Түркология – түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың тілдерін, тарихын, әдебиетін, фольклорын, мәдениетін зерттейтін гуманитарлық ғылымдар кешені. Бастапқыда түркология негізінен филологиялық пән ретінде дамыды [2].
Түркі жазулары ескерткіштерінің бүгінде мәлім болған аймақтары: Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің аңғарлары, Моңғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы екені айқындалып отыр [3,_49].
Түркология үшін маңызды дереккөздер В.Томсен (1893) шифрын ашқан және В.В.Радлов (1894 және одан кейінгі) алғаш оқыған Орхон-Енисей жазулары, ұйғыр жазбаларының ескерткіштері, ортағасырлық араб-тілдік, персонал-тілдік және түркі-тілдік авторлардың жазбалары болды [2].
Жазбалардың ерте зерттелген дәуірі Палеолиттің «Мустье кезеңі» болып табылады. Сонда қарап отырсақ, түркітану ілімі сонау б.з.б. 35000 жылдықтың арғы жағынан келе жатқан сияқты. Сонау палеолит заманынан күні кешеге дейін жалғасын тауып келе жатқан жартас суреттірінің ара жігін ажырату оңай шаруа емес. Қазақстан топырағындағы бұндай өркениет өнері Отырар, Суяб, Джамукент қалаларынан көрініс тапты. Түріктердің осы орайда храмдық діни ордасын «барық» деп атағаны туралы тарихи дерек жеткілікті. Олар Күлтегін, Білге қаған, Тонықұқ кешендерінен толық аңғаруға болады [1,_104-109].
Бізге осылардан танымалы әрі маңыздылары Күлтегін, Білге қаған, Тонынқұқ ұстындары екені талассыз. Олар көркемдік тұрғысынан жетілген, ой-өрісі биік, деректілік жөнінен аса бай. Осы үш ескерткіште Түрік қағандығының тарихы хатталған. Оны алғашқы түріктердің оқулығы деп танысақ та болады. Оның сыртында түрік қауымының танымы, бастан кешкен тағдыры, көсемдік ойы, тақпақтап сөйлейтін шешен де шұрайлы тілі барлық бояу-нақышымен жарқырап көрінеді [4,_12].
Осынау «тас кітаптарды» жазған Тонықұқ пен Иолығ тегінді алғашқы қаламгерлеріміз, алғашқы тарихшыларымыз деп атауға толық негіз бар [1, _110]. Осы үш жазуды салыстыра зерттеушілер – олардың саяси күрес, тақ таласы, ішкі қайшылықтардан туғанын тілге тиек етіп күмәнді қисындарға, тарихи шындықты бұрмалауға жол бергендері байқалады. Күлтегін 731 жылы қаза тауып, 732 жылы ескерткіш қойылды, ал Білге қаған 734 жылы қайтты. Ескерткіш 735 жылы көтерілді. Ал Тонықұқтың қайтыс болған жылы белгісіз. Оның жазуындағы дерек 720 жылмен үзіледі. Н.Базылхан оны шамамен 731-732 жылдары 85-86 жасында қайтыс болды деп шамалайды [1,_110].
Түркі халықтарының тілін, әдебиетінің ертеректе зерттелуін біз жоғарыда айтып өттік. Енді орта ғасырдағы зерттеулерге шолу жасасақ. Бізге дейінгі жеткен деректерге сүйенсек, алғашқы түрік тілін зерттеп бастаған ғалымдар – араб ғалымдары. Ғылым мен мәдениеттің ең дамыған «алтын дәуірінде» дүниеге танылған 45 араб ғалымының 30-ы ұлты араб емес басқа халықтардың өкілі болған. Атап айтатын болсақ, біздің бабаларымыз Әбу-Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Махмут әл-Хорезми және т.б [5,_21].
Түркі халықтарының тілін нақты қай дәуірден бастап зерттелгенін ашып айту қиын. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, «қараханидтер дәуіріне» сәйкес келеді.
Түркі халықтарының ең бірінші және көне еңбегі болып табылатын шығарма – Махмұт Қашғаридің «Диуани Лұғат ат Түрк» еңбегі. Ал түркі тілдері туралы екінші құнды шығарма – М.Замахшаридің «Мухамадыт-әл-адаб» еңбегі. Бұл шығарма таза сөздік емес, онда араб тілінің грамматикалық құрылымы туралы да баяндалады. Бес тараудан тұратын бұл еңбекте есімдер, етістіктер, көмекші сөздер, есімдердің қосымша қабылдап түрленуі, етістіктің жіктелуі туралы сөз болған. Академик Бартольд бұл еңбек туралы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы Орта Азия түркі халықтарының лексикасынын хабар береді деп көрсеткен.
Келесі түркітануға байланысты еңбек – «Таржуманда». Аталмыш қолжазбада, Ноғай мен Тоқтының арасындағы соғыс келтіріліп, мамлюк мемлекеті туралы сөз болады [5,_27].
Осыдан кейін түркітануға орыс ғалымдарының да сіңірген еңбектері көп болды. Олардың ішінде Ильминский, Радлов, Лазерев және т.б. болды. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тілін үйрену, оны зерттеу Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде орын алды. Осы кезде Омбы, Орынбор қалалары Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени ошаққа айналды. Осы кездегі мәдениеттің прогресшіл жағын алғаш сезінген жергілікті халық уәкілдерінен мысалы, Абайды, Шоқанды, Ыбырайды атауға болады [5,_40,60].
Ы.Алтынсарин түркітаным тарихында «Киргизская хрестоматия», «Начальное руковоство к обучению киргизов русскому языку», «Мақтубат» т.б. оқулықтардың авторы болды [5,_61].
Қазақ тілінде екі грамматика жазылды. Соның біреуі И.П.Лаптевтікі болса, екіншісі Н.С.Жетпісбаевтікі болды. Кеңестік дәуірде түркітану ақсағанымен оны аз-аздан болса да зерттеген ғалымдар жетерлік. Атап айтар болсақ, Алаш зиялылары [5,_62].
Түркітану – түркі тілдерін, әдебиетін, түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін зерттейтін ғылым. Қазақ тіліндегі әдебиетке жататын Алаш әдебиеті контекстінде түркітану көптеген аспектілерде көрінеді.
Біріншіден, түркі тілдерін зерттеу маңызды болып келеді, себебі олар жазушылардың әдеби стилі мен ой өрісін қалыптастыруға әсер етеді. Түркі тілдерін үйрену классикалық және қазіргі Алаш әдебиетінің шығармаларын жақсы түсінуге және талдауға көмектеседі.
Екіншіден, түркі мәдениеті мен тарихының тақырыбы Алаш әдебиеті шығармаларында жиі кездеседі. Жазушылар өз халқының ата-тегіне жүгініп, олардың дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ертегі-аңыздары туралы айта алады. Түркітану авторларға түркі архетиптері мен мотивтерін қолдану арқылы өз идеялары мен сезімдерін жеткізуге көмектеседі.
Сонымен қатар, түркі әдебиеті мен тарихын зерттеу авторларды түркі мәдениеті мен дәстүрлерінің әсерін бақылайтын жаңа туындылар жасауға шабыттандыруы мүмкін. Осылайша, түркітану қазіргі Алаш әдебиетінің дамуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарады.
Алаш әдебиетіндегі түркітану түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеу, сондай-ақ осы тілдік отбасына жататын тілдер мен диалектілерді зерттеу арқылы көрінеді. Алаш жазушылары мен ғалымдарының еңбектерінде түркі мифологиясы, әдебиеті мен фольклоры тақырыптарына, сондай-ақ түркі халықтарымен байланысты Тарих пен саяси оқиғаларға деген қызығушылық көрініс табады. Алаш әдебиетіндегі түркітану көрінісінің жарқын мысалдарының бірі – жазушы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы.
Түркітану ғылымы А.Байтұрсынұлы зерттеулерінде
Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Оның шығармашылығы, әсіресе, Ахметтің қазақтың тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалап, оқулықтар жазуы туралы зерттеулер бар. Ұлтының ұланы, дәуірінің дауылпазы ретінде сол тұстағы халқының қамына қынжылып, қаракеттерін кейде сынап, кейде әжуалап та отырды. Әрине, онысы болашаққа терең бойлағандықтан туындаған өткір мысқылы, өртеңде өткен өмірдің өкініші екені анық [6,_1].
А.Байтұрсынұлының қазақша Әліппе жасауы – араб таңбалары негізінде жүзеге асты. Ол ұлттық әліпбиге реформа жасап, өзгеріс енгізуі, қазақ тіл білімінің терминдерін алғашқы болып қалыптастыруы және оның негізгі салаларын жасауы қазақ тілі үшін тың жаңалық болды. Дыбыс жүйесі (фонетика), сөз жүйесі (морфология), сөйлем жүйесі (грамматика) тереңдей зерттеп, бірнеше оқулыққа арқау еткен еңбектері қазіргі тілтану мен жалпы түркологияның негізгі іргетасы болып табылады [7,_252].
Ахметтің Әліппесі «Ар» сөзімен ашылған. Ұлт Ұстазы жалпы Түркі әлемінің Күлтегін мен Тоныкөктен келе жатқан жалпыадамзаттық этикалық кодты отарлауға барынша қарсы қойды. Махмұт Қашқаридің «Диуани Лұғат ат-Түркінде» айтылғандай: Алланың әділ әскері – Түркі елі үшін «Ар» сөзі басты эпикалық код болғаны бізге Ұлт Ұстазының «Әліппесінен» айқын [7,_253].
Ар сөзінен басталған бұл әліппенің және «Оқу құралының» әлі де күші жойылған жоқ. Шет елдегі қазақ диаспорасы күні бүгінге дейін пайдаланып келе жатқан емле. Араб таңбаларына негізделген қазақ графикасы 1911 жылдан қолданысқа еніп, 1924 жылы ресми қабылданған. Өзге түркі халықтары (башқұрт, өзбек, татар, түркі) оны тұңғыш үлгі ретінде қабылдады және қолданды. Осылайша Ахмет тек қана қазақ жұртына емес, сонымен бірге, жалпы түркі халқына төте жазуды жасап берді [7,_253].
Туыс халықтар ішінен көзге көрінетін, әдебиеттанудың әр саласына қатысты, танымдық үлгідегі еңбектер болды. Алайда, «Әдебиет танытқыш» көш бастап тұр [7,_362]. «Әдебиет танытқыш» қазақ әдебиетінің негізі болып саналды.
«Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттануындағы басты терминологиялық жинақ. Демек, осыдан-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының терминжасам мәселесімен айналысқаны да белгілі. Терминология бойынша оның зерттеулері түркітанушылар мен қазақ филологтары үшін баға жетпес құндылық болды. Терминология мәселесі 1924 жылы 12-18 шілде аралығында өткен республикалық ғылыми қызметкерлердің І съезінде сөз болған. Съездің материалдары 1925 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркітанушылардың алғашқы съезінің материалдарымен таныстыру мақсатында оның «Түрікшілер құрылтайы» атты мақаласын жариялады. Ол қазақ терминологиясын қалыптастыруда, қазақ тілінің өз мүмкіншілігін толық пайдалану және интернационалдық терминдерді қолдану тәсілдерін сөз етеді, сонымен қатар ол 1926 жылы «Түркі тілдеріндегі терминология туралы тезісін» жазады [8,_122]. Жалпылингвистикалық және қазіргі қазақ тіл білімінің позициясымен қарайтын болсақ, оның терминологиялық мұрасы бүкіл түркі әдебиетіне қосқан зор үлес.
Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының түркітану саласындағы зерттеулері қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға және дамытуға айтарлықтай әсер етті, сондай-ақ түркі мәдени-тарихи дәстүрін сақтауға және ілгерілетуге ықпал етті.
М.Жұмабаев шығармаларындағы түркі тақырыбы
1912 жылы жарыққа шыққан «Шолпан» жинағында Мағжанның ағартушылық өлеңдері жазылса, 1913 жылы Қазақ газетінде жарияланған (№7) «Орал тауы» өлеңінен бастап, ол ұлт қайғысын жырлауға кіріседі. Сонымен қатар осы өлеңінде түрікшілдік идеяны қозғай бастағаны да байқалады. «Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес, әуелден-ақ бар болатын, ол Ғалияда жүргенде түрікшіл пікірде өлең жазған» – дейді Ж.Аймауытұлы. Ол өлеңінің бірі – осы «Орал тауы» еді:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан-тастан батыр түрік
Қойнына жайыменен кіріп еді [9,_71].
Осындай түрікшіл оймен басталған өлең ұлт қайғысын жырлаумен аяқталалды:
Оралдай ата-мекен жерлеріңе,
Қасиетті атаның көрлеріне.
Аузы түрік шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріңе. [9,_71]
Тоталитаризм жандайшаптарының М.Жұмабаевқа таққан ауыр айыптарының бірі – оған «түрікшілсің» деп кінә тағуы.
Мағжанның түрікшілдігін кезінде жазушы Жүсіпбек Аймауытов былай деп түсіндіруге тырысты: «Бір жағынан үй-іші – әкеге, әлеумет – ру басыға бағынған, тапқа, жікке белінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші – татар медресесінде оқып, түрікшілдік исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші – патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші – орыс зиялыларының қаймағы бұқарашып, халықшып болып жатқанын сезіп білсе, бесінші – батыстың, қала берсе, орыс ақындарының санашылдық (идеализм), жарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек. Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл дарашыл ақын болып шығуы керек. Олай болып шықпау мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай» [10]
Мағжанның түрік тақырыбындағы өлеңдері қазақ халқын, жалпы түріктерді ұлт-азаттығы күресіне қамшылайды.
Түрік тақырыбы Мағжан поэзиясында, Жүсіпбек Аймауытұлы пен Сәбит Мұқановтар айтқандай, «Медресе Ғалияда» жүргенінде емес, одан да ертерек басталған. Өйткені, Мағжанның 1905 жылдан бері қарай Қызылжардағы Мұхамеджан Бегішов медресесінде оқуы оның дүниетанымына көп ықпал еткен. Медресеге ұстаздық етуші Бегішев кезінде Стамбул қаласындағы Түрік университетін бітірген адам. Ол да Мағжан поэзиясында түрік тақырыбының ерте басталуына себепші болды. Мағжан Жұмабаев – қазақ ұлтының қайткенде азаттыққа қолы жетеді деп көп ойлап, армандаған ақын. Өзі өмір сүрген тарихи жағдайда азаттық қолға оңайлықпен түсе қоймайтынын сезген ол ер түріктен тараған туыс елдердің ұйымдасып, бірлесіп, тізе қосқан күресі ғана отаршылдықты Қазақ елінен басқа бауырлас елдерден аластауға мүмкіндік туғызады деп есептеген. Сондықтан ақынның түрік тақырыпты өлеңдерінде бұл идеяның ең өзекті идеяға айналуы табиғи нәрсе. Ол он тоғыз жасар жас ақынның тұңғыш «Шолпан» жинағында жарияланған «Орал тауы» өлеңінде-ақ құлаққа дабыл ұрғандай естіледі.
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал.
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал [9,_35] – деп, саңқылдап
тұрған жас өренді қалайша түрікшіл емес дейсің? Бұдан соң түрік тақырыбына қосылған өлеңдерден: «От», «Пайғамбар», «Алыстағы бауырыма», «Тез барам», «Орал», «Қазақ тілі», «Тұранның бір бауында», «Түркістан» туындылары саналады. Бұл өлендердің негізгі идеясы, ой-пікірі, кетеретін меселесі, үндеу пафосы айқын. Қай өлеңінде де Мағжан сонау түп-тұқияннан бергі тарихты қозғап, исі түріктің ата-тегі бір, қарындас, бауырлас халықтар екендігін өрнекті, жалынды тілмен паш етеді.
Мағжан поэзиясында түрік халықтары бірлігі идеясының тууына әлденеше себеп бар. Ең бастылары Мұқановтың сөзімен айтқанда, объективтік жағдайларға байланысты: отаршылдыққа қарсылық, ұлттар бостандығы мен теңдігі үшін күрес.
1920 жылы сәуірде түріктер басқыншыларды ойсырата жеңіп, Түркия Республикасы тәуелсіздігінің декларациясын жариялады. Бұл жеңіс қазақты шексіз қуантты, жігеріне жігер құйды. Жеңіс лебін Мағжанның «Түркістан» атты өлеңінен айқын аңғарасыз.
Тұранның теңіздей терең тарихына бойлау мүмкін емес. Бірақ Мағжан ақынға ол бұйым көрінбейтін сияқты. Айналдырған жиырма бес шумақтың аясына сол қаулаған қалың өрттей тарихты сыйғызып жіберген ақындық құдірет. Мағжанның осы өлеңде жырға қосатын Жейхун-Сейхун дариясындай тасыған ақындық асқан талантынан қуат алуында болуға керек. Тұран елі тарихын алақанға салып бергеннен кейінгі және бір сәтінде, арқалы ақын көкірегі мақтаныш пен мақсатқа толып, шаттанған күйде қазағына бұрылады:
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?
ХХ ғасырда түркі тақырыбын толғаған жырлаған М.Жұмабаев қазақ әдебиетінде ерекше орын алды. Мағжанның соңынан ерген ақындар мен жазушылардың қарасы бүгінде аз емес. Түркі елінде Мағжанның орны ерекше. Дәл осылай түркі тақырыбын толғаған, өз жырларына емірене қосқан ақын жоқтың қасы.
Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетінде тұңғыш рет және жеке-дара жалғыз өзі ғана көтеріп жазған түрік тақырыбының халықаралық маңызы өте зор.
М.Әуезовтің түркітануға қосқан үлесі
Мұхтaр Әуезов ылғи дa туғaн әдебиетінің тaңдaулы туындылaрынaн нәр aлa жүріп, туысқaн хaлықтaр әдебиетіне ерекше мән бере қaрaп, орыс әдебиетінің зaңғaр сырлaрын терең ұғынды. Шетел жaзушылaрының тaлaнтын тaнып, олaрдaн рухaни нәр aлды. Соның нәтижесінде Мұхaң ғұлaмa ғaлым, дaрқaн дaрын, кемел суреткер дәрежесіне көтеріліп, өзі де өзгелерге игі әсер ететін aсa тaлaнтты мaйтaлмaндaр қaтaрынaн орын aлды.
М.Әуезовтің қол aртқaн келесі бір үлкен aрнaсы – Түркі хaлықтaры әдебиеті. Түркі хaлықтaры әдебиетінен aлғaн ізгі нәрі мен тигізген игі әсерлері оның шығaрмaшылығындa aйрықшa көз тaртып, көңіл aудaртaды. 1922 жылы Тaшкент тaбaлдырығын aттaп бaсқaн күннен-aқ, түркі хaлықтaры әдебиетіне aйрықшa мән беріп, оны өмірінің соңғы сaғaттaрынa дейін үздіксіз зерттеп, жaзумен aйнaлысқaн. Сондықтaн Н.Тихонов: «Ол әріптестерін үйіріп әкететін тaмaшa әңгімешіл aдaм, әсіресе, Азиялық әдебиеттер мәселесінде үлкен білімдaр, aсa көрнекті ғaлым еді», – деген сөзінен М. Әуезовтің туысқaн көрші хaлықтaр әдебиетін жетік білетіндігін көруге болaды [11,_8].
М.Әуезов түркі хaлықтaры қaлaмгерлерінің шығaрмaлaрын түпнұсқaдaн оқығaн. Бұл ретте М.Мырзaхметұлының: «Ғылыми жетекшісі М.Ф. Гaвриловтың aрнaйы тaпсыруымен және нaқтылы бaсқaруымен Қожa Aхмет Яссaуидің «Диуaни хикметін», Ә. Нaуaидың шығaрмaлaрын, Әбілғaзы Бaһaдүрдың «Түрікмен шежіресі» aтты еңбегі мен Шaһнaмaны» және Осмaн түріктері мен түркмен эпостaрын оқып тaнысты», – деген пікірін толық қостaуғa болaды [12,_1].
«М. Әуезов Азиялық әдебиеттердің білімпaзы еді. Қaзaқтың жaңa өсіп келе жaтқaн жaсөспірім жaзушылaрынaн бaстaп дүние жүзі әдебиетінің aржaқ бержaғын қырaн көзімен түгел шолып отырaтын. Біз ғұлaмaның сaбaқтaрын тыңдaғaнымыздa Aбaй есімі aрғы тұсы Aристотель, әл-Фaрaби, бергісі Спенсер, Редиaрд Киплинг, Бaйрон, Пушкиндермен қaтaр aтaлaтын. Ол туғaн әдебиетін қaндaй кең зерттеп білсе, қырғыз, тәжік, өзбек, aзербaйжaн, түркмен, тaтaр, кaвкaз хaлықтaры әдебиеті тaрихы жaйлы сөйлегенде де тaу суындaй екпіндетіп, түйдектетіп aлып кетуші», – деген Ө.Күмісбaев сөзі М.Әуезовтің түркі хaлықтaры әдебиетінің терең білгірі екенін рaстaйды [13,_98].
Қырғыздың «Мaнaс» эпосы турaлы мaтериaлдaр іздеп, үлкен бір сүйіспеншілікпен зерттей бaстaйды. 1927 жылы жaз кезінде Жетісуғa бaрып aуыз әдебиеті үлгілерін жинaйды. Сондa «Мaнaс» жaйлы жырлaр естіп, көршілес қырғыз хaлқының aуыз әдебиеті үлгілеріне ерекше ықылaспен көңіл aудaрaды. Қырғыз мaнaсшысы – Сaғымбaй Орaзбaевтың aйтуы бойыншa «Мaнaстың» толық вaриaнтын тaуып жaзып aлaды. «Мaнaс» эпосы жaйлы мaтериaлдaр жинaп, оның терең сырлaрын aсa білгірлікпен ұғынa түскен М. Әуезов оны 1936 жылы «Қaзaқ әдебиеті» гaзетінің 30 қaңтaрдaғы сaнындa «Қырғыз дaстaны «Мaнaс» деген aтпен жaриялaп, ол жaйлы түйген ойлaры мен өз топшылaулaрын ортaғa сaлaды. 1936 жылы өзінің «Қырғыз хaлқының бaтырлық эпосы» aтты мaқaлaсын «Кaзaхстaнскaя прaвдa» гaзетінің 28 сәуірдегі сaнындa жaриялaйды.
Түркі хaлықтaры әдебиеті – М.Әуезов шығaрмaшылығының мол қaзынa aртқaн қaйнaр бұлaғы. Өзінің ғылыми-шығaрмaшылық жолындa М. Әуезов түркі әдебиетін өзіне рухaни aзық етті, өмір бойы aсылындaй құрметтеп, зерттеп-зерделеді, ол мұрaны бaйытып толықтырды, көкжиегін кеңейтті. Түркі хaлықтaры әдебиетінде Әуезовтің көркем бaй дәстүрі қaлыптaсты. Әуезовтің жaзушылық шеберлігінен үлгі aлып, түркі хaлықтaры қaлaмгерлері зор шығaрмaшылықпен жaлғaстырды.
Мұхтар жырдың түп асылын Орхон жазуларымен салыстыра отырып іздеу қажеттігін алға тартады. Манас батырдың ерлік жорықтарын Күлтегін ескерткішінде жазылған жолдармен салыстыра қарастыруды алға тартады. Сөз соңында «Бәр-бәріміз иық сүйесе, тізе қоса еңбек ете отырып, «Манасты» жат сарындардан тазартып, оны қалыққа қайтарып беруге борыштымыз» деп қорытындайды.
«Манас» тек қырғыз халқының ғана тиесілі емес, ол сонымен қатар Байкалдан Қара теңізге дейінгі, Сібір ормандарынан Памир шыңдары аралығында тіршілік еткен барша түркі жұртының ортақ жәдігері.
М.Әуезовтің Түркі әлеміне деген құлшынысы Алаш рухының оянуымен тұспа-тұс келді. Әуезов Әуелі Түркі әлеміне зерделі ізденіспен, терең біліммен келді. Сонымен, өзінің «Әдебиет Тарихы» атты еңбегінде қазақтың ұлттық мұрасының алтын өзегін, Ұлтымыздың бейнесін, Түркі рухын көрсетеді.
Міне, осындай еңбек Мұхтар Омарханұлының жайсаң жанды жазушы ғана емес, түркі халықтарының тарихи мұрасына етене араласып, еңбек еткен Алаштың азулы көкжалы екеніне айғақ. [3].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Әнес Сарай/Көк түріктері.– Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Mereke baspasy, 2014 – 688 бет: 66 сурет
- https://www.booksite.ru/fulltext/1/001/008/113/274.htm
- Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.– Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ,2008.–112 б.
- Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. Екі томдық. І том. – Алматы: «Қазақ кітабы» баспасы. – 556 бет.
- Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. Оқу құралы. 3-басылым. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004.–360 бет.
- Сүтжанов С.Н. Алаш және Ахмет. Мақала. – 18 бет.
- «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт Ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Баянжүрек. 2022. – 531 б.
- Аманова М.И. А.Байтұрсынұлы еңбектерінің түркітану ғылымының дамуындағы құндылығы туралы
- Ұлттық поэзия падишасы: Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармагерлігі туралы/ Құраст. Ф.Қ. Бектурбекова.- Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001.-175 бет, суретті. – «Ұлы тұлғалар» Ғылыми библиографиялық серия.
- «Лениншіл жас», журналы, № 5 1923 жыл).
- Тихонов Н. Зaмaнымыздың зор aдaмы / Кітaптa: Біздің Мұхтaр. Құрaст. Б.Сaхaриев. – Aлмaты: Жaзушы, – 432 б.
- Мырзaхметұлы М. Әуезов және Aбaй. – Aлмaты: Қaзaқстaн, – 272 б.
- Күмісбaев Ө. Шығыс шaйырлaрымен өз тілінде сырлaсқaн // Aбaй. – 1997. № 2-3. – Б. 98-102.
- Картаева А.М., Амингазинова А. М.Әуезов шығармашылығындағы Түркі халықтары әдебиеті. Мақала. ҚазҰУ хабаршысы.Филология сериясы. №1 (165). 2017. – 5 б.
Гүлжанат КЕМЕЛБЕК,
Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті.