«Өлең – өнер» дейді халық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», – деген данышпан Абай. Осы сөздердің төркінінде көп мән жатқанын бірден әркім біле бермейді. Әсіресе жас кезінде өлең жазамын деп елпілдемеген бірде-бір қазақ баласы болмағаны сондықтан шығар. Ал шын шығармашылықтың қасиеті мен қасіретін түсіне бастаған шақта ғана ақын атамыздың терең мағыналы ұлығатты сөзіне ден қоясыз.
Мен де әуелде балалық шақтағы елірме көңіл көшіне ілесіп бастапқыда қалай өлеңші боп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Қазір есейген, кемелденген кезде өлең өнерінің әлеуметтік, азаматтық қызметінің жауапты жүгінің салмағын анық сезінгенде сол алғашқы қалтаң қадамым үшін бетіме отым шығады. Дегенмен, енді өкінетін ештеңе жоқ. Қызықты, қызулы жылдар мен жырлардың соңында біраз уақыт өтіп те кетіпті-ау!
Туған ортам бұрын-соңды ешбір өнер сайысына түсіп көрмеген, көптеген қарапайым шаруа ауылдарының бірі. Тоғыз жасымда әкемнен тірі жетім қалдым. Он үш жасымда қанқұйлы соғыс басталды. Мен де өз тұстарымдай елде сол ауырлы, дауылды жылдардың тауқыметін үлкендермен бірге көріп, бөлісіп өстім.
Ең алғаш рет мені өлең дүниесіне баураған – ауылымызда «Қарамолда» атанған Иманқұл атты қария кісі еді. Жантайып жатып арабша кітаптарды көп оқитын. Сірә, ол кісінің «Молдекең» атануы шын молдашылығынан емес, өзгелерден гөрі білімдарлығынан, тереңділігінен болса керек. Үшінші-төртінші класс оқып жүрген кезім болса керек, бірде кешкілікте ол кісінің үйіне келсем, «Міне, көрдің бе?» деп қасына шақырды. Латын әрпімен алтындап жазылған «Батырлар жыры» деген қып-қызыл кітап көзіме оттай басылды. «Керекуден бүгін ғана келді, кел, оқиық», – деді қария. Сонда керосин шамның жарығында сол кітаптың неше бетін оқығаным есімде жоқ, әйтеуір үйге кеш қайттым. Сол түні ең алғаш рет тамаша ғажайып оқиғалардың мұхитында толқып, ертегіден естіген сан-қилы қызықтарым көз алдымда тұрып алды.
Кейін мен әлгі үйден шықпай қойдым. «Батырлар жырын» қайта-қайта оқимын, тіпті кейбіреулерін жаттап та алғандаймын. Сосын Абай, Сұлтанмахмұт, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл шығармалары жақындай берді. Бірде үлкендердің аузынан Молдекеңнің өзі де өлең шығарады дегенді естіп қалдым. «Иә, – деді шешей, солай көрінеді, содан кейін жұрт одан қорқады, Молдекең оларды шымшып алады». Үйіне жиі келіп, бауыр басқанымнан ба, әлгі жайды атайдың өзінен білгім келді. «Жай, әншейін, еріккенде жұрттың көр-жерін ермек етемін», – деп, сәл жымиды да, іргесінен қоңырша бір дәптерді алып шығып, арабша жазылған бір өленді оқи бастады. Сірә, ауылдағы бір замандасына әзілдеп жазса керек. Өкінішке қарай:
«Аласа кісі – айлалы»
Деген елде мақал бар,
Кіріп келсем бұл үйге
Өңшең қара тапалдар, – деп басталатын алғашқы шумағынан басқасы есімде қалмапты.
Шіркін, жұрттың бәрі сыйлайтын, жұрттың бәрі қорқатын осындай киелі адамда да арман бар ма екен, деп атайға оқыстан қызыға қарай қалғаным бар еді…
Біздің ауыл айдынды ақ Ертістің жағасынан онша қашық емес еді. Содан ба, мен осы өлкенің дарынды түлектері – атақты Иса ақын, Құдайберген ақын, әйгілі Естай әнші есімдерін тым ерте естіген сияқтымын. Соғыс жүріп жатқан кез, біздің ауылға Ертіс жақтан Иса ақын келе қалды. Атағы жер жарып тұрған кезі. Ауылдың кемпір-шалы мен біз сияқты бала-бақайлары қас қарая клубқа сыймай кетті. Жұмыстағылар үйлеріне соқпай тура осында келіп, түні бойы Исекеңнің желпінді желдірмелерін, біздің ауылдың ауыр тұрмысы ертең-ақ жеңіс келгенде жеңілдеп-ақ кететіні жайында табанда суырып салып, әнге қосып, шалқымалы жырларын шырқатқанда ел ақынды құрметтеп басына көтерді. Содан кейін ақын өзінің сол кезде айта бастаған «Арқалық» дастанын түйдектеп төкті. Жаздың қысқа таңы лезде атып қалды. Әнге құшыры қанған жұрт үйлеріне соқпастан таңмен бірге, әнмен бірге жұмыстарына аттанды.
Өнерге деген, өлеңге деген іштегі жылтылдаған жалынымды Исекең күміс көмейімен үрлей түскен мен үшін мәңгі ұмытылмайтын тарихи кеш еді бұл…
Жағдайға байланысты уақытша оқуымызды тастап, қаршадайымыздан еңбекке араласқан біз сияқтылар Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін үзіліп қалған сабағымызды жалғастыруға қайта қанат қақтық. Сол ниетпен майданнан аман-есен оралған Асқар нағашыммен бірге шешеммен Павлодар қаласына көшіп келгеміз.
Бірде Кереку қазақтары «Қалаға Қалижан ақын келіпті» деп шу ете қалды. Сонша болмай ертеңінде Қалижан Бекхожиннің бір топ өлеңі «Қызыл ту» газетінің бетінде жарқ етті…
Керекуім, сенің ақын ұлыңмын,
Бесігісің сен балалық жырымның.
Жат қаланың алтын-гауһар тасынан
Артық көрем қиыршығын құмыңның, – деп ақын жалындап тұр.
Жауынгер ақынның туған жеріне соғыстан кейін ең алғаш оралып тұрған беті. От шарпыған денесін ақ Ертісіне түсіп жуғысы келеді, оқ салған жарасын туған даласының салқын самалына сипатқысы келеді. Бәрі де жылы, бәрі де сұлу жолдар!
Эх, шіркін, мен де ақын болып, туған жеріме деген перзенттік асыл сезімімді дәл осылай жеткізе алсам!
Адуынды азамат ақынның биік еңселі, кең құлашты сол өлеңдері маған кереметтей әсер етті. Мен газеттегі өлеңдерді қайта-қайта оқи бердім.
Кеште біздің үйге бір кісі келіп, сені Мұқаң келіп кетсін дейді, деді. Армиядан келген, бізден аз-ақ жас үлкен Сүният деген әдеміше жігітпен соңғы кезде той думанда жиі кездесіп, достаса бастағамыз. Керекудің, жаңылмасам, Володар көшесіндегі үйінде де екі-үш рет болғам. Мұқаң дегені – Мұқаш ақсақал, сол Сүнияттың әкесі.
Енді, міне, сол кісі шақыртады деген соң жетіп келсем, үйінде бүгін ғана суретін «Қызыл тудан» көрген, бүгін ғана өлеңдеріне өзім ғашық болған ақын Қалижан Бекхожин отыр. Не істерімді білмей абдырап қалсам керек. Ақын аға бірден сұрақ бермей, жақын көңілімен жақынырақ баурап әкетті. Бұл үйде ылғи думан, соңы әнге айналып, арасында мен де өлең айтқансып, мәз болыстық.
Менің ептеп өлеңге ыңғайым барын Мұқаңдардан естісе керек, ертеңінде біраз әңгімелескеннен кейін Халекең маған алты тақырып атады. Соның біреуіне өлең әкел, жақсы болса газетке бастырам деді. Мен ол кісіден келе салысымен жазуға кірістім. Келесі күні айтқан уақытқа сол айтқан алты тақырыбына алты өлең жазып апардым. Қалекең мұныма қуанып, аса қатал сын айтпады. Біреуін дереу «Қызыл ту» газетінің редакциясына өз қолымен тапсырды. Екі-үш күннен кейін «Жылқышы сыры» деген ұзақ өлеңім өмірімде ең алғаш рет газет бетінде жарық көрді.
Бұл 1947 жылдың күзі еді.
Міне содан бері отыз жылдай уақыт өтіпті. Мен ақын ағаның маған бірден тұтанған ол үмітін ақтай алмай, біраз жыл хабарсыз кеттім. Бірақ ең алғаш рет қолтығымнан демеп, балапан жырымды аспанға ұшырған, кейін де талай жәрдемін аямай келген ардақты ақын аға Қалижан Бекхожинге деген азаматтық, інілік парызым ұшан-теңіз, ол кісіге қашанда болсын алғыстан басқа айтарым жоқ.
Әрине, ешкімге ешкім өлең жазып бермейді. Тек дер кезінде ұсынған жетек, айласыз ақыл, риясыз көңіл кімге болсын қажет-ақ. Мен 1952 жылдары Алматыға көшіп келдім. Міне, дәл сол кезде, «ауа райының ауысқан» шағында жанашырлық пен адамгершілік, азаматтық ақылын айтып, өзіме әл, өлеңіме әр берген ардақты ағаларымыз Мұқан Иманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Сансызбай Сарғасқаев, тұстастарым Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллиндерге ілтифатым осы күнге дейін сол қалпында.
Менің балаларға арналған алғашқы «Өмір гүлдері» атты өлеңдер жинағым 1955 жылы жарық көріпті. Содан бері қазір үлкенді-кішілі жиырмадан астам жинағым шыққан екен. Бұл, әрине, үлкен өмір жолы, өзіндік азды-көпті өрнегі бар творчество жолы. Әрине, толдым, толыстым деуден аулақпын. Мына ұсынылып отырған «Танда-малы» атты кітаптың ішіндегілердің бәрі алтын емесі хақ. Бірақ кезінде осылардың бәрі де өзіме тәуір дүниелер көрінген. Қазір, әрине, басқаша. Бірақ бұлардың қайсысын болсын түзетуге қолым бармады. Тарихты қалай түзетуге болады. Әр өлеңнің кезінде өзінің шығу себебі бар, тағдыры бар. Керек де сеніз, ол менің ғана сырым емес. Өскен орта, замана сыры, замандастар жыры.
Бүгінгі жастық даусы өткендегіден өктем де, биік болуы занды. Кезінде біз де солай ойлағамыз. Иллаһим, ілгерілей берейік. Бір ұрпақ бір ұрпақтан санымен де, санасымен де, сапасымен де оза берсін. Мен кезінде абзал ағаларым Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароковтармен әнгімелесіп, кейде сырлас болғанымды мақтан етем. Бүгінгі ардақты акындарымыз Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтерден үнемі тағылым алып, соларға кейде тіпті еліктеп кететініме ризамын. Ал замандастарым Әбдікәрім, Ғафу, Аманжол, Әнуар, інілерім Сағи, Тұманбай, Қадыр, Қайрат нәзіктігімен, жазықтығымен, сыршылдығымен, жыршылдығымен – әр қайсысы әр қырымен күнде көк асыл нәрімен сусындатып келе жатқан қайнар бұлақ көздері…
Ал бұлардан кейін де қаулап өсіп келе жатқан қызулы ұрпақ бар. Өз басым солардың да жақсы ойлы жырларынан үйренуге арланбаймын…
Қабдыкәрім ЫДЫРЫСОВ,
(Таңдамалы кітабынан, Алматы, «Жазушы» баспасы, 1978 жыл)