Әр адам жастық шағында болашағы туралы сәт сайын ойланатыны анық. Балаң шақта алда ұшы-қиыры жоқ шексіз жол жатқандай көрінеді, рас. Әр нәрсе тек ниет пен табандылыққа байланысты секілді сезіледі. Уақыт өте келе, адам баласы сол өткен жолына көз тастайды. Бұл – тағдырдың қалай қалыптасқанын және өмірді шын мәнінде қандай заңдылықтар айқындағанын түсінуге талпыну.

Мен ауқымды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп, есейдім. Жылдар ағымымен бірге қоғамдағы саяси жүйе, құндылықтар, экономикалық қатынастар, әділеттілік пен жауапкершілік туралы түсініктер де өзгерді. Қайта құрудың күрделі жылдарынан кейін біздің қоғам дәстүр мен заманауилықтың, еркіндік пен тәртіптің арасындағы тепе-теңдікті іздеді.
Сол кезде мен үшін айқын сезілген бір нәрсе болса, ол – мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен экономикадан да, табиғи ресурстардан да емес, ішкі тәртіптен – отбасындағы, қоғамдағы және заңдардағы тәртіптен басталады деген қағида.
Менің сана-көкірегіме бала кезімнен-ақ қарапайым ақиқаттар – тәртіп болу керек, өз атыңды абыроймен алып жүру және айналаңдағы адамдарды құрметтеу қажет деген ұғымдар сіңірілді. Ата-анам: «Балам, дәрежеңді түсірме», – деген ақылды жиі айтатын-ды. Уақыт өте келе мен бұл сөздердің тек адамға ғана емес, мемлекетке де қатысты екенін ұқтым. Елдің абыройы да жеке адамның абыройы сияқты жауапкершілік пен заңды сақтау арқылы қалыптасады.
Тағы бір маңызды ұғым — «Қанағат». Яғни шектен шықпау, өз мөлшерін білу. Тарих көрсеткендей, шектен шығу қоғамды күйретеді, ал даму келісім мен өзара құрметті талап етеді. Бәлкім, сондықтан халқымыз ішкі тепе-теңдікті сақтауға ұмтылып, радикализмнен интуитивті түрде бойын аулақ ұстайды.
Менің кәсіби жолым тарихты оқып-үйренуден басталды. Тарих факультетін бітірген соң, ұстаздық еттім, ғылыми жұмыспен айналыстым, кейін мемлекеттік қызметке келіп, білім беру саласында еңбек жолымды жалғастырдым. Әр жылдары дайын тұрған соқпақтар болмаған жағдайда шешімдерді жеті өлшеп, бір кесіп қабылдауға тура келді. Өйткені тоқырауға тұс келген кезеңде жұмысты қалай жүргізу керектігін көрсететін нақты нұсқаулықтар болған жоқ.
Дәл сол тұстары мен: «Қоғамдық өмірдің де табиғат заңдары сияқты заңдылықтары бар ма?» деген мәселені жиі ойлайтынмын. Ағылшын ғалымы Исаак Ньютон механика заңдары әлемнің жоғары заңдылықтарынан туындайтынын айтқан. Сол сияқты қоғам да баршаға ортақ әрі бәріне бірдей міндетті ережелерсіз өмір сүре алмайды.
Ал мемлекет үшін мұндай негіз – Конституция, Ата Заң. Ол – биліктің шегін, азаматтардың құқықтарын және баршаның заң алдындағы жауапкершілігін айқындайтын жалпыға ортақ қоғамдық келісім құжаты.
Сондықтан да алдағы 15 наурызында бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылатын жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында мен бұл маңызды қадамды қоғамымыздың кемелденуінің маңызды кезеңі ретінде қабылдаймын. Жаңартылған Негізгі заңды қолдау – әділеттілік, жауапкершілік және құқықтық мемлекетті нығайту қағидаттарын қолдау деген сөз. Бұл – ел болашағына бейбіт әрі саналы жолмен үлес қосу, заң мен қоғамдық келісімге негізделген дамуға адалдығымызды растау мүмкіндігі.
Мен Қазақстанда дүниеге келіп, осы елде өмір сүріп жатқанымды үлкен бақыт санаймын. Бұл – Шығыс пен Батыс мәдениеті, көшпелі дәстүр мен заманауи институттар, түрлі діндер мен дүниетанымдар тоғысқан ел. Біздің көптүрлілігіміз әрдайым келісімге келуді, бір-бірімізді тыңдауды және ортақ даму жолын табуды талап етеді.
Тарих – дана. Ол бейбіт жолмен, азаматтардың саналы таңдауы арқылы жаңара алатын қоғам ғана шын мәнінде мықты болатынын әлдеқашан айқындап берген. Сондықтан халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асатын қоғамдық реформалардың маңызы баршамыз үшін ерекше.
Референдум – жай ғана саяси рәсім емес. Бұл – әр адамның ел болашағы үшін жеке жауапкершілік сәті. Адам өмірінде де қайта ой елегінен өткізіп, жаңа жол таңдайтын кезеңдер болады. Сол сияқты мемлекет те уақыт өте өзінің негіздерін жаңартуды қажет етеді.
Білім беру саласында және мемлекеттік қызметте жұмыс істей жүріп, мен тұрақты дамуд ұғымы қоғам мен мемлекет арасындағы сенімсіз мүмкін еместігіне талай көз жеткіздім. Ал сенім қасиеті азаматтар маңызды шешім қабылдауға өздерінің қатысып жатқанын сезінгенде ғана қалыптасады.
Халық даналығы тәртіп қашанда болмасын қиындық пен ауыртпашылықтардан сақтап, алып шығатынын көп айтқан. Конституциялық өзгерістер мен бүкілхалықтық талқылау – заңға, жауапкершілікке және әділеттілікке негізделген осындай тәртіпті нығайтуға жасалған қадам.
Бүгін өткен жолыма көз жүгірте отырып, мен адам тағдыры мен ел тағдырының ұқсас екенін түсінемін. Екеуі де өзгерістерге дайын болуды, өткенге құрметпен қарауды және болашақ алдындағы жауапкершілікті талап етеді.
Негізінен, мемлекеттің болашағы айқайлы ұрандармен емес, сабырлы әрі саналы таңдаумен айқындалады.
Бүгінде мен бір нәрсені анық түсіндім: азамат ретінде өз еліңнің тағдырына қатысу – бала кезден бойымызға сіңірілген өмірлік философияның жалғасы. Ол – тәртіпті сақтау, абыройды қорғау және ортақ үйіміз үшін жауапкершілік жүгін арқалай алу.
Саян МҰҚАНОВ.
«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының директоры, тарихшы.
