«Ер Шойынды» мен елде жүргенімде, 1929 жылы интернатта мектепте директор-мұғалім кезімде оқығанмын. Оған едәуір жыл болды. Оның авторының жаңа шығармаларын бірсыпыра жылдан бері кездестіре алмағанмын.

«Қайда екен?» деп ойлайтынмын.

Міне, енді мен сол өзім сүйіп оқыған «Ер Шойынның» авторымен 1937 жылдың жазында Новосибирск қаласында кездесіп отырмын. Бұл кездесуіміздің сәті былай түскен еді.

Тап сол жылы жазғұтұры институтты бітірдім. Сол тұста менің ақындық алғашқы кітабым «Қуат» басылып шықты. Институтқа дейінгінің өзінде-ақ аудандық, облыстық газеттерде жауапты қызметкер болып істеп келген мені Орталық партия комитеті «Қазақ әдебиеті» газетіне редактордың орынбасарлық қызметіне ұйғарды. Мен енді Қызылту ауданындағы әке-шешемді көшіріп әкелуге аттандым. Жол – Новосибир қаласы арқылы. Мұнда «Қызылту» атты қазақша газет шығады. Менің досым институтты өзіммен бірге бітірген Толқын Байбатыров осы газетке қызметке жіберілген. Мен соған телеграмма бердім.

Адал дос, ақкөңіл Толқын пойыз мамырлап кеп тоқтай бергенде вагонның артқы есігінен:

– Дихан! – деп аңқылдап кіріп, мені тауып, құшақтап жатыр.

Үйіне апарды. Мен жалғыз емеспін-ді. Әйелім Мертай, жездем Ақтай, жиенім Рузия бар – төрт адамбыз.

Алматы ыстығынан кейін, самалды Сібір қаласында кешкілікте, көк құрақты көл жиегінде толқын лебіне көкірек тосқандай рахат сезінесің. Оның үстіне Өміштің (Толқынның әйелі) қазақи кең пейілі, орынды жүріс-тұрысы, бізді асқан бауырмалдықпен қабылдауы көңілге рахат сезім құяды. Екі-ақ бөлмелі үйінің төрт осы адамның адамшылығымен, алаңына ат шаптырым патша сарайындай, кеңіп сала берді. Төркіні келген қыздай, көңілділікпен жаныңды жай таптырады. Бары-жоғын білдіртпейді. Өйтіп айтқаным, жаңа ғана қызметке іліккен кешегі студенттің жанұясы ғой бұл. Оның үстіне басқа республика, басқа қалада.

– Дихан, сен бізге соқпай кетсең, арылмас өкпем болар еді. Әрине, сенің олай істемейтініңе сенетін едім, – дейді Өміш.

Толқын әйелінің бұл сөзіне сонша рахаттанып қояды.

– Иә, бұл көксоққан солай ғой! – дейді.

Өміш адамдығы мұндағы тұрған қазақ жолдастар отбасына да тез танылыпты. «Қызыл ту» газетінің редакторы Әбдірашит Шалабаевтың әйелі – қазіргі белгелі ақын Әмина және Зекең (Зейнел Мұстафина) тағы басқалар осы үйді Қазақстаннан келген жаңа шырақ көріп, күнде келіп, Өмішпен әңгімелесіп, отырып кетеді екен. Иә, Өміш ұйытқы әйел. Көркінің ерендігі болмағанымен, жүрегінің тереңдігі, ақыл-ойының берендігі бар келіншек.

Мен «Қызыл ту» редакциясына барып қайтып едім. Үйде алқызыл жүзді, сүйкімді әйел отыр екен. Бұл кісі кеше де келіп, әйелдермен біраз әңгімелесіп кеткен екен.

– Бұл кісі – Зейнел жеңгей, Ғабиден ағаның әйелі. Ол кісі осында Толқындармен бірге газетте істейді ғой! – деп таныстырды Өміш.

– Ғабиден аға? Ол кім? – деп ойланып қалдым. – Баяғы «Ер Шойынды» жазатын Ғабиден Мұстафин емес пе?

– Иә, дәл өзі!

Дастархан жайылды. Шай іштік. Зейнел жеңгей ақжарқын адам екен. Алматы жайын құмарта сұрайды. Ел сағынған ананың жүрек лебінің ыстығын сезінесің… Ақырында:

– Көп отырып қалдым, келген шаруам Ғабидолла (Бұздырбаев) сәлем айтып жатыр. КИМЛ-ді әйелі де, өзі де бітірді ғой. Некелесу тойы мен оқу бітіру екі қуанышын ертең біздің үйде өткізбек. «Тойымызда болсын, жол жүріп кетпесін, Дихан!» деді. Жолға шықпай, тойда болыңдар! – деді өз тілегін қоса бар ықыласымен.

Мен Мертайыма да, жездеме де қарап едім, екеуі қосарлана:

– Болайық! – деді.

Сөйтіп ертеңіндегі кеште тойлы үйге келдік. Кірпіш үй. Екі-ақ бөлме. Бізді той иесі Ғабидолла өзі қарсы алды. Төртпақ денелі, қара торы жігіт екен. Аялы қара күрең көзінде естілік жатыр. Қасындағы бидай өңді жас келіншек байсалды үнмен:

– Қош келдіңіздер! – деп қарсы алды. Ғабидолланың келіншегі Гүлсім осы кісі екен. Екеуі КИМЛ-де бірге оқып, бірге бітіріпті.

Дастарқанды сары шашты, жатаған мұрынды, жалпақ бет сары кісі бастады. Үй иесі – Ғабиден Мұстафин осы кісі екен.

– Үй болып көргенім бар, ұя бұзып көргенім жоқ. Ұяларың бұзылмасын, Ғабидолла мен Гүлсім! Менің осы бір шағын тілегім шалқар бақыттарыңа қанаттас болғай! – деді. Кітаптан кездестіретіндей шап-шағын, тап-тұйнақы, ойы мол, оралтпасы аз сөз көкейіңе бал тамызғандай ұйытып түсті.

Жаңа отбасына жақсы тілектер бірінен бірі соң бірі айтылып, рюмкалар да көтеріліп жатыр. Әбдірашит те, Толқын да, мен де құттықтай тілектер айттым.

Дастарқан толасып болды. Біз есік алдына көшеге шықтық. Сібірдің жазғы самал түні балбырап, терлеп-тепшіп үйден шыққан тойшылар жанына бейім боп еседі. Қаланың батыс іргесінен Солтүстік мұзды мұхитына жүрдек ағып жатқан Обь өзенінің толқын шулары мына қоңыр түнде алыстан естілген алып қоңыраулар үніндей күңгірлеп дүбір салады. Аспан бұлтсыз. Жұлдыздар ынтызар ғашық жырлары тәрізді алтын көздерімен жымыңдасады. Құс жолы қақ төбемізден аспан таңдайына төгілген ақ айран тәрізді солтүстіктен оңтүстікке тартылып көлбейді. Әбдірашит пен Толқын екеуінің әңгімесі аспан мен жұлдыздар әлемі боп тұр.

– Анау Темір қазық. Адаспау үшін соны солтүстігім деп біл. Көп жазба! – дейді Толқын.

– Қарияларша соғады екенсің?

– Жамбыл тәтем солай дейді. Біздің Жетісудің дана жырауы сол кісі. Жүзге жасы жақындап қалды. Менің айтып тұрғаным қазақ сөзінің айын аспанға шығарған Жамбыл… Сен өй деме, Әбдірашит, мен сол ауылдікімін. Нансаң нан, нанбасаң өзің біл! Менің атымды молдаға қойғызбай Жамбыл ағам өзі қойыпты. «Толқынбай» деп.

Бұл тұста Ғабең (Ғабиден) екеуміз әңгімелесе бастаған едік.

«Анам маған үлкенді сыйла деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерең,

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем», – деп Мұқағали Мақатаев ақын айтқан тәрізді, сүйегіме сүтпен біткен кішілік – әдеп мінезім бойынша сөзді Ғабекең бастауын күтуде едім.

– Арманға алыстық жоқ, Дихан. Газет, журналдардан өлеңдеріңді оқып жатам. Кітапша бере алдың ба?

– Осы жол сапарға шығарда ғана «Қуат» деген поэмам мен өлеңдерімнің тұңғыш жинағы шыққан, кітапша болды, Ғабеке! Сізге біреуін жазып ала келіп едім. Ұялып бірден бере алмадым. Сіздің үйіңіздегі әйнектің үстінде, газетке ораулы тұр.

– Оның тым сыпайыгершілік екен.

Мен үнсіз мойындадым.

Ғабекең менің жайымда білгісі келді. Мен бұл күнге дейінгі шағын өмір жолымды айттым. Журналистиканы бітіріп, «Қазақ әдебиетіне» қызметке барғанымды, «Қызыл ту» ауданындағы кәрі әке-шешемді Алматыға көшіріп әкелу үшін кетіп бара жатқанымды сөз еттім.

– Енді не жазып жүрсің? – деді.

«Шалқыма» атты оқиғалы поэма. Жазып бітірдім де. Осыдан қайтқан соң Одақта оқылып, талқылануы болмақ, Ғабеке!

– Імм… Жақсы! Сәтті болсын, – деп ойланып қалды да, жүзіме тесіле қарап, – Тоқта, сен осы қай Әбілевсің? «Әдебиет майданы» журналында ана жылдары бір Әбілевтің «Сырлы шкафтың сыры» деген әңгімесін оқып ем ғой. Оның аты Дихан болмаса керек еді…

– Иә, Ғабеке! Оның аты Дихан емес, Әбдірахман. Сол Әбдірахман менмін!

– Қалайша? Псевдонимың ба?

– Өз атым. Қазақ бала туғанда молда алдырып, азан шақыртып ат қойдырады. Қошқарбай молда менің атымды «Әбдірахман» қойған екен. Арада он бес-жиырма күн өткенде біздікіне Мәшһүр Жүсіп келіпті. Менің атымды сұрапты.

– Жоқ. Әбіл, Қошқарбай қойған ат бұл нәрестеге ат болмайды. Бері әкелші өзін, – деп мені өзіне жақындаттырып алып, аузыма түкіріпті де, – бұның аты «Дихан!» –  депті. Ол шағымдылық деген сөз.

Бұл жылы біздің елде – Баянауылда егін-шөп өте шығымды, мал күйлі болыпты. Содан мені біреулер Әбдірахман деп, енді біреудер Дихан деп атап жүрді. Алғашқы әңгімеме «Әбдірахман Әбілев» деуімнің себебі сол. Кейін, Мәшһүр қойған «Дихан» атқа ден қойдым.

– Өмірде болатын жәйт! – деді Ғабекең.

Новосибирскінің Ленин көшесін бойлап батысқа, темір жол вокзалына қарай ұзап жүріп кетіппіз.

– Содан кейін көрінбей кеттің ғой?

– Иә, тек облыстық газеттерде өлең, оның өзінде де пәлен жылда бір ғана болмаса құнықпадым…

– Бекер! Бекер еткенсің! – деді.

Мен енді Ғабекеңнің өзіне жабыстым.

– «Ер Шойыннан» кейін сізді де көре алмадым емес пе?

Ғабекең тіпті бірер көше бойы үнсіз, ойлы, бетін алдына тік ұстап, байсалды аяңдап келе жатты да, бір кезде:

– Дихан! – деді ағалық, естілік үнмен, – адам анадан біркелкі боп, жалаңаш туғанымен, әркелкі боп өседі. Оны өмір, орта, кәсіп осылай жүйелейді. «Қараған өз жерінде гүрілдейді» деген бар. Қызылордадан Қарағандыға қайта бардым. Қайнаған еңбекке қойып кеттім. Табаныма мөр, көңіліме сыр бітті..

– Ғабеке, одан бері де бірсыпыра жылыңыз өтті емес пе?

– Оның рас, – деді Ғабекең, – бірақ, мынаны түсінейік: жұрттың бәрі бірдей шынайы өмір сүре бермейді. Біреулер әншейін тіршілік құрады. Шын мағынасында өмір сүрген адам жүрегіне дән жинайды. Сол дән күннен күнге толысып жетіледі де, рухани жемісін береді.

«Ер Шойыннан» кейін сегіз жыл. Содан бері «жетілмейтін неғылған дән»? Жүрегіне дән жиып бітетін уақыт жетті емес пе? Әлде бұл кісіден ештеңе шықпас па? Шығарма үшін жүрекке жинайтын дән – өмір сыры, адамдар психологиясы өзгеріс, жаңа қатынас, құрылыс – осының бәрін ауылда да, Қарағанды тәрізді алып өндірісте де өз басынан кешкен адам енді қалада, Новосибирскіде жүрегіне «дән жиып» жатқанына жол болсын? Не сөз, не сыр?

Сөйтіп, ол жолы түсіне алмай кеткен адамымның сырына 1940 жылы «Әдебиет майданы» журналында оның «Өмір не өлім» атты романы басылып шыққанда бір-ақ түсіндім. Оқып шықтым да:

– Анада маған айтқан жүрекке жиған дәніңіздің берген жемісін оқып қуандым, Ғабеке! Е, бәсе! – дедім.

 

***

– Талант – жүректің сыры, – дейді Ғабиден.

– Жоқ, Ғабеке, талант жүректің ғана сыры емес, – дарын қазынасы. Талант сыры деген жүрек қазынасының сиқырлы мүлкі, – дейміз. Сөйтіп таласып қалып та жүрдік.

Отан соғысынан да, Қиыр Шығыс майданынан да аман-есен оралған соң жазу ісіне құныға кірістім. Кей сәтті, кей сәтсіз өлеңдерді тоғыта жаздым. Отан соғысы оты ішінде жазған «Майданбегім» өз алдына, өлеңдерімнен «Жүректен» атты жинақ және шығардым. Ал Қиыр Шығысым ше? Алғашқы бір топ өлеңімді «Әдебиет майданы» журналына апарып едім.

– Біздікіне келші. Екеуміз оқиық! – деді Ғабиден.

– Құп! – дедім.

Үйіне бардым. Өлеңдерімді оқыдым, ықылас қойып тыңдады. Ақырында «Түп-түгел басамыз бұларыңды. Көргенің мен сезгенің, соған орай философиялық түйін принциптерің қонымды. Ұшуын ұшып, қонарын дәл таппайтын қанаттының ішінде қаңғырмалары да болады».

Ғабекең осы ойларын енді тарқатып айтып отыр. Қиыр Шығыс біздің қазақ әдебиетінде жазылмаған, жырланбаған, тың жатқан тақырып еді. Мына өлеңдер көріп, біліп, түйіп жазылғандығымен өзінің көркемдігін алуан бояулап көркейте түсіпті. Мұнда Шығыс бояуы – географилық бедерлерімен ғана емес, қытай халқының тірлік сипаты, хал-ахуалы, ақыл-арманы, біздің елімізге, азатшыл армиямызға дән ризалығы, сүйсінуі, махаббаты ой тебірентеді. Оқушы сезімін ысытады. «Хинган», «Кәрден кесе», «Шарбат», «Ғарып», «Азияның адырынан», «Бұғы» т.б. өлеңдерің осыны айтады, – дейді Ғабиден. Өзін мақтағанды кім жек көрсін, көңілденіп қалдым. Өзінің де, өзгенің де шығармасына қатал ағаның мұнысы алды туашақ жыр қанаттарымды желпіп тастап та отыр.

Әсіресе, «Ресейге қайтқанда» деген өлеңің классикалық өлең. Менің нанымым солай, – деді Ғабекең.

Мен Қиыр Шығыстан – Байкал соғыс округінде әскери қызметінен, сонау Хабаровск қаласынан демалысқа келгенмін. Аз күнде қайтпақпын, Ғабиден менің бұл жайларымды жақсы біледі.

Өлеңдерім туралы әңгіме біткен тәрізді еді. Бір кезде бетіме сындарлы жүзбен қарап:

– Дихан, сен ақынсың. Сол ақындық өнеріңді әлі сол соғыс тақырыбына сілте! Ол біздің әдебиет үшін өте жанды дүние, соны дүние болмақ! – деді.

– Дұрыс, Ғабеке, өз ойым да сол!

Шәй үстінде Ғабекең жайымен отырып, тың әңгіме бастады.

– Гәп, бір сенің жаңағы өлеңдеріңде емес, Дихан! Мен журналдың редакторлық міндетімше де, былайша да өлеңдерді көп оқимын. Ал…

«Не айтпақ бұл кісі»? деп ойладым. Ол аз кідірді де былай деді:

– «Пушкин мен Толстойдың орны бос тұр» деп орыстың үлкен әдебиетшілері айтқандай, бізде Абай орны бос тұр-ау осы. Абай енгізген жаңалықты, өміршең шынайылықты енгізе алдық па екен?

Мен үндемедім. Тыңдап алғым кеп, артын күтудемін.

– Абай ерекше дарын. Оны құдіретті еткен ақындық шеберлігі. Шеберлікке құмарлық жетелейді. Меніңше, әуестік пен құмарлық екі дүние. Абай құмарлығын қарашы:

– Өзгеге көңілім тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың.

Мұны менің саған тарқатып айтуымның қажеті жоқ. Өзің ақынсың. Ал осы құмарлық, меніңше, өлең өнерінде халық құмарлығынан, ел арманынан туып жатпаса жай бір нәрсе, ыстық қансыз салғырт та салқын нәрсе, жан жылытпайды. Қайта, адамды бойкүйез етеді.

Оны айтқанда толған

Іштегі дертті жоярсың, – Абайдың өз ішінің дерті емес, бүкіл халқының дерті. Құмарлық – арман халқының «іштегі» дертінің қайтсе жазылуы. Міне, Абай ақындығының құдіреті осыны шебер толғануында деп білем.

Ғабекеңнің бұл ойына таласар, дау айтар жөн жоқ. Бірақ, кішілік сақтап, әрі әбден тыңдап алғым кеп манадан шыдаған, айтпағым бар бір пікірімді енді бүгіп қала алмадым.

– «Пушкиннің, Толстойдың орны бос тұр-ау» деген орыс әдебиетшілерінің, «Абай орны бос тұр-ау» деген, Ғабеке сіздің, пікіріңізге қосыла алмаймын. Таланттың бұл алыптары әрқашан өз орнында. Ешкім оларды орнынан тұрғызып жібере алмақшы емес. Мың-мың жылдар солай болмақ. Бұлардың тұғыры биік-биік алтын шың. Ол шындарды құлату ешкімнің қолынан, ешбір таланттың өнерінен келмек емес.

Айтайын дегеніңіз, Ғабеке, басқа шығар? «Бізде Пушкин, Толстой неге жоқ? Бүгіннің Абайы қайда? деген шығарсыз. Талант та заман перзенті, заман сипаткері. Өз замандарының теңдессіз суреткерлері Лермонтов Пушкинше жазса Лермонтов  болар ма еді? Чеховты Толстойша жазып Толстой бол десе, Чехов шығар ма? Ешбір ақын-жазушы ешбір ірі таланттың көлеңкесі де, ұқсасы да болмасқа керек. Ұқсасы бола қалса, ол машинка қағаздың бірінші беті емес, 2-3 беті тәрізді өзінсіздік – көшірме. Ірінің көлеңкесі.

«Абайдан кейін жаңалық енгізе алдық па?» дедіңіз, Ғабеке. Әр заман таланты өз жылдарының алуанын толғанады. Абайдан кейін «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» мен «көкірегінде қызған темір жатқан Сұлтанмахмұтты, «Кел, қазақ кедейлері» мен «Альбатросты» жазған азаматтық жаршысы Сәкенді, «Майға сәлем», «Колхозды ауыл осындайды» жазған Сәбит Мұқановтың «Мен жазбаймын ешкімше де, Маяковскийше де» деуіне тағы бір рет үңілейік-ші! Әр ақын – өзі шын талант болса ешкімше де емес, өзінше, өзі жарып шығу керек. Осылардың бәрінің өлең-жырлары Абай жаза алмай кеткен, арман етіп өткен өмір жыры ғой. Келер ғасырлардағы жас ұрпақ, жаңағы сіз айтқан Пушкин, Толстой тәрізді, біздің ғасырдың Маяковскиін, Шолоховын, Фадеевін, Твардовскиін, Сұлтанмахмұтын, Сәкенін, Сәбитін, Мұхтарын, Ғабиденін талап етеді емес пе? Иә, ол сөзсіз!

Ғабекең менің бұл ойларымды бастан-аяқ сабырлы тыңдады да, ойлы отырып-отырып, орнынан тұрып кетті.

Бұл кісінің мінезі әрқашан солай-ды. Өзіне саларлық пікірді іштей парасаттап әбден толғанып алмай, көкірек таразысына аптека безбеніндей дәлдікпен өлшеп бітпей өз байламын айтпайды. Асықпайды-ау, асықпайды. Мұнша сабыр-салмақтылықты тәңірім бір өзіне беріп-ақ баққан. Кызығасың!

 

***

Жылдар өтіп жатты. Менің творчестволық өмірімдегі календарьдың жаңа беті ашылатын 1963 жыл да кетті. Ал, Ғабең (Ғабиден) «Миллионерден» кейін шыңдағы шұбар қырандай шабытты сілтеді. «Қарағанды», «Дауылдан кейін» атты екі романын бірінен соң бірін жазып, қазақ әдебиетіне тақырып жағынан да, көркемдік жағынан да жаңа шырай енгізді. Прозамыздың бел-беделін бүкіл одақ көлеміне көтеріп тастады.

Нағыз реалист жазушының шебер суреткерлігі мен өмір сырына салауаттылығын танытты. Ғабекеңнің бұл екі романы көп прозаиктерімізді творчестволық толғанысқа жүгіндірді.

Ал, мен ше? Мен прозаик емеспін ол шақта! Өлеңдетіп жүрген ақынмын. Бірақ, осы бір үлкен жанрға әзірлігім де жоқ емес-ті. Ол менің «Алтай жүрегін» өлеңмен жазған романымнан, Некрасовтың «Русьта кім жақсы тұрадысын?» аударуымнан басталып еді. Бұлар 1950-54 жылдар болатын. Сөйтіп, проза жазуға іштей өзімді әзірлей жүріп, «Ақын арманы» деген романымды жазуға бел байладым. Бес жыл бойы жанға айтпай да, көрсетпей де келген «Ақын арманын» ақыры жазып бітірдім де.

– Роман жаздым, Ғабеке!

– Тағы да өлеңмен бе?

– Жоқ, прозалық..

Бұл көптен жазбақ тақырыбым еді. Адалын айтсам, бірінші беттерін жаңа бастап жаза бастағанымда соғыс басталып кетті, майданнан оралған соң өлеңдетіп жүріп алдым. Сөйтіп жүріп, жарты ғасырды артыма тастап жіберіппін. Аз жасап, асыл мұра қалдырып, көп арманы көкірегінде кеткен ұлы ақын жайын жазуға бүкіл жас шағыммен, творчестволық арыммен борыштымын деп білуші едім. Сол туралы жаздым…

– Е, онда, Сұлтанмахмұт туралы болды ғой. Ауылдасы, жерлесі екенсің. Былтыр Қарағандыдан Баянауылдатып қайтқанымда Сұлтанмахмұт зиратын да, қыстауын да көрдім. Сенің Мойылдыңда да болдым. Білген адамың туралы жазу – көркем шығармаға ең керекті шарт. Ал оны көркемдеп ұқсату – ең жауаптысы, – деді Ғабең. Содан соң аз үнсіз отырып:

– Бабадан балаға,  баладан ұрпаққа Абай мен Сұланмахмұтсыз қазақ әдебиеті, қазақ ақындығы көш тарта алмақ емесіне ден қою өз алдына. «Абай», «Абай жолы» көсегемізді көгертті. Одан кейін сен… – деп тоқтап қалды. Сезем: «Мұнша батырлыққа қалай барып отырсың?» Не «Абай» романының, не Сұлтанмахмұт ақындығының көлеңкесінде қалып қоймайсың ба?» «Бекер-ақ әуре болған жоқсың ба?» – деп қиналып отырған тәрізді.

– Нар тәуекелге бастым, Ғабеке! Сізге оқып бергім келеді. Әуелі тыңдап көріңіз.

Тап осы сәтте, манадан әңгімемізді жай тыңдап отырған Зейнел жеңгей:

– Оқысын, тыңда! Диханның романына уақыт таппағаның болмас, Ғабиден!

Жазушының әйелі есті болса жазу дүниесінің бейнетін, қиямет ауыр еңбек екенінін бар жанымен түсінеді. Өзі жазбаса да күйеуінің қалам еңбегінің ой-ми еңбегінің сырын сезім дүниесімен сергек парасаттайды. Зейнел жеңгей өзімен айлас құрсақты құрбысынан дүниеге жаңа перзент келуіне шын тілектес жүкті анаша, мейіріммен айтты.

Ағамыз жеңгемізге күлімдей қарап:

– Менің «шабандығымды» сенің шапшаңдығың үстеп… Ал, келістік, Дихан! Күнде осында, осы верандада сағат бестен жетіге дейін екі сағат оқитын болайық романыңды. Ертеңнен бастайық! Кел! – деді.

Ғабиден Совминнің демалыс үйінің екінші дачасында тұрады. Мен тап осы демалыс үйіне тұспа-тұс өзеннің батыс жағасында «Алша» аталатын жерде – өз дачамда тұрам. Ғабиденнен қуанып қайтқаныммен түнімен ұйқым келмеді. Ғабекеңнің мінезінің өз шығармасына да, өзгенікіне де қаталдығы есіме орала берді. «Қалай болады?» «Несіне тілендім?..»

Ғабең қызметтен әлгі әзірде ғана келіп (Жазушылар Одағының председателі боп істейтін), аз дем алып, мені верандасында күтіп отыр екен.

– Төрле!

Ішім жылып, жерім кеңіп сала берді. Қолында қалам. Алдында ақ қағаз. Кәдімгі операцияға қайшысын әзірлеп отырған майдан хирургтері тәрізді көрінді маған. Жүрек тоқтаттым. Тәуекел!

– Ал, оқы!

«Буаз» папкамды ашып жатқанда-ақ маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Сезімтал Зейнел жеңгей орнынан сызылып қана тұрып кетті. Ғабең екеуміз ғана қалдық.

– Романымның аты «Ақын арманы», Ғабеке!

– Атында емес, затында. Оқы!

Арапша жазғанмын. Оқы деуі-ақ мүң екен, тек қана саусағыңды тигізші деп тұрған домбыра пернесіндей, заулата жөнелдім. Даусымның қалай шыққанын да, оқу мәнерімнің нешік екенін де білмеймін. Әйтеуір, төпе жігерді оқып отырмын. Ғабең сағатына қарады да: «Бітті! – деді.

Екі сағатта небәрі он жеті бет қана оқыппын. Өйткені Ғабең мені кідірте берді.

«Ана сөйлемің артық, мына бір жерің жетілмей жатыр», «мына бір теңеуің ақындық лепіру», «әне бір сөзді ол жерден алып, әне бір жерге орналастыру керек. Сөйтсең түлей түседі», «мына бір сөз шығарма жүрегіне тән емес, жүдеу тұр»,  деген тәрізді пікірлерін адым салдырмай, қолма-қол айтады. Кара тақтаға ақ бормен жазылған әріптей айқындайды, мен де сол беттің, сол жолдарына таңба соғам. Сөздердің, сөйлемдердің тұсына сұрау белгісін қоямын. Немесе қолма-қол түзетемін.

Ал Ғабең ше? Маған айтқан пікірлерін өзінің алдында жатқан ақ қағазға түсіреді. Бұл маған жауапкершілікті мүлде арттыра түсуді жүктеп отырған көрініс. Күлімсіреп те, күрсініп те қоямын. «Мұнша қадалғыш, қаталға қайдан тілендім?» – деп те ойлаймын-ау.

– Ертең тағы да бесте кел! – деді ақырында Ғабең.

Бірінші тынысымды кеңіткен осы сөз еді.

«Шығармам бар екен, өз сенімім өзімді алдамаған екен. Жарайсың, Дихан»  дедім ішімнен. Өйткені, менің мұным бос әурелік болса, қатал Ғабең көңілге қарамас еді. «Жоқ екен, қоя ғой!», – дер еді. Немесе сыпайылап: «Уақытым жоқ, ренжіме, Дихан. Басқа біреуге тапсырайын. Сол оқып шықсын»,  – дер еді.

Әдетте көркем шығарманың табиғатын алғашқы бес-алты беттегі аяқ алысы-ақ танытады. Демек, бұл күнге дейін жиырма бес жыл қалам тербеп, басқалардың жаңа туындыларына өзім де пікір айтып жүрген маған Ғабекеңнің жаңағы сөзі рахат сезім тудырды.

Сөйтіп, мен содан былай Ғабеңе романымның қолжазбасын («Ақын арманының») оқуға жүрексінбей, еркін, сенімді баратын күйге ауыстым. Ғабеңнің уәдеден таймайтын табандылығын, Мұқамбет шақырса да орнынан тапжылмайтын тау тәрізді көргім келді. Әзәзілдің азғырындысына Фаустың да еріп кеткенін білеміз. Ал, Ғабең ше? Жоқ. Оған мысалы: бір күні тағы да қолжазбамды апарып, бір сағаттай оқып отырған үстімізге демалыс үйінде жатқан Төлеген Тәжібаев пен Мәулен Балақаев келіп:

– Ал, Ғабе, сізге келдік. Сапырып жіберейік! Жүріңіз! – деді. Мен «сапырып жіберейіндіктеріне» түсіне алмай қалып отыр едім.

– «Ала қағаз» уәдемнен қызық емес, Төлеген. Өздерің ойнай беріңдер! – деді Ғабең.

Ғабең сол жылдары кейде преферанс ойнайтын болғанымен, жаңағы екі бірдей беделді адамның шақыруын қабылдамады.

– Кейін оқисыз ғой, Ғабе, жүріңіз! – дейді екеуі бірдей қиылып. Менде үн жоқ.

Ғабең енді кесіп айтқысы келіп:

– Мен қазір өмір қызығына еніп кетіп отырмын. Бұл сәтте одан сырылып шыға алмаймын.

– Апыр-ай, Ғабе!

– Апыр-ай, Ғабе!

– Апыр-ай, Ғабе!

– Қалай болса сол! Күніне екі сағат Дихан романын өзіне оқытып тыңдауға уәде бергенмін. Уәде – қаққан шеге, қатқан жартас болмақ керек! Түсінсеңдер, енді бір сағаттан кейін босаймын. Оған дейін уәдемнің «тұтқынымын», – деді.

Ғабеңнің мінезінің қайыспас та майыспас беріктігін бұрынғы білетінімнің үстіне осы «Ақын арманы» қолжазбамды оқу үстінде тіпті ғажап қалудамын.

Ғабеңдікіне уәделі «сағат бестен» кешігіп келу деген менде болған емес. Ол кісі де соған әзір отырады. Тағы сол дачасының қабырғаларының пердесін өз қолымен түсіріп, есікті жауып, құлаққа ұрған танадай тыныштық жағдай жасайды.

Бүгінгі бір отырысымыздың орта шенінде Зейнел жеңгей:

– Ғабиден, жүріңдер! Дихан екеуіңе демалыс үйі асханасынан манты әкеп, столға жасап қойдым… Жүріңдер! – деді.

Ғабең:

– Енді бір сағаттан кейін!

– Суып кетеді ғой!

– Ас суыса қайта жылытылады да ысиды. Шығарма суыса шырық бұзылады. Диханға бөлген уақытым ортаймасын.

Зейнел жеңгей зерделі адам, ар жағын айтпай түсінеді.

– Жарайды онда. Уақыттарыңды алмайын! – деп биязы басып, ренішсіз, жарқын жүзбен, күлімсіреп шығып кетті.

Сөйтіп, менің романымды күніне кесімді екі сағаттан оқимыз. Таусылар емес. Аз оқып, көп кеңесіп, көп оқып аз кеңесіп дегендей, екі ай бойы бір тамаша сырластық, творчестволық қандастықпен  табысып кеттік. Екі айда үш бөлімін (400 бетін) әрең бітірдік. Сол күндердің бірінде тағы да бір жәйт болды. Ғабекеңнің Қарағандыдан (үй ішімен) інісі демалысында қонаққа кеп жатқан-да. Аттанар күні болыпты. Күндегі белгілі сағатта қолжазбамды көтеріп кеп (папкам бұл кезде жіңішкере бастаған. Өйткені оқылған жағын енді әкелмейтінмін), тағы да сол көк верандада оқып беріп отырмын. Шамасы қырық минут өткен уақытта Зейнел жеңгей машинадан түсіп, қолында көтерген бірсыпыра бұйымы бар, веранданы басып өтіп, арғы бөлмелеріне кірді де, аздан кейін қайта шықты. Бізге, үстел басына мамыр басып жақындап келді. Бізді алаң еткісі де келмейді, айтпасына да болмайтын жағдай екен. Мүдіріп, тамағын майда қырынып:

– Ғабиден! – деді ақырын. – Қалай болады… Қайным, келін балалар бәрі қазір жүреді ғой. Аэропортқа шығарысып салуымыз керек емес пе?

Мен оқуымды тоқтата қойдым. Ғабиден әйеліне назар аударды.

– Өзің де жүріп шығарысып салғанымыз жөн болар еді. Сен бармасаң көңілдеріне ауыр алып кетіп жүрер!

– Тай тулап үйірінен шықпас. Түбі бірге түтпейді, – деді Ғабекең.

– Сонда да! Алыстан келген ғой?!

– Менің кіндіктесім екеу. Бірі – сенің жаңағы айтып тұрған қайның. Менің інім. Ол – алыс дегенде Қарағандыға барады. Екінші кіндіктесім – әдебиет. Бұл шынайы туыстық тапса ұзаққа сілтейді. Мүмкін ғасырларға! Мен осы соңғысымен қалайын. Сен шығарып сал оларды. Енді бір сағат, жиырма минутсыз мен тапжылман! Білесің ғой… Содан соң ғана, – деп шегелеп айтты да, – үлгерсем үлгергенім, үлгермесем үзеңгісін үзбей тебініп аттана берсін!

Міне, керемет мінез!

Мен қипақтап:

– Ғабеке, кейін оқырмыз. Ініңізді шығарып салыңыз! Сол жөн! – деп едім.

– Босаңсыма! Көңілге қарау көрінгеннің қолынан келеді. Шартты бұзбау – шағын жандікі. Қиянатқа барыспайық.

– Қиянат ол қандай қиянат, Ғабеке?

Мен туған анамның дидарын көрмей, қызыл шақа шағымда жетім қалған адаммын. Оның үстіне әкем Әбіл кедей адам болған. Бірақ еті тірі, сергек, қасіретке де, жоқшылыққа да мойымаған, қажырлы кісі, бетті кісі. Ал, мен өз басым қорғаншақ, жетім боп күрсініп өстім. Адамға адам қайырымын тілейді жетім жүрегім. Талпына келе (бала шағымда) «біреуге бір жақсылық етуге жарасам» деген арманмен өстім. Бірақ ол күнде менің қолымнан не жақсылық келеді? Осы ақ ниет менің ержеткен шағымның да жүрек қаны еді. Мүмкін, мұнымды ұмытқан да шағым болса өмірден кешірім сұраймын. Әйтеуір, күнде таңертең төсектен оянғанымда «Кеше кімге не жақсылық істедім? Бүгін қолымнан нендей қайырым келер екен?» – деумен өмір сүріп келем. Ал мен, өзім білген үлкен жазушы адамда Ғабидендей табанды, әр ісіне, әр минутына жауапкер мінездіні кездестірген емеспін! Сондай болғың келіп, арман етесің! Ол – Абай айтқан «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» – ау деймін. «Қиянатқа барыспайық?» дегені не бұл Ғабеңнің? Менен не қиянат сезді?» – деп ойлана бергенімде, Ғабекең:

– Уақытқа қиянат етпейік! Күніне екі сағат еді ғой уәдеміз?

Әбден түсінікті. Қуанып кеттім.

– Мен… – дедім де, айтарымды іркіп қалдым, «оныңызға құлдық ұрсам!» демекші едім. Сөйтіп, күнде сағат бесте бастап, тек жетіде тоқтаймыз. Қай беттің қай жолына жетсек, сол жер ол күнгі аялдамамыз. Белгі қоямыз. Ертең сол жерден бастап, ілгері аттаныс бастаймыз. Сөйтіп, сол жаздың екі айында «Ақын арманы» қолжазбасының төрттен үш есесін оқып, еңсеріп келе жатқанымда Ғабиденді Москваға шақырып, сонда жүріп кетті. Романым оқылып бітпей қалды…

Қап? Алдағы халі нешік болар?

 

***

Ғабиден сол сапардан қыркүйектің аяғында бір-ақ оралды. Дачамыздан біз де, демалыс үйінен Ғабекең жанұясы да қалаға көшіп келгенбіз.

Ғабекеңнің Москвадан келгенін кеше естіп, Мертайға қуана айтқанмын. Бірақ Ғабеңе әдейі хабарласа қоймадым. «Шаршап келген шығар. Тапсырмалар да алған шығар. Әуелі бабына келсін өзі. Содан соң…»  – деп тізгінімді тежей берген едім. Ертеңіне телефон сылдыр етті. Таныс үн. Ғабеңнің майда қоңыр сабырлы даусы.

– Амансыңдар ма? Мертай, балаларда бәрі жақсы ма?

– Келуіңізбен! – деп, одан соң амандығымызды айтып бола бергенімде:

– Басқа әңгімені кейін сөйлесе жатармыз. Ертең сағат бесте кел. Аяқтап тастайық романыңды!

«Шаршап келген шығарсыз, тынықпайсыз ба біраз күн? Содан соң оқысақ болмас па?» – демекші едім. Оған үлгертпеді:

– Темірді қызған кезде соқ. Ой суымай тұрғанда тыңдап бітуім жөн. Сол үшін ертең сағат бесте!

«Соқырдың тілегені екі көзі!» дегендей, айтылмыш сағатта қолжазбамды көтеріп кіріп бардым. Ғабекең сол жылы ғана Абай даңғылындағы 51/53 номерлі үйге жаңа пәтерге кірген. Үй келісті. Кірсең шыққысыз. Кең залда, диванда дем алып отырған Ғабең менің сәлемімді ықыласты қабылдап, өзінен жоғары қасына отырғызды да сағатына қарап: «Бес! Бастаймыз!» – деді. Зейнел жеңгей стол басынан тұрып, бірер басып жақындап кеп:

«Сағат бестерің» бүгіннен кейін де бола берер. Бүгін жай әңгімелесіп отырсаңдаршы. Тамақ дайындадым. Мертайды шақырып қойдым. Өзіміз боп біз де бір шүйіркелесейік те! – деді.

– Біздің бәйбіше де бірдеме біледі! – деді Ғабең күлімдеп, – ренжімесең солай-ақ болсын, Дихан!

Сөйтіп ол күн екі семья бас қосумен өтті. Әңгіменің басында айтқанмын, Ғабекең мен Зейнел жеңгеймен Новосибирскіде 1937 жылы танысқанбыз. Зейнел жеңгей сондағы танысуларынан бастап біздің Мертайды туған сіңілісіндей, немесе тетелес абысынындай ыстық жақын көретін. Екеуі құрметтесетін, сыйлас, сырлас, болатын. «Әйелдерін шығармасына енгізеді деп кінәлаушы» достар болса, ол творчестволық адамның жанын, жағдайын түсінбеушілік дер едім. Өйткені, әрбір қаламгердің, ақын-жазушының жан серігі – әйелі. Ол сенің ең бірінші жәрдемшің. Ол өзі жазбағанымен сенің жан күйіңнің, шабыт сырыңның күй пернешісі. Творчестволық сезім дүниенің балгері, бірінші сыншың! Бірінші сүйенішің, күйінішің. Қажетті жерде ақылшыл кеңесшің! Шаңырағыңның ұйытқысы, бақыты. Соның бәрінен асылы – дүниеге жаңа адам келтіріп, өсіріп, тәрбиелейтін ана ғой бұлар. «Ана! Адамның анасы. Бұлар жоқ болса адам қауымы да болмас еді!» дегенді бұрынғы данышпандар тегін айтпаған.

«Ананы сыйлайық! Ананы құрметтейік!»

Мертай мен Зейнел жеңгей бұл отырыста да бізге сондай аяулы. Және екеуі де қазақ әйелдерінің әдепті де көргендік мінездерін сақтай білетіндер. Мертай Ғабекеңді (Ғабиденді) туған ағасындай сыйлайды. Ол кісінің көзінше өрескел отырып тұрмасқа, оғаш бірдеңе айтып қалмасқа бекінеді. Қазірде де өзін солай орында ұстап отыр. Көбінесе Зейнел жеңгейдің асхана жақтағы шаруашылығына жәрдемдесіп, дастарқан әзірлесіп жүрді.

Ғабекең екеумізде әңгіме тым тақ-тұқ. Біздің сырымызды білмейтін әлдекім үстімізге келе қап, бірге отырса «мына екеуі бірін-бірі жақтырмайтындар ма?» деп қаларлықтай отырысымыз бар. Сөйлесер, әңгіме етер жай Ғабекең екеуіміздің арамызда тіпті көп-ақ. Басқаны қойғанда бұл кісі тыңдап, мен оқып беріп жүрген (үш ай бойы) «Ақын арманы» ше? Ғабекең бұл отырыста ол жәйін әңгімен еткісі келмейді. «Әр нәрсенің өз орны бар» деп біледі. Онысын менің де ішім сезулі.

Обалы нешік, Москва сапарын, ондағы Жазушылар Одағының басшыларымен, ірі-ірі орыс жазушыларымен кездесулерін қысқа-қысқа (телеграммалық сөздер тәрізді) айтқан-ды.

– Көркем әдебиеттің бел көтерер бойын-ойын, көркемдігі мен өрнегін, өрісін көрсететін үлкен проза ғой. «Абай» романы бастаған қазақ прозасын мол тыныспен одақтық әдебиет әлеміне көтеріп кетіп барамыз! – деп еді Ғабекең.

Мен:

– Ғабеке, «Жалғыз жалау жылтылдаптың» заманы емес қой. «Абай» романы жорық басшы кеме болсын! Оған талас жоқ! Ал соңынан тағы-тағы кемелер шеру тартпаса, не болғаны? «Қанатсыз сұңқар болмайды» деген бар емес пе?

Бұдан соң миен қазақ әдебиетінің «Абайдан» кейін «Абайға» қанаттас, «Абайды» жан-жақты көркемдей түсетін «Ботагөзді», «Оянған өлкені» өзінің «Шығанағын», «Миллионерін», «Қарағандысын» атадым.

– Бүкіл кітап оқушыларының рухани қазынасына айналып отырған бұл шығармаларды етекпен бүркеп бола ма?

Ғабекең үнсіз. Мен үдей түсудемін. Бұл жолы дау айттым.

– Проза мәдени өскендіктің белгісі екеніне сөз жоқ. Ал, әдебиеттің атасы мен анасы тәрізді поэзияны қайда қоямыз?

Ғабекең елең етіп, бетін маған бұра тыңдайды.

– Прозамыздан бұрын, сонау жылдардың басынан бастап байтақ Отанға қанат қаққан «Майға сәлем», «Сұлушаш», «Тасқын», «Мәриям Жагор қызы», «Тараспен әңгіме», «Алтай жүрегі», «Абдолла», «Біздің ауылдың қызы», «Менің ұлым» бар емес пе? Үлкен прозаға осылардың үлкен әсері жоқ дей аласыз ба?

Ғабекең бұл жолы да үнсіз тыңдады.

 

***

Соңымен, я, сонымен «Ақын арманының» соңғы төртінші бөлімін де бітірдік. «Уһ!» – дедім тынысым кеңіп.

– Роман бар. Шыққан дүние. Ұсақ-түйек қақпай-соқпайларын оқу үстінде мен айтып, сен жөндеп отырдың. Сұлтанмахмұт бас геройы ғой романның. Сол бар.

Мен тағы не айтар екен деп ынтығудамын. Аса жауапты тақырыпқа барғаным өз алдына. «Абай» романы да ақын өмірі. Абай тәрізді ұлы дана ақынның өмірі. Ал, Сұлтанмахмұт та Абайдан кейінгі ұлы ақын. Мұқанның «Абай» романынан ұлан асыр үлгі-өнеге, әсер алдым. «Ақын арманын» жазарда сол романның толқынына рахаттана жүзіп шықтым.

– Романыңның маған ұнаған жайы мыналар, – деді. Қызыл тысты ұзыншақ блокнотын алдына қойып, жазуларына кейде үңіліп, кейде үңілмей.

– Әуелде, әдеби қадамымды мына мен де өлеңмен бастағанмын. Біздің заманның қазіргі поэзиясы пафосты, екпінді, көтеріңкі рухта келеді. Ол заңды құбылыс. Аспандап биіктеп, лапырып шалқып қиял қанатының қыран ұшқырлығымен сілтенеді. Өлеңдеріңді сен де солай жазатын едің. «Романы» да сондай лапырмалы болар ма деп қауіп ойлап едім. Бірінші тарауыңды оқытып тыңдағанымнан кейін басқаша пікірге келдім. Дағдылы прозаиктерше өмірді оқиғаға орап, геройларыңды кәдімгі жерлік пенделер етіп, қимыл-әрекеттерін реалистік өрнекте жазыпсың. Бұл бір. Екінші ұнағаны: Мұхтардан үйрене отырып, «Абай» романындағы бұл романға ортақ боларлық қазақ даласындағы дау, жанжал, тартыс туғызатын, әлділер басынып, әлсіздер ашынатын уақиғаларды мүлде басқаша беріпсің. Айталық, медреседе қазіреттің үй қызметкері бола жүріп, төрт жыл оқып, күні ертең қазірет өзіндей қазіреттікке дайындап – ұйғарып отырғанда Сұлтанмахмұттың медресесін, қазіреттен, безіп, Троицкідегі орысша оқуға кетуі – лап еткен жаға жалын. Одан кейін Троицк. Орысша оқу. «Айқаптағы» қызметі. Ақындығы.

Ғабекең енді алдындағы журналды үстелдің үстінде қойып, құюлы стакан шайды бірер ұрттап қойып, былай деді:

– Ақындық демекші, әдебиетте ақын бейнесін шын мағынасында жасау, батыр бейнесін жасаудан жүз есе қиын деп Мұхтар айтқан қағидаға мен де жүгінемін. Шығарманың о жер – бұ жерінде ақынның өлеңдерінен цитата келтіре берумен ақын бейнесі, ақындық бейнесі жасалмайды. Олай ету – шығармаға герой етіп отырған ақынның тұлғасын клоун тәрізді күлкі еткенің.

Ғабекең бүгін бір шешіліп, көсіліп сөйлеп отыр. Үш жарым ай оқытып тыңдаған Сұлтанмахмұт туралы роман жайында, мүмкін, осылай бір ақтарыла сөйлеуі, мүмкін тіпті, әдетте сонша сөзге сараң мінезінен тыс бір ауытқуы шығар.

– Сұлтанмахмұттың, – деді Ғабекең, – ақындық бейнесін «Қамар сұлуды» жазуы үстіндегі тебіренісімен беруің де маған қатты ұнайды.

Арада көп күндер өтті. Бір күні телефон шылдыр етті.

– Ғабиден Мұстафин жолдас Сізді шақырады. Келсін дейді, – деді.

– Құп!

Әңгіме «Ақын арманы» туралы болмақ шығар деймін.

Иә, расында солай екен.

Ғабекең кеше президиум шақырып, сол мәжілісте «Ақын арманы» туралы айтыпты.

Кең тынысты, реалистік өрнекте жазылған. Бірақ Сұлтанмахмұттың саяси сүрінісі бұл кітапта жоқ. Оған жетпей біткен. Февральды томда қарсы алуымен ғана тынады. Соны азырқанбасақ бұл кітап бар, – депті.

Жұрт әрқилы толғаныста отырғанда Зейнолла Қабдолов:

– Ғабеке, сізге сенбейтін кім бар. Егер бірінші кітабы «Война и мир» де, «Тихий Дон» да, «Абай», «Абай жолы» да бірінші кітаптары басылудан басталмап па еді? – депті.

Президиумда бұл пікірге қарсы ешкім болмапты. Ертеңінде шақырумен барғанымда, Ғабекең орнынан тұрып амандасып:

– Құттықтаймын! Романыңды кеше президиумда баспаға ұсындық! – деді.

 

***

Кейін Ғабекеңмен тағы ла талай кездесіп, әдебиет жайын кеңесіп жүрдік. «Ақын арманы» кітап болып шықты. Бірінші данасын қолтаңбамды жазып Ғабекеңе апарып бердім.

Ғабекең маған көркем әдебиеттік шығармалар шартына тән мына бір ойларын айтты.

– Көркем әдебиет деген атының өзі айтып тұр ғой. «Өнер алды қызыл тіл» – халық даналығы. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бишарасы» деп Абай айтқандай, білгірлікті тек поэзияға ғана, ақындарға ғана хас деп түсіну жетесіздік болмақ керек. Прозада да «бөтен сөзбен бүлінбесін сөз арасы», «Ақын арманының» екінші кітабын жазғанда осынан есіңе сақта, Дихан! – деді.

Ғабекең менің өз көкірегімде де елес беріп жүрген жәйіттерді жаныма қан құйған тәжірибесі мол дана дәрігерлер тәрізді сіңіріп отыр.

Неге?

– Сен Сұлтанмахмұтты үш кітап етіп жазам деп жүрсің. Оның алғашқысы «Ақын арманы» туралы ақыл-кеңесімізді де, ризашылығымызды да айтқанмын. Кейінгі кітаптарыңда жаңағылар есінде болсын.

Бұл кездесуіміз Ғабекеңнің инфаркт боп ауырып, үш ай бойы емханада жатып шыққанынан кейін болатын. Бұл жылда Ғабекең «Казпотребсоюздың» демалыс үйінде, тау баурайында тұратын. Дәрігерлер айтқан шарттарды бұл кісідей сақтау ешкімнің қолынан келмес беріктік еді. Сол жолғы әңгімесінің аяғында:

– Сұлтанмахмұт бейнесін бар шындығымен сипаттауды шарт ет! Онсыз ақиқат жоқ. Ақиқат жоқ жерде шығарма жоқ, шындықтан тайсалма. Махмұт өзі шындығында совет үкіметін қарсы алуда еш нәрсесін жасырмаған екен ғой. Соның өзі-ақ оның Сұлтанмахмұттық бейнесін беріп жатыр. Әсіресе, осы тұсын батыл көркемде!

Жанашыр аға жазушы менің алдымның қамын ойлайды. Риза боп қайттым.

 Дихан-Баба ӘБІЛЕВ,

Қазақстанның Халық жазушысы.

1975 жыл

Добавить комментарий