С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада майталман жазушы, жерлесіміз Рамазан Тоқтаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс перзенті» атты аймақтық конференцияны өтті. Конференцияға Рамазан Тоқтаровтың күйеу баласы Қаһарман Зағыт пен туған қарындасы Жаңыл Тоқтарова Алматы қаласынан арнайы келіп қатысып, жұрт көп ести қоймаған тың естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, қарындасы тебіреніп, көңілі толқып балалық шақтары туралы өте жақсы тәлім-тәрбиелі естеліктерін әсерлі әңгімелеп айтып берді.
Р.Тоқтаров мектепті бітірерде жазған шығармасы М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан болатын.
Р.Тоқтаровтың «Абай жұмбағы» роман-хамсасында шешендік сөздермен байланысты сөйледі. Хамса (бестік, бес дастан деген мағына береді) – Шығыс әдебиетінде, соның ішінде түркі тілдес халықтар әдебиетінде ертеден орныққан дәстүр бойынша бір-бірімен жалғас, сабақтас жазылатын бес дастан. Демек, Тоқтаров еңбегін 5 кітапқа бөліп жазығанымен, сюжеті бір желіге ғана құралған, Абай бейнесін ашу төңірегіне жинақталған. Сондықтан да «Абайдың жұмағы» роман-хамса деп аталған.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, – деп Абайдың өзі айтқан еді.
Абай өлеңдерінің (шығармаларының) жұмбағы әлі де зерттеле беретін болады. Абайдан неғұрлым алыстаған сайын, Абай рухына соғұрлым жақындай беретін боламыз.
Роман-хамсадағы: Майбасар мен Халиолла сөзге кеп қалып, Халиолла райынан қайтқысы келгенде Абай араласып, Ғазірет Әлінің «Ғылым артық па, мал артық па?» деп қойған сұраққа 10 түрлі жауап берегенін келтіреді (Р.Тоқтаров-344-345 бб. Шешендік шиырлар-192-193 бб).
Мөңке би (Баланың тапқырлығы) шешендік сөздерде Тілеу сегіз жасар ұлы Мөкені ертіп жолға шықанынан, бала логикасын дамытудан бастаған. Баланың дүниені тануы, өзіндік ойлауы сол арқылы жұмбақ сияқты оқиғаны күні бұрын болжап шешіп отырған. Соны нақты оқиғамен (заттық) деректермен дәлелдеген. Мысалы, «Әкесі: -Түйенің оң көзі соқыр екенін қайдан білдің? – депті. – Жолшыбай жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті, сонан білдім,- депті». Баланың байқампаздығын, ойының ұшықырлығын көрсетеді (Р. Тоқтаров – 413-414, Шешендік шиырлар-12-130).
Ой жарысы. Абай мен баласы Әбіш (Әбдірахман) арасындағы білім жарысы. «Әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» деген сұрақ-жауаптары берілген (Р.Тоқтаров – 550-551 бб., Шешендік шиырлар – 171-172, 27-28 бб.).
Ақбалық хазірет Рақышқа қойған: Дүниеде не қымбат? Не қиын?, – деген сұрағына –Жауабыңыз өзіңізден болсын, шартыңызды қоя беріңіз дейді. Ақбалық хазірет: Отан қымбат, ар қымбат. Өзге қымбат осы екеуінен шығады. Араға кірген жау қиын, іштен шыққан дау қиын. Осы екі қиынды бірдей бауыр бассаң, бай бол – малың, патша бол – тағың не керек? Қоятын шартым біреу-ақ – ертең таңғы оразаңды ашпастан тұрып барып Абайдан кешірім сұрайсың! (Р. Тоқтаров – 540-541 бб.).
Қарамола съезі жайында Абаймен бірге болған Мүсірәлі ақсақалдың естегісі жан-жақты айтылған (Абай Құнанбаев, 1961 : 494-498 бб.)
Генерал-губернатор Цеклинский Абайға «Сіз заманнан басыңыз асқан адам екенсіз!» деп осы сиезде баға берген (543 б.). Миссионер әрі священник, Мәскеу патриархаты жанындағы духовный семинардың кафедра меңгерушісі – отец Сергей Абаймен ой жарысында өзінің священниктеріне былай деген: Сендер қойыңдар, шырақтарым! Ибрагим Құнанбаев сендердің тістерің бататын адам емес, -деп (684 б.). Бұл оқиға туралы да Көкбайдың Абай туралы естелік әңгімесінде айтылып өткен (Қ. Мұхаметқанов. Абайдың ақын шәкірттері, 143-145 бб.).
Түйін:
Рамазан Тоқтаров өзі де тілге шешен, майталман жазушы дедік. Кенесары, Саққұлақ шешен, Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейханов, Мұса Шоманов, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім т.б. Қарамола сиезі туралы Рақыш, Әлімхан, Ақбалық (Әбділдә) т.б. жан-жақты, өте терең, түпкілікті зерттеп барып көркем образдардың бейнесін сомдап шығарған, тігісін жатқызып суреттеген. Р.Тоқтаров тарихи оқиғаларды да өте жақсы білген. Демек, Р.Тоқтаров көркем шығармада кейбір тарихи деректерді шебер пайдаланған, басқа мазмұнды оқиғаларды жазып келе жатып, оиға желісін бұзбай өте дәлдікпен келесі оқиғамен шебер байланыстырған. Р.Тоқтаровтың архив деректерін, тарихи қолжазбаларды қарағыны, көп және ұзақ уақыт ізденгені байқалады. Роман-хамсада жеңіл оқылады, тілі шұрайлы (тиянақты, жауапкершілікпен ұзақ жылғы дайындықпен келген) тың тіркестер, күрделі сөздер, мақал-мәтелдер, қазақтың байырғы ескіліктері, тұрмысы мен салтына, әдеті мен ғұрпына қатысты этногафиялық материалдарды, құндылықтарды індете зерттеген және шебер қолдана білген. ХIX ғасырдағы тарихи оқиғаларды, тарихи тұлғалардың өмір жолын түпкілікті, жете қарастырған. Әсіресе, Құнанбай, Абай т.б. деректерге аса мұқият қарап, «Абай жолы» эпопеясына қатысты мәліметтерді де өте терең және жан-жақты зерттеп, қарастырғаны байқалады.
Айтмұхамет ТҰРЫШЕВ,
Торайғыров университетінің профессоры., филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы.