Әнші, сазгер Рахметхан Нұрбасаровтың туғанына – 80 жыл
Әр алуан тақырыптағы әндерімен, шығармашылық еңбектерімен облысымызға танымал болған әнші, сазгер Рахметхан Нұрбасаров 1945 жылы 4 ақпанда Павлодар облысы, Май ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрбасар Бектұрұлы өнерге жақын адам болған. Домбыра мен сырнайда ойнап, ән салған. Май өңірінде Бектұр ұрпақтарының қай-қайсысы болсын өнерден кенде қалған емес. Рахметхан Нұрбасарұлы әнші, актер, режиссер Мерзихан Шайхинмен, әнші, актер Алтынбек Абылқасовпен қатар облыс мәдениетінің өркенеуіне зор үлес қосты.
Рахметхан Нұрбасарұлы кішкентай кезінен ән мен жырдың ортасында өскен әнші, ес біле бастағаннан ән салуға да өте құмар болып өседі. Мектепті тәмәмдағанан кейін, ағасы Мерзихан Шайхин жұмыс істейтін Май аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгеушісі болып қызметке орналасады. Қызмет ете жүріп, білім алу мақсатында Павлодар облысы халық шығармашылық үйі жанында баяншылар курсына оқуға түсіп, ең үздік бағамен аяқтағанан кейін, әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеп келген әнші кейін, мәдени бөліміндегі бұрынғы жұмысын жалғастырады. Өзінің ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында әндерді домбыра мен сырнайға қосып әуелетіп халықтың сүйікті әншісіне айналады. Сонымен қатар, 1969 жылы Павлодар қаласында «Жас ұлан» ұйымында жас жеткіншектерді ұлттық өнер арқылы ұлтжандылыққа баулыды.
1970 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер әрі актер Қадыр Хамзин ағайынды Мерзихан Шайхин мен Рахметхан Нұрбасарұлын Аққулы аудандық халық театрына арнайы шақырумен қызметке алдырады. Туа біткен шынайы талант иелерімен толыққан театр жұмысы алға басып, көптеген жаңа қойылымдарды сәтті шығарып, халықтың қошеметіне бөленеді. Әнші қойылымдардың көркемдеуші суретші міндетін де атқарып, елеулі жұмыстар атқарып, актерлік қырынан да таныла білді.
Әншінің тағы бір ерекше қырынан танылуына себеп болған дарыны – сазгерлігі. Ол 50-ден астам ән-күйді дүниеге әкелді. «Шофер туралы ән», «Ағайын», «Елу – ер жасы», «Туған жер», «Ақ махаббат ақпан айы», «Тойбастар», «Аққулар, әсем аққулар» және тағы басқа көптеген әндерін жергілікті әншілер, өнер ұжымдары репертуарына қосты.
1973 жылы Алматыда өткен халық театрларының Республикалық байқауында Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» спектаклін жоғары деңгейде қойған театр ұжымы лауреат атанады. Спектакльдің сәтті шығуына ерекше үлес қосқан Рахметхан Нұрбасарұлы көркемдеуші суретші ретінде ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. Ал Ғабит Мүсреповтың «Қыз Жібегінде» Төлеген рөлін жоғары дәрежеде сомдағаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Әнші 1974 жылы қазақтың қоғам және саяси қайреткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков әншінің өнеріне тәнті болып, арнайы шақырумен жаңадан ашылған Арқалық филармониясының «Шертер» фольклорлық этнографиялық ансамбліне жұмысқа алдырады. Филармонияда сырнайшы әрі әнші-домбырашы болып, біраз жыл жемісті еңбек етті.
1978 жылы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияның бас көркемдік жетекшісі, режиссер, драматург Әнуар Қалиевтың шақыртуымен рахметхан Нұрбасаров «Көгілдір Жасыбай» эстрадалық ансамбліне әнші болып қабылданды. 1984 жылы Әнуар Қалиев филармониядан қазақ музыкалық лекториін ашып, Рахметхан Нұрбасарұлын басшы етіп тағайындайды. Әнші Жаяу Мұса, Естай, Иса Байзақов сияқты Ертіс-Баян өңірінен шыққан өнер жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалы лекторийлер өткізіп, халыққа кеңінен насихаттайды.
Өнерімен талай жанның жүрегінен жол тапқан әнші, гастрольдік сапармен Үндістан, Қытай, Моңғолия, Рессейдің Тува, Астрахань, Новосібір, Алтай, Омбы және басқа да көптеген шет елдерде өнер көрсетіп, сол сапарлары оның әншілігінде үлкен із қалдырады. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының әндері де болды. Естай ақынның «Майда қоңыр», «Құсни-Қорлан», Исаның «Желдірмесін», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндерін ерекше сүйіп орындаған.