Менің үлкен арманым да, алға қойған мақсатым да бір.  Ол журналист болу. Журналист – қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері. Бұл мамандық иелері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, нағыз шындықты айқындап, әділдікті орнатуға үлес қосады. Журналист мамандығын таңдағым келгенінің де себебі осы.

Журналист болу – оңай емес. Ол үшін талпыну және іздену сияқты әрекеттер мен қадамдар басым болуы қажет деген ойдамын. Жақсы журналист сауатты жазып қана қоймай, орынды сұрақ қоя білуі де керек. Сонымен қатар, адамдармен еркін сөйлесе алатын, ойы нық, тез шешім қабылдай білетін, түрлі тақырыптарға эссе мен мақалалар жаза білуі қажет. Мен осы қасиеттерді бойыма сіңіргім келеді.

Қазіргі заманда журналистің  қоғамдағы орны мен маңызы зор. Теледидар, радио, ғаламтор арқылы халық күн сайын  түрлі жаңалықтардан құлағдар болады. Сондай-ақ, бүгінгі күнде ғаламтор желісінде «өріп жүретін» түрлі жалған, халықтың «Төбе шашын тік тұрғызатын» немесе елең еткізетін ақпараттар жарияланады. Журналистер сол ақпаратты тексеріп, өңдеп, шынайы түрде ұсынуы тиіс. Сол арқылы олар елдің сенімін ақтап, адал, шынайы, нағыз журналист деген «атаққа» ие болады деп анық айта аламын. Мен де болашақта журналист болып, елдің сеніміне ие болғым келеді. Менің басты мақсатым – шындықты айту, әділдікті  қорғау, қолдау. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру.

«Қалам – қарудан күшті» – демекші менің қаламыммен жазылған немесе менің тарапымнан айтылған сөздер ой салатын, артынан жүзеге астын істер болса деймін. Әділ журналист болғым келеді! Елімнің дамуына  үлесімді қосқым келеді!

Орындалмайтын арман болмайды, тек соған сеніп, еңбек ету маңызды!

 

Әли ӘЛІБЕК,

«Жас Дарын» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.

Добавить комментарий