Павлодар облысының Құрметті азаматы Балтабай Сыздықов – 80 жаста

«Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» – дейді бабаларымыз. Ақ батаның құдіретті күшін, сауапты ісін бағалай отырып, данагөй жұртымыз өзінің даму, жетілу жолында оны жоғары тәрбиелік маңызы үлкен әлеуметтік деңгейге көтерді, бетке ұстар шамшырақ ретінде пайдаланды. Халқымыздың «Қарғыс алма, алғыс ал», «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмасын, бата қалсын», «Ботаның құны – бір-ақ жұт, бата – балаға мәңгі құт», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деуі сондықтан.
Бата беру өте құрметті іс деп саналады. Батаны елге танылған ақсақалдар, жолы үлкен қонақтар, үлкен кісілер береді. Дастарқан басында немесе қандай да бір отырыста үлкендер болмай қалып, бата берудің жөні келіп тұрса, сол топтың ішіндегі жас азаматтарға, тіпті көпшіліктің қалауымен өнегелі ер балаға дейін бата бергізеді. Олар тұрғанда әйелдер бата бермеген. Бұл – ел қорғаны, арқасүйер шаңырақтың иесі ер адамға деген құрметтің белгісі. Алайда, тарихтан белгілі, ата жауымен алысқан ақ сауытты, құрыш білекті батырларға, алыс сапарға аттанып бара жатқан алдаспан ұлдарына, дүниеге келген періште нәрестелерге аналардың да келістіріп бата берген сәттері аз болмаған.
Негізгі ақ тілеудің белгісі бата – кез келген жерде айтыла бермейтін қасиетті рухани ұғым. Ең жақсы батаны халық «ақ бата» деп қастерлеген, үлгі етіп жаттап, айтып жүрген.
Бата поэтикалық әсерлі, шешен тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып беріледі. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, бақ пен байлық, жақсылық тілейді. Дуалы ауыздан шыққан баталы сөз адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, жастарды ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Халық дәстүрінде қандай да бір іске кірісерде, дастарқан басына отырғанда, алыс жолға шыққанда жолының оңғарылуын тілеп, ақсақалдардан бата алу дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл ұлтымыздың сүйегіне сіңіп, ана сүтімен, ата күшімен дарыған, өзгелерде кездесе бермейтін ерекше бір қасиеті ұғым деу керек. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан.
Ақ бата – шынайы көңілден шыққан жүрек сөзі, арнау тілек. Ол қазақ баласының қасиетті тұмарындай, бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақырады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-бабамыздың өсиетнамасы ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асырылатын мақсат-мүдделерді белгілеу болып табылады. Ақ бата көбіне жаңа туған нәрестеге, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, алыс жолға шығушыларға, үлкен бір істі қолға алушыларға, жорық-шеруге аттанушы сарбаз-сардарларға, түрлі жақсылықтарға арнап жасалған тойларға, аруақтарға арналған асқа, жауын тілеген тасаттыққа, жиналған егінге, садақаға, құрбандыққа, қонақасыға, күздікке, соғымға сойылған малға, Наурызға (Наурыз бата), Жаңа жылға, мүшел жасқа, дастарқанға, ораза ұстағандарға (Жарапазан бата) айтылады.
Теріс бата қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесінің сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған ба-ласына қолдарын теріс жайып тұрып бата берген. Ба-таның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген.
Бата берудің тәрбиелік мәні зор. Ол халық педагогикасының әліппесі сияқты. Халықтық педагогика дегеніміз ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің, мәдени ойлау үрдісінің озық үл-гілерінің жиынтығы. Оның негізі адамгершілік, имандылық, азаматтық рухта тәрбие беру болып саналады. Бата – озық ойдың көрінісі.
Киелі ақ бата адамның жанын нұрландырып, ізгілік шуағын себеді. Оның шапағатын сезінгендер адаспайтын адами даңғыл жол табады. Рухани таза да мөлдір қуаты ішкі дүниенің иірімдерін, көзге көрінбейтін сезім айдынын арайландырады. Бата сөздерде даналық пен ақылдың, ақиқат пен ардың, адами сыршыл жүрек лүпілі мен ақберен жүйрік ойдың, балқыған қорғасындай салмақтылық пен аспанмен таласқан биіктіктің күндей балқытқан жылылық пен ағын судай адалдықтың, даладай кеңдік пен мұхиттай тереңдіктің, ағарып атқан таңда жағып қойған шамдай шуақты сәу-ленің белгісі бар. Ол – халқымыз ежелден қалыптастырған мәңгілік мұра.
Мен бата беру әдебін терең түсініп, көп жылдан бері қарай бабадан келе жатқан байырғы өнегелі дүниені жаттап, өзім де жанымнан әр түрлі тақырыптарға бата жазып, жалпы көптің арасында бата беру әдебін дамытып, оны ел ішінде насихаттауға еңбек етіп жүрмін. Осы мақсатта 2019 жылы 13-наурызда Атырау қаласында алғаш рет өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер сайысына қатысып, бірінші орынға ие болдым. Байқауға қатысудағы басты мақсатым шеберлігімді сынға салу әрі өзге өңірлердің батагөй ақсақалдарымен танысып, бата беру хақындағы білімімді одан әрі жетілдіру. Бұл байқау маған ерекше ой салды. Жас ұрпаққа бабадан келе жатқан қасиетті де құнды мұраны жеткізу менің алға қойған айқын мақсатым еді. Сол мақсатқа жету жолында мен «Батадан асқан сөз болмас» атты баталар жинағын жарыққа шығардым. Сан алуан тақырыпты қамтитын бұл жинаққа менің авторлық баталарым енді.
2023 жылы 20-мамырда ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен Республикалық батагөйлер сайысы екінші мәрте ұйымдастырылды. Мен Павлодар облысының атынан аталған байқауға қатысып жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым.
Өзім қатарлас жэне менен кейінгі буын да батаның қадір-қасиетін түсініп, оны насихаттаса деймін. Осы мақсатта мен бүгінге дейін өңірімізде ақсақалдар apaсында бірнеше мәрте батагөйлер сайысын өткіздім. Батаны әр адам жастайынан бойына сіңірсе деген арманым тағы да бар. Сол арманға жету үшін мектеп оқушылары арасында да бата беруден бірнеше мәрте сайыс ұйымдастырдым. Бата беру – біреуге жақсылық тілеу, алдағы өмір жолына тілекші болу бұл әрбір адамның өмірлік серігі болуы тиіс.
Осы мақсатта көп жылдар бойғы тәжірибеме сүйене отырып, осыған дейін жазған баталарымды ой елегінен өткізіп, сұрыптай келе «Ата сөзі – ақ бата» атты шағын баталар жинағын көпшілікке ұсынған едім. Баталардың тақырыбы сан алуан, бірақ көлемі жағынан ұқсас. Ұқсас еткендігім көпішілікке тез жатталып, тыңдаған адам тез түсінсе деген ой еді. Сөзі қарапайым болғанымен, баталардың мән-мағына жағын басты назарда ұстадым. Батаның негізгі мақсаты – біреу. Ол – адамзат баласына тек жақсылық тілеу. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді бабаларымыз. Ендеше жаныңызға жақын, керегін өзіңізге аларсыз, құрметті оқырман.

Бесікке салу батасы
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Құтты болсын бесігің,
Өмірден ашқан есігің.
Балдай тәтті сүйкімді,
Әжең қойған есімің.
Анаңның сүті ақ болсын,
Гүл жайнаған шақ болсын.
Бесігіңде тербеліп,
Отбасыңа бақ қонсын.
Сенсің үйдің базары,
Бәріңнің ауған назары.
Игілік болсын лайым,
Пешенеңе жазары.
Таймасын әсте табаның,
Абатты болсын алабың.
Еңбегі жансын әрдайым,
Өсірген ата-анаңның.
Баянды болсын бақытың,
Тасқындай болып шабытың.
Қызықты өткіз, арамансыз,
Өмірдің әрбір уақытын!
Әумин!
Ашамайға мінгізу батасы
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Көтерейк білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Жеткіншекке арналған,
Айтайық ақ тілекті.
Тайға ерттелді ашамай,
Тізгін ұста, жүре ғой.
Мінген тайың тұлпар боп,
Тақымыңнан кетпесін.
Балалықты жасамай,
Кел, қысылма, міне ғой,
Басыңа қауіп төнбесін.
Бақ жұлдызың сөнбесін.
Азамат боп ержетіп,
Пәле-жала жетпесін.
Жаратушым жақтасын,
Тіл мен көзден сақтасын.
Елің, сыйлап, қадірлеп,
Азамат деп, мақтасын.
Биік болып тұғырың,
Ұзақ болсын ғұмырың!
Әумин!
Әскерге баратындарға бата
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Азамат үйде жатар ма,
Қосылдың, балам, қатарға.
Аттанғалы жатырсың,
Әскерге, ұзақ сапарға.
Отаңды қорғау – борышың,
Ұл болып тудың сол үшін.
Бабалар жанын қиыпты,
Ел үшін, туған жер үшін.
Ержеттің, болдың азамат,
Еліңді қорғау аманат.
Алаңсыз халқың ұйықтасын,
Жоламасын жаманат.
Дарысын бойға қасиет,
Жақсыға әркім бас иед,
Жаратқан ием жар болсын,
Атаңның сөзі – өсиет.
Киесі дарып батаның,
Шықсын даңқың, атағың.
Аман барып, сау орал,
Тыныш болсын Отаның!
Әумин!
Әкенің баласына берер батасы
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Айналайын, балашым,
Аман болсын анашың.
Аман болсын әкең де,
Апайың мен тәтең де.
Өзің тәтті балдай бол,
Тамыры терең талдай бол.
Биік заңғар таудай бол,
Өмір жолын таңдай біл.
Жемісі мол баудай бол,
Туралықты қолдай біл.
Оқуыңда зерек бол,
Қатарыңнан ерек бол.
Әр сөзің кемелді,
Абыройлы, беделді бол.
Мінезің салмақты,
Сегіз қырлы, бір сырлы
Өнерлі боп жан-жақты.
Денсаулығың зор болсын,
Бақ-дәулетің мол болсын.
Алдағы жарқын өмірде,
Қуанышың зор болсын!
Әумин!
Қыз балаға бата
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Қызымыз құлықты болсын,
Сүйкімді, қылықты,
Білімді, білікті болсын.
Күндей нұрлы,
Гүлдей түрлі болсын.
Сымбатты бойлы,
Терең ойлы болсын.
Теңдессіз дарын,
Игіліктің бәрін берсін.
Өлместей сан өнер,
Ән-жыр мен өлең берсін.
Аппақ қардай ажар,
Көктемдей самал,
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін.
Ісіңді Алла жақтасын,
Тіл мен көзден сақтасын.
Қауып-қатер төнбесін,
Бақ жұлдызы сөнбесін.
Жаратқан ием көлдей көңіл,
Бақытты, қызықты өмір берсін.
Әумин!
Қаламгерге бата
Бисмиллаһир рахманир рахим!
Қаламың қарымды,
Шабытың арынды,
Талантты, дарынды,
Сөздерің жалынды,
Заманауи сарынды,
Оқырманға нанымды болсын.
Жаңалыққа жаршы,
Бастамаға қамшы,
Қоғамдағы келеңсіз
Жайларға қарсы бол.
Ақиқат пен шындықты,
Ынтымақ пен бірлікті,
Ерлік пен намысты,
Еңбек пен табысты жаз.
Қаламың мұқалмасын,
Жігерің жұқармасын.
Мәртебең зор болсын,
Қуанышың мол болсын.
Сый-құрметке бөленіп,
Орның биік, төр болсын.
Ғұмырың ұзақ болсын,
Тілегіміз сол болсын.
Әумин!
Балтабай СЫЗДЫҚОВ,
Ақын-сазгер, күйші,
Павлодар облысының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.
