Жауһар жырдың жебесі
Қан шеңгел ғалам құсалы.
Қаймана жұрттың
қайғысын далам құшады.
Жаралы жанды,
сананы зарлы шырмады
қап-қара түннің құшағы.
Тар жолда тайғақ,
теңселген сәтте түн ұлы,
Шайырға демеу —
Түркістан көне тұғыры.
Қараңғылықтың қойнына сіңсе құбыла,
Күншығыс жақтан көтеріледі Күн ұлы.
Жайылып түнек жапқанда күннің жамалын,
Ғазалдарыңнан қою мұң болып тамар үн.
Мойнына көктің тізілген моншақ — жұлдыздар
елестетеді Гүлсім ханымның жанарын.
Жауқазын сөзден жайқалған жауһар жыр алаң,
Бұрымдай нәзік бұлықсыйды өлең бұралаң.
Қараша елдің жас болып тұнған қайғысы
қаламсабыңнан құлаған.
Сарытомардан ескенде Түркі батыр леп,
Мағжанды еске алады халқы ақын деп!
Сасықкөл жатыр айдыны айды тербеткен,
Қазақтың жанын жұпар рухымен әтірлеп.
Мұнар да, мұнар,
мұнар күн,
Желдің өтінде жаураған мендік ұлар мұң.
Абадан туған,
алдаспан намыс жарқылы,
Отты ізің өшпес
тураған төсін Тұранның!
Ғазиз тұлғаның табылмағанмен денесі,
Есінде елдің сақталар мәңгі елесі.
Қазақты жырлап, қан жұққан Мағжан қаламы —
атылған жауға Батыр Баянның жебесі.
Зұлмат жылдардан сырғыса баяу сұр іңір,
Бостандығыңмен мен құрбандығыңның құны бір.
Қажытып жанды,
уытын шашқан қу өмір,
Абақты болған саналы жанға – сұм өмір.
Тағдыры елдің тарихта қанмен қалған дақ,
Азаттық таңын Алашым кеткен армандап.
Орақ пен балға жалмаған жандар дұғасы –
Тәуелсіздік боп халқыма қонған тарлан бақ.
Жырларың үндес
таулармен,
шөлмен,
даламен.
Шерлі сияңда теңселіп кеткен бар әлем.
Соңыңнан қалған құлпытасыңдай сақталар
Қасірет сіңген,
қасиет сіңген – Қара өлең!
Еркебұлан ТІЛЕНІШ.