Ақсу қаласының Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында қазақтың рухани қазынасын жаңғыртқан үлкен өнер мерекесі – Ән еркесі – Байғабыл республикалық дәстүрлі ән фестивалі өтті. Бұл күн Ақсу жұртшылығының жүрегінде мәңгі сақталатын, ұлттық өнердің асқақ рухымен көмкерілген ерекше сәттердің бірі ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Фестиваль аясында, Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында Байғабыл Жылқыбайұлы атындағы дәстүрлі ән кабинеті ашылды. Бұл ерекше іс-шараға қала әкімі, ардагерлер алқасы, әншінің ұрпақтары қатысып, ұлы өнерпаздың мұрасына құрмет көрсетті. Ашылу рәсімінде Байғабыл Жылқыбайұлының ұрпақтары әншінің домбырасының үлгісінде арнайы тапсырыспен жасалған көшірмесін сыйға тартты. Бұл киелі домбыра ұлттық өнердің символы ретінде дәстүрлі ән өнерінің қасиетін айқындап, келер ұрпаққа асыл мұраны дәріптеудің жарқын белгісі болды. Осылайша, Байғабыл Жылқыбайұлының есімі мен шығармашылығы қаланың рухани өнер ордасында мәңгілікке жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды.
Дәстүрлі өнердің терең тамырын паш ететін Байғабыл Жылқыбайұлының шығармашылығына арналған кеш шымылдығы Қазақ радиосының алтын қорынан алынған бағдарламамен ашылды. Жиналған көрермен ұлы өнерпаздың мұрасымен қайта қауышып, рухани байлыққа сусындауға мүмкіндік алды.
Сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ербол Айтбаев (Павлодар), Дәуренбек Әркенов (Қарағанды), Ерлан Рысқали (Астана) сынды талантты орындаушылар көтеріліп, ән әлемінің асыл маржандарын төгілте шырқап, тыңдаған жанның жан дүниесін терең тебірентті.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев пен ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Қисатова ұлттық өнердің байлығын көрермен жүрегіне жеткізді.
Фестивальге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бекзат Әбілдин (Алматы), Дулат Аханов (Қарағанды), Дәуренбек Сламғали (Астана), Жанболат Байсолтан (Павлодар) және аймағымыздың жас өнерпаздары қатысып, кештің сәнін келтірді. Олардың орындауындағы әндер қазақтың бай салт-дәстүрі мен рухани мәдениетінің тереңдігін паш етіп, тыңдарман қауымның зор қошеметіне ие болды.
Кештің шарықтау сәтінде көрермендер ән мен саздың, ұлттық өнер мен шеберліктің үйлескен көркем болмысын тамашалап, зор рухани әсер алды. Байғабыл Жылқыбайұлының асыл мұрасын ұлықтау арқылы ұлтымыздың рухани қазынасы жаңа қырынан жарқырай түсті.
Ән еркесі – Байғабыл фестивалі Ақсу халқы үшін нағыз өнер мерекесіне айналды. Қатысушылардың орындауындағы әр ән қазақтың киелі мұрасын биікке көтеріп, көрермен жүрегіне терең ой салды. Ұлттық өнеріміздің көркем болмысы паш етіліп, рухани қуатқа толы кеш халықтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.