Кітапхана – жазбалардың жүрегі…
Мұғаліміміздің «Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама», – деп жасырған жұмбағына: «Кітап» деп жамырай жауап беретін бала шағымыз есте әлі. Дұрыс жауап бергенімізге мәз болып, алдымызда жатқан оқулықтарымыздың бетін бір сипап қоятынбыз: «Қаттама!» Сөйтсек кітап дегеніміз «қабат-қабат қаттама» ғана емес, «Ақылды қуаттандыратын құрал» (Каменский) һәм «Асып-таспайтын асыл досымыз» (Гюго) екен.
Шымкенттік ақын досым Әлімжан Әлішердің «Кітап ұрлау операциясы» деген өлеңі бар. Кітап жайлы, кітапхана жайлы сөз қозғасам, ойыма орала кетеді. Замандасым болған соң ба, бұл өлең біртүрлі жаныма жақын. Былай басталады:
«Абыздарды,
Ақындарды,
Шешенді,
Танып алдым кітаптардан әсерлі.
Кітапхана – жазбалардың жүрегі,
Мешіттен соң киелі орын осы енді…»
Кітапханаға келеміз. Мүлгіген тыныштық, «момақан даналық». Бір бұрышта отырып алып, ғаламзатпен тілдесеміз.
«Қазақ жастары қазір ғаламторға сіңіп барады, кітап оқылмайды», – дейтін пікірді жиі естиміз. Осы орайда айта кетерлігі, электронды кітаптар пайда болды. Қажет кітаптарыңды жүктеп алу арқылы, біршама салмағы бар кітаптарды қолға ұстап жүру «азабынан» құтыласыз. Кез-келген жерде, кез-келген жағдайда оқуға ыңғайлы. Күнделікті өмір жағдайында біз сондай электронды кітаптарды оқып отырған жастарды жиі ұшыратамыз. Және, басым көпшілігі демесек те, жастардың біршамасы сондай кітапты оқуды жөн көреді. Ал, бір бөлігі кітапты кітапханаға келіп жаздырып алып оқиды. Яғни, кітапты қолға алып, иісін сезініп…
Мен екінші топқа жатамын. «Электронды» емес «қағаз кітапты» (солай деуге мәжбүрміз) оқудың – ләззаты бөлек. Бұл пікірді диплом қорғау кезінде айтып ең жоғарғы баллды иеленгенім – бір қызық оқиға болды. Комиссия төрағасына, қарапайым ғана бұл пікір ұнаған болуы керек, дипломды бір-ақ минутта қорғап шықтым.
Осылайша кітапханашы дипломын қолыма алдым. Студенттік жылдардың алғашқы кезеңінде кітапханашымын деуге қысылатын едім. Кейін осы бір ұлы мамандықтың тереңіне сүңги түсіп, құлағымның ұшы қызаратын түк те жоқ екенін ұқтым. Оқу бітіргеннен кейін үш айдан аса Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырушы болып жұмыс жасадым. Жастар келеді кітап сұрап. Іздегенін тауып, алған әсерлерін бір-бірімен бөлісіп жатады. Жұмысыма келген достарыма: «Мынау менің үйім, көрдіңдер ме қаншама байлығым бар», – деймін. Олар да қызыға һәм қызғана қарағандай болады. Іс-тәжірибе уақытынан бастап өз үйімдей болып кеткен кітапханаға келмей кетсем сағынатын едім. Біртүрлі жалғызсырайтын едім.
Менің «Кітапхана ісі» маманы екенімді білген Ерлан (Жүніс) ағаның: «Арманына жеткен жалғыз ақын болайын деп тұрсың» дегені бар еді. Гүлнар Салықбайдың, Маралтай, Әмірхан ағалардың кітапханашы болуды армандағанын білуші едім. Енді, міне, өзімнің де кеудемді бір мақтаныш сезімі билейді.
Қайдан оқығаным есімде қалмапты, жекешелендіру жүре бастаған кезде республика көлеміндегі көптеген кітапханалар жекеменшікке өтіп кетіпті. Кітап сөрелері босатылып, «қазынаның» барлығы сыртқа шығарылып, қоқысқа тасталыпты. Бос қалған бұрынғы кітапхана ғимараты енді ойынханалар мен мейрамханаларға айналған. Жекешелендіріп алған соң, әркім ойына келгенін жасайды да. Жаныңыз түршігетін ақпар. Бірақ шындық…
Әлімжанның өлеңі былайша жалғасады:
«…Сөмке-сөмке болмаса да бір-бірден,
Бала едім ғой…
Кітап ұрлап жүрдім мен.
Ізденбесем өз-өзімді табар ма ем,
Ашық сұхбат жасар ма едім бұл күнмен?…»
Дұрысы «Ашық сұхбат жасар ма едік?». Өткен күнмен де, бүгінгі күнмен де, келер күнмен де. Бұл ойымызды Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөзі толықтыратындай: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік». Заманмен де, ғаламмен де тілдесе алмас едік. Кітаптың бүгінгі ғылым мен техниканың бастауы екенін айтпағанда, адамның адам болып қалыптасуында алар рөлі жоғары. Адамзат – кітапқа қарыздар. Бұған тарих куә.
«…Оқырманға, оқу залға қарамай,
Жымқырған да дұрыс емес көп олай.
Жасақталған сарбаздары жоғалған,
Босап қалған сөрелерге обал-ай.
Балалық-ай шыға келген күлгін боп,
Армандадым атқарсам деп бір міндет,
Көшіргім кеп кітаптарды үйіме,
Өз үйімді кітапхана қылғым кеп.
Төлегеннен, Қасымнан да құр қалмай,
Иелендім өз-өзімді күнде арбай.
Мұқағали не дейді екен ішінен,
Абай маған қабақ түйіп тұрғандай.
Қызық көріп жүрдім түрлі жолменен,
Қылмысымды жасырып та келмегем.
Кітап зат боп көрінетін шығар, ә,
Адамдарға кітап ұрлап көрмеген?!»
Алматыға алғаш келген кезім ойға оралып отыр. «Алматыға апаратын пойызға, отырам да арманыма бет алам», – деппін сол шақта. Арман-сапарымның алғашқы қадамын жасаймын деп, Жазушылар одағына тарттым. Маралтай ағаға амандасып шығу ойымда. Қолымда – «Кентавр». Біраз әңгімеден кейін: «Аға, кітабыңызға қолтаңба алсам…», – дедім.
– Қайдан алдың кітапты?
– Шынымды айтсам, ұрлап алдым («Кітап ұрлау операциясы» кезіндегі кешкен алапат сезімді айтпадым).
– Әкел!
Біраздан соң, қоштасып кете бардым. Шыққан соң көрдім: «Еламан, айналайын, кітап ұрлауды доғарып, банк тонауды қолға ал!», – деп жазып беріпті. Езуіме, еріксіз, күлкі үйірілді. «Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем», – дейтін Горькийдің өзі кітап ұрлаған шығар деп қаласың кейде…
Маралтай демекші, Маралтай ағамыздың мынадай өлеңі бар. «Кітап» деп аталады:
«Түрлі-түрлі ой түсірген санаға,
Тау да кітап, тас та кітап данаға.
Соноу құстар зау биікте жөңкілген,
Құсжолының жырын оқып бара ма?
Күн де кітап, гүл де кітап білгенге,
Кемеңгерге айналдырар бір демде.
Адамзаттың өзі Кітап емес пе,
Екі дүния арасында жүргенде?
Су да кітап, нұр да кітап көргенге,
(Көре алмаған кеудесі көр шерменде.)
Кітабын да қоса берген Жаратқан,
Он сегіз мың бұл ғаламды бергенде.
Мен кітапты Ана десем нанасың,
От пен судан қорғаштаған баласын.
Заман қанша жатсынғанмен Анасын,
Бұзылмауға тиіс ұлы жарасым.
Азғындаудың шегіне жұрт жеткесін,
Ақын жүрек кімге айтады өкпесін.
…Аяқ асты құсқа айналған анадай,
Кітап қайта көкке ұшып кетпесін».
Сондықтан да кітапты аялау керек. «Кітап маған тақтан да қымбат», – дейтін Шекспир сөзін көкейімізде берік сақтау арқылы біз кітаптың мәртебесін һәм ғұмырын ұзақ қыла аламыз. Кітаптың ғұмыры – кітапхананың ғұмыры. Ал, Кітапхана – ұлылар рухының мекені.
«…Кітаптың ақырғы күні – адамзаттың ақырғы күні», – деп жазыпты Әмірхан аға «Қағанатты кітап құлатты» мақаласында. Бұл – жазмыш һәм ақиқат!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
(Суреттер ашық ғалмтор желісінен алынды)