Ата Заң – елдік тұрағы
Байырғы қазақ жерінде, ұлан байтақ елінде,
Ұлы Дала белінде, Ұлық Орда төрінде,
Мыңжылдық сабақтастығын сақтаған арғы тегінде –
Қазақстаным – Отаным, қорғаным – менің, сенің де!
Біртұтас халық – бір тағдыр, татқан дәмін тең ішкен,
Бірлікпен, тату тірлікпен қуаттанған ел іштен.
Әнұран, Тарих, Ту – ортақ, халқымыз үшін Заң үстем,
Әділдік, Тәртіп, Бостандық, Адам Құқығы – Ар үстем.
Даланың заңы – дәстүрім, даналықтың бұлағы,
Тәукенің «Жеті жарғысы» – әділдіктің құралы.
«Есімнің ескі жолы» мен Қасым салған «қасқа жол»,
Алаштың жаққан шырағы – Ата Заң – елдік тұрағы.
Шекарасын шегендеп, келісіммен кемерлеп,
Қол сұғылмас аумағын заңмен қойған бедерлеп.
Адам – басты құндылық: ғылым, білім, табиғат,
Цифрлы қоғам жолында өсуі тиіс ел өрлеп.
Рух беріп байтақ еліме Референдум – теңдігім,
Қуат құйып жүрекке жаңаратын келді күн.
Конституция – тұғырым, ұлтымның берік ұстыны,
Ата Заңым айқындар алаштың асқақ елдігін.
Айбек Оралхан
