Құрметті оқырман қауым! Aiqara.kz ұжымы атынан сүйіншілеп айтарымыз бар! Журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшімнің «Санамдағы сөз… Қаламдағы ой…» жаңа кітабы жарық көрді. Бұл туынды әдебиетсүйер қауым үшін қызыға оқып, құныға тұщынатын татымды дүние болмақ, ал қаламды серік етемін деген жас журналистер үшін таптырмас тәжірибе құралына айналары хақ.

Жинақта жас қаламгердің республикалық «Егемен Қазақстан», «Ұлан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Найзатас», «Ақ желкен», «Қасым» журналдарында, әдеби сайттар мен «Aiqara.kz» секілді порталдарда жарияланған материалдары топтастырылған.

Кітап үш бөлімнен тұрады: әдеби мақалалар, сұхбаттар және ойтолғаулар. Әрбірі автордың шығармашылығын тереңірек танытып, әдебиетке, мәдениетке және қоғамға деген жеке көзқарасын көрсетеді.

Бірінші бөлімде әдеби мақалалар топтастырылған. Еламан Қәбділәшім өз мақалаларында Мағжан Жұмабаев пен Сергей Есениннің шығармашылығындағы үндестікті зерттеп, олардың поэзиясындағы ұлттық және адамзаттық құндылықтарды үндестіре талдайды. Сондай-ақ, ақын Өмірзақ Қожамұратұлы мен Ғалым Жайлыбайдың поэзиясындағы реализм мен романтизмнің ерекшеліктеріне тоқталып, терең пәлсапалық ойларды ортаға салады. Бақи Әбдіқадыров, Арман Қанидың, Мүбәрак Жаманбалинов сияқты өңірімізге танымал қаламгерлердің шығармашылығына да кеңінен бойлап, олардың творчествосын оқырманға танытуға күш салады. Әсіресе, көп еленбеген ақындар Төлеген Мұқаев пен оралдық Боранғали Ырзабаевтың есімдерін жылдар аударған парақтардан аршып, жаңғыртып, олардың шығармашылығын кеңінен талқылайды. Бұл екеуінің алғашқысы із-түссіз жоғалып кетсе, екіншісі өмірінің көп бөлігін Ертіс-Баян өңірінде өткізген болатын.

Екінші бөлімде сұхбаттар жинақталған. Журналистикадағы ең қиын әрі күрделі жанр – сұхбаттың жүгін жауапкершілікпен көтере алғанына көз жеткіземіз. Бұл бөлімде автор мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, өнертанушы Ерлан Төлеутай, ақын Серік Ақсұңқарұлы, сыншы Бақыт Сарбалаұлы сынды тұлғалармен, замандастары Елдос Тоқтарбай, Аян Мейрашпен жүргізген сұхбаттарын ұсынады. Бұл сұхбаттарда әдебиет, өнер, мәдениет жайында қызықты ойлар мен терең пікірлер айтылған. Еламан Қәбділәшімнің сұхбаттасушыларын тыңдай отырып, олардың ішкі әлеміне үңіле білуі, сұрақтарын тартымды қоюы, әдебиеттің жан-жақты қырларын ашу қабілеті айқын көрінеді.

Үшінші бөлімде автордың ойтолғаулары ұсынылады. Бұл бөлімде Еламан Қәбділәшім өмірлік мұратын, қоғамдағы түрлі мәселелерді, ұлттық болмыс пен руханиятты талқылайды. Автор өзінің ішкі дүниесін, өскен ортасынан алған өнегесін оқырманмен бөлісіп, адамгершілік, бірлік, ұлттық дәстүр сынды тақырыптарды кеңінен қаузайды. Оның ойлары қоғамымыздың қазіргі жағдайына жаңаша көзқарас қалыптастырады.

Әрине, жас қаламгердің туындысы төрт құбыласы тең, мінсіз бола бермейді. Қателіктер мен кемшіліктер де орын алуы мүмкін, бірақ бұл оның шығармашылық жолындағы ізденісінің, бүгінгі барын берудегі батылдығының көрінісі. Кемшін түскен олқылықтар тынбай ойланудың және талмай еңбектенудің нәтижесі ретінде қабылдануы тиіс.

Еламан Қәбділәшімнің «Санамдағы сөз… Қаламдағы ой…» кітабы – бұл ой еңбегінің қазынасына қосылған жаңа бір үлес болса, автор үшін жаңа бір белес. Журналситің сезімді селт еткізер, сананы солқ еткізер соқталы ойлары, жан-жақты зерттеулері мен сұхбат алудағы аңғарымпаздығы аталған кітапты талғампаз оқырман қауым үшін тартымды ете түспек.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий