Еліміздің болашағын анықтайтын күн де жақындап қалды.
Конституция жобасын талқылауға бірталай азаматтар қатысқаны – бұл жақсы бағыт, бұл қоғамның белсенді азаматтық ұстанымының көрсеткіші.


Ең бастысы Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз әр адамға, әр балаға таңдау еркіндігі беріледі. Ешкімді белгілі бір сенімге немесе көзқарасқа мәжбүрлеу болмайды. Әркім өзі сенетін жолын таңдайды. Бұл – Конституциямыздың айқын қағидасы.
Дәл сол сияқты Конституция тіл мәселесіне де нақты жауап береді. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен бірге еліміздегі барлық тілдерге құрмет көрсетіліп, олардың дамуына жағдай жасалады. Бұл – тек тілдерді сақтау үшін емес, халықтардың мәдениеті мен дәстүрін қорғау үшін маңызды. Әлемде болып жатқан келеңсіз жағдайларды ескере отырып, терең ойдан шыққан шешім.
Ең бастысы – қазақ тілінің дамуына ешқандай кедергі жоқ. Өйткені тілдің тағдырын заң ғана емес, ең алдымен халықтың өзі шешеді.
Қазақ тілінің болашағы – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қазақша сөйлесек, қазақша жазсақ, балаларымызға қазақша білім берсек – тіл дамиды. Тілді дамыту үшін үлкен ұрандардан бұрын күнделікті әрекет керек.
Сондықтан қазақ тілінің дамуын басқалардан күтпей, өзімізден бастауымыз керек. Қазақша сөйлеу – таңдау ғана емес, жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті әр азамат сезінгенде, қазақ тілінің дамуына ешқандай тосқауыл болмайды.
Жауапкершілік және азаматтылық! Елдің бір мүшесі ретінде қоғамдағы болып жатқан саяси мәселелерге өз көзқарасын білдіру – азаматтық ұстаным.

Ғалымбек ЖҰМАТОВ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, публицист, “Құрмет” орденінің иегері.

Добавить комментарий