалдық қолдау да.
Семинар кеңеске қатысқан Ұлытау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медет Мұқажанов, ақын, Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейіт және өнер зерттеушісі Серік Оспан қаламгерлердің, әсіресе ұлытаулық жастардың талабына да, қадамына да қай кезде қолдау танытуға даяр екенін айтты.
Жиынды Серік Кәрібайұлы «Ұлытау шыңы» әнімен түйіндеді. «Светқали Нұржан жазған ғажап өлеңді Елена Әбдіхалықова тамаша әнге айналдырған. Бұл ән ақын мен сазгердің Ұлытау өңіріне тағзым ете келіп-кеткен сапарынан кейін туды. Сіздердің де қаламдарыңыздан жаңа шығарма туатынына сенімдімін», – деді де Серік аға әнді бастап кетті:
«Ұлары шулап,
шақырады ұран шыңдарда,
Құланы қунап,
сапырады шаң қырларда.
Боспайды көшім,
Қашпайды сесім,
Ұлытау аман тұрғанда…»
Біз әнге құлақ түріп, мәнге елтіп Ұлытаудың әр қырқасын ойша шарлап кеттік.
«Ұлытауға келген соң Хан ордасына бармай кетуге болмайды!» деген ағалар сөзінен кейін сонда тарттық. Нұрболат Жолдасбек, Ерік Нарын, мен – үшеуіміз бір көлікке – Ұлытау аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбековтың темір тұлпарына жайғастық. Нұрлан аға әңгімешіл азамат екен. Өңірдің өткен-кеткенін айтып, бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті.
Ұлытау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым қашықтықта, Қаратал өзенінің сол жағалауынан бір шақырым жерде орналасқан Хан Ордасы қалашығы Әлкей Марғұланның пікірінше, қорғаныс мақсатында IX-XIII ғасырларда пайда болған қамал-бекініс екен. Мұнда халыққа адал қызмет етуге ант берген хандарды ақ киізге салып көтерген деседі.
Уақытында қала балшық пен тастан тұрғызылған. Қамал және оны қоршап тұрған сазды бекініс қабырғасы болыпты. Көлемі 50х50 метр болатын қамал негізгі қаладан шұңқыр және үймек арқылы бөлінген. Қамал қабырғасының қалыңдығы, шамамен, 3,5 метр және биіктігі 4 метр болған деседі. Су толған орлардың тереңдігі 1,5 метр және ені, шамамен, 7 метр болған екен. Қоршау ішіне басқа құрылымдар салынбаған.
Қамалдағы тұрғынжайлар периметрі бойынша қабырғалардың бойында орналасқан, ал оның ішкі бөлігі ашық алаң аула болған. Мұнараның оңтүстік жағында екі метрлік қақпалар болған. Қазба жұмыстары кезінде қалашық аумағынан оғыз үлгісіндегі қыш ыдыстар мен тас диірмендер табылған.
Азаматтардың айтымен, Хан ордасының шалғынына аунап, «Ел іргесі берік, қазақ әдебиетінің келешегі жарқын болсын» деп тілек тіледік. Сапарымыздың түйіні де – осы рәсім болды.
Ұлытаулық ағайынмен қоштасып, Жазқазғанға жолға шықтық. Автобусқа жайғасқан бетте өлең туралы әңгімеге қайта кірістік. Өлең оқыдық. Бір мезетте автобустың алдыңғы жағында отырған бейтаныс қызға көзіміз түсті. Жамалы жаздай жайнаған Жезқазғанның бойжеткенін ортаға алып тағы өлең оқыдық. Өзі де жырға құштар екен. Әр өлеңге елітіп отырды. Еріктің ықыласы тіптен бөлек. Жаңаарқаның бал қымызына құмартқандай, Жезқазғанның қылықты қызына да қырындайды. Жай қырындау емес. Жырмен жаулау жүректі. Қыздың көңіліне бастайтын бірінші тетік нөмірін алу керек. Бұл оған оңайға соқпады. «87…» деп басталатын абоненттің қалған 9 санын алу үшін 9 өлең оқыды. Бір сан – бір өлең. Кілең махаббат жырлары. Қыз да қу екен. Соңғы санды айтпай, жігітті біраз әуреге салды. Ерік тағы бірнеше өлең оқыды. Ақыры, дегеніне жетті. Қалауын алып, жігіт разы! Замануи серіге қол соғып, біз мәзбіз.
Осындай сауықпен Жезқазғанға қалай тез жеткінімізді аңдамай қалдық. Бұнда тағы бір өнегелі істің куәсі болдық. Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханадан «Ұлар» әдеби клубына жеке кеңсе берілген екен. Соның ресми ашылуына қатыстық. Клуб мүшелері мен қонақ ақындардың қошеметімен лента қиылды. Бұл рәсімді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, ақын Ғазиз Ештанаев және біздің «қолбасшымыз» Шерхан Талап орындады. Қиылған қызыл лентаның әр бөлшегін ақындарға ұстатқан Шерхан: «Павлодар, Тараз, Қызылорда, Оралға да жұғысты болсын!» деп тілек білдірді. «Әумин!» десіп, лента қиындысын төс қалтамызға салып алдық. Ресми жиын ары қарай жыр кешіне ұласты. Жастар кезек-кезек өлең оқыдық. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің әнін тыңдыдық.
Бұл – әдеби тур бағдарламасындағы соңғы іс-шара еді. Ел алыс, жер шалғай деп жолға түстік. Бір-бірімізді қимай қоштастық. Абай аңқылдап жүріп, әрқайсымызды жеке-жеке аттандырды. Біз Қарағандыға бет түзедік. Жолда Ақтүбекте ат шалдырдық. «Кеше жол бойында аялдап қана кеттіңіздер! Бұл – бізге сын!» деп Бексұлтан деген азамат, түннің бір уағы болғанына қарамастан, күтіп алып, шаңырағының төріне шығарды. «Әлденіп алыңыздар!» деп ыстық асты алдымызға тартып, қымыз толы тостаған ұсынды. Аманжол Әлтай ағамыздың ауылынан, Бексұлтанның шаңырағынан сый-құрмет көріп, бауырымыздың азаматтығына тәнті болып қайта жолға шықтық.
Қарағандыға жетіп, Бекболат деген баянауылдық азаматтың шаңырағында мейман болдық. Бір-бірімізді қимай қатар шыққан алматылық ақындар Қуаныш Жазай мен Роза Аспанқызын ортаға алдық. Олар өлең оқыды. Біз тыңдадық. Құмар қанбады. Қанбайтын да шығар…
***
Бұл сапар біз үшін ескірмес естелікке айналып үлгерді. Жылына бір рет болсын жергілікті жерлерге келіп, осындай форматта өңірлердегі қаламгерлермен дидарласу әдеби-мәдени ортаға ерекше серпіліс береді. Пікірлестік, ой бөлістік. Әлеуметтік желі арқылы лебіз алмасып жүрген біз жақыннан сыр қозғасуға мүмкіндік аладық. Өзім не жаздым, не жазып жүрмін, не жазбақпын; өзгелер не жазды, не жазып жүр, не жазбақ – соған ерекше көңіл аударып, шығармашылық ізденісіміздің аясын кеңейте түстік. Басымызда жүрген шығармаға идея, деталь, ой таптық. Құлшынысымызды арттырып, талпынысымызды мығымдадық. Әрине, жазушыға керегі, ең бірінші – талант. Сол талант еңбекпен, ізденіспен, жауапкершілікпен жалғасып жатса, қазіргі қазақ қоғамы оқитын жаңа шығарма туады. Ал, бұл сапар мен жиынның ең басты олжасы – ақын-жазушыны жаңа туынды жазуға ынталандыру. Осы бағытта жастарға мүмкіндік берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Ұлытау облысының әкімдігіне, облыстық мәдениет басқармасына және сапардың жинақы өтуіне бар күшін жұмсаған, қаламгерлердің рухани серігі, шын жанашыры, министрлігіміздің баспасөз хатшысы Мадина Сабырғамың алғыс!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Павлодар – Жезқазған – Ұлытау – Павлодар.