Жазушы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984 жыл), Қазақстанның халық жазушысы (1996 жыл) Мұхтар Мұқанұлы Мағауин дүниеден озды.
Қаралы хабарды Қазақ еліне қаламгердің ұлы Едіге Мағауин Facebook-тегі парақшасында жазып, жеткізді:
«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55–те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)».
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда, бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы болып қызмет атқарған.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінген. Алпысыншы жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылған. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған.
«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын алған. Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болған.
2006 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Чех Республикасына қоныстанған. Содан бері Чехия, АҚШ, Түркия елдерінде тұрып, шығармашылықпен, ғылыми зерттеулермен айналысқан.
Жазушының әулетіне, оқырмандарына, Қазақ еліне, қайғыра көңіл айта отырып, Мұхтар Мағауинге арналған өлеңдерді жариялауды жөн көрдік.
***
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині
Үйсін мен Арғын,
Керей,
Адай ұлы –
Һас Сақтай Халық болдық қалай ірі:
Көшіртіп Дінді арабқа Көк Тәңірден,
Адами жолға салдық анайыны.
Жүргенде ат үстінде көзге ілмеп ем
Жабысып жерде жүрген жабайыны;
Қазақтан қай жұрт осы аруақты,
Түркіден басқа ел осы қалай ұлы?!
Мағжан – Бекзат жұртым, маңқылдап кеп,
Басыңа қалай шықты малай ұлы?!
Жатырда жанталасып жатыр білем,
Тоныкөк, Тоқтардайын талай ірі;
…Алтыауыз, алтыбақан – ағайыны,
Кеудесін керінеген Абай үні, –
Аузынан Бөкейханов Әлиханның
Бүгін кеп түскендейін бар айыбы, –
Алланың бетін елге бұрамын деп,
Алаштың боздап отыр Мағауині!
– Мен! – дейді – Алаш ұлы!
Адам ұлы!
Мейірім жоқ адамда, Алла, ая мұны:
Бүгіні көзге қораш көрінген соң,
Аңыз ғып айтады ылғи баяғыны.
Осынау алты Алашқа аян үні, –
Өзі – ұлы,
Өзінен де Абайы – ұлы,
Жыр болған жылқышыға, қойшыға сөз,
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Сөйле, қобыз!
(Мұхтар Мағауинге)
– Сөйле, Мұхтар Мағауин!..
Қарашаның ызғары –
нұры тайған қарашық.
Кісінеп тұр бесті айғыр үйірінен адасып.
Қара қобыз сарыны мұхиттарға жанасып,
Алты қырың беріде,
бес құрлықтан әрі асып…
Азынаса қу тақтай —
жүрекке ұғар тіл берді,
Шыңғыс ханның құйқасы шымыр етіп үлгерді…
Армандының арманын
замандардан зарлатып –
Жалған күннің жалғанын Сізден өзге кім көрді?!
Тоғыз қанат ақ орда қоңыр салқын деп қалдым,
Қарашаның ызғары,
қай жағымнан кеп қалдың?..
Ішігіңіз, ағатай,
хандар киер бұлғыннан –
Көк мұзда да жауратпас
ақ қарында ақпанның.
Алмас қылыш жарқ етсе,
қолыңда алтын балдағы,
Қаламыңның ұшында – арыстардың арманы.
Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей,
Қара қайыс қолдағы –
енді бізге қалғаны.
Баянсыз боп байтақтың тарқағанда базары,
Аңнан,
әлде адамнан Жошы ханның ажалы?..
Кет-Бұғадай күн кештің,
ғасырлармен үндестің –
Қара қобыз зар құсса,
қылы, шегі назалы.
«Теңіз бастан бұлғанса, кім тұндырар, ағасы,
Терек түптен жығылса, кім тұрғызар, ағасы?»
…Қамқа тонның жағасы,
артып туған бағасы –
Сіз не дейсіз, ағасы,
екі дүние арасы…
Бұл заманның кім білсін – ұлысы кім, ірісі?
Түнек болып кетеді түп іздесең түн іші.
Қобыз алсаң қолыңа еміс-еміс естілер –
Айрылысқан аққудың шерге толы дыбысы…
Қара қобыз сарнаса,
зарын тыңдап үлгерем,
Бұлт астында булығып
жарқ ететін күн көрем.
Тәбияға жаратқан күпшек санды күреңім –
Қасқа айғырдың үйірі болмайды екен кіл берен.
Сарынына қоса ма
Шыңғыстауды,
Семейді,
Үзік-үзік бір елес қолтығымнан демейді.
Асылдардың өлеңі,
ғасырлардың бедері –
Қара қобыз не деді,
Қара қобыз не дейді?!
Сөйле, Мұхтар Мағауин!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.