Биыл – майдангер жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толды. Қаламгердің мерейтойына орай Баянауыл ауданы әкімдігі «Aiqara.kz» әдеби порталымен бірлесіп, облыстық прозалық шығармалар байқауын ұйымдастырды.
Үміткерлердің жасына шектеу қойылмаған әдеби байқау әңгіме жанрында өтті. Бірнеше кезеңді қамтитын байқаудың іріктеуіне облысымыздың түкпір-түкпірінен отызға тарта қаламгер қатысты. Олардың ішінде үздік 17 шығарма іріктеліп, бағалау үшін қазылар алқасына берілді. Ереже бойынша, марапаттау рәсіміне дейін қазылар құрамы жарияланбайды және оларға шығармалар автордың аты-жөні көрсетілмей, нөмірленіп ұсынылды. Бұл – байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік береді.
Бүгіннен бастап, шығармалар, авторы көрсетілмей, «Aiqara.kz» әдеби порталында жарияланады. Әр шығарма көркем әдебиет сыншыларының, қазылар алқасының, сарапшылардың, оқырмандардың қатысуымен жеке-жеке талқыланады. Талқылаулар қазылар алқасының шешіміне әсер етпейді.
Байқаудың қорытындысы тамыз айында мерейтой иелерінің құрметіне арналып Баянауылда өткізілетін салтанатты жиын барысында шығарылады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және Баянауыл аудандық әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың ізбасарларының әдеби байқауында кімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанатынын асыға күткен оқырман, бізбен бірге болыңыз! Жеңімпаздың есімі жарияланар күнде жүздескенше!
Ал, назарларыңызда – Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған №1 әңгіме.
ҚОС БӘЙТЕРЕК
Атам мен әжем… Иә, осы бір қасиетті екі адамның есімі аузыма түссе болғаны келмеске кеткен бала күндерімнің сарғайған сағынышқа толы парақтары ашылып, атамды соңғы сапарға шығарып салған қоңыр күздің жаңбырлы күніне ұқсап жанарым жасқа толып, көкденен көңілдің буыны бір сәтке босап кетеді…
Тал-шыбықты ат қып мінген сонау бір бала күндер алыстап, арман қуып қалаға келген соң талай зәулім сарайға кірдік, алты қанат ақбоз үйдің төрінде жақсы-жайсаңдармен жүздестік. Бірақ «ақ» деген түс туралы айтыла қалса, қарт әжемнің жұмыртқадай кіршіксіз аппақ жаулығы есіме бірден түседі. Мен үшін әжемнің ақбурыл шашын жапқан сол жаулықтан ақ, сол жаулықтан таза, сол жаулықтан биік ештеңе жоқ секілді сезіледі де тұрады…
Иегінен төсіне қарай төгілген ақ күмістей сақалын салалы саусақтарымен тараған атамның төрдегі құс жастыққа жамбастай жатқан сәті есіме түссе, сол бір ойдың жетегінде көзімді жұмып бір сәтке уақытты тоқтатқандай боламын. Шіркін, әлдебір құдірет келіп маған: «Сол кешегі бала кейпіңде атаңның қасына сүт пісірім уақыт отырасың ба?» десе, бүкіл дүниені тәрк етіп атамның жанына жайғасып қос құлағымды әсерлі әңгімеге түріп қойып, қара тулақтың үстінде атамның аузына қарап отыра берер едім ғой…
Атам мен әжемнің үйреткені көп еді бізге. Әттең ол кезде көп дүниенің байыбына бармаған екенбіз ғой. Абыз қариялардың айтқанының бірін түсіндік, бірін түсінбедік… Сол сағынышқа толы сарғайған дәптердің беттерінен бала көңілмен жазылған оқиғаларды біртіндеп баяндайын…
Төлбасы
– Әй, көлеңкем, тұр енді. – Атам мені осылай атайтын. – Күннің бір уағына дейін жата беремісің? Түнде Қатай шалдың орнына жылқы күзетіп келгеннен саумысың өзің?.
Тұр-тұрдан хабар келген соң ұйқы қашпай тұрсын ба? Орнымнан еріне көтеріліп, шалбар-жейдеме құлықсыз қол создым.
– Тұр, көлеңкем! Қазір қойға барамыз!, – деді атам. Қойға баруды тойға барудан кем көрмейтін маған бұл сөз майдай жақты. Тыстағы күн көзіне жылыған жез құманмен беті-қолымды жуған соң үйге кірдім. Ас бөлмеге келсем, ауыл шетінде тұратын күзетші Сәрсен шайды сораптай ішіп, атама әлденені айтып отыр екен. Қабағы қатулы секілді. Шайға келген маған мойын бұрып қараған да жоқ. Ойы басқа жақта.
– Солай, ақсақал! Ақшадан қысылған соң келдім. Менімен жүріңіз үйге, – деді Сәрсен қысқа қайырып.
– Сәрсенжан, сен үйіңе бара бер. Мен Тортөбелді арбаға жегіп, көлеңкемді ертіп, артыңнан іле-шала барамын. Қойды алу үшін көлік керек қой.
– Мақұл, ата! Мен онда жылжи берейін, – деді Сәрсен қолындағы кесені үстелге қойып жатып. Ол есіктен шыға бере мен іле-шала:
– Ата, қой сатып аламыз ба? – дедім.
– Иә, көлеңкем, аламыз.
– Өткендегідей сізге ұнамай қалса қайтеміз?
– Жоқ, балам, Сәрсен – түзу жігіт. Оның күткен малы ешқашан жаман болған емес. Әрі кенже ұлы – анау сығыр көз сары ауруханаға түсіпті. Аты кім еді өзінің?
– Талап, ата.
– Ә, сол Талаптың еміне шарқ ұрып ақша іздеп жүрген көрінеді. Шайыңды ішіп болсаң, кеттік, Тортөбелді жегейік те Сәрсенге барайық.
Біз қора жаққа беттедік. Атам екеуіміз бұған дейін де талай үйдің қорасына барғанбыз. Бірақ бала кезден мал танитын қарияға анау-мынау қойыңыз ұнай қоймайтын. Өткен жолы көрші ауылда тұратын саудагер Әмір қой сатады дегенді естіп атарбамен салып ұрып сонда барғанбыз. Бірақ Әмірдің көрсеткен қойлары атамның көңілінен шықпады.
– Ақсақал, қой емес, құдды бір ат сатып алардай қарадыңыз-ау. Жүйірік-жорға дейтін емес уақ малдың бәрі бірдей емес пе? – деді Әмір сөзбен қағытып.
– Жоқ, айналайын, олай емес. Мынау меринос қойларың маған ұнаған жоқ. Тұқымында бір гәп бар-ау осылардың, – деп ақсақал байлаулы тұрған Тортөбелге таман жақындаған.
Бір ғана бұл емес атам екеуіміз талай үйдің қорасына бардық. Бірде қойдың сыртынан қарап, бірде ұстай алып жонын сипап, аузын ашып, тісін көреді де басын шайқап жібере салады. Басқа-басқа атамның қой сатып аларына бұл күнде менің өзім күмәндана бастағанмын.
Тортөбел жан-жағына елеңдей қарап, құлақтарын қайшылай борт-борт желіп келеді. Ауыл шетінен көз ұшында ағып жатқан өзеннің гүрілі мен қаз-үйректің қиқулаған дауысы ауық-ауық естіліп тұр. Ауылдан оңашарақ шеттегі ақ үйдің сыртында Сәрсен бізді тағатсыздана күтіп тыпыршып жүр екен. Тортөбел үй алдына тоқтай сала Сәрсен бітеу қораға жып етіп кіріп кетті де дүркіретіп оншақты қойды сыртқа айдап шықты. Бір келкі бұйра жүнді қоңыр қойлар бірінен-бірі аумай ма қалай? Тек салпаң құлақ, тегене құйырық, тұрқы ұзынша келген, сирақты қара саулық қана анадайдан көзге оттай басылады.
– Ақсақал, ұнағанын алыңыз, бәрінің бағасы бірдей, – деді Сәрсен қойларды иегімен нұсқап.
– Мынау қара саулығың жүз қойдың арасынан көзге түсерліктей мал екен, жануар, тфәй-тфәй, – деді ақсақал таяғымен жерді бір тықылдатып қойып. Қара саулық маған да ұнап барады. Атамның да дәл осындай мал іздеп жүргенін жақсы білемін. Қойдың аяғын байлайтын жіпті әзірлеп қара қойға таман төне түстім де: «Ата, ұстайын ба?» – дедім жеңімді түре ыңғайланып. Атам үндемеді. Қойлардың әрқайсысына мұқият қарап, өзімен-өзі күбірлеп қояды. Кенет: «Мынаны ұста!» – деді орташа бойлы, көзге толымсыздау көрінетін қоңыр тұсақты таяғымен нұсқап. Мен ештеңеге түсінбедім. Қара қойға тиіспегеніне мал иесі іштей қуанса керек жалма-жан атам көрсеткен қоңыр тұсақты тірсегінен шап беріп ұстай алды. Қойды арбаға салған соң кері қайттық.
Тортөбел баяғы жүрісіне салып бүлкектеп келеді. Ыңылдай әндеткеніне қарағанда атамның көңілі көтеріңкі секілді. Мен атамның бұл ісіне түк те риза емеспін. Риза болмағанда қайтейін? Табанымыздан таусылып ала жаздай үй-үйден қой іздедік. Ал енді «іздегенге – сұраған» жолыққанда атамның қылғаны – мынау. Дәл мына қоңыр тұсақты он орайтын талай қой бұған дейін кезікпеді дейсіз бе? Кезікті. Бірақ соның бірін де ұнатты ма? Жоқ. Мен шыдай алмай кеттім.
– Ата, – дедім кенеттен. Дауысымның қалай қатты шығып кеткенін өзім де байқамай қалсам керек. – Анау қара саулық маған қатты ұнап еді? Оны неге алмадық?
Атам қолындағы ұзын сапты бұзау тіс қамшыны екі бүктеп қасына қойды да маған бұрылып:
– Қарағым, сен жассың. Әлі ештеңені түсінбейсің ғой. Сәрсен аса бай-қуатты адам емес. Бірақ кісіден алақан жайып бірдеңе сұрағанын да көрген емеспін. Өз несібесі өзіне жететін азамат. Әрбір шаңырақта үйге құт әкелетін жан басы мен мал басы болады. Яғни, отбасындағы жасы үлкен адам мен малының үлкені сол үйдің ырыс-құты, берекесі болып саналады. Ана қара саулық осы үйдің төлбасы екен. Оған тисуге қолым бармады. Жан басы мен мал басының көзі кеткен үйде береке тұрмайды деуші еді баяғыда үлкендер… Әрі Сәрсен баласын емдетуге ақшаға қысылып жүр. Оған қалай да көмектесуім керек қой. Мәселе малда емес, иесінің пейілінде ғой, қарағым. -Атам көңілсіз отырған маған бар денесімен бұрылып қарады. – Не болды сонша ұнжырғаң түсіп? Жасыма, бала! Мына қоңыр тұсақ та өсетін мал. Әлі талай қоңыр қозылы боласың, көлеңкем!, – деді ол бүкшиіп отырған менің арқамнан қағып. Оғаш ойыма қысылған мен ештеңе деместен қоңыр тұсақтың мойнынан құшақтай бердім…
Ақ борандағы ақыл
Ақырған ақпанның ақ бораны. Түні бойы соққан бұрқасын аласа ғана жер үйдің есік-терезесін бітеп тастаған. Терезеден ішке күле кіретін күн сәулесі болмаған соң үй іші де ала көлеңке тартып қоңырқай түске боялған. Ағаш терезенің жақтауын соққан долы боран үй ішіне кіріп кетердей екпіндей гуілдеп тұр. Кенет сырт жақтан әлдене тарсылдағандай болды. Үйдегілер тегіс есік жаққа мойын создық. Алғашында азынаған боран ба деп едік. Тарсылдаған дыбыс күшейе түсті. Біреудің келгені анық.
– Бұл қайсың, әй?, – деді атам дауысын созып. Үйде атам, әжем және өзіммен тетелес өскен әпкем – төртеуіміз ғана бар едік. Отырғандардың бәрі маған бет бұрған соң көздеріндегі ойды айтқызбай-ақ түсіндім де есікке таман бет алдым.
– Кімсің?
– Мен, – деді арғы жақтан азынаған боранға қосыла естілген дауыс.
– Менің кім?
– Әй, батшағар, Бекжанмын.
– Қай Бекжан?
– Мына боранда өлтіремісің! Тез аш есікті! – деді боранға тұншыға сөйлеген адам.
Есікті ілмегінен ағыта салып өзіме қарай тартып қалғаным сол еді үйілген қар ішке опырыла құлады. Артынан қойны-қонышы қарға толған, кірпігін қырау шалып, сақалына сүңгі қатқан алпамса денелі біреу кірді.
– Ата бар ма үйде?
– Бар, – дедім мен бейтаныс адамға төргі бөлмені иегіммен нұсқап.
Түлкі тымағының қырауын санына соға бұрқ еткізіп қаққан мезгілсіз қонақ қонышы қарға толған ақ пимасын есік алдына қалдырды да төрге беттеді.
– Ассалаумағалайкум!
– Уағалайкумассалам! Өй, Бекжан шырақ, сенбісің? Ат құлағы көрінбейтін ақ боранда қайдан адасып жүрсің, әй? Тыныштық па?
– Тыныштық, ата.
– Иә, мал-жаның аман ба?
– Шүкір, жан аман. Мал…
Мезгілсіз қонақ кібіртіктеп қалды. Атам әлденені сезгендей шынтақтап жатқан орнынан басын көтеріп түзеліп отырды.
– Ата, білесіз ғой мені. Бірнеше жыл болды малдың соңында жүрмін. Үкімет субсидия төлеп көмектесетін болған соң қаладағы жұмысымды тастап Жоламанға (көрші ауылды меңзеп) көшіп келдім. Қарт анамды қолыма алып мал өсірдім. Анамның дүние салғанына биыл міне үш жылдың жүзі болды. Мен мал баққалы дәл осындай қаһарлы қысты көргенім жоқ. Жылда әупірімдеп жүріп мал-басымыз аман-есен шығатын едік. Биыл мына ақпан айбаттанып-ақ тұр.
Бейтаныс қонақ бір сәт терезеге тесіле қадалып отырды да кенет жұлып алғандай:
– Биыл мал ерте төлдеді. Төлдегенін қайтейін күн санап қынадай қырылуда. Қозыны былай қойып қойдың өзін аман алып қала алмай отырмыз. Келер жылы тігерге тұяқ қалмай ма деп қорқамын. Шешем марқұм ақтық демі үзілерге таяп: «Төменгі ауылда әкеңнің жан досы тұрады. Әлденеден қысылсаң Жанат қартқа барып ақыл сұрарсың. Көпті көрген қария ғой, бір жөнін табар» – деп күбірлеп барып, кәлимасын айтып үзілген еді жарықтық! -деді қырау басқан терезеге жасаураған көзін қайта қадап.
– Ә, – деді атам әліптің артын бағып біраз отырды да. – Кінә малда емес. Бақташыда. Малды неге ерте төлдетесің?
Бейтаныс қонақ күліп жіберді. Ата, енді олар менен сұрамайды ғой. Қошқар мен қойда ес бар ма?
– Ес бар, әрине. Керісінше, мына сенде ес жоқ.
Қонақтың көзі шарасынан шыға жаздап шатынады.
– Қаңтар мен ақпанда қоздаған қойдың төлі уызына жарығанын қашан көрдің? Әрі дәл мынандай қаһарлы қыста!
– Енді не істеуім керек сонда, ата?
– Қойды кеш қоздатуың керек.
– Ата, қазір білесіз. Мал баққаннан малшы баққан қиын заман. Малдың бір жағына шығысатын бір адамды алты ай іздеп жүріп әрең тапқан жоқпын ба? Малды кеш қоздату үшін қошқарды саулықтардан бөліп бағатын тағы бір бақташы керек қой маған? – Бейтаныс қонақ төбе шашын жұлуға шақ отыр.
– Жоқ, бала, – деді атам ернін жымырып. Алып денелі жас жігіт не айтар екен дегендей атама қарай ұмтыла түсті.
– Ертеректе біз де қой бақтық. Малды наурыз айының орта шебінен бастап төлдететінбіз. «Қалай?» дейсің ғой. Айтайын. Біз қошқарларға күйек байлайтын едік. – Ол не дегендей жас шопан жан-жағына жалтақтай қарады.
– Әй, сабаз, сен өзі күйекті білмесең қайтіп шопан болып жүрсің? – Атамның дауысы қатқылдана шықты. – Тыңда, бала! Отардағы үлкен қошқарлардың барлығының белінен төмен салақтатып берік дүниеден жасалған салпыншақ байлайсың. Жаңағы дүниең қошқар қойға артылса аударылмайтын, жерге жатқанда бауырына батпайтын ыңғайлы заттан жасалуы керек.
– Сосын… Оны қай кезде жасаймын? – деді жас жігіт.
– Жазға салым мал көкке тойған уақытта саулықтар іштенетін кез келеді. Соған дейін қошқарларға күйек байлап үлгеруің керек. Осылай ала жазды өткізесің. Қыркүйектің соңына таман барлық қошқарлардың күйегін алып тастайсың. Бітті. Жыл шыға қойларыңның барлығы наурыз-сәуір айларында төлдейтін болады. Есіңде болсын, шырақ. Ерте туған жас төлдің бейнеті көп. Саулық не қозысын тойдырмайды. Не өзіне шыр бітпейді. Соңында қой қожырап, екеуі де құриды. Қой қожырады дегенді білемісің өзің? Малдың төлін уызына жарытпай ерте суалуын қожырау дейді. Ерте төлдеген малды аман алып қалу оңай емес. Оған мол жем-шөп пен ерекше күтім қажет. Ал наурыз-сәуір айларында туған қозылар енесінің аузы көкке тиген соң бірден оттығып кетеді. Көкқарын болмай тез жетіледі.
– Ата! – деді малшы жігіт.
– Отарда қаншама қошқар бар. Оның барлығына күйек шақ келмейді-ау…
Атам жас жігітке сұраулы жүзбен қарап:
– Қойларың сапалы ма? Әлде тұқымы майда ма? – деді.
– Ақсақал, шынымды айтсам жыл сайын майдаланып бара жатқан сияқты. Қойым тоқтыдай, тоқтым қозыдай болып көрінеді кейде.
– Малды асылдандырудың бірден бір жолын айтайын саған. Отарда саны бар, сапасы жоқ тоқтысы бар басқасы бар қошқар көп. – Малшы басын изеді. – Тек бірнеше ғана ірі қошқарды алып қалып, қалғанын түгел піштіріп тастау керек.
– Оны кім піштіреді, ата?
– Мен! – деді қария. Мен барып осы жұмысты атқарамын. Кейін өзіңе де үйретемін.
– Ой, ата, ол менің қолымнан келе ме?
– Келгенде қандай! Мен қашанғы жүреді дейсің! Ертең ана дүниеден келіп саған қошқар пішіп бермейтін шығармын. – Ақсақал қарқылдай күлді. Бағанағыдай емес жас жігіттің де көңілі көтеріліп қалды.
– Мақұл, ата.
– Сосын бар ғой, бала. Мал басын асылдандырам десең қошқарларыңды екі жыл сайын алмастырып отыр. Сонда малыңның қаны таза, дені сау, тұқымы ірі болады. Мына Баянауылдан тегене құйрық тайыншадай қошқарлар алсаң болады ғой. Биыл не де болса шыдап бақ, бала. Жем-шөбің бар ма?
– Әзірге бар.
– Онда былай қыласың. Қой мен қозыларды бір-бірінен бөліп таста. Сосын күніне екі мәрте ғана жамыратасың. Яғни, қозыны енесіне екі рет қана емізесің. Үнемі қатар тұрса сүтке тоймаған ашқұрсақ қозы енесін түрткілей береді. Одан дым пайда жоқ. Малдың желіні жарылып, берекесі кетеді. Екі мезгіл ғана емізіп, саулықтарды жем-шөпке тойдырсаң қозының да қарны тояды. Арасында оттыққан төлдер болса жекелеп жем-шөп берсең мына қыстан біразын аман алып шығасың, бала!
Атам жас жігіттің арқасынан қағып: «Өзің әкеңнен аумай қалыпсың, ұқсамасаң тумағыр», – деді күбірлеп. Осы сәт мал-басының бәрі орнына келгендей жас шопан әжем құйған шайды сораптай ішіп әңгіменің тиегін ағытып отыра берді.
Қара шабадан
Ол кезде әжем жастау еді. Мен байқамадым ба, әлде шынымен де солай ма еді бетіндегі әжімі аздау болатын. Қашан көрсең де тырбыңдап әлденені істеп өзімен-өзі күбірлеп жүретін. Теріден жасалған сабаға толы іркітті ағаш піспекпен күн ұзақ пісуші еді. Кей сәт бір жағына шығысып біз де ағаш піспекті қолға алатынбыз. Сабаны санап пісіп, жүзге таман барғанда қарымыз талып, иығымыз көтертпей қалатын еді. Үй ішіндегі бірнеше бала «іркітті сен піс те, мен піс» десіп қызыл кеңірдек болып дауласып жатушы едік. Мұндайда әжем ұрыспайтын. Үнсіз ғана қолымыздан піспекті алып, күрпілдетіп өзі пісе беретін. Тек арасында: «Іркіт піспесеңдер, мен ала сандықты ашқанда қасыма жоламаңдар!» – дейтін. Бірақ әжем ала сандыққа жақындаған сәтте жапа-тармағай үймелеп алатынбыз. Әжемнің сандығынан шыққан тәтті-тәпсекті жеп бір рақаттанып қалушы едік…
Ақ кимешегін басынан тастамайтын әжеміз бір сәт қарап отырғанын көрмеппін. Бірде жүн түтіп, бірде ала өгіздің ұршығынан (ортан жіліктің басы) жасалған ұршықпен жіп иіріп отырғаны. Енді бірде ауылдың қатындарын жинап алып киіз басса, келесі күні даладан алабұта теріп келіп қара қазанға сабын былғап жататын.
Әжемнің жатын бөлмесінде бірінің үстінде бірі тұратын бірнеше шабаданы бар-тұғын. Үйге қонақ-қоспақ келсе, сол шабадандарын ашып әлденені алып-салып, келген меймандарға кәделерін үлестіріп жататын.
Бірінің үстіне бірі қабаттасып жиналған шабадандардың қайсысында не барын шамамен білетінбіз. Тек ең астыңғы тұрған қоңыр шабаданды әжеміз ешқашан кісінің көзінше ашқан емес.
Баламыз ғой. Бір күні: «Әже, осы шабаданда не бар?», – деп сұрастық жапа-тармағай. Үндемеді. Шарасыз күйде бір түрлі көзқараспен бізге бұрылды. Бет-аузы тыжырынып, алабұрта бастағандай. Әжеміздің бұрын-соңды дәл мынандай күйін көрмеппіз. Көңіліміз су сепкендей басылып, әңгімені осы жерден доғардық та әркім өз бетімізше шаруаға кірісіп кеттік.
Кейін сол ұяластардың бәрі жан-жаққа қанат қағып кетті ғой. Үйдің кенжесі болған соң ба, мен ғана қаладағы оқудан қолым қалт ете қалса болды ауылға жиі баратын болдым. Бұл кезде әжем де бұрынғысынша үй шаруасына араласа бермейтін.
Бірде ауылға келсем әжем кәрі қолдарымен қос тізесін уқалап төсегінде отыр екен. Мені көріп қуанып қалды. Әжім торлаған кәрі жүзіне ерекше рең кірді. Содан соң жүктің астындағы қоңыр шабаданды көрсетіп: «Осыны маған алып бер!», – деді. «Айтқаның болсын, әжетай», – деп жинаулы жүкті жылдамдатып түсірдім де көнетоз қоңыр шабаданды көтеріп әжемнің алдына қойдым. Мойнындағы тұмарының тұсынан кішкентай жез кілтті алып шықты да «бисмилла» деп қоңыр шабаданға қол созды. Кішкентай кілтпен құлыпты сырт еткізіп ашты да аппақ киіз бен өңі сарғыштау тартқан ақ матаны алып шығып, кәрі қолдарымен сипап өтті де иегі кемсеңдеп жылады.
– Бұл не, әжетай?
– Иман киізім мен кебінім ғой, – деді күбірлеп.
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей өне бойым тітіркеніп кетті.
– Сіз осыны сонша жыл сақтап келдіңіз бе сонда?
– Иә, төркінім жасауыма қосып берген.
– Қалайша сонда?.. Жасауға… – Ары қарай айтуға аузым бармады.
– Иә, шырағым, ол кезде сөйтетін…
Бұрынғылар ақымақ болған екен деп ойладым ішімнен. Ұзатылған қызына бақ тілеудің орнына есі дұрыс адам мынадай дүние бере ме? Екі иінімен дем алып ашуланып тұрғам. Кенет осы бір сәтті көрші келіншектің «Сәлеметсіз бе, әже» деген дауысы бөліп жіберіп, бұл әңгіме осы жерден үзіліп қалды…
Енді қазір ойланып отырсам қара шабаданда үлкен мән бар екен ғой. Сол кезде жастықпен, албырттықпен үлкендерді орынсыз тілдеген екенмін. Қыз жасауымен бірге берілген бұл шабадан үлкендердің: «Бізден кеттің, басқа жұртқа жеттің. Енді сүйегің сол жақтан шықсын», – деген сөзі екен ғой. Неткен тектілік! Кесектік! Неткен ерлік! Неғылған тәуекел? Осы күні «Бәленшенің қызы байдан қайтып келіпті» десе сол қоңыр шабаданның түбіндегі екі метр ақ мата еріксіз есіме түседі…