Бүгін «Ертіс Медиа» ЖШС-нің «Билік һәм бұқара» атты арнайы жобасы тұсауын кесті. Президент Жолдауының өңірлерде іске асырылуы, қала, аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәселелері мен жетістіктері туралы сөз қозғалатын жобаның алғашқы қонағы – Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев болды.

Қадылжан Сәтиев сұхбат барысында, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігі тілшісінің мәдениет саласына қатысты сауалына жауап берді.

– Май ауданы бойынша, бүгінде, халыққа 14 мәдениет ошағы қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 1595 іс-шара өткізілген. Оларда 44 522 көрермен қамтылған. Мәдениет мекемелерінде 59 клубтық құрылым жұмыс істейді. Оларға 451 адам қатысады. Үйірмелер вокал, би, театр, қолөнер, сурет салу бағытында жұмыс жасайды, – деді Қадылжан Қайырбекұлы.

Аудан басшысының айтуынша, ауданда  көркемөнерпаздардвң 4 ұжымы «Халықтық»  атағына ие болған. Олар: «Әсем», «Сударушки» вокал топтары, «Май әуендері» фольклорлық ансамбілі, Мерзихан Шайхин атындағы «Халықтық» театры. Осы және өзге де өнер ұжымдары және сала қызметкерлері биыл облыстық, республикалық және халықаралық бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындар иеленген.

Моңғолия Республикасының Хобда аймағында «Қойнауы құт Хобда» атты халықаралық ақындар айтысына Май ауданының атынан Ерлан Аманқожа қатысып, 1-орынға ие болды. Сонымен бірге, ол Павлодар және Ақмола облысы айтыскерлері мен күйші, жыршы-термешілерінің өнер жекпе-жегіне қатысып, облыс командасы құрамында республикалық кезеңге жолдама алды.

Тараз қаласында өткен сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма…» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде Мерзихан Шайхин атындағы «Халықтық» театры «Ең үздік жанр» номинациясына ие болды. Қызылорда облысы, Арал ауданында Құдайберген Сұлтанбаев атындағы «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ өнер ұжымдарының республикалық байқауына қатысты. Театр ұжымы биыл «Қызыл алма» комедиялық пьесасын көрермен назарына ұсынып, халықтың қошеметіне ие болды, – деді аудан басшысы.

Бұларден бөлек, Астана қаласында  өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында, Аламан құрақ қатысушыларымен рекорд орнатқаны үшін, мәдениет саласының ардагері, Ақжар ауылының тумасы Айсұлу Бисмильдина Қазақстанның реккордтар кітабына енген.

Май ауданының 85 жылдығына және режиссер, актер, термеші Мерзихан Шайхинның 90 жылдығына арналған облыстық «Жыр-ғұмыр»  термешілер байқауы, «Тұған өлке тарихы мен болашағы» өлкетану конференцичсы өтті.

Сұхбат барысында Қадылжан Сәтиев мәдениет ошақтрына күрделі жөндеу жұмыстарына да тоқталды:

– Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қаратерек ауылдық мәдениет үйіне және бонустық трансферт есебінен Кеңтүбек ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Малайсары ауылдық мәдениет үйіне облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, модульдік қазандық сатып алынды, – деді ол.

Қадылжан Қайырбекұлының сөзінше, келесі жылы да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Баскөл ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 271,0 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге, кіші ауылдардағы мәдениет ошақтарына да көңіл бөлінуде.

– Осы жылы Ақсарай ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төбесі толығымен ауыстырылды және жаңа пластикалық терезелер орнатылды. Келешекте жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып,  мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда, – деді аудан әкімі.

Добавить комментарий