Ескі қағаздарды қопарып отырып, «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің тігіндісінен әйгілі жерлесіміз, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаровтың сын мақаласын жолықтырдым. Мақала – 1960 жылдары «Сүйгенің екеу болса, жаңыларсың» атты әңгімесін жариялаған, өзімнің жерлесім, майдангер, ұстаз Зикен Сәрсенұлының шығармашылығына арналған екен. Мақала жарық көрген кезде Зикен Сәрсенұлы 38 жаста, қаламгерлік жолға енді ғана қадам басқан кезі.

Зикен Сәрсенұлының өмір жолы ауыр болғанымен, көпке үлгі, өнеге. 1940 жылы мұғалімдер курсын бітіріп, ұстаздыққа қадам басқан ол, 1941 жылы соғыс басталғанда, өз еркімен майданға аттанады. Ташкенттегі ұшқыштар мектебінен (сол кездегі басқа ұлттарға деген күдікке байланысты) кері қайтарылса да, 1942 жылы қайта шақырылып, Гурьевтегі әскери училищені бітіреді.

Ол – қазақстандықтардың ерлігіне күмән жойылғаннан кейін Сталинград түбіндегі 62-армияның 35-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының қатарында болып, кейін 3-ші Украин майданы құрамында қызмет еткен батыр. Украина, Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрияны азат етуге қатысып, Германия шекарасына 20 шақырым ғана қалғанда Жеңіс күнін қарсы алды. Өзінің өршілдігімен 13 рет Жоғары Бас қолбасшы И.В.Сталиннің мақтау грамотасын алса, майдандағы ерекше ерліктері үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл Жұлдыз», 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталып кеудесін жарқыратты.

Соғыстан кейін (1946 жылдан бастап) қалған ғұмырын мектепке арнады. Жалпы 45 жыл ұстаздық етсе, 28 жыл бойы мектеп басшылығы қызметін атқарды. Ол – тек батыр ғана емес, «ҚазССР-нің ағарту ісінің озаты», «Еңбек ардагері», 17 рет жергілікті Кеңестерге депутат болып сайланған қоғам қайраткері.

Ұстаздың қаламынан туған, Ертіс ауданындағы өмірді бейнелейтін «Сүйгенің екеу болса, жаңыларсың» әңгімесі сол кездегі әдеби ортаның назарына ілігеді.

Осы тұста, әдебиетші, жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Көркем шығарма қалай туады?» атты сын мақаласы жарық көреді. Р. Тоқтаров – жас қаламгер З.Сәрсенұлының шығармашылыққа деген адалдығын, әңгімедегі «жүрек қанымен жазылған жылы леп пен мол тынысты» атап өтіп, кейбір сәтті теңеулеріне жоғары баға береді.

Бірақ бұл сын тек мақтаумен шектелмей, әдеби шеберліктің биік талаптарын көрсетеді:

«Әдебиетшіл Павлодар мұқым республика жұртшылығына аян. Ертіс жағасында туып өскен Сұлтанмахмұт, Сәбит, Майра, Иса секілді абзал ақындарымыздың, әнші-күйшілеріміздің қазіргі бақытты ұрпағы бұл тамаша дәстүрді дамытуға толық мүмкіндік алып отыр. Сан саралы әдебиет шебіне қанат қаққан жас талаптар өлең шығарумен бірге, әңгіме, очерк, мақала, этюд жазуға да талаптанады.

КПСС-ХХІ съезі атындағы колхозға қарасты (Ертіс ауданы) Үлгілі ауылының тұрғыны Зекен Сәрсенов «Сүйгенің екеу болса, жаңыларсың» деген әңгімесінде алға қойған мақсатын бірсыдырғы тәуір шешкен. Әңгіменің ұзын-ұрғасы былай: ферма есепшісі Рахмет Рәзия сынды қарақат қызға ғашық болады. Олардың бұл асыл арманы орындалар ма еді, егер Рәзия Алматыға оқуға баруға тілек білдірмегенде. Рахмет оған қарсылық жасамады, сүйікті адамын өз қолынан аттандырып, одан әрі оқуына көмектеседі. Ай сайын ақша жіберіп тұрады.

Рәзия институтты бітіргеннен кейін уәдеде тұрмай, басқа адаммен кетіп қалады. Бес жыл күтіп, абзал үміт артқан Рахметті екі жүзді Хасенге айырбастайды. Рәзия Рахметке: «Мені күтпе, өз жөнімді таптым» деп телеграмма соғып жатқанда, Хасен екінші жақта тұрып «Меруерт үйді босатсын, көңілім ұнатқан адамға үйлендім» деп өз үйіне хабар береді.

Автор әңгімесінің соңын: «Айнымас достық сенімде болған Рахмет, жазықсыз жас ару Меруерт және тірі жетім Алмажан бақытты өмірдің шырқын бұзған зұлымдарға ренішпен қарайды» деп келісті түйеді. Шығарманың басынан аяғына дейін дамыған біртұтас сюжет, жүрек қанымен жазылған жылы леп, мол тыныс бар.

Алдымен Зекеннің қаламынан туған сәтті жолдарды келтірелік: «Рәзияның институтты бітіруіне жыл жарымдай ғана уақыт қалды. Бір күні одан келген хатта: «Орынсыз ойпап күлме, Рахметім! Көрсе қызарлық-жаман қасиет. Менің қызғанатынымды білесің ғой…» дегені Рахметтің махаббатшыл сезіміне құйылған тағы бір ыстық тамшыдай болды. Бұрын жастар арасында көбірек болатын сауықшыл Рахаң, ендігі жерде жігіт ағасы болғандай, өзіне-өзі тоқтау салды».

Бұл келтірілген үзіндіде екі жастың арасындағы қалтқысыз достық шынайы көрсетілген. Жібектей ширатылған қыз назы, сағынышы мол жігіттің сап-сап көңілі өмірдегіден аумай қалған. Хатта жазылған қыз сөзін сезімге құйылған ыстық тамшыға теңеуі — Зекеннің өзіне тән шеберлік қасиеті, ұтымды жері деп түсінеміз. Жас талапкердің сөз саптауында көп кірбең жоқ, кей тұста астарлы, алғыр ой жатады. Кейіпкерінің характерін ашарда бояуын қалыңдата түседі. Ішкі көңіл күйін, әр жаққа жүгірген ойын беруге тырысады.

Бірақ әңгіменің мұндай әсерлі, айшықты тұстары ілу-қағыл. Зекен алған тақырыбының иін қандырмай, ой-елегінен парасаттап алмай, асығыс жазған сияқты. Олай деуге бір-бірімен толық жымдаспай, қиюы кетіп, шолақ қайырылған сөйлемдер дәлел болса, әңгіменің кей жерінде ұмытылған, сол себепті ұшталмаған детальдар бар. Мысалға совхоз директоры Рахметті шақырып алып: «Сіз бас бухгалтерлер даярлайтын бір жылдық курсқа барасыз, дейді. Рахмет курсты үздік бағамен бітіріп келеді». Қайдан? Ол белгісіз. Алматыда оқыса Рәзияға неге жолықпады? Тіпті Рахметті оқуға жіберудің қандай қажеттігі бар шағын әңгімеде?

Бұл жерде Д. Фурмановтың өзімен хат алысып тұратын жас жазушыға айтқан өсиетін еске алмасқа болмайды. «Кейіпкерінің қайда туғанын, мінез-құлқын, оқыған кітаптарын, ағайын-туыстарын, нені құмартатанын білмесе ол туралы жақсы нәрсе жазам деп ойлама» деген пікір айтады. Сонда ғана кейіпкер адам бейнесіне енеді, бойына қан жүгіреді. Оның сыртқы белгілерімен қатар, ішкі дүниесі де болады. Шындықпен заңдылық қабысады. «Стиль адамның өзі» деген қанатты сөздің түп тамыры да осында жатыр. Махаббат — ардақты сезім. Оны аяулы сөзбен, адамгершілік қарым-қатынаспен ғана танытуға болады. Екіншіден махаббат мәселесі шығарманың өзекті тақырыбы болғандықтан ол бірте-бірте дамып, оқушыны иландыра түсуі керек еді. Рахмет қанша сүйкімді жігіт болғанымен Рәзиядай кербез қыздың бірден келісе қоюы — нанымды шықпаған.

«Рахметте не тұр, ол ойдан туған кейіпкер ғой? Оны, барлық жағынан бірдей көру, іш-бауырына ену шарт па?» деуіңіз мүмкін, Сәрсенов жолдас. Ал көп осында! Егер сіз бірге өсіп, біте қайнаған, өзіңіз жақсы білетін еңбек адамы туралы очерк жазсаңыз, ол адамның бейнесі Рахметтен гөрі жатық шыққан болар еді.

Хош, енді Рәзияға келейік. Бұл дағы әңгіменің басында Рахметтей жігітті еріте білген, абзал адамның бейнесінде көрінеді. Оқуда жүргенде ыстық-ыстық хаттар жолдап тұрады. Бір-бірімен көріскенше сабыр тақаты қалмайды. Кенет, ақырғы курста Хасен Рәзияға ұнап қалады. «Жүрегі иіс тигендей дүрсілдеп, іші бауыры елжіреп қоя береді. (Иіс тигені несі?) Рәзия жігітті таңдауға шақырады. Сол жерде Хасеннің «таңғажайып махаббат сырлары ақтарылып, бақытты өмірдің төріне Рәзияның қолын жеткізбек болады».

«Осымен іс бітті» деп ойлайды автор. Бұл дұрыс па? Әңгіменің қысқа, ойнақы болғаны жақсы, әрине! А. П. Чеховтың, К. Паустовскийдің, Б.Майлиннің шебер сюжетке құрылған шағын әңгімелері кімді сүйсіндірмейді! Бірақ қарапайымдылық төменгі сапа емес, жоғарғы сапа болуы керек. Оған мынандай мысал келтіруге болады. Ерте уақытта адамдар жарқырауық түймелер тағып, әлем-жәлем киінуге әуес болды. Кейінірек мәдениет өркендеген сайын жұрт неғұрлым қарапайым киіне бастады. Жылтырауықтарды енді бөбектер ғана тағатын болды. Жазу мәдениетінде де осы қасиет бар. Алғаш жаза бастаған адам сөз арасын бөтен сөзбен, көбіне жылтырақ, даурықпа сөздермен былықтырып, сөйлемді шұбыртып жазады. Сөйлемде синтаксистік, логикалық байланыс болмайды. Ал бірте-бірте жазу мәдениетін меңгерген сайын сөйлеу неғұрлым ықшамдалып, түсінікке жеңілдене береді».

***

Бұл мақала – жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы әдеби өмірдің бір көрінісі. Зикен Сәрсенұлы сияқты өмір бойы ұстаздық еткен тұлғаның, соғыс ардагерінің, қарапайым еңбек адамының шығармашылыққа деген талпынысын, әрі Рамазан Тоқтаровтың оған деген құрметі мен талапшыл сынын көру – үлкен тағылым. Екі жерлесіміздің де рухына тағзым!

 

Абзал РЫМБЕК,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий