Павлодардағы «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында «Елдіктің өзегі – мәдениет» тақырыбымен директорлардың кеңесі өтті.
Өңірдегі барлық қалалар мен аудандардағы мәдениет мекемелерінің басшылары қатысқан бұл шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Орталықтың басшысы Замира Солтанова атап өткендей, әдеттегі ұзын-сонар баяндамалар жасалған жоқ. Есесіне, кеңеске әр тараптан келген мәдениет қызметкерлері ұйымдастырушылық жұмыстарда кездесетін түрлі мәселелерді ортаға салды. Олардың шешілу жолына қатыста өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін жеткізді.
Тұтастай алғанда, өңірдегі мәдениеттің дамуын жаңаша деңгейге көтеру, сондай-ақ ауылдық аймақтардағы мәдени ошақтардың жұмысын жандандыру, қызмет көрсетуде алдан шығатын өзекті мәселелер кеңінен сөз болды.
Жақында Сыр елінде – Қызылорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық Құрылтай жиынында еліміздегі мәдениет бағытының мәселелері мен осы салада алда күтіп тұрған іс-шаралар талқыланған болатын.


Құрылтайда Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев руханият пен мәдениетті, халыққа рухани азық берер нысандардың жұмысын барынша дамыту, бүгінгі күннің талаптарына сәйкестендіру мәселесін ерекше атап көрсетіп: «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады», – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі даму жағдайында сандық технологияларды ұтымды пайдалана отырып, елдің рухани, әдеби, мәдени мұрасын сол арқылы жұртшылыққа жеткізу мәселесіне де кеңінен тоқталды. Бұл туралы Президент: «Жуырда Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе.
Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады», – деді Мемлекет басшысы.
Міне, осындай талаптар мен міндеттерді жүзеге асыру бойынша Павлодар өңіріндегі мәдени нысандарда жаңаша жоспар-бағыттар ойластырылып, жаңаша жобалар түзіліп жатыр десек болады. Қысқасы, облыстағы әрбір мәдениет мекемесінің алдағы уақытта жаңа форматта қызмет көрсетуіне баса мән беріледі. Әсіресе, цифрлық технологияларды қолдана отырып, жасанды интеллект жүйесін кіріктіріп, жаңаша жобалалар арқылы халыққа, әсіресе, жастар мен балалар буынына құндылықтарды ұсыну – алдыңғы кезектегі мәселе. «Шаңырақта» өткен шарада өңірдің әр атырабынан келген өкілдер осыған қатысты өз ойын іркіп қалмай, тың ұсыныстар айтып, болашақта қолға алынар ілкімжі дерлік жобаларымен таныстырды.
Сандық технологияларды ұтымды пайдалану демекші, өкінішке қарай, біздің өңірде ауылдық елдімекендердегі кейбір мәдениет нысандары әлі күнге дейін ғаламтор желісіне қосыла алмай отыр. Байланыс жоқ. Мысалы, Ақтоғай ауданында жалпы саны 23 мәдениет нысаны қызмет етсе, олардың тек 1-еуі ғана интернет желісін пайдаланады. Интернет байланысы желісіне қосыла алмай отырған мәдени нысандар өзге де аудандарда бар. Бұл – басқарма мен жергілікті әкімдіктердің араласуымен шешілетін мәселе. Мұны директорлар кеңесіне қатысқан Павлодар облысы мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Елжасқызы да атап өтті және алдағы уақытта басқарма тарапынан қолға алынар шараларды ортаға салды.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірлеген бүгінгідей кезеңде сандық технологиялардың игілігін әрбір салада ұтымды қолдану, сол арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру туралы нақтылап айтып келеді. Сондықтан да ауылдық аймақтардағы байланыс желісін жолға қою алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.
Өңірімізде ұлтымызға мәшһүр, елге сіңген еңбегі аса зор тұлғалардың мерейлі тойлары жыл сайын өткізіледі. Олардың жүзеге асу форматтары туралы да қоғамдық пікір әрқилы. Міне, осы мәселеде шараға келген мәдениет өкілдері түрлі ұсыныстарын алға тартты. Өткізіліп жүрген мәдени шаралардың артық-кемін салмақтасып, шешілу жолдарын пысықтады. Сонымен қатар, биылғы жылға деп жоспарланып отырған ірі жобаларын көпшіліктің назарына ұсынды.
Осы жиынға сарапшы ретінде қатысқан қоғам өкілі, журналист-публицист, «Aiqara.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Асыл Әбішев кеңесте сөз болған бірқатар мәселелер мен бағыттар туралы ой-пікірін, ұсынысын айтты. Сондай-ақ, ол мәдениет саласындағы жұмыстарды, мәдениет өкілдерінің шығармашылық келбетін жұртшылыққа насихаттау, қолдау бойынша ақпараттық портал әрдайым қызмет жасауға әзір деп атап көрсетті.

Өз тілшіміз.

Добавить комментарий