(эссе)
Өлең біреу үшін өнер болса біреу үшін қасірет пен күрсініс. Уақыт бәрін жеңетіні, Хан Тәңірі уақытты жеңетіні – шығар күндей шындық.
Кесененің түндігі ашудан бозарып тұр…
***
Салқын желге төсін өптіріп, саумал ауаны сағына жұтып, ми тесер мұздай суды құныға ішкен, төсегіміз шалғын, жастығымыз тоқым болып, тас тіршіліктің тоғышарлығынан аулақ, аунақ салып өр Алтайдың жоталарында еліріп өскен біз үшін «Қара қарғаның миы қайнайтын ыстығын» былай қойғанда өзіңнен басқа ешкімді танымайтын бейтаныс Түркістан шаһары алғашқыда онша жаға қойған жоқ еді… Түнімен табаның қызып ұйықтай алмайтының және бар. Сол кездерде миым, Тыныштықбек айтқандай, сасыған насыбай болып кеткен шығар.
Мен онда Жұматайды танымайтынмын. Ләйләні де. Қасымдағы жатақхана тіршілігімен қоса әдебиеттің не екенін ұғыңқырап қалған, өздерінше бір-бір «Ләйләлары» бар екінші курстың ортан жіліктері мықты ақын, «шикарный» деп жүретін-ді. Сөйтіп жүріп оның тағдырымен де хабарланып үлгердік, ғұмырында үш-ақ рет көрген сұлуды жарты ғасыр жырлауы, ат баптап, күй шертіп, серілерше өткен өмірі. Артынан ерген алуан аңызымен қоса сақал мұрты қияқтай, әлпеті бағзының бекзадаларына ұқсайтын суретін көріп аузымды ашқанмын. Сырттай. Қатты қызықтым.
***
Мамырдың мамыражай күні мынау манаураған ғаламға деген мауқын баса алмай, бізді қимай-қимай әрең батып барады. Аспан аш студенттің алдынан қайтқан табақтай тап-таза, тамылжып тұр. Қасымда керік қасты, қара алмас көзді, бал ерінді, қара оқа бұрымды, тәккәппар аппақ жүзінде тарыдай ғана меңі бар, алыстан көзқарасымен әлденеше рет аймалап жүрген, бұла өскен асқақ жан тұр. Ия, дұрыс таптыңыз. Бұл Ләйлә еді. Онымен алғаш әңгімелесуім болса да жарасымды. Өзіміз Түркістанды алақанымызға салып тұрмыз. Кітапхананың бесінші қабаты. Балкон. Сырымыз бұлақтай ағылды. Жүрек пердесі сырт етіп ағытылғаны сол екен екеуіміз де бар болмысымызбен риясыз ақтарылдық. Кеңіп қалдым. Торға қамалған торғайдай боп өз-өзіме сыймай жүргенде бұлай болады деп мүлде ойламаппын. Негізінен оның есімі Ләйлә емес (Шын аты бұл жазбамызда аталмайды). Ләйлә аталуының да өзіндік тарихы бар. Сауалдың да жауабы өзінде жатқан бір сәт болады…
***
Қараша келіп алды-артымды түзеп, студенттік тірлікке көндіге бастағаннан-ақ, түк көрмегендей әдебиеттің үзіп-жұлып жағасына жармастым. Құныға қойға шапқан аш қасқырша қанды көзденіп кірісе алмасам да, боран күнгі жалтыр мұзда жүрген тағасыз аттай шатқаяқтап кіріскем. Оқымаған біраз дүниелерімді, жоқ, оқымаған емес, арғы бетте жүріп тонның келтелігінен қолым жетпеген кітаптарымды оқимын қалімше, ал негізгі нысанам – Жұматай. Өзі де жырдың диханы екен. Қытайдың ұлы суретшісі Ши Тао: «Қас суретшінің туындысында көзге көрінбес селдір түтін, ауаға сіңіп жоғала бастаған тұман, нәзік сағым болу керек. Өйткені дүние қозғалыс үстінде. Ал ол қозғалысты нәзік түйсік қана қабылдай алады» – дейді суретшілер қақында. Сол қасиетті өлеңде – Жұматайдан толық аңғардым. Соны жырларымен, сойқан логикасымен алғаш оқығаннан ұнады. Бұрын тек сырттай қызықсам, енді іштей сырласа бастадым.
Жандарға дос та дұшпан да болған,
Құмар да болған құштар да болған.
Көзімнен бұлбұл ұшқан да арман,
Иттен де қалған құстан да қалған.
Көңілім менің, көңілім…
Кетсем де кейде күйіктен қаңғып,
Үміткер едім биіктен барлық.
Жақсылық айтар адамға құрбан
Жомарт та қылған, сараң да қылған
Көңілім менің, көңілім…
Құлазып барып, қайта гүлдеген,
Жайыңды сенің айта білмеп ем.
Күндердің қолы қалай құтқарған,
Қаршадай кезден талай дық қалған.
Көңілім менің, көңілім…
Құлазыған, қайғырған уақыттарда осыны жатқа соғатын едім. (Құлазымаған, қайғырмаған шақ болған жоқ та шығар…) Түсініп отырған шығарсыз, онда ғашық болмаған кезім болса керек. Бірде «Қазақстан тарихы» пәніне филологияның бірінші курстағы алтау-жетеуі бірігіп кірдік. Соның ішінде бір қыз көзіме оттай басылды. Оттай емес-ау, қой аузынан шөп алмас момын жүрегімді жанартауша қопарды. Жалғыз рет бірге кірдік, сабаққа. Сабақтың алдыңғы жағында отырған екен, апай топ басшыларды сұрағанда орынынан жаймен тұрып үркек еліктей жан-жағына үрке қарады. Қара алмас көзі жарқ етіп, тәккәппар аппақ жүзіндегі тарыдай меңі де байқалып қалды. Сол күннен бастап сабаққа барарда, қайтарда бірдеңе жоғалтқандай жалтақтай жүретінді шығардым. Тек сабақта ғана емес бөлек кездерде де солай болғанын тіпті түсімде де жиі көретінімді оқушым бағамдап отырған болар. Басқа күндері бізден ерте шығады екен, тек сейсенбі күні ғана бірге шығатынымыз анықталды, сабақтан. Сейсенбіні асыға күтетін болдым. Сол күні бар-жоқты жақсы киімдерімді киіп таранып-сыланып, барынша әйбаттанамын. Сабақтан соң кетіп қалған жоқ па деп асыға шығам да, жолға қарай қос өкпемді қолыма ұстай өңмеңдеймін. Бұрын кетсе – қуып жетіп, кейін қалса – күтіп алып, арқан бойы жерден ілесіп отырамын. Қасына бару тұрмақ, бетіне қарауға батыл жетпейді. Ол да асқақ қалпын да мойынын бір бұрмастан, бетіндегі оймақтай сүт шұңқырын сәл жиырады да өте береді. Әр сейсенбі солай. Кей-кейде кітапханадан да көріп қалатыным бар. Хат жазып болғанша ол шығып кетеді немесе жазған хатым өз қолыммен жыртылып тынады.
Сөйтіп күйіп-жанып жүріп, қыстық демалысқа да кетіп үлгердік. Демалыс екен деп шаршап жүрген жандай қарап жатпадым Жұматайдың «Ләйлә» цикліндегі қырық екі ғазалды басынан жаттай бастадым. Демалыстан келген алғашқы күні Ләйләмді сыртынан көрдім, мойынына қызыл шарф орап, университеттен шыға келсем, жолдың арғы бойында такси күтіп тұр екен…
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлап ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.
Қарадың солай, қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба, жоқ әлде?
Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай, содан көп…
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,
Батырлығым басыма пәле болар деп.
Ойладым солай, ойладым солай, обал не,
Қате ойладым ба, жоқ әлде?
Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып билемек,
Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.
Қара шашты бала ақын болып тұр екем,
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.
Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не,
Болмайын ба, жоқ әлде?
Ол таксиге отырды да кетіп қалды. Мен жатақханаға дейін осы өлеңді қайта-қайта оқып жаяу қайттым. Ақ шыбын ұшып, аспан менің көңіл күйімдей бұрқап тұрды. Мен сонда неге Жұматай сияқты өз Ләйләма арнап өлең жазбасқа деген ойға келдім. Сөйттім-дағы қағаз-қаламды жайып қойып кешкі бестен таң ағарғанша отырдым. Жүректе бұлқынған сезімге пар келетін өлең жаза алмайтынымды түсіндім. Қағаздан қоқыс жәшігі толды. Мен ертеңінде сабаққа бармай ауырып қалдым. Нәр татпастан бірнеше күн жүргенім бар, кешегі бұрқасында суық өткен бе, негізі солай. Бірақ менің ауырғаным тәнім емес, жаным еді. Сондай ыстық жалынның қағазға түскенде суып қалатыны. Немесе өзімнің өлеңіме көңілім толмаушылық. Содан мынадай ой келді. Жұматай тек өз Ләйләсіне ғана емес қазақтың барлық Ләйләсіне арнап жазды ғой өлеңді. Ендеше оның ішінде менің Ләйләм де бар. Оны өзіне оқып берудің несі айып. Оған жыр жорғасы Жұматайдың жалы күдіреймесе, жығылмас. Солай, әрі қарай Жұматай жырларын жаттауды жалғастыра бердім…
Бірде «Жұматайдың Ләйләсі» деген жазуы бар фотосурет ФБ-достың бетінде аңдаусызда көзіме түсе қалды. Мен өлеңдегі Ләйләні болмаса өмірдегі суретін көрмеген едім, осыған дейін. О, тәубә! Өзім әр сейсенбі сайын асыға күтіп тұратын, көшеден алды-артымнан алақтап іздеп жүретін, түсіме күніге бір емес бірнеше рет кіретін өзімнің Ләйләм тұр. Бұрынғы түсірілген қара сурет. Сәл егделеу демесең, дәл соның өзі ғой (өз көзіме сонда да сенбедім). Бұл наурыздың іші болатын.
***
Өз кезегімде ойсыздарға қарыздар екенімді білетінмін. Сондықтан ортамда аз-маз ойлы жігіт атанып қалған кезім. Кітапханаға ештеңе оқымасам да күніге бір соғып кету дағдыға айналған. Ойым он саққа кетіп оқу залында кітап ақтарып отырған едім «Бұл орын бос па?» деген дауыс шыққан жаққа бажырайып қарап қалған екем, кенет таудан құлаған бұлақтай сыңғырлаған күлкі естілді.
– Сіз не тіліңізді жұтып қойдыңыз ба, жоқ әлде құбыжық көріндім бе көзіңізге? – Отырып та қойды. Оның сөзіне жүрегім май ішкендей кілкіді. Дәл таптыңыз, Ләйлә – бұл. Мен енді қара терге түстім. Қызды көрсем қарадай қысылатын бейбақ енді қарсы алдыма «ханшадай өзін ұстаған» хор қызы отырса, қызарғаннан кітаптың бетін сартылдатып ақтара беріппін. Бұл мүмкіндіктің екінші қайта келмейтінін де білемін. Не болса да белді бекем будым. Жіптіктей ғана үміт жылт-жылт етеді. Адамдар азайған соң кофе ішуге шақырамын. Оған дейін кетіп қалмаса…
***
Күн батып та кетті. Біз әлі тұрмыз. Ол бізді, біз күнді қия алмағандаймыз. Қасқыр көрген тазыдай қалтырап тұра-тұра бойым үйренген. Адамдар сиреген соң айтатын ерекше жігер бітіп бойымдағы жасықтықты жеңдім, әйтеуір. «Керек емес» дегеніне қоймай қиылып, «Кофе ішіп қайтайық» деп ертіп шықтым үстіңгі қабатқа. «Бір ақынның Саған арналған өлеңдерін оқимын» дедім. «Осыдан былай сені Ләйлә деп атайтын боламын» деп және қосып қойдым. Себебін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ екенін оқушым сезе дүр.
Ханшадай өзін ұстаған,
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.
Қара оқа құсап бұрымың,
Жалтылдап әрбір талы да,
Жарасып барлық қылығың,
Жараспай пенде жаныңа,
Көңілің балқып тәтті әнмен,
Кірпігің, қасың дірілдеп,
Өтуші ең жасыл бақтармен,
Өтуші ең шалқи күлімдеп.
Жадымда қалды жатталып,
Бек әсем қызыл көйлегің,
Күлуге сол сәт шақ қалып,
Қасыңды керіп сөйлеуің.
Жыр болсын басқан ізің де,
Аңыз боп атың әдемі.
Тәкаппар аппақ жүзіңде,
Тарыдай бір мең бар еді.
Жаныма бір мұң жетті де,
Жабығып өтті уақытым.
Тарыдай меңде кетті ме,
Таба алмай қойған бақытым?!
Өлең құдіретін сол жолы тіпті де ұғына түстім. Арбалған торғайдай тебірене тыңдады ( Өзіне арнап өңеші үзілгей жыр оқып тұрса, қалай тебіренбесін жүрегі бар жан), Қатты қуанды. Мен одан қатты. Оның қасында бір сәтке болса да қатар тұрғанымның өзі бақыт еді маған. Сол күннен бастап өмір таңғажайып нұрға айналды, мен үшін. Мен сол күннен бастап махаббаттың көздің бір қырымен өліп, бір қырымен қайта тірілетінін түсіндім. Мен сол күннен бастап сүю дегенің ұлы дүние екенін, өмірдің қан тамыры екенін түсіндім.
Егер де адам мына дүниеден ешқандай мән мағына таба алмаса, онда оның тіршілігі сол сәтінде тоқтайды (А.Сүлейменов). Менің тіршілігім жаңа басталды…
Кесененің түндігі күлкіден желпілдеп тұр…