Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесуде мәдениет саласының маңыздылығын атап өтіп, мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізген болатын.
– Былтыр мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді, – деген еді Президент.
Бүгін Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов «Halyq radiosy-ның» тікелей толқынында «Билік һәм бұқара» хабарына қатысты. «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі, сұхбат барысында, Ертіс ауданы бойынша мәдениет саласына қатысты сауалдарға жауап алды.
Қазіргі уақытта Ертіс ауданында 24 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Олардың біреуі – аудандық мәдениет үйі, 4 – ауылдық мәдениет үйі, 14 – ауылдық клуб, 3 – мәдени-сауық орталығы, 2 – автоклуб халыққа қызмет етеді.
– Ауданда мәдениет мекемелеріне жөндеу жасау және құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Панфилов ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Болатбек Кәрімұлы.
Аудан басшысының айтуынша, мәдениет ошақтарында үйірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Оларға қатысатын жасөспірімдер мен жастар аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып келеді.
– Мәдениет саласының ажырамас бір бөлігі – кітапхана. Ертіс ауданының кітапхана желісінде 13 кітапхана жұмыс істейді. Ауылдық кітапханалар көбінде мәдениет үйлерінде орналасқан, ағымдағы жөндеу жұмыстары, материалдық жағдайларына жіті мән беріліп отырады. Барлық кітапханалар интернет және телефон желісіне қосылған. Кітапханалар өскелең ұрпаққа рухани, мәдени тәрбие беруге, олардың назарын өздеріне аудару мақсатындағы көптеген қызықты іс-шараларды жүзеге асыруда, – деді аудан басшысы.
Ертіс аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қоры 149 547 дана кітапты құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап саны – 72 322 дана. Биыл 364 дана кітап мемлекеттік тапсырыспен келіп түскен (оның ішінде мемлекеттік тілде – 309 кітап). Аудандық кітапханада сәуір айында коммуникация орталығы ашылған. Аудан басшысы жергілікті бюджеттен кітап қорын толықтыруға қаражат бөлінбегенін де атап өтті.
Болатбек Кәрімұлы мәдениет саласында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараларға тоқталып өтті:
– Биыл Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде аталып өтті. Сонымен қатар, аудан көлемінде «Ертіс Жаманбалиновты оқиды» жобасы ұйымдасытырылды. Иса Байзақовтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ел таныған Иса» жобасы аясында іс-шаралар жүргізіліп, «Иса еліне саяхат» экскурсиясы өтті, – деді айдан әкімі.